Алланы жырға қосқан ақындар-2

Акын

Мырзахмет Қажыгелдіұлы деген атпен елге танылған тағы бір ақынның өмір жолы таңғажайып. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, «халық жауы» атанса да қызыл көздердің қолына түспей, өмір бойы қашып жүріп ғұмырын өткізген ақын Қостанай облысының Сарыкөл өңірінде  «Ленинград» ұжымдық кәсіпорнының Қарашілік ауылында туған. Сол тұстағы отарлау саясатының Совет үкіметі тұсында да жалғасып отырғанын көре білген ақын: «Ұрыса қалса бозбала, Орысқа таман шабады, Алла деген ойда жоқ, Мойнына крест тағады», – деп жырлады. Ақын жырларынан күні кешегі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген көрсоқыр  замандағы «шолақ белсенділер» қылығын табамыз, олардың іс-әрекетін айнадан көргендей боламыз.

«Әруақ қонған орданы,

Белсенділер биледі,

Жақсыдан қалса бір тұқым,

Оны нанша иледі,

Көнбеймін деген асылды,

Төмен қарай сүйреді.

«Құдай жоққа қол қой!» деп,

Өктемдігін білгізді», – деп солақай саясатқа ашық қарсы шығады.

Осы аттары аталған ақындар шығармашылығын бүгінгі ұрпақ зерделеп оқуы қажет. Өйткені, олардың жырлары имандылыққа шақырады.

Діндар ақын Нұржан Наушабайұлының «Несе фасыл, неше бап» деп басталатын термесі бар. Осындағы фасыл сөзі араб тілінде «бөлім» деген мағынаны білдіреді екен. Ал қайыр (игілік), ынсап (әділдік), ықылас (адалдық), кәззап (өтірікші), мақұрым (құр қалған, айырылған), ғашық (ынтық болу) мәжнүн (есі ауысу) секілді сөздер де қазақ тіліне араб тілінен енген, бірақ қазір құлағымызға әбден сіңісті болып кеткен.  Тарих, тәрбие, тәуба, тәжірибе, қалам, сандық, зұлым, шипа, мүлік, мәрмар, шам, шайтан секілді сөздер де қазақтың төл сөздеріндей  естіледі. Қазақ тілімен біте қайнасып кеткен сөздер қатарына ылажды да жатқызуға болады. Ылаж ем деген сөз екен. Қазақ шарасы таусылғанда ылажым жоқ дегені – мұның емі жоқ дегені ғой. Жиі айтылатын шүкір сөзі араб тілінде рахмет болып шығады. Яғни, шүкір дегеніміз –Аллаға рахмет деген мазмұнға сәйкес келеді. Араб тіліндегі шәк, шүбә сөздері қазақша күмән, күдік дегенді білдіріп, қазір осы сөздердің синониміне айналып кеткен. Фатиха сөзі арабша сөз басы, кіріспе деген ұғымды білдірсе, біз оны көбінесе бата, тілек мағынасында қолданамыз. Құранның алғашқы сүресі де Фатиха деп аталатыны белгілі.

Арабтар адамды инсан деп атайды екен. Араб тіліндегі «инсан» деген сөз ұмыту деген мағынаны да береді. Осы орайда Шәкәрімнің өзінің бүркеншік атын «Мұтылған», яғни, ұмытылған деп қойғаны еріксіз ойға оралады.

Адамның ең басты мүшесі – жүрек. Араб тілінде жүректі «қалб» дейді. Бұл сөздің айналу, өзгеру деген мағыналары да бар. Қалып деген сөз қазақта да ежелден бар. Жүрек қалыбында тұруы керек, адам қалыпты болуы керек, қалыбына тартқан деген тіркестерді жиі қолданамыз. Жүректі тұрақты қылу, оны құбылтпау, қалыбында таза сақтау адамның ғана қолында екен.

Мүсәпір сөзі арабша қонақ, жолаушы болса, қазақта да ертеде солай болған. «Үйден қырық адым шықсаң мүсәпірсің» деген сөздер сол кезде туған. Мүсәпір деген есім де болған. Түркияның Стамбул қаласында «Мүсәпір» деп аталатын қонақ үй бар. Бірақ көп жерде қазіргі уақытта осы сөз кері мағынасында, бишара сөзінің баламасы ретінде қолданылып жүр.

«Зауал» сөзі халқымыздың ұғымында сын кезеңді (зауал уақыт) білдіреді», – дейді көрнекті ғалым Ақжан Машани. Ал араб тілінде бұл талтүс немесе меридиан деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл латынша атаумен де сәйкес келеді. Жарық таратудың негізгі заңдары – оптика заңдары пішіндеме (геометрия) ғылымына бағынатыны бесенеден белгілі. Қазақ даласынан шыққан ғұлама әл-Фараби дәуірі астрономия саласында көне мәдениеттің жалғасы болып табылады. Мәселен, көптеген араб термині осы күнгі сөз қолданысына етене еніп кеткен. Шәмсия-Шәмси – Күн, Қамар – Ай, Зухра – Шолпан. Мұндай кісі аттары қазақта осы күнге дейін бар. Күнсағат деген сөздің өзі арабтың «шәмси-сағат» деген сөзінен алынған.  Ай есебіне негізделген араб күн санауын түркі тілдес халықтар орта ғасырларда қолдана бастады. М.Қашғаридың сөздігінде, орта ғасырдағы құжаттарда, Тоқтамыс ханның жарлықтарында, Қадырғали Жалайыри бидің шежіресінде жұмада әлаууел, рабби әл-аууел, ражаб, рамазан, сафар, зұлқыжа т.б. ай есебі бар. Көптеген есім (рамазан, сафар) сол айда туған балаларға қойылған.

Мұхамбет (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Мұсылманның ниеті жасаған ісінен қайырлы», – деген екен. Балаға ат қоюдан да қазақтың таза ниеті анық көрінеді. Ислам дінінің қазақ даласына тарауына байланысты араб сөздері де біздің тіл қолданысымызға кеңінен ене бастады. Бұрынғы Тәңірберген мен Құдайбергенге Алдаберген (Алла берген), Аллажар деген атаулар қосылды. Алланың тоқсан тоғыз есімінің ішіндегі  Рахман, Рақым секілді аттар бағзы замандардан күні бүгінге дейін жиі қойылып келеді. Жаратушының әдемі есімдері арасынан Әзіз, Мәжит, Рәшит (Рашид) сияқты есімдер де сәбилерге жиі қойылған.

Екі дүниенің сардары Мұхамбет ғалайсаламның шын есімі – Мұхамбет, Інжілде айтқан бір есімі – Ахмет, ел есіндегі бір есімі – Мұстафа, тағы да бір есімі – Махмет. Осы есімдер атадан балаға мирас болып, ықылым заманнан бері  ат қою дәстүріне берік енген деп айтуға болады. Мұстафа Шоқайдың, Ахмет Байтұрсынұлының есімдерінде  Ислам дінінен тамыр алған осы қазақы дәстүр бар. Қазақ тіпті қосарланған есімдерді де жиі қойған. Мысалы: Мұхамбетрақым, Мұхамбет-Қанапия, т.б.

Мұхамбет пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Қиямет қайымда әркім аттарымен және әкелеріңнің есімімен шақырылады, сондықтан жақсы ат қойыңдар», –делінген.  Расул (елші деген сөз, көрнекті ақын Расул Ғамзатовтың есімі әлемге әйгілі) деген тамаша есім пайғамбар құрметіне қойылғаны да белгілі.

Ислам дінінің негізгі ұстындары Ислам, Иман, Илхам болса, дәл осылай аталатын есімдер қазақ арасында күні бүгінге дейін көп. Құранда аттары бар 25 пайғамбардың есімдері қазақ арасында түгел кездеседі. Солардың ішінде ИбраҺим пайғамбардың есімі өте көп қойылған. Мысалы, ұлы ағартушы Ыбырайдың да, ұлы ақын Абайдың да азан айтып қойған есімі–Ибраһим.

Ибраһимнің құдай қосқан қосағы болған Ажар мен Сара деген есім де қыздарға жиі берілген. Ибраһимнің ұлдары Ысмайыл мен Ысқақ та көп тараған есімдер.

Жақып пайғамбардың ұлы Жүсіп арабша «пайғамбар» деп айтылса, Жүсіп Баласағұни, Мәшһүр Жүсіп есімдері де осы пайғамбардың құрметіне қойылған. Ал Сыдық «тура жүретін кісі» дегенді меңзейді.

Мұхамбет пайғамбар заманынан басталған хақ жолындағы күресте Әбубәкір (632-634), Омар (634-644), Оспан (644-656), Әли (656-661) Исламды таратуда көп еңбек сіңірсе, олардың есімдері де ұрпаққа мирас болып қалды.

Араб тіліндегі кісі есімдерінің қазақ арасында көп тарауына тоқталсақ, пайғамбарлар есімдерін былай қойғанда (Мұхамбет, Дәуіт, Мұса, Иса, Ибраһим, Жақып, Жүсіп, Ыдырыс,т.б),  Мұхтар – құрметті, таңдаулы, сыйлы дегенді білдірсе, Сәлім – аман-сау дегенге саяды. Қамар деген қыз есімі «ай» деп аударылады. Сұлтанмахмұттың Қамар-сұлуы  қазақтың Айсұлу  есіміне ұқсас. Қазақтар балаларына Ысырайыл, Мәлік, Мекайыл секілді періштелер есімін де қоятын болған.

Абдолланың және Әбдірахманның түпкі мағынасы «Алланың құлы» дегенге сайса, жұма сөзінен басталатын есімдер (Жұмабай, Жұмабике, Жұмахан, Жұмабек, Жұмақұл, т.б.) арабша «жиын» деген ұғымнан шыққаны белгілі. Яғни, жұмаға барамын деген сөйлем – аптаның бесінші күні мешіттегі жиынға, жұма намазға барамын дегені.

Әмина – Мұхамбет пайғамбардың анасы. Қадиша (Хадиша)–пайғамбардың алғашқы жарының аты. Айша – пайғамбардың әйелі. Бәтима (Фатима) – араб тілінде «емшектен шыққан» деген мағынаны білдірсе, бұл есім ең алғаш Мұхамбет пайғамбардың қызына қойылған екен. Зейнеп те пайғамбардың қызы. Рабиға «төртінші перзент» деген мағынаны білдірсе, Фазыл «мейірімді» деген сөз. Мәдина – Ислам өркен жайған, қасиетті қалалардың бірі. Ғазиз «қымбат», Зәуреш «нұрлы,шуақты» деген мағынаны білдіреді. Кейінгі уақытта ең көп тараған есім Кәусар (Кәусар деген сүре де бар) «жұмақтан шыққан мөлдір», «таза су» болса, осы есімнің өзі адалдыққа, тазалыққа шақырады. Әсия «әлсіздерге дем беруші», Әзиза «құрметті, қымбатты», Бусайна «тәні сұлу», Сәбира «шыдамды», Салиқа «жақсы», Рәбия «бақша», Фарида «сирек», Қалима (Халима) «нәзік», Шәрипа «қайырымды» деген ұғымнан шыққан.

Әрсен – «батыл», Әділ – «әділетті», Әкрам – «жомарт», Әбжәміл – «көркем сипатты», Бақтияр – «бақытты», Ғаббас – «қатал», Ғани – «бай», Ғафура – «кешірімді», Мүбәрәк – «құтты», Махмұт – «мақтаулы», Жәміл – «көркем», Сабыр – «сабырлы», Қадыр – «қадірлі», Кәміл – «ақиқат», Хакім – «ғалым» дегенді білдіреді. Біләл тұңғыш азан шақырған кісінің есімі. Рамазан ораза айының атауы.

Осы аталғаны бар, айтылмағаны бар, түбірі арабта жатқан толып жатқан есімдердің қай-қайсысы да құрметке лайықты.

Қазақ дәстүрінде көптеген кісінің азан айтып қойған есімдері бұрмаланып, төлқұжатта да қате жазылып кетіп жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Өйткені, қазақтар баланы жастай еркелетіп атаса, сол атау ол өскенде де сақталып қалатыны болады. Мысалы, менің Сыпайы және Қаншайым деген апаларым, Атапберген есімді жездем болды. Сол кісілердің  шын есімдерін қайтыс болғанда бір-ақ білдім. Сыпайы апамызды Спаш апа, Қаншайым апамызды Қантай апа, жездемізді Аташ аға деп атайтынбыз. Алайда, Ислам дәстүрі бойынша құлпытасқа олардың шын есімдері жазылды. Мұндай жағдай талай кісілердің басында болды. Шариғат заңы бойынша солай болуы өте дұрыс және халқымыз сол заңға мойынсұнған.

Ата-бабаларымыз өзге ұлттан әйел алғанда да әуелі оны Ислам дініне кіргізіп, есімін өзгертіп, құлағына азан айтып, қазақша ат қоятын болған. Соның бір жарқын мысалы – Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы. Торғайда жүрген күндерінде оның орыстан әйел алғанын бетіне салық қылған ауыл адамдары: «Аха, сізді қазақтың сөзін сөйлейді деуші еді, кәпірден әйел алғаныңыз қалай?» – десе керек. Сонда Ахаң мүдірместен:

«Мына   отырған   Александра   Ивановна,

Ризамын   маған    оны    тағдырдың қиғанына,

Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,

Татиды он қазақтың иманына», – депті.

Осы орайда Ахаң үйіндегі жеңгеміз мұсылман дінін қабылдап, өз есімін өзгертіп, Бәдірисафа   атанғанын білеміз. Кейін оны Ахаңның інілері Бәдеш апа деп атап кеткен.

Ал осы шумақтың соңғы жолын кейбір авторлар «татиды он молданың иманына» деп жазып жүр. Мүлде дұрыс емес. Ахаң сөзіне қиянат. «Әлхамдилла, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз» деп жазған ұлы ұстаз Ислам дініне де, оны насихаттаушы молдаларға да құрметпен қараған. Оның олай деп айтуы мүмкін емес. Сөз он молда туралы емес, он қазақ туралы. Осыны жадымыздан шығармауымыз керек. Біздің бала кезімізде ақсақалдар: «бай бол, молда бол!» – деп бата беретін. Молда бол дегені өте кең ұғым, шариғат заңына жетік болумен қатар шәкірт тәрбиелейтін ұстаз бол деген емеурін болатын.

Өткен ғасырда философ Роже Гароди, хореограф Морис Бежар, мұхит зерттеуші Жак Кусто мен хирург Морис Бюкай  Ислам дінін қабылдады, католик пірәдары Жан-Мари Дюшемен Әбділмәжит деген арабша есім алып, тілін кәлимаға келтірді.

Арабтар бізге Ислам дінін ғана емес, өзінің тілін де әкелгені анық. Алайда, араб сөздерін ауызекі тілде бұлжытпай сол қалпында айтамын деу әурешілік секілді. Құран сөздерін ғана өзгертпей айтқан жөн. Ал басқа кірме сөздер қазақ тілінің естілу және жазылу заңдылығына сүйенуі керек деп ойлаймын. Абай (Ибраһим):

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!» – деген болса, оның бастапқы есіміне кейін ұлы ақынның барлық ісі де сай болды. Абаймен қатар өмір сүрген және одан кейін ғұмыр кешкен қазақ қайраткерлерінің көпшілігінің мақсат-мүддесі де имандылыққа тірелетін. Біз де Исламмен біте қайнасып кеткен ата-баба дәстүріне адал болайық, ағайын!

 Ақылбек ШАЯХМЕТ,

Ахмет Байтұрсынов атындағы

ҚМУ Медиа-орталығының директоры, профессор,

жазушы, филология  ғылымдарының кандидаты

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1.Абай. Шығармалары.Алматы: «Жазушы», 1998 ж.

2.Ыбырай Алтынсарин. Кел, балалар, оқылық. Өлеңдер.Алматы: «Атамұра», 2006 ж.

3.Нұржан Наушабайұлы. Алаш. Қостанай: «Баспа үйі». 1998 ж.

4.Сейітжан Бекшентайұлы. Қамыңды, қазақ, ойлай бер! Қостанай: «Хамт». 1997 ж.

5.Ақылбек Шаяхмет. Тайбағар. Астана: «Фолиант», 2011 ж.

6.ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, №4 (63), 2011ж.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *