Жылы аялдамалардың жаңа үлгісі орнатылады

Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, бүгінде жылы аялдамалардың үш эскизі бар. Соның барлығы қазіргі жылы аялдамаларға еш ұқсамайды. Қала әкімдігі барлық үлгілерді халықтың талқысына шығаруды жоспарлап отыр деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде жаңа үлгідегі аялдамалардың нақты сомасын айту қиын. Себебі, эскизі әлі бекітілген жоқ. Мәселен, ең үлкен павильонда жолаушылар отыратын жабық бөлме, сауда орны, ақылы дәретхана, сосын полиция бекеті де болатын шығар. Одан кейінгі үлгіде полиция бекеті болмайды. Ал ең кішісінде жабық аялдаманың өзі және сауда орны болады. Бүгінде осы жылы аялдамалардың параметрлері анықталып жатыр. Біз тек жерді ғана беретін боламыз. Қалған шығындарды инвесторлар көтереді» дейді Б.Игенбердинов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жылы аялдамалардың жаңа үлгілерін халықтың талқысына салу мәселесі қаралып жатыр. Осы уақытқа дейін орнатылған аялдамалар қала береді. Дегенмен, жаңа аялдамаларды орнатқаннан кейін сәулет жағынан өзгерістер болып, ескі аялдамаларды бір көшенің бойында, я болмаса, бір ауданның аясында топтастырып қоюы әбден мүмкін.

Айта кетейік, бүгінде қала бойынша 27 жылы аялдама бар. Үстіміздегі жылы қала басшылығы қосымша 200 аялдаманы орнатуды жоспарлауда.

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *