ТАБАЙ БИ

билер

Есімі Арқа мен Атырау, Торғай мен Орынбор көлеміне кеңінен тараған Табай атты шешен болған. Оның туған жері Торғайдың Аққұм, Жыланшық бойы.

Нелер бір шешімін таппаған, шиеленген дауға  түскенде жұрт кедейлігімді, жетім екенімді білсін дегендей:

Әкем қара түн,

Шешем қара күң,

Кедейліктен мінім жоқ,

Жарлыға күлер күнім жоқ.

Кешегі бар бүгін жоқ.

Аталы сөзді аттасаң деймін сенің түбің жоқ – деп кіммен

белдессе де тәуекелдің туын көтеретін болыпты.

Торғайда алғашқылардың бірі болып ағаш үй салдырған атақты Сүлеймен төренің үйіне жолаушылап келе жатып Табай түсе қалады. Қоржын үйдің ауызғы бөлмесінде байлаулы бұзау тұрады. Асты құрғатылып қаншама төсеніш төселгенімен малдың аты мал емес пе?! Іңірде шай ішіп отырып, төргі үйдің ашық тұрған есігінен Табай бұзаудың сигенін көреді. Төре оны аңғарса да пәлендей мән бермейді.

Шай ішіліп болып, дастархан жиналып біраз әңгіме айтылғаннан кейін Табай шешен қолына дәрет құман алып, далаға шығуға ыңғайланады да, бұзаудың қасына келіп кіші дәретке отырады.

  • Ау, Табеке, мұныңыз қалай? – деп төре тіксініп.

Сонда Табай тұрып:

  • Тоғыз сомдық құны жоқ бұзау сиген жерге тоқсан мың сом берсе

орыны толмайтын Табай отырмағанда қайтеді, – депті.

Төре сөзден жығылып түнде бұзауды қораға шығарыпты.

 

***

Табай шешен тумысынан қолы тар кісі болса керек. Сол кісі бірде үйіне жолаушылап келіп, түсе қалған Шегеннің бір баласын үйіне қондырмай жіберіпті. Содан өзі бірде Шегенге сәлем берейін деп барса, Шегеннің өзі үйде жоқ екен. Баяғы өзі үйіне қондырмай жіберген баласы Табайды танып: «Дүние кезек деген, ақсақал, анада үйіңізге қондырмағаныңыз есіңізде болар, енді сіз бұл үйге қона алмайсыз, жолыңыздан қалмай жүре беріңіз»,  – деп түсірмейді.

Бала айтты деп бара берер Табай ма, атты борбайлата бір салып, қотанның ортасына барады да, бар даусымен ойбайға басады:

Байлықты сұрадың – таласпадым, бердім, Шеген, ойбай.

Батырлықты сұрадың – таласпадым, бердім, Шеген, ойбай.

Билікті сұрадың – таласпадым, бердім, Шеген, ойбай.

Өзіме қонған қу сараңдық еді,

Бердім, ойбай, бердім! – деп, атты басқа тартып жібереді.

Алғаш дауыс шыққанда үрейлене сыртқа шыққан Шегеннің бәйбішесі Табайды танып, жүгіріп келіп шылбырына оралады. Жалынып-жалпайып, аттан түсіріп, баласына кешірім сұратып, ат-тон айып төлейді.

 

***

  • Табеке, сіз кедейлікпен бірге жасасып келесіз, егер өзіңізге мал біте

қалса, қалай өсірер едіңіз? – депті Табайға сол ауылда өскен Кәрім деген Тарақты жігіті.

  • Егер маған мал біте қалса әуелі атағын таңдар едім – депті Табай.
  • Айғырды үнінен, қошқарды жүнінен, бураны күшінен, бұқаны түсінен

айырып алар едім. Аталарымыз: «азынаған айғырдың үйірін көр, жүндес қошқардың төлі жүдемес, нар жолында жүк қалмас, сиыр берсең аладан, қатық кетпес шарадан»  деген еді ғой, – депті.

Кәрім тағы да:

  • Сиырдың сүттілігін, өгіздің мықтылығын, ердің қуаттылығын, әйелдің

ұяттылығын қалай айыруға болады, – депті.

  • Өгіз мүйізді сиырдың сүті болмайды, сиыр мүйізді өгіздің күші

болмайды. Әйел дауысты еркектің қуаты болмайды, еркек дауысты әйелдің ұяты болмайды, – деген екен шешен.

 

***

Табай үйі ертеңгі шайын ішіп жатқан үстіне бір жиені келіп, дастархан үстіндегі тағамды көзімен сүзіп өтіп:

  • Табеке, осы кедейдің несібесі қайдан болады? – депті. Шамасы

дастарханның жұпынылығын бетіне баспақ болады.

Сонда Табай  ерніне апара берген кесесін қоя салып:

Кедейдің несібесі елден,

Елдің несібесі жерден.

Жер несібесі шөптен,

Шөп несібесі көктен.

Адам көктеп-көгеруі

Батасы қабыл көптен.

Бірі кедей, бірі бай,

Болумен талайлар өткен.

Аштан өлгендердін көргенбіз,

Сөйлегендерді өктем.

Би несібесі даудан,

Балықшы несібесі аудан.

Балық несібесі судан,

Несібе көп шықпайды,

Сен секілді қудан.

Қисық ауыз, қыңыр ғып,

Анаң қалай туған.

Әкең жылмаң, шешең сумаң,

Қаныңда да қоспа бар,

Әркімнен құралған будан.

Несібені сенен құрамаспын,

Алақан жайып сұрамаспын – деп кесесін қолына ала

бергенде:

  • Аруақты аға, тебіреніп кеттіңіз-ау, кеше көріңіз! – деп келген жігіт

Табайдың аяғына жығылыпты.

 

***

Бірде елдің үлкендері:

  • Табеке, жасыңыз келді, ораза тұтып, намаз оқымайсыз ба? – десе
  • Осы жасқа келгенше ешнәрседен ықпаған Табай құдайдан қорқып,

тоңқаңдап намаз оқып жатыр екен деген сөз менің атыма жарамас. Ол жаққа барғанда Табай келді деп бір мәжіліс болар, сонда жауабын беремін, – депті.

 

***

Бірде Торғай өңірінің билері көршілес отырған Кіші жүздегі Есет батырға амандаса барыпты. Оларға жас Табай атшы болып ерген екен. Есет келгендерді көңілсіз қарсы алыпты. Батырдың есейген екі баласы келген қонақтарға мән бермей ала қағаз ойнап отыра беріпті.

  • Кім боласыздар, – депті батыр.

Сонда намыс буған жас Табай орынынан атып түрегеліп, келгендерді

таныстырып болып, соңында:

  • Әкем қараңғы түн,

Шешем қараңғы күң,

Өз атым таз Табай.

Ал кісі келеді демеген,

Көсілген аяғын жимаған,

Ерсі ойынын тимаған,

Мына екі иттің баласы кім? – депті.

Бұл сөзді ұнатпаған батыр тұсында ілулі тұрған қылышына қарапты.

Сонда Табай:

  • Қылышың мықты болса, кеше Ерназар, Бекет итжеккенге айдалғанда

көтерілмей қайда қалған?! – дегенде Есет үндемей үнсіз отырып қалыпты.

 

***

Табайдың тілі байланар алдында, ағайындарын жинап айтқан өсиеті:

Бірлікті бұзбаңдар,

Ағайын тату болып ат көбейтіңдер,

Абысын тату болып ас көбейтіңдер.

Ата сыйлаңдар,

Әкеңе не істесең алдыңа сол келетінін ұмытпаңдар.

Жетімге қарасыңдар.

Ердің атын қатын шығарады,

Қатынның атын жетім шығарады,

Жетімнің атын отын шығарады.

Сараңды үш шақырсаң мырза болады,

Жеті аталы ауызына жарыған ықыласқа ырза болады.

Қысылғанға қол беріңдер,

Үлкенге жол беріңдер.

Көршің үшін намазыңды бұз, көрші сыйлаңдар.

 

***

Табай көп жасапты. Ақыры, жантәсілімге жақындағанда ағайын-жұрты жылап-сықтап:

  • Бүкіл ауылымыздың басы да, ақылшысы да өзіңіз едіңіз, мына қалып

бара жатқан біздерге не ақыл бересіз? – депті.

Сонда Табай ақсақал:

  • Ей, жұртым, сендер болсаңдар туған жерлеріңде қалып барасыңдар,

мен болсам көрмеген, білмеген жаққа бара жатырмын. Маған ақылды өздерің айтыңдарсайшы, – деп қазіргі «Табай талған» деген жерде көз жұмыпты.

 

Әзірлеген: Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері

 

Фото Интернеттен алынды!

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...