Жол үстіндегі бірінші әңгіме

Торгай1

Қоғабай Сәрсекеев: Кенжеке! Елге бірге барып қайту ойы екеуміздің де көңілімізге көптен жүргенмен сәті осы жолы түсті. Ақ жол үстінде келеміз. Бағыт – туған жер – Торғай!

Кім-кімге туған жер қымбат! Туған өңір Торғай бізге аса ыстық! Жарықтық шын мәніндегі киелі жер-ау! Академик Зейнолла Қабдолов «Ұлттың ұясы» атаған алқап!

Кенжеғали Сағадиев: Оған сөз бар ма, туған жер – түп қазық, айналып келіп тұрар мекенін.

Қоғабай Сәрсекеев: Бұл сапар менің өмірімдегі ерекше сапар болғалы тұр. Оның өзіндік мәні бар. Иә, бұл өзі алпыс жыл бойы іште жүрген сыр еді. Біздің ұрпақ не көрмеді? Есімізді жимай жатып әкеден қалдық, майданда қаза тапты. Аталарымыздың тағдыры боса-болмаса да қиын, төңкерістен кейінгі зұлмат заман құрбандары. Құлақта қалғаны, менің арғы атам Сартымақ Абыз есімді бабам кезінде домбыра тартқан, қобыз шалған, өзіне ұсталық өнер қонған, аузы дуалы кісі болыпты. Одан туған Қосет адам біткеннің ірісі дейтіндей сүйікті кісі екен. Қосеттен Жұмабай дүниеге келеді. Жұмабайдан Бейсенбай, Дүйсекей, Тәкетай, Сәрсекей, Сентай атты ел арасында «Жұмабайдың бес қасқыры» атанған ұлдар дүниеге келген. Бейсенбайдан – Молдамұрат, Дүйсекейден – Айтмағанбет, Тәкетайдан – Әбдірахман, Серікбай, Сәрсекейден – Сәтмағанбет (менің әкем), Жолмағамбет, Құлмағамбет, Жұрмағамбет туады. Бұлардың бәрі бүгінде жоқ, Жолмағамбет (Жолан), Құлмағамбет (Құлет) бертінде елге келіп қайтыс болса, қалғандары соғыста өлді. Осылардың ішінде Сәрсекей түйе палуан, Сентай өгіз палуан атанған кісілер дейді. Көз көрген қариялар осылай айтып отырғанмен мен осы ата-бабам жатқан орынды білмей өстім. Бала күнде елемегенмен қазір ауыр. Тие берсінді сырттай айтып, мешітке барып, іштей қол жаю қай мауқыңды басады. Осыны көп ойлаушы едім. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз астарында оның тұрағын білуді де меңзейтін тәлім жатса керек. Жалпақ өмірге келген тірі пенде ілгері қара орман қонысы мен өткен ата-баба зиратын біліп жүрсе – бұл да бір медет. Мына жалған дүниеде өкситін сәт аз ба, сондайда жаныңды жануға демеу, ат басын тірер қасиетті мекенінің болғаны ләзім. Тексізден тектілік шықпайды. Ақыры іздестіре жүріп ата-баба жұртын таптым. Ол Торғайдың Тоқанай жағы екен. Абыз, Қосет, Жұмабай бабаларымның қорымы сол төңіректе болып шықты. Бергі аталарымды әжем марқұм «Ақжан» зиратында дейтін, белгі қоятын заман ба ол кез, зиратын нақты көрсете алмаған. Сонымен ыңғайы осы болып, аруақтар басын қарайту ниетімен, елге жүрерде Алматыдан аталар есімін тасқа қашай жаздырып, көктас ала шықтық.

Кенжеғали Сағадиев: Сенің бұл ісің перзенттік әзіз адамгершілікті танытатын зор талап. Шыққан текті ұмытпау, ата-баба зиратын қастерлеу – ұрпақтастықтың үзілмес заңы. Кеңес дәуірінде жеті атаны әспеттеу ескіліктің сарқыншағы деп қаралап, санамызды уланған идеямен тұншықтырған жоқ па. Әлгі:

«Мой адрес не дом и не улица,

Мой адрес Советский Союз», – деп әндетуіміз сол кездің мәңгүрттік ұраны емес пе еді. Ендеше, ниетің қабыл болсын!

Қоғабай Сәрсекеев: Рахмет, Кенжеке! Ниеттің қабыл болуы Алладан, асыл мұратты бір мақсат еді, жолымыз әлей болсын!

Кенжеғали Сағадиев: Өткенге салауат, қалғанға береке деп халық бекер айтқан ба, бұл ауыл заңдарының ішіндегі ең ірісі. Менің осы сапарымның да басты мақсаты ауылдастарыммен жүздесіп, өмірден өткен ағайындарымның басына тағзым ету.

Торгай 2

Иә, жол ұзақ, кейде еске қай-қайдағы жәй түсіп отырғаны өтірік емес. Көз алдымнан көлденеңдеп ауыл кетпейді. Ғылым жолын қуам деп, әлем өркениетімен тереңірек танысам деп жүріп туған ауылыма келмегелі көп уақыт болыпты. Мен дүниеге келген Құмарал, бала кезімде суына түсіп, борығын тартқан Шұқырқопа, Шөптікөл, Саға, Ақкөлдер не күйде деймін. Құмарал Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) туған Сартүбектен бар болғаны үш шақырымдай жер еді. Бұл мекендер қазір «Ақкөл» кеңшарына қарайды. Оның орталығы – Ызбан! Кейбір зерттеушілердің айтуынша біздің еліміздегі ескі, ең көне жер атауларының бірі. Осы ғасырдың басында бұл өңірдің тұрғындары шығыр айдап, тары өсіріп, мал бағатын. Кейін совет дәуірінде мектептер ашылып, жаңа үйлер салынып, шаруашылық жүйесі техникаландырылып өркениеттің жақсы нышандары да көріне бастап еді. Осыған орай ауылдастарымның жайы қалай, тұрмыстары нешік? Тезірек көруге асығып келе жатқаным рас… Өткен түнде Қостанайда ұйықтай алмай шықтым. Бала күнгі дәурен, әл кеуде шақ, ізгілік сапарына ілескен күндер еріксіз еске түседі. Ауылдың бүгінгісі мен келешегі де ойландырмай қоймайды. Туған елімізде көрнекті тұлға болып өсе білген Бағила қарындасымыздың елгезек қызметі, ғалым інілерім Сәбит, Қарбоз, Иманғали, журналист Байтұрсын мен ақын Серікбай сияқты бауырларымның ыстық ықыласы көңіл өсірді. Жылылық – ағайын арасында. Байтұрсынның Ахаң жайлы кітабын оқып шыққанмын – зерделі кітап, Серікбайдың талантты ақын екенін білуші едім, бұ жолғы суырып салма өнері тіптен ұнады.

Қоғабай Сәрсекеев: Ақжарқын ауыл жігіттерінің көңілі бөлек қой, талай сыр ақтарылды… Менің бір бітірген шаруам – Қостанайда орайын тауып, ақ түрмені көріп шықтым. «37-ші – жыл» дейтін әңгіме жазғанымды білесіз, енді сол шығармамды экрандау ойымда жүруші еді, кешегі жазықсыздан жапа шегіп, «халық жауы» атанған боздақтар отырған камераларды аралағанымда – мал құлағы саңырау – жүрек тітіркенді. Осы ғасырдың басында салынған түрме сол қалпы сақталған көрінеді, іші толы адам, беті аулақ, әсте сұсты, әрі суық…

Кенжеғали Сағадиев: Әрине, солай болады, қай заманда да қай өкімет болмасын үй салмаса да түрме салуды біледі ғой. Өзің айтып отырған ақ түрмеде не бір жайсаңдардың өмірі қиылды, сосын да суық болмағанда қайтеді?

Қоғабай Сәрсекеев: Менің әңгімемнің бас кейіпкерлері де осы түрмеде атылыпты. Үкім орындалған жерді де көрдім…

Кенжеғали Сағадиев: Ондай күндер өтті ғой бастан. Ақ түрмеде Ахаң да, Жақаң да жатқан… Ахаң жайлы естідім, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шүкеев – Ахмет Байтұрсыновқа ескерткіш қою үшін бәйге жариялапты, қоятын орны белгіленген. Қаржы тауыпты.

Қоғабай Сәрсекеев: Жақсы нышан, игі талап. Әйтсе де бізде сөзбұйда жетеді. Бұрынғы өткен-кеткен әкімшілік тұсында да уәде аз болмайтын, бәрі жайында қалған. Баяғыда, кеңес дәуірінде Ыбырай Алтынсарин ескерткіші, Аманкелді музейінің жоғын жоқтаймын деп осы Қостанайда Бородиннің қыспағына түскенмін. Ел мұқтажын айтқан мені ол шын құғындауға алған. Қазақ аудандарын «соқыршек» санайтын облыс басшысына ел руханияты түк емес екен, жаңдайшаптары мені Алматыға ұшайын деп тұрғанымда ұшақтан түсіріп алып, кабинетіне әкелгенде «басыңды түрмеде шірітем» деп, зіркілдегені бар. Қазір уақыт басқа, шүкіршілік, әкім ыңғайы тәуір, бір көрген кісіге баға беру қиын, сөзі майда, маңайына жайлы басшы сияқты әсер етті, ісінде нәтижесі болса жарады. Әйтсе де Сырбай мен Ғафу ақынның атына көше, мектеп есімі беріледі екен деген сөз біраздан бері айтылғанмен әлі шешімі табылмапты. Міржақып Дулатов, Нұржан Наушабаев, Мәриям Хакімжанова, Нұрхан Ахметбеков, Қайнекей Жармағамбетов сияқты дүлдүлдерімізді елі әспеттемегенде кім айтады? Ал енді Ахаң, Жақаңды қадірлемеген жұрт қай руханиятымызды түгендейді, гәп сонда. Есті басшы осындайды ойлай жүрсе артық емес. Кісі жаңылайын десе оңай, ана жылы Колбин Торғайға барғанда «Жанкелдин деген кім?» деп сұрапты ғой, масқара қылғанда. Сосын осы «КТК» телеарнасы Қостанайдың үстінен түспеді. Бірде орталық универмагын, бірде базарын және бірде басқа объектісін әлде біреуге сатып жіберіпті деп жатады. Осыған қала, облыс әкімдері неге жол береді? Алушылар кім, сатушылар кім? Түбінде сан соғып қалмайық.

Қоғабай Сәрсекеев: Әулиекөлге де жеттік.

Кенжеғали Сағадиев: Бұл менің орта мектепті бітіріп, ғылым-білімге жолдама алған жерім. Енді Қояндыағашқа бұрылайық. Мұнда менің әке-шешем жатыр. Біздің әулеттің бір тармағы осында ертеректе келіп қоныстанған. Өзің білесің, біз Аманжолдан тараймыз. Оның Әлімбет, Бейімбет, Шақшақ атты үш ұлы болған. Соның Әлімбетіміз. Әкем марқұм елуінші жылдардың басында, шешем бертін дүние салған. Анамның тамын осы Нағытай жеңгең бала-шағамен кеп өзі көтерді, мен ол кезде аспирантурада оқуда болатынмын.

Қоғабай Сәрсекеев: Ахмет Байтұрсыновпен бір ауылдансыздар, жақындастарыңыз бар ма?

Кенжеғали Сағадиев: Түп ата бір. Бәріміз Аманжол бабадан өрбісек, бертін бөлінгенде Ахаң Үмбетей, Үмбетейдің Аралбайы, оның ішінде Таңбайына жатады. Таңбайдан Шошақ, Шошақтан Ақтас, Ақтастан Байтұрсын, Байтұрсыннан Ахмет… Үмбетей мен Әлімбет қатар отырған ел!

Осындай қан араласымыздың тығыздығынан Әлімбет пен Үмбетей ұрпақтары бір-бірімен жиен-нағашы немес нағашы-жиен болып біте қайнасып кеткен. Сондықтан да қадірлі Ахаңмен біздің тек қана ортақ ауылымыз ғана емес, қан араласымыз да бар дер едім…

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ

Жалғасы бар

 

adebiportal.kz

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...