Тарихи өлең тағдыры

Кудери акын

Күдері Жолдыбайұлы – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқан жауынгер ақын. Оның жалынды жырлары көтерісшілер рухын көтеріп, жеңіске жігерлендірген.

Академик Қажым Жұмалиев «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті» кітабында Сейдахмет, Күдері, Ақмолда, Нұржан ақындардың кейбір шығармаларының идеялық-көркемдік жақтарының жақсаруына Ыбырайдың ықпалы тигені сөзсіз екенін айта келіп: «1879-1880 жылдары болған «Жалпақ қоян» атты жұтты суреттейтін ұзақ өлеңін Күдері ақын Ыбырайдың кеңесімен жазады. Оның бұрынғы өлең-жырларына қарағанда бұл неғұрлым бағалы шығарма» деп жазады [Алматы, 1967. -225 б.].

К.Жолдыбайұлының «Қазақтың қайғысы (Жалпақ қоян)» атты бұл шығармасын ұзақ іздестіріп таба алмай жүргенбіз. 2015 жылы ақынның немересі Мереке Нәбиұлының құрастыруымен Астананың «Фолиант» баспасынан «Торғайдың Күдері ақыны» атты кітабы жарық көргенде де «Қазақтың қайғысы (Жалпақ қоян)» бұл кітапқа  кірмей қалып еді.

Жақында ғана тарихи туынды Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорынан табылды.

Тарихи дейтініміз, Ы.Алтысарин 1883 жылы 31 қазанда 1879-1880 жылдардағы Торғайдағы аштық жайында жазылған осы «Қазақ қайғысы» өлеңін орысшаға жолма-жол аударып, «Оренбургский листок» газетіне  жібереді. Қалай екені белгісіз, аударма Орынбордағы П.Распоповтың қолына түседі.

Бұл – 1880 жылы 7 июньде Мәскеуде А.С.Пушкинге арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қазақ елінен өкіл болып қатысып, Мәскеудің дворяндар жиналысы залында «Қазақ хрестоматиясы» жарық көргенін, онда Ы.Алтынсарин Пушкинді қазақ тілінде сөйлеткенін, енді ұлы ақын шығармаларын қазақ балалары да оқи бастағанын айтқан Распопов еді.

П.Распопов Ыбырай өлеңін жолма-жол орысшаға аударып, өзі дайындап жатқан 1885 жылы жарық көруге тиіс «Образцы киргизской поэзии в песнях эпического и лирического содержания» деген кітапқа енгізбек болып 1883 жылдың 12 ноябрінде Ішкі істер министрлігі жанындағы баспасөз басқармасына хат жолдап, рұқсат сұрайды.

Министрліктің баспасөз басқармасы П.Распоповқа қайырған сол жылдың 8 декабріндегі жауабында министрдің бұл шығарманы кітапқа кіргізуге қарсы екенін хабарлайды. Басқарманың мұндағы дәлелі – өлеңде «патшалық билеуге, оның жергілікті билеу орындарына қарсылық бар екен» дейді. Сөйтіп, Ыбырайдың қолынан өткен шығарма Ішкі істер министріне дейін барып, ақырында еш жерде жарияланбай қалады» [Дербісалин Ә «Ыбырай Алтынсарин. Өмірі мен қызметі туралы». Алматы, 1965. -80 б.].

Ыбырай зерттеушісі, ғалым Ә.Дербісалин кітабынан алынған бұл сөздердің растығына Ресей Мемлекеттік архивіндегі «Дело о запрещении к печати равных рукописей, в том числе перевода на русский яз. Казахской песни «Горе киргиза» / для «Сборника образцов киргизской народной поэзии составленного П.Н.Распоповым/ [ЦГИАЛ,ф. 776,оп. 20 д № 595 1883-1884 Л.Л, -18-20.] деген жолдар растай түсті. Бұл құжатта 1883 жылдың 26 сәуірі мен 1884 жылдың 31 ақпанына дейін түскен 33 бет материал сақтаулы екен.

Міне, сол өлең арада бір жарым ғасыр өткенде біздің қолымызға тиіп отыр.

Өлеңді Ыбырайдың 1879-1880 жылдары жазған «Қазақ даласындағы аштық жайында», «Жұт туралы» мақалаларымен және басқа да шығармаларымен салыстырып көрдік.

Күдері ақынның бұл ұзақ өлеңі:

 

«Құдая, саған мәлім менің халім,

Қолыңда құдіреттің барша мәлім.

Бұл қазақ әлін білмей кеткені үшін

Кетірдің жалғыз қыста барлық сәнін.

 

Құдая, аз бізге әлі бұл көрген қыс,

Ұмыттық біз құдайды шамадан тыс.

Тұтынған әрбір заттар алтын-күміс,

Ошағы – алмас темір, қазаны – мыс», – деп басталды.

Бұл шумақтарды оқығанда Ыбырай Алтынсариннің «Өсиет» өлеңдеріндегі Қарынбайдың сараңдығы мен қайырымсыздығы үшін Алла Тағаланың  қаһарына ұшырап, қақ айырылған жер астына түсіп кететіні еске түседі. Ақын жұттың болуын қазақтың байлыққа мастанып, асып-тасуынан деп біледі. Әйтпесе, «Қазақ қазақ болғалы еш уақытта мұндай іс көріп пе едің мұнан бұрын?» деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Қазақтың мыңғыртып мал өсіріп, көл-көсір өнімін алғанын, «белге қылыш, қолына найза іліп» жаугершілік заманда батырлық көрсеткенін жыр ете келіп «Ерлерім енді сол бір күнді жоқтап, ағады көзден жасы тамшыдайын» дейді.

Күдерінің бұл шумақтары Ыбырайдың:

«Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Іске аспай бақ-дәулетің қалуы оңай,

Басыңнан бағың тайған шағыңызда», – деген өлең жолдарымен үндесіп жатыр.

Ресей өкіметінің қазақ елін отарлау саясаты XVIII ғасырдың бірінші жартысында басталып,  XIX ғасырдың жетпісінші жылдарында өз мақсатына жеткені тарихтан мәлім. Жаңа округтар құрылып, оны аға сұлтандар мен орыс шенеуніктері басқарды. Келе-келе қазақтар бұл биліктен де айырылып, оларға болыстық пен ауыл старшындықтары ғана тиді. Сөйтіп ұлан-ғайыр қазақ даласы бодандықтың темір құрсауын киді, құнарлы жерлерден, жайылымнан шөл, шөлейт аймақтарға қарай ығыстырыла бастады.

Осыдан хабардар ақын Хандық кезінде Хан халық тұрмысын біліп отыратынын, қиын-қыстау заман туса халықтың жайын айтып, олар ақ патшаға барып, патшадан рұқсат, сый-сияпат алып қайтатынын баяндай келіп заманның мүлде өзгеріп кеткеніне тоқталады:

«Мұнан соң штат деген үкім шықты,

Бай мен хан тіл тарттырмай бәрін жықты.

Кәне, сен бұл бұйрыққа көнбеймін деп

Айтып көр, дегеніңше болсаң мықты?!

 

Жаратқан тәңірі лайық билер қалды,

Он үйге бір би қой деп үкім салды.

Елу үйге және де бір би қойып,

Жүз үйге бір ауылнай шыға қалды.

 

Мың үйге онан барып болыс қойды,

Қасына болыс сайын орыс қойды.

Таласып, қырылысып лауазымға,

Ат беріп елеулікке қойын сойды».

Ыбырай:

«Ол күндер қайтып келмес біздің жүзге,

Үш-төрт-ақ би бар еді Орта жүзде.

Саны көп, сапасы жоқ, сапырылысқан

Он үйге бір би болған келді кезге».

[«Өсиет» // Ана тілі, 13 ақпан, 2003. -11 б.].

 

Күдері:

«Бұрынғы би мен жақсы жатып алды,

Өз басын малыменен сатып алды.

Жұрт үшін жанын қиған ескі билер,

Дариға-ай, осы күнде қайда қалды?!

 

Бір орыс, бір қазақ қойды «помощник» деп,

Олар да іс ете алмайды баса-көктеп.

Жалғыз-ақ барар жерің уезднай,

Алдыңнан қуалайды «пошел», «кет» деп.

Сен болмасаң анаған барамын деп,

Күн қайда кететұғын сөзін кектеп.

Барар жер, басар тауың болмаған соң,

Қақпадан шыға алмайсың төңіректеп.

Бір ауыз тым болмаса тіл білмейсің,

Өлдің ғой безіп қазақ тентіректеп.

 

Тіл білген көнуші ме ең қазағыңа,

Қалдың ғой енді тұзақ азабына.

Арыз айтсаң тыңдамай қалжың қылған,

Көнгейсің енді орыстың мазағына».

Ыбырай: «Бұл елде менің екі немере туысқаным болыстыққа таласып, он жылдан бері араздасып жүр еді; бүкіл болысты екі партияға бөліп жіберген бұл талас өте қатты шиеленісіп, ұрысқа жетіп, бұл бақытсыз болысты қатты күйзелткен болатын. Мен келісімен жай бұқара халық мені туысқандарын татуластырар деп үміттеніп, мұны менен қатты сұрай бастады. Менің татуласыңдар дегеніме әлгі ақымақтар көнбеді. Сондықтан халыққа: «бұл таласып жүрген адамдарды болыс сайламаңдар, басқа бір адамды сайлаңдар!» – деуіме тура келді. Осы кеңесім бойынша көпшілік бір беделді ақсақалды болыс сайлады. Сонымен жаңағы туысқандарымның біреуі әр түрлі қас адамдардың тіліне еріп, попечительге де, губернаторға да, тіпті Ішкі істер министріне де қызмет адамдарын сайлауға орынсыз қол сұқты деп менің үстімнен арыз жаудыра бастады…» (Н.И.Ильминскийге 1884 жылы 14 сентябрьде жазған хатынан).

Кудери акыны1

Күдері:

«Штат келді, параны кірістірді,

Қарындастан күдерді үзістірді.

Атадан ұл, енеден қызды айырып,

Бір-бірін таластырып, сүзістірді.

 

Неше байлар таласпен кедей болды,

Бар малын шашып беріп оңды-солды.

Параға бергендерін кейін олар

Халықтан өндіруге салды қолды.

 

Бұрынғы қазақшылық заманында

Билердің көріп пе едің мұндай жалды?!

Қылмысыңнан табылған іс болған соң,

Көнеді не де болса қазақ сорлы…»

Көзі ашық, көкірегі ояу ақынның сол тұстағы саясаттан хабардар екендігі өлеңнің әр жолынан аңғарылып, Қ.Жұмалиевтің бұл өлеңді «Ыбырайдың кеңесімен жазды» деген сөзінің растығына көзіңіз жете түседі.

Күдері ақынның әлеуметтік теңсіздік пен отаршылдықты сол кездің өзінде батыл сынға алып, жасқанбай тіке айтуы – батырлық! Ақынның «Кертартпа» ақын атанып, өлеңдерінің кезінде баспа жүзін көрмеуінің сыры да осында жатқанына енді көзіміз анық жетіп отыр. Оның үстіне ол кешегі Кеңес дәуірінің қолдан жасалған қанды қырғыны – 1931-1933 жылдардағы аштықтың зардабын да ашына, ашық жырына арқау етіп, сол үшін қудалауға ұшыраған  ақын.

Ыбырай «Жұт туралы» деген мақаласын өзен тасымай, жаз құрғақшылық болса, шабындық шөп шықпай, жайылым тарылып, малмен күн көріп отырған елге үлкен қиындық туатынын айтудан бастайды.

«Бұл жердің қазақтары мұндай қатал қысты жиырма жылдай көрген емес, – деп жазады автор. – Олардың малы да ойдағыдай төлдеп, көбейе түсетін, 300-400-ден жылқысы, 400-500-ден қойы, 20-40-тан түйесі, 50-60 бастан ірі қара малы барлар бай адам деп есептелмейтін, ал 10-15 бастан аспайтын мүйізді ірі қарасы, 4-6 жылқысы және 20-30 қойы бар кедейлер (Жатақтар, яғни көшпейтіндер) қатарына жататын».

Күдері:

«Нар еді неше жүздеп айдағаның,

Мың-мыңнан жылқы еді байлағаның.

Қора-қора қой өріп, әр ауылдан

Жал-жая, бағлан-қозы шайнағаның.

Сиыр мен ешкіні мал ма екен деп,

Алдыңа келді, міне, ойлағаның.

 

Мың-мыңнан ел көшкенде малыңды айдап,

Кең сахара даланы шыға жайлап,

Көл таңдап, су жаратпай жүруші едің,

Жібектей шалғаныңа бие байлап…»

Ыбырай: «Бізге жақын қазақтардың кейбір бақташылары барлық малдан айырылып немесе аман қалғандарын тағдыр тәлкегіне тастап, табыннан жаяу оралды. Бір қазақтың 28 ақпанға 1300 жылқысынан небәрі 60 бас жылқысы ғана қалды. Менің 250 жылқыдан тұратын тұқымын асылдандыруға көп шығынданған таңдаулы асыл тұқымды үйірлерім түгелдей дерлік қырылды».                                                                                                                                                                 «Жұт туралы».

Күдері:

«… Мұнан соң қаһарланып қоян кірді,

Бейшара қазақ баласын ояндырды.

Сегіз айдай тынбастан боран соғып,

Қазақтың қарап қоймай малын қырды».

Ыбырай: «Бізде қыс 24 қазанда басталды да, желтоқсаннан бастап, сәл үзілістермен, ақпанның соңына дейін қатты қарлы боран түтеп тұрды».

«Жұт туралы».

Күдері:

«Осындай жан көрмеген заман қылып,

Әуені бұлт басты қараңғылық.

Бақырып аштық көрген арыстандай,

Күні-түні жеті ай тұрды боран ұлып».

Ыбырай: «…Мал шөп жоқтықтан азықты өзінің табиғи қаруы –тұяқтарымен мұз болған терең қар астынан ғана таба алады, ал айналаны аязды да қарлы дауыл құрсаған. Аузын арандай ашқан бұл сұмдық дауылдың даладағы барлық жанды мен жансызды да жаншып, сындырып, жайпап жатқанын елестетіп көріңіз».

«Жұт туралы».

Күдері:

«Мал жерден бір шөп үзіп жей алмайды,

Тау-тау қар қорадан мал шығармайды.

Мал түгіл даладағы, үйдегі адам

Үйінен он адым жер шыға алмайды».

 

Ыбырай: «Жан-жақтан соққан өкпек жел, ұйтқыған от, үлкендер бүрісіп қана отырысқан, балалар бақырып, шырылдап жылайды, жабағы жамылғының астында жатқан кемпір аянышты күйде…»

«Жұт туралы».

Күдері:

«Отынсыз ас іше алмай бала-шаға,

Бере алмай нәрсе тауып ата-ана.

Кәрі шал, кемпір сорлы зар жылады,

Жіберіп мұндай күндер Құдай Тағала».

Ыбырай «Қазақ қасіреті» («Горе киргиз») мақаласында әдебиеттегі «Зар заман» ағымын патша үкіметінің отаршылдық саясаты «жұт», «Қоян жылдары» деп аталатын ашаршылық пен жалаңаштық кезең туғызғанын айтса, Күдері де Ресей империясының отаршылдық саясатын табиғат апатымен астастыра көрсетіп, қазақ қайғысының еселене түскенін жаны күйзеле толғайды. Бұл – азаттық жыршысы, күлбілтелеуді білмейтін Күдері ақынның алымдылығы, елге жанашырлығы, оған бағыт-бағдар сілтеген Ыбырайдай ұлы ұстаз ұлағаты.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

жанындағы «Ы.Алтынсарин мұраларын

зерттеу орталығының» маманы

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *