Өзге елде өгейсіген өзбек жігіттің сәлемі

%d0%bc%d1%83%d0%ba%d0%b0

Өлі тыныштық. Желсіз, бұлтсыз Измир түні. Туғанына апта толмаған сынық Ай төбеде тұр. Қатты шаршағаныммен, ұйқым келер емес. Көз алдымнан манағы бір жігіттің сұлбасы кететін түрі жоқ…
Иə, қасиетіңнен айналайын туған ел, орның бөлек қой! Еліңде жүріп ішкен қара су да бал ғой, шіркін. Əсіресе, тілге жағымды, бойға қонымды, үйреншікті тамақ-тағамдарын айтсай!
… Тура бүгін іңір қараңғылығы енген шақта, бірнеше күннен бері етсіз тамаққа етімді үйрете алмай қойған аңғал басым амалсыздан дұрыстау бір асхана іздеп, көшелердің бойын жағалап тартып келемін. Бірнеше асхананың табалдырығын аттадым. Ойымдағы тамақты кездестіре алмадым. Қанша жерге барсам да түк шықпайтынына көз жетті. Не істеу керек? Не болса да тіске басар бірдеңе тауып жеу керек. Қарсы алдымда тұрған асханаға кірдім. Өзім жақсы білетін ұйғұр тілімен ас мəзірін сұрай бастадым. Олар болса бірдеңе түсінген ыңғай танытып, ас мəзірін түсіндіріп жатыр. Тура сол шақта ішкі жақтан қаба сақал, орта бойлы, менімен шамалас қараторы жігіт мені бұрыннан танитын адамдай жүзі жадырап қасыма келіп:

— Ассалаумағалайкум, сіз Өзбекстаннан келдіңіз бе? — деді өзбек тілінде.

— Уағалайкумассалам, мен Қазақстаннанмын! — дедім жылы қабақ танытып.

— А-а, қазақ болдыңыз ғой… — деді күлімсіреп.

— Иə, қазақпын! Өзің қай жақтан едің? — Жүзіне көз жүгірттім.

— Мен — Ауғаныстаннан, сонда туған өзбекпін. Осы қалада оқимын, сабақтан тыс уақытта асханада аспаз болып жұмыс істеп жүрмін, — деді қолын ысқылап.

— О, бəрекелді, жарайсың, жігітім! — дедім ризашылықпен орындыққа жайғасып жатып.

— Аға, сіз Өзбекстанды көрдіңіз бе? Менің Тəшкен шаһарым қандай екен? — деп тамсана сұрақ қойды.

— Жоқ, көрмедім, бауырым, сен де көрмедің бе?
— Иə, туғалы көрген емеспін, жолым түспей жүр… Шіркін, ғажап шығар ол ел! — деп көзін далаға бұрып əкетті.

Аз-кем үнсіздіктен соң:

— Сіз мұнда не істеп жүрсіз? — Өзіме қайыра сұрақ қойды.

— Мен бе… 10 күнге іс-тəжірибемен келдік. Алла бұйыртса, қайтамыз…
— Сіздің елде де өзбектер бар деп естідім осында оқып жүрген Қазақстаннан келген студенттерден. Менің есімім — Кəйіл, менен сəлем айтып барыңызшы! — деді өтінішін көзімен растап. Тура осы кезде менің бойымды жасын тіліп өткендей болды…
Е-е, Алла! Осы өзбек жігіті сияқты менің де қанша қаракөздерім еліне жете алмай, жəутеңдеп сыртта жүр екен.
О, құдіретті Аллатағала, шетте жүрген қандастарымның қабырғасын қайыстырып, жанарына жас ұялатпай, жуық арада бəрінің басын көк Тудың астына тоғыстыра гөр!
Аумин.

Мұқият ҚОЙШЫБАЙ

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Бір пікір

  1. Керемет жазба! Осындай мәнді де мағыналы мақалалар да жазып тұр, бауырым! Аз жазсаң да, ой-өрісің анық аңғарылып тұр. Әлдеқандай алаштанушылардан мың есе артық жігітсің ғой. Сол үшін өзіңді жоғалтпа, мақтанға масайма, шынайы елдің досы бол, сұпайы «ел достарына» жолама!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *