Жол үстіндегі бірінші әңгіме-2

Торгай2

Қоғабай Сәрсекеев: Бір кездегі, Қояндыағаштағы қалың ауыл жоқ боп шықты, жұрты ғана қалған. Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетов ауылы енді елсіз. Иә, бұл да бір тарихи жер еді. Басықара баласы Қанапия өмір сүрген өңір еді ғой бұл жер. “Неге бұлай?” деген сұрақтар көңілді мазалай береді… Осы атыраптың табиғаты-ай – жағалай көл, шоқ-шоқ тал, қалың қарағай, ақ балтыр қайың мұңая қарауытады. Құмдауық өлкенің биші селеулері, көк майса бидайық белуардан. Осы жерден не су шықты екен? Бұдан артық жер жанаты болар ма?! Ошарыла көшетін не рет бар? Ұзамай жол үстіндегі үлкен қорымға аялдап, Кенжекеңнің әке-шешесінің басында құран оқылды. Тиыш ұйықтасын аруақтар. Әулиекөлдің орталығында ауданның 70 жылдығы тойланып жатыр екен, тоқтап, дәм ауыз тидік. Ұзамай Наурызымға жеттік-ау. Мұнда Кенжекеңнің туған ағасы Нұғанның отбасы, бала-шағасы тұрады, мәре-сәре болып, өмірден өткен ағаның орнына дұға оқып, ертесіне Торғайға бет түзедік.

Кенжеғали Сағадиев: Қостанайдан шыққалы жауын. Бұл өңірде биыл жауын көп жауыпты, соған орай жол бойы көкорай шалғын. Бұрынғы егінді алқаптарды шөп басқан. Қайран дала, егінді өңір сұлық жатыр. Бұл көрініс шымбайына батады.

Қоғабай Сәрсекеев: Жол деген Науырзымнан кейін ойқы-шойқы, ойылып біткен. Осылай қараусыз қала берсе (бұл жалпы республика көлеміндегі жол біткенге қатысты) сірә, қатынас қиындай түсер-ау… Алматыдан шыққалы жолдың не түрін көріп келеміз. Балқаш тұсында жақсы жол түсіп жатқанын көріп сүйсіндік.

Кенжеғали Сағадиев: Торғай қылтиған сайын жүрек лүп-лүп соғады. Сырт лақабы қандай – ой, Торғай халқы босып, көшіп жатыр екен, тіпті елде аштыққа бой алдырғандар кездеседі дегенді естисің…

Қоғабай Сәрсекеев: Бүгінде қиыншылық қай жерде жоқ. Біздің елде де соның нышаны бар екені рас. Дәл қазіргідей өтпелі кезеңдегі қиыншылыққа Торғай да ұшырап отыр. Әуелден «алыс аудан» саналатын біздің ел проблемасы аз ба еді. Алдымен айтарымыз, Торғай қашаннан «желдің өтінде, жердің шетіндегі» өңір ғой. Табиғаты әсте қатты. Қысы қытымыр, жазы қапырықты бұл аймақ заманның түзу кезінде де «шаруашылығы ауыр аудан» саналатын. Не құқай басынан өтпеген. Бір жылы ұт, бір жылы жұт болып келетін бұл аймақ басынан не өтпеді. Бір ғажабы, қайыспайтын жұрт. Мұны басқа емес біз білеміз.

Кенжеғали Сағадиев: Торғай халқының өжет мінезін бала күнімізден жадымызға түйіп өстік емес пе. Өткенін айтсақ «қазақтың Петрограды» саналған өңір болғандығы, азаматтарынан Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) мен Жақаң (Міржақып Дулатов) дүниеге келген қасиетті өлке екенін айтайық. Тәлкекке төзбей ақ патша әміріне қарсы тұрған өлке, қолымен төңкеріс жасаған алғашқы аймақ та осы Торғай. Ахаң мен Жақаңның еңбегін білесін – реформаторлар – ұлт мақтаныштары.

Қоғабай Сәрсекеев: Біз осы сапарда Қостанай, Арқалық қалаларында болдық, Әулиекөл, Науырзым аудандарын араладық. Ел ажары қандай деп ойлайсыз?

Кенжеғали Сағадиев: Қиыншылығы мол кез ғой. Елдің реңінде де осы қиыншылықтың іздері бар сияқты.

Қоғабай Сәрсекеев: Дұрыс айтасыз, шешілер мәселе көп сияқты. Енді қалай түзелеміз?

Торгай!

Кенжеғали Сағадиев: Түзелудің жолы дейтіндей барша халықтарға бірдей теорема жоқ. Әр халық өз ерекшеліктерін, өз мүмкіншіліктерін еске ала отырып өркениет жолын таңдайды. Өйткені өз болмысыңа үңілмей, өз елінде қалыптасқан өмір заңдарын ескермей өткелден өтуге болмайды. Біз көп жылдар соқыр сенім мен надандық түнегін, қайыршылық пен жоқшылықты, бейнет пен қиыншылықты басымыздан өткізген халықпыз. Осының арқасында жігеріміз құм болып, намысымыз шайырланды. Адасуларымыз аз болды ма! Ахаң осы реттен «Қазақ жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» деп жар салды. Сонда неге? Бақсақ, барды үлгертуге шорқақ екенбіз, қолдан шығып кеткенде ұраншылмыз. Көп дәлел айтпай-ақ қояйын, дегенмен әлгі Арқалықтағы ғимараттарды сырттан келіп біреу қиратқан жоқ, бәрі керенау салғырттықтың салдары, ұлттық меншік сипатының қалыптаспағанынан көруіміз керек. Әрине үкімет тарапынан пәрменді шаралар аз болды, дегенмен бәрін мемлекетке арта салу, басқаға аудару дұрыс емес. Жеке жауапкершілік, тұтынып отырған дүниеге, өмір сүрген ортаңа өз затыңдай қарамау «немкеттілікке» әкеп соқтырады. Өркениетті еш елде мұндай өрескел іс кездеспейді, кездесе қалса оған бүкіл ел, халық болып күреседі. Міне, биік саналылық деген осындай кезде аса қажет.

Қоғабай Сәрсекеев: Демек, сананы өзгертетіндей шара – заң керек қой.

Кенжеғали Сағадиев: Әрине, өркениетке баратын жолдардың тиімді заңдарын қабылдау да, оны баршамыз болып мүлтіксіз орындау да қажет. Құқықтық қоғам (правовое государство) деген ұғым осындай қажеттіліктен туады. Дегенмен сана – заңға қарамайды, қабылдау қиын, бұл – ішкі иірім, адами қасиет белгісі. Сондықтан сана структурасын қайта қалыптастырмасақ болмайды.

Қоғабай Сәрсекеев: Мұндай тәжірибені үйренетін озық елдер жеткілікті-ақ. Көрші қытай елінде қаншама үрдіс қадам бар, басқа көшелі мемлекеттер тәжірибесі ше? Мысалы жапондықтар: жаңаны қабылдау үшін ескіні жою шарт емес, дейді екен. Бізде бәрі басқаша. Әжептәуір қалыптасқан құрылымымыз бар еді, құртып алдық. Қазіргі өкінішіміздің басы кешегі мемлекет меншігін жекешелендіруден басталып жүрмесін. Қате кетсе осы тұстан іздеу керек шығар.

Кенжеғали Сағадиев: Ойың түсінікті. Біз ұрандасып идеология жасаған жоқпыз. Мәжіліс жасап ана бір деген қоғам да құрғанымыз жоқ. Жалпы бағыт дұрыс болғанымен қоғам жылжуын жүзеге асыру барысында олқылықтар жібергенімізді жасыра алмаймыз. Бұл өзі аса қиын процесс еді, реформа дегеніңіз реформа жасау үшін жасалмайды ғой. Мұның баспалдағы көп болатын тегі бұған аса мән беріп жатпадық. Елбасы бақайлаған басқыштарды елемей, жанталаса мемлекет мүлкін бөлістік. Міне, мұнымыз қателік еді. Ал, осындай қателіктер бізде аз болды ма? Әріге бармай-ақ кешегі төңкеріс кезін еске алайықшы, кедейлікті көрсеткіш көрдік, қаншама асыра сілтеушілік болды. Өзін қойып өзгені асырап отырған жанды бай-кулак дедік, конфескіге түсті. Серіктестік, колхоздасу тұсында нешеме қателіктерге ұрындық. Нәтижесі белгілі, аты шулы нәубет – ашаршылық бастан өтті. Жә, оны өткен заман делік, қызылдар саясатына саялық, ал бүгін ше? Мұнда да білместіктер, түсінбеушіліктерге жол берілді. Мемлекет меншігін жекешелендіру аса жауапты іс-тұғын. Асыға-аптығудың қажеті жоқ жерде үлес бөлістік.

Қалыптасқан жүйені өзгертудің жолы эволюция, біртіндеп, баспалдақтап оның әрбір тетігін өзгерте, жаңарта беру. Басқаша айтқанда экономикадағы өзгерістер жорғаның жүрісіндей болуға тиіс – бұрынғы жиған-тергеніңді шашпай-төкпей, жаңа қырқаға шығара беру. Бұны данышпан Ахаң ғасыр басында айтқан, және жан-жақты дәлелдеген. Өкінішке орай біздің рухани көсеміміздің осы өсиеті де дер кезінде есімізде болмады.

Қоғабай Сәрсекеев: Жанкелдин ауданында бір кезде 28-30 мыңдай халық тұрған екен, бүгінде 20 мыңдай ғана халық қалыпты, бұл ненің салдары?

Кенжеғали Сағадиев: Мұның жауабын мен жоғарыда айттым. Тұрмыс түзелмей тұрақтылық болмайды. Елге жұмыс керек. Жұмыс болғанда тұрақты жұмыс орны керек. Қопаңдаған кісіде дұрыс ұйқы бола ма?

Қоғабай Сәрсекеев: Рас айтасыз, елдің көбі жұмыссыз, әсіресе ер азаматтар – жастар бос, қыз-келіншек – әйелдер жағы базарға шығып кеткен, бұл жасырын емес, барлық жерде осындай…

Кенжеғали Сағадиев: Бұлай деу аз. Бүйте берсек күн көріс мүлде қиындайды. Бұл жалғыз Жанкелдин ауданының жұртшылығына ғана тән емес, барша Қазақстанға ортақ көрініс. Жалғыз базар күнделікті тірліктің қай қажетін өтер? Бірыңғай саудамен алысқа бара алмайды. Ел болуға ұмтылатын халық мұны мұрат тұтпайды. Дегенмен сауда да кәсіптің бір түрі ғой. Ал енді ешқандай кәсібі, жұмысы жоқ, екі қолын қалтасына салып, босқа сенделіп жүргендерді айтсаңшы. Бұларды қалада, әсіресе ауылда көп кездестіресің. Және де осындай жұмыссыздық жылдан-жылға етек жайып барады. Жұмысы жоқ, қолы бос жан ұрыншақ келеді, оның рухы төмендей береді. Сондықтан да халықты жұмысқа, еңбекке жұмылдыру жолдарын іздестіруіміз керек.

Қоғабай Сәрсекеев: Ол қай жол?

Кенжеғали Сағадиев: Бұл жолдар ақпарат бетінде де, әр түрлі мінбелерде де, немесе кейбір бағдарламада да айтылып жүр. Алдымен бар мүмкіншілікті пайдаланып қазіргі тоқтап тұрған өндіріс орындарын іске қосуымыз керек. Олар жұмыс істемей халыққа керекті жұмыс орындары да болмайды, еліміздің экономикасы да өркендемейді. Бұл хақ. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлікті үкімет тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да бұдан да пәрменді, тиянақты қолдауымыз керек. Осындай кәсіпкерлікті қолдаудың әзірше айқайы көп, нәтижесі аз. Өз басым оларға несие беріп, қолдауға қаражат жоқ дегенге сенбеймін. Қаражат бар, олар көптеген банкілерде, банкіге сенбеген елдің қалтасында. Керекті тетігін тауып осыларды жалпы ұлттық мүддеге пайдалана білуіміз керек.

Ал енді тұрақты жұмысты таба алмағандарды уақытша болса да еңбекке жұмылдырудың да жолдары бар. Кейбір елдердің озық тәжірибесіне жүгінсек, мысалы, 1931-1933 жылдары АҚШ-та болған күйзеліс кезінде жалпы жұмыссыздық етек алған. Осыған шара ретінде Президент Ф. Рузвельт қоғамдық жұмыстардың бағдарламасын жасаған (программа общественных работ), соның негізінде жұмыссыздардың басын қосып күнделікті тамағын тауып беріп, оларға жол салдырған, ағаш ектірген. Қазақстанда да осындай бағдарламалар, жұмыссыздыққа қарсы қомақты шаралар қолдануға болады және оның уақыты да жетті. Рас, кедергілер кездесер.

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ

Жалғасы бар

adebiportal.kz

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *