ҚР Жоғарғы Сотында «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесінің жобасы таныстырылды. Жүйенің мүмкіндіктерімен қылмыстық істерді онлайн режімде тергеуге жол ашылмақ деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ендігі кезек қылмыстық іс жүргізуді толықтай ақпараттандыруда тұр. Осы мақсатта бүгін сот пен прокуратураның «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесінің жобасын таныстырып отырмыз. Бұл жүйені өндірудің басты мақсаты қылмыстық процеске «ақылды» технологияларды енгізудің кезекті қадамына арналған»,-деп тоқталды ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми. Осы орайда ол жаңа электронды қызметтердің арқасында азаматтар сот сатылары бойынша артық жүгірістен құтқарылғанын атап өтті. «Өткен жылы «Сот кабинеті» арқылы соттарға 756 мыңнан астам электронды құжат келіп түсті. Біздің басты талабымыз — тұрғындар үшін жеңіл әрі ыңғайлы тетіктерді құру»,-деді ол. «Заңдылық» жобасының мақсаты — Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі мен сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдамалық жүйесін интеграциялау есебінен қылмыстық үдерістің сапасы арттыру. Сонымен қатар бұл бағытта қылмыстық істерді тергеу мен сотта қарау барысындағы үдеріске қатысушылардың заң бұзушылық бойынша шағымдарын азайтуға негізделген. Өз кезегінде ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бұл жоба ортақ жұмыстың нәтижесі екенін айта келе: «Осыдан жарты жыл бұрын Жоғарғы Сотпен тиісті келісімге келдік. Бүгін дайын жүйені көпшілікке таныстырып отырмыз. Біздіңше, бұл жүйенің берері көп. Ең алдымен, қылмыстық процестегі заңдылықты нығайтады, адамдардың құқықтарының қорғалуын күшейтеді»,-деді. Сонымен қатар Ж. Асанов «Заңдылық» арқылы прокурорлардың, соттардың кемшіліктерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ қателіктерді жоюға ықпал ететінін атап өтті. Жүйе аясында еш пайдасы жоқ қағаз айналымынан құтылуға жағдай жасалмақ. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басшысының орынбасары Ерғали Мабиевтің сөзіне қарағанда, қылмыстық істі тергеудің орташа мерзімі 2-3 айды құрайды. Ал жүйені енгізгеннен кейін қаржылық және өзге де күрделі істерден басқалары 2-3 күн тергелетін болады. Бірқатар ұйымдастырушылық рәсімдер аяқталған соң, жоба 2017 жылдың шілдесінде қолданысқа енгізілмек.
inform.kz