Ахметқан айтқан екен…

IMG_8463

Ауыздың аздығы

Атақты „Тас мешін„ толғауының авторы  Әбіқай Нұртазаұлының баласы Ахметқан Әбіқаев та шешен, ақын, добырашы, әнші, жыршы кісі еді. Ол кісі алты ай бірге жүрсеңіз де бір айтқан әңгімесін екі қайталамай, бірінен соң бірін ағылтатын. Тіпті, әңгіме қызығына түскенде тамақ ішуге де қолы тимей қалатын. Сондайда Ахаң:

-Шіркін, құдай әу баста Ахметқан ғып жаратқан соң екі ауыз неге бермеді екен, бір ауызым сөйлеп отырғанда, екінші ауызым тамақ іше берер еді ғой, дейтін.

Адырақ көз

Ахаң әңгіме айтып отырғанда зейін қойып тыңдаған кісіні жақсы көретін.

Бірде Алматыдан айтулы жазушы келіп, Ахаң әңгімені жосылтып отырса, әлгі кісі қор етіп ұйықтап кетіпті. Ахаң ашуланып, келген жазушының көзі үлкен екен, соған орай:

-„Ақымақ басқа адырайған көз бітеді„ деген, мыналарың қылжиып қалды ғой!-депті.

Қонақ сыйлап өскен қазақпыз ғой, адырақ көз ағайынымыз бұл сөзді естімей қалып, абырой болыпты әйтеуір.

 

«Бір сөздің артын бір сөз түртеді»

Ахаң бір әңгімеден соң бір әңгімені ағылтады. Сондайда біз:

-Аха, осының бәрі қайдан шыға береді?- деп таң қалысамыз. Сонда ол:

-Шырақтарым, бір сөздің артын бір сөз түртеді,-дейтін.

 

«Таңдамай-ақ талғаймыз…»

Ахметқан Әбіқаевтан Ахмедия деген інісі:

-Осы қазір өлеңге, өлең сүйер қауымға қалай қарайсыз?-деп сұрапты. Сондай Ахаң мүдірмей:

-Өлең сөздің өрнегі ұйқасымен,

Адам сонда тыңдайды ынтасымен,

Ақ балықтың жон еті секілденіп,

Таңдамай -ақ талғаймыз қылқасымен,-депті.

-Иә, заман да, адам да, талғам өзгерді ғой,-дей берген екен, сөзін әрі қарай жалғатпай:

Өкімет берген адамға праваны,

Бәрі де дауысқа ие – правалы,

Жергіліктәі әкімдер арасында

Бастық – кілт, біз – гайка бұрамалы,-деп тоқырау заманының өзінде тоқырау жайында дәл, әдемі айта біліпті.

 

«Сомтемір емес, Сымтемір»

Ахаң бірде атпен келе жатып, үй арасында керілген кір жаятын  сымға соғылып, алдыңғы тістерін опырып алыпты. Мұны естіген құрдастарының бірі Ғалым Сомтеміров деген кісі:

-Тісіңе не болған?-деп қазбалап сұрай берсе керек.

Сонда Ахаң:

-Онда тісімді опырған Сомтемір емес, Сымтемір – депті.

 

Ағайындылар

Ахаңа құрдастарың бірі:

-Осы сенің Алдаркөсе мен Қожанасырдан айырмашылығың не?-деп сұрапты.

Сонда Ахаң:

-Алдаркөсе алыстау ағайын. Қожанасыр жақын туысым екені рас. Айырмашылығымыз-Алдар ат, Қожанасыр есек мінген, мен самолетпен жүремін!-депті.

 

Сұйық пен қатты

-Осы арақты неге ішесіңдер,-дейді Ахаң баласы Балашалға ренжіп.

-Сұйық болға соң ішеміз де,-дейді ұлы қырсығып.

-Қатты болса мүжір едіңдер ғой, ә?-депті.

 

Түйенің қызы

Ахаңның білмейтіні жоқ еді. Шежіре қарт қай тақырыпта әңгіме шертсе де, жұртты ұйытып, шешендік танытатын. Сөз төркіні жайында сөйлесе, қазақ тілі маманы ма деп қалар едіңіз. Сол кісі бірде „Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді„ дегенді естіп, қатты ренжіді.

-Құнажын-сиыр, буыршын-түйе, құнажынның қарағанын түйе қайтсын!-дейді ашуланып.

-Дұрысы қалай?-дейміз біз тезірек білгіміз кеп.

-Дұрысы, шырақтарым, „бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді. „Б„ әрпінен басталып тұрған сөздердің үндестігі қандай! Мақалдың айтпағының өзі айқындала түскен жоқ па?!

-Бұзбаша деген не сонда?

-Ой, оңбайтындар-ай, бұзбаша-шағылысқа түспеген інген, сендерше айтсақ, „түйенің қызы!-деп Ахаң баладай күліп, бізге ежірейе қарады.

 

Өшірет

Ахметқан Әбіқайұлымен ең соңғы рет сексенге аяқ басқан шағында жолықтым. Ахаң ақ таяғына сүйеніп тұрып, ентіге сөйледі:

-Қарақтарым, сендер аман болыңдар, біз-өлімнің өшіретінде тұрған адамдармыз ғой!

 

Жүкеңнің жауабы

Ахметқан бірде көрші аудандардың біріне қонаққа барады. Шалдармен әңгімелеседі. Сөзімен де, көп білетіндігімен де, өнерімен де бәрін таң қалдырады. Тіпті әңгіме білмейтіндері Ахаңның зеректігін, білгіштігін өтірікке жориды. Өйткені, бір адам осынша біледі, бәрін жадында сақтай алады дегенге сенбейді.

Арада біраз уақыт өткен соң сол ауданға Ахаңның жан жолдасы Жүсіпбек Салықов деген кісі барады

-Ахметқан деген келіп кетті. Өзі өтірікті өкіртеді екен. Ата-бабаңды айтсаң болды, „пәленнен пәлен, түгеннен түген туған„ деп өзі тудырғандай айта береді. Шамасы, өзі жынды-ау,-дейді ауылдың надандау бір  шалы.

Сонда Ахаңмен бірге өскен Жүсіпбек қарт:

-Иә, ол жынды. Оның жындылығы сол-әңгімені қай жерде айтатынын білмейді. Кім болса соған, түк білмейтіндерге, әңгіме түсінбейтін жетесіздерге, парықсыз пақырларға әңгіме айтады!-депті.

Серікбай ОСПАНОВ

 

Фотоны түсірген Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

2 пікір

  1. Ахметкан менин жездем болатын созди сойлегенде есип отырушы еди. Ол киси уйге келгенде мал сойылып корши колемдердин бари шакырылып сонда сол кисини гана тындаушы еди. Мен жасырак болдым есимде ангимелери калмапты бари аузына карап маз майрам болатын. Бирак олен айтып домбрамен ол киси келгенде той болатын . Оз акем Амиржанда калыспайтын домбрамен олендер айтып аузына ел караткан кисилер маркумдар.

  2. Кенжеахметова Зәмзәгүл Сейітқызы

    Әкем Сейіт Кенжеахметұлы Ахметқан Әбіқаев туралы жиі айтып отыраты. Қалада тұрып, ер жетсек те бұл кісінің аты мен шешеннің тапқыр да ұтқыр, мірдің оғындай өткір сөздеріне құлағымыз қанық болып өстік. Шешеннің әңгіме айтудағы шеберлігі, тыңдаушысын ұйытып, ынтықтырып, идіріп, тамсандырып әкететін ерекшелігіне таңдайын қағып, басын иіп отыратын. Жеке мұрағатында жазбалары болса Сіздермен бөлісіге дайынмын.

Князь жазбасы үшін пікір қалдыру Отменить ответ

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *