Қайсысы тиімді: жалға алу, әлде ипотека?

Homsters.kz компаниясының сарапшылары жалға берілетін баспана ұсыныстары мен жылжымайтын мүлікті несиемен алу шарттарын салыстырып шықты деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мамандардың пікірінше, жалға берілетін апартаменттерде тұру тиімдірек, бірақ қысқа мерзімде ғана. «Пәтерді жалға алған дұрыс па, сатып алған дұрыс па?» деген жиі қойылатын сұраққа баспана жалдау мен ипотекалық несие алу шығындарын салыстыра отырып жауап табуға болады» дейді компания сарапшылары.

Сарапшылар мысал ретінде Алматының «Көктем-1» ықшамауданындағы екі бөлмелі пәтерді таңдап алыпты.

Сонымен, бұл ауданда мұндай апартаменттердің жақсысын жалға алу құны айына — 120 мың теңге, ал қайталама нарықта оның бағасы 25 миллион теңге болады. Ауданы осындай болатын пәтерлердің бастапқы нарықтағы құны — 28-30 миллион теңге.

Мұндай пәтерді жалға алушы оған 20 жыл ішінде 29 миллион теңге, яғни нарықтағы құнынан сәл жоғары төлейді. Ал несие бойынша ай сайынғы төлем (алғашқы жарна — 20 пайыз, жылдық мөлшерлеме — 20 пайыз, несие мерзімі — 20 жыл) 340 мың теңге болады, ал осы мерзім ішінде артық төленетін сома 61 миллион теңгеге жуықтайды. Демек, пәтер несие төлеудің 20 жылында үш есе қымбаттайды.

«Алғашқы жарна сомасын ұлғайтып және несие мерзімін қысқартып, несие бойынша артық төленетін соманы азайтуға болады. Егер сатып алушының алғашқы жарнаны 50 пайыз көлемінде салуға мүмкіндік беретін жинағы болса, ол несиені 5 жылға алып, 330 мың теңге төлейді (сома шамамен бірінші жағдайдағыдай), бірақ артық төленетін сома небәрі 7 миллион теңге болады», — дейді жылжымайтын мүлік сатып алушыларға арналған Homsters.kz онлайн-сервисінің өкілі Мария Рен.

Сондай-ақ сарапшы пәтерді сатып алу мен жалға алудың және оның несиесінің шығындары шамалас екенін атап отыр. Бұл жерде жалдау мөлшерлемесінің артуы, коммуналдық қызмет ақысы, пәтер мен коммуникацияларды жөндеу, жиһаз сатып алу шығындары, несие бойынша қосымша комиссиялар төлеу және басқа да шығындар ескеріліп тұрған жоқ.

Бірақ Мария Реннің айтуынша, баспананы жалға алудың көзге көрініп тұрған тиімділігіне қарамастан, жылжымайтын мүлік сатып алумен салыстырғанда, оның да өз кемшіліктері бар, пәтер алу бойынша шешім қабылдағанда оларды да ескеру қажет. Біріншіден, жалға берілетін баспана арендатордың меншігі болмайды. Екіншіден, жалға алушы пәтер жалдау құнының артуы мүмкін екенін естен шығармауы керек. Әсіресе, баспана қожайыны жөндеу немесе жаңғырту жасайтын болса, жалға беру құнын көтеруі ықтимал. «Пәтер иесіне бұл жұмыстарға кеткен шығынды арендатордың есебінен ішінара өндіріп алу әбден қолайлы» деп есептейді сарапшы.

Үшіншіден, жалға алушы баспана қожайынының еркіне тәуелді, мысалы, қожайын оны мерзімінен бұрын шығарып жіберуі мүмкін. Төртіншіден, егер пәтер сақтандырылған болса, оған нұқсан келген жағдайда, айталық, жер сілкінісі кезінде, баспана мен құнды заттар бағасының өтемақысы жалға алушыға емес, меншік иесіне беріледі.

«Баспананы өмір бойы жалға алу жасы келген арендаторларға ауыр тиетінін де ұмытпаған абзал. Жастар бұған бас қатыра бермеуі мүмкін, бірақ бұрынғы КСРО көлеміндегі елдерде, соның ішінде Қазақстанда зейнет жасындағы адамдардың әлеуметтік қамсыздандырылуы жалға берілетін баспанада тұруға мүмкіндік беретін деңгейге жетпейді. Ал Еуропада бұл — әдепкі жайт. Әрине, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейінің артатыны сөзсіз. Бірақ бүгінгі 33 жастағы азаматтар 30 жылдан соң зейнетақы есебінен пәтер жалдап тұра ала ма, бұл мәселені ешкім тап басып айта алмайды» дейді Мария Рен.

 

tengrinews.kz

Мынаны да қараңыз

Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр

Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры бастамашы болды. Әділеттілікті жақтаушылар қоғамның қоғамдық күн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *