Қасиетті Торғай топырағында, оның ішінде Аманкелді батыр ауданының Алакөл ауылынан түлеп ұшқан аты бүкіл елге белгілі күрескер журналист, өткір тілді сатирик Жұматай Сабыржанұлының өмірі мен шығармашылығы туралы естелік-толғаныс
(автор)
ДОС ІНІМ ЕДІҢ, ЖҰМАТАЙ
Сен туралы жазам деп пе ем естелік,
Ерте кеттің ажалға еріп, дес беріп.
Бейбіт күннің батыры едің, ер едің,
Көрмеген еш биліктен бір сескеніп.
Төрелердің көрсең де сан қыспағын,
Туралықтың туын берік ұстадың.
Қажытайлар, Көпендермен, Сейітпен,
Бірге илестің сатираның пұшпағын.
Құныққандар тәттісіне пайданың,
Үкіметтің ескеруші ед қай заңын?
Сен соларды өткір тілмен осқылап,
Ұшына ілдің сын, фельетон-найзаның.
Қиғыр еді тілің бейне қылыштай,
Тиген жерін дызылдатар бұрыштай.
Ел мүддесі, халық қамы деп жүріп
Шыныққансың күрестерде құрыштай.
Төтеп берген ер ең қанша қысымға,
Кеңес заман, Компартия тұсында.
Шырақ алып түскен сенің соңыңа,
Түйрелгендер сын-найзаның ұшына.
Бүгін, міне, төрге шықтың, төзімді ұл,
Ұлы еңбегің – «Өкпелесең, өзің біл!»
Өлсең де өзің бірге жасар халқыңмен,
Өлмес өмір сыйлар саған сөзің бұл.
Әшкерелеп қулық пенен сұмдықты,
Жазушы едің шырқыратып шындықты.
Өкпелесе білсін, рас, өздері,
Сөздеріңді өшіре алмас мың мықты…
«Сен туралы естелік жазамын ба деп пе едім» дегенімдей, осынау естелікті жазуды бір емес, бірнеше жылға созып алдым. Қол босаттыра алмай-ақ қойдым. Бірде Жұматайдың қабірінің басына барып құран оқып, дұға бағыштадық. Сонда жары Әмина тұрып: «Естелікті қашан жазасың? Жазбасаң Жұматайға мына досыңды алып кет деп айтамын» деп зәремді ұшырып қорқытқан-ды. Сәті енді түскендей.
Достықтың бірнеше түрі бар екені белгілі: жай достық, нағыз достық және қазақта кейін пайда болған бөтелкелес достық. Адамдар шын достықты махаббатты аңсағандай аңсайды. Өйткені, өмірде шын досты табу өте қиын. Сыйлас, дәмдес достар кім-кімде де аз емес. Ал жай достық пен нағыз достықтың арасы жер мен көктей. Қазақта дос пен достық туралы мақал-мәтелдер көп-ақ. «Доссыз өмір –тұзсыз ас, достық құлпын байқап аш» деген кестелі сөзбен бейнелейді. Адамда бәрі бар болуы мүмкін. Құшағыңда жарың, бауырыңда балаларың, айналаңда туған-туысқандарың, жолдас-жораларың. Солардың бәрі бола тұрып, шын досың болмаса, көп сырларың іште жатып тұншығып өледі…
Әйгілі жазушы Оралхан Бөкеев: «…Менде нағыз дос жоқ, әріптестер мен дәмдес достар, жолдастар ғана екенін кейін білдім…» – деп жазыпты өз күнделігінде. Алматыда ондаған-жүздеген ақын мен жазушылардың қалың ортасында жүріп, қалай шын досы болмады екен деп таңданасыз. Осыдан-ақ нағыз дос табудың қиындығына көз жеткізесіз. Шын досты Абай да ғұмыр бойы іздеп, аңсап өткен. Бірақ Абай аңсаған ұлы достыққа сай болатын, бойы теңдес болғанмен, ойы теңдесе алатын адам ол кезде қазақ даласында жоқ еді. Абай сол жалғыздықтан қамығып, зар шекті.
Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып жан…
***
Жүрегі жұмбақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрі – тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
Осы өлең жолдарынан Абайдың жан жарасын көресің. Шын досты іздейді, аңсайды, күңірене жоқтайды. Сырласатын, мұңдасатын шын досты тапсам деп жүрегі тыншымай шарқ ұрады. Бірақ ондай досты таппайды. Жай сырлас, жай мұңдас емес, Абай қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтасатын, ұлттың жарқын болашағы үшін жан аямай бірге күресетін ұлы достықты, сол биіктен табылатын досты іздеген.
Өміріміздің әр кезеңдерінде сыйлас, дәмдес достарым болды, қазір де жоқ емес, бар. Бірақ солардың ішінде шын досым біреу-ақ болыпты. Ол – Жұматай Сабыржанұлы. Екеуміз Аманкелді батыр ауданының түлектеріміз. Ол менен біраз жас кіші еді. 1967 жыл. Аудандық газетке тілшілік қызыметке жаңа орналасып жатты. Мен болсам Торғай өзенінің жоғарырақ жағындағы Сарыторғай кеңшарындағы мектептен тағдыр айдап, аудан орталығынан жеті шақырым жердегі аты сол кезде дүрілдеп тұрған Ленин атындағы мектеп-интернатқа мұғалімдікке ауысып келгенмін. «Лениншіл жас» және «Қазақстан мұғалімі» газеттерінің штаттан тыс тілшісімін. Әлеуметтік және педагогикалық тақырыптар бойынша проблемалық өткір сын мақалаларым, өлеңдерім жарияланып жататын. Жұматай мені қай жағынан да өзіне ұстаз тұтты.
Бізді достастырған екеуміздің өмірге деген көзқарасымыздың
ұқсастығы, әділетсіздік атаулыға төзбейтін, соған қарсы күреске құлшынып тұратын табиғи мінезіміздің сәйкестігі еді. Сағаттар бойы әңгімеміз таусылмайтын. Аудан мен ел өміріндегі келеңсіз жағдайларға, кеңшар директорлары мен аудан басшыларының түрлі қиянатты әрекеттеріне күйіп-пісіп қалатынбыз. Қолымыздан келері – газеттерге жазу. Қудалауға да ұшырап жататынбыз. Ел-жұрттың мүддесі үшін сол күресіміз бізді достастыра түсті. Нағыз достық туған халқыңның мұңын мұңдап, жоғын жоқтау жолында бірге күресте нығаятыны анық. Оның сыртында мен сүр бойдақ, ол жас бойдақ. Мектебімізде педучилищелерді жаңа бітіріп келген жас мұғалім қыздар мен тәрбиеші қыздар көп. Қайсысына ғашық боларыңды білмейсің, көз сүрінеді. Жұматай газетке қызметке тұрмас бұрын аудандық бір мекеме басшысының шопыры болған. Содан жүйткітіп келеді де тұрады.
…Қыздар-ай, сендерменен бұлғақтаған,
Күндерім бірге өткізген қымбат маған.
Апарып қайда кино, қайда той бар,
Бұл маңда жол қалмады-ау шаңдатпаған.
Біреу бар іштеріңде аяулы аса,
Сол менің айым болып таяу тұрса.
Айырылып машинадан сендер үшін,
Қыздар-ай, боп жүрмейін Жаяу Мұса, – деген өлеңі сол кезде аудандық «Тың шұғыласы» газетінде жарияланған. Р.есімді тәрбиеші қызға өлердей ғашық болды. Қараторы, орта бойлы, сұлуша, әдемі қыз болатын. Бірақ қыз көпке дейін илікпеді. Түнде кездесуге шығуын шыққанмен, Жұматайдың әңгімесін, күйем-сүйем деген сөздерін тыңдағанмен, дистанция сақтап, қолын беліне, ернін ерніне тигізбеді. Сондай бір кездесуден кейін түн ортасында Жұматайым біздің үйге сол қолынан жараланып, алақаны қан-қан болып оралды. Мен не болды деп шошып кеттім. Қолын жуғызып, иод жағып, таңып бердім. Сөйтсем, оқиға былай болыпты.
Аудандағы басқа бір жолдасы: «Қыз сенің шын сүйетініңе сенбей, күмән келтіріп, сынап жүр. Оны шын сүйетініңе сендіру үшін қолыңның бір жерін қыз көзінше бәкімен тіліп жіберуің керек. Одан өлмейсің, қанды көрген қыз сенің шын сүйетініңе көз жеткізіп, көп ұзамай құшағыңа құлайды» деп кеңес берген ғой. Шынында, дәл солай болды. Менің өзім де Жұматайдың мұндай мәрттігіне таң-тамаша қалдым. Махаббат жігітке не істеткізбейді деген осы екен-ау. Жұматай арман қызына қол жеткізіп, сүйіп-құшып, бақыттан басы айналып, жігіттік өмірінің бір шуақты күндерін бастан кешіп жүрді.
Қанша уақыттан кейін екені есімде жоқ, Жұматай мен әлгі қыз арасы маған белгісіз себеппен суып, ол аудан орталығында тұратын бір танысымыздың балдызына ғашық болды да қалды. Бұл қыз аршыған жұмыртқадай аппақ әрі балиғатқа жаңа толғандай жап-жас, бап-балғын сұлу қыз болатын. Жұматай бұрынғыдай шопыр емес, аудандық «Тың шұғыласы» атты газеттің тілшісі, журналист. Яғни, беделі биік. Сол себепті де бұл жолы қыз көп бәлденбеді. Алайда, бақыттары баянды болмады. Жұматайдың басынан ылғи «приключение» өтеді де жүретін. Тағы да бір бәлеге тап болды. Аудан орталығында Аудандық тұтынушылар одағының сыртынан шала қоршалған қоймалары бар-ды. Жұматай соның ауласынан бір қолайлы орын тауып, қызды алдына алып, «бір мысқалдай да салмағың жоқ, сәулем-ай» деп құшып-сүйіп, еркелетіп мәз болып отырмай ма. Бір кезде дәл құлақтарының түбінен гүрс етіп мылтық атылады. Сөйтсе, қойма күзетшісі бұларды қоймаға түскелі отырған ұрылар екен деп ойлап, алдымен аспанға атқан ғой. Қыз шыңғырып, талып қала жаздайды. Жұматай қызды көтере-мөтере тұра қашады. Содан қатты қорқып, шошыған қыз Жұматайға қайта жоламай қойды. Үлкен өкініш болды. Сұлу қыздан ойда жоқта, қапыда айырылып қалу Жұматайға ауыр соқты. Бірақ амал қайсы, төзесің. Ол қыз кейін біздің бір жақсы танысымызға тұрмысқа шықты. Осы Астанада тұрады, балалы-шағалы, шақырыстарда көріп тұрамын. Көрген сайын сол оқыс оқиға мен Жұматай еске түседі.
…Мен еңбекке араласқан саналы өмірім ішінде ылғи әлеуметтік бастама көтеріп, жаңалық ашып жүретін адаммын. Соның алғашқысы қой шаруашылығына байланысты болса, екіншісі сол кездерде мектептерде қалыптасқан процентомания, яғни, көзбояушылықпен жалған 100 пайыз
үлгерім беруге қарсы күрес болатын. Бастамамның мақсаты – нағыз шынайы үлгерімге қол жеткізу үшін білімнің негізі-фундаменті қаланатын 1-класқа баса күш салып, мектеп ұжымы мен ата-аналар күшін біріктіріп, тек қана жақсы-өте жақсы үлгеріммен ғана келесі сыныпқа көшіру. Сонда бірінші сыныпты жақсы оқып бітірген оқушы алдыңғы сыныптарда еркін үлгеріп отырады. «Білім негізі – бірінші класта» атты бастама көтерген көлемді мақалам «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарияланды.
Жазда Алматыға барып, сол кездегі Білім министрі Кенжеәлі Аймановтың қабылдауында болып, осы бастамама қолдау көрсетуді сұрағанмын. Ол Қостанай облысының Білім басқармасына арнайы қатынас жазып, тапсырма берудің орнына, газетте шыққан мақаланың шекесіне: «Авторға өз бастамасын жүзеге асыру мақсатында эксперименттік жұмыс жасауына рұқсат беріледі» деген бұрыштама соғып, қол қойып бере салды. Соның өзін зор қолдау санап, облыстық Білім басқармасы бастығына барып, министрдің қолын көрсетіп, маған аудан мектептерінің бірінен оқу ісінің меңгерушісі қызметін беруді сұрадым. Обалы нешік, ол аудандық Білім бөлімдерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Бірақ жергілікті жерде маған ондай билікті қызметті бермей қойды. «Тілші боп сынап, пайда тапқаным жоқ, ғұмыры бір бастыққа жаққаным жоқ» деп бір өлеңімде жазғанымдай, олардың өздерін сынап жүргенім алдымнан шықты. Ал қатардағы мұғалім болып жүріп бұл бастаманы жүзеге асыру мүмкін болмады.
Сөйтіп, мен үшін ауыл мектебінде жай мұғалім болып жүрудің мәні қалмады. Жұматай да: «ақындық, әдеби сыншылық таланттарыңды ауылда қор етіп қашанғы жүресің?! Астанаға – Алматыға тарт» деп кеңес айтумен болды. Шешім қабылдау оңай болмады. 76 жастағы қарт әкем, белі шойырылма мүгедек шешем бар. Жалғыз ұлымын. Жалғыз қарындасым Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы университетте студент. Ақыры «шешімге келсең, шешінбе» деп, үйді аудан орталығынан екі шақырымдай жердегі Есір атты ауылдан үй тауып көшіріп апардым. Қарындасымды бір жыл академиялық демалыс алуға көндіріп, «Мен Алматыда жұмысқа тұрып, үйді көшіріп алғанша ата-анаңды бағасың» деп, астанаға аттанып кеттім.
Алматыға аттанарда Жұматайға: «Қарттарым ауылда бір жапырақ қарындасымның қолында қалып барады. Оларды көшіріп алғанша екінші ұлы боласың. Апта сайын барып жағдайларын біліп, отын-шөбі, т.б. жұмыстарына көмектесіп тұрасың» деп тапсырдым. Қайран дос, өтінішімді бұлжытпай орындады. Бір жыл бойы біздің үйге күзде де, қыста да жауын-шашын, қарлы борандарға қарамай барып көмектесіп тұрды. Шын достық сондай қиыншылықтарда сыналады емес пе. Айына кемінде екі рет хат алысып тұратынбыз. Әр хатында менің үйіме барып, не істеп, не қойғанын жазып, кәдімгідей есеп беріп тұратын…
(жалғасы бар)
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК