Талапты бала талпынған құстай

Әрбір бала – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Тек оны тани білу, таныта білу ұстаз, мектеп, қала берді ата-ананың қолында. Барлық балада жақсы оқысам, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтап, биіктерден көрінсем деген арман ұшқыны болады. Ал мектеп- осы асқақ армандарға бет алған балалардың қанатын қатайтып, білім негіздерін қалап, адамдық сапасы мен тәрбиесін қалыптастыратын негізгі орта. Сондықтан халықтың келешегі осы мектептердің қолында екеніне талас жоқ. Астана қаласындағы №82 «Дарын» лицейі де осындай мақсаттарды өзіне алған көшбасшы білім ошақтарының бірі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осы мектептің 3-сынып оқушысы, жас та болса өз қатарластарының алдына озып, дарынымен дараланып жүрген Айбат Сәбит.

Айбат ұстаздарымен ойлау өрісі ілгері дамыған, өте жауапты, сабақтан тыс шараларда өзін көрсете алатын көшбасшы қабілеті бар, қалалық, Республикалық олимпиядаларда топ жарып жүрген үлгілі оқушы. Сонымен қатар, зияткерлік байқауларда, ғылыми жобалар жасауда да белсенділік танытып жүр. Атап айтар болсақ, 1-сыныпта-ақ менталды арфиметикадан Ресбуликалық байқаудан 2-орын, «Эко энергетика» тақырыбында қалалық «Зерде» зерттеу жұмысынан 2-орынды иеленді. Математикадан Болгар олимпиядасында, шахматтан қалалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ каратэден жарыстарда топ жарды. Бүгінде бүкіл әлем білім мен тәлім-тәрбие қызметінде ең білгір, ең талантты, ең жауапкершіл, жан-жақты педагог мамандардың қажеттігін мойындап отыр. Сондықтан бүгінгі заманауи мектептер- ұстаздар алдында оқушы бойындағы талантты анықтап, білімді, озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу міндетін жүктейді. Осы жайды ескерер болсақ, Айбат сияқты талпынып жүрген балақайлардың жетістігін «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлағатты ұстаздарының еңбегінен бөле қарауға болмас. Айбаттың ұстазы Шокеева Гүлжанат Жақысылыққызы да сауатты ұйымдастырушылық еңбектері бар білікті маман. №82 «Дарын» лицейінің жетістігі — білім ошағы басшысының ұйымдастырушылық қабілетімен, ұстаздар біліктілігінің, ұжымдық тәртіп пен айқын мақсат, тынымсыз еңбектің нәтежиесі. Әрине, мұндай мектепте білім алған балалардың да талабы айқын, таланты анық! Бүгінде ғылыми жобалармен балалардың айналысуы, жаһандық тақырыптарға балалар көзқарасын кірістіру, балалардың ғылыми идеаларын қолдау мәселелері нақты тәжірибеде жүзеге асып, ғылым-білім саласында қолдауға ие болып жатыр. Жақында талапты балақай Айбат Сәбит мектепішілік «Ехро – 2017» оқушылар көзімен» атты «Физика-информация» бірлестігінің көрмесіне қатысып, 1-орынды иеленді. Көрмеге лицей оқушылары көптеген қызықты тақырыптар бойынша жұмыстарын тапсырды. Атап айтар болсақ: «Монорельс болашақта», «Жел энергиясы», «Электр энергиясын өндірудегі биогаз», «Сарқылмайтын энергия» т,б. Осы жұмыстардың арасынан Айбаттың «Эко энергетика» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылып, 1-орынды иеленді. Сондай-ақ осыған байланысты «Болашақ энергиясы» тақырыбында, «Балалар бастауы-2017» балалар әлеуметтік жобасына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Жоба теориялық, эксперименттік незігде жазылып, зерттеушінің ынта-ықыласы мен ізденушілік сипатының, идея ерекшеліктері мен мазмұн-мақсатының анық болуымен ерекшеленеді екен.

Балаларды белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелеу, өз қалысының тыныс-тіршілігінен хабардар ету, балалар бастамаларын көтеру мақсатындағы аталмыш жобаның ұйымдастырушы ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті. Осы жобаға қатысқалы отырған Айбатқа тек сәттілік тілейміз! Бала дүниетанымын қалыптастырып, ақыл-ойын дамытуға септігін тигізер байқаудың Айбат сияқты талапты өспірімдерге берері мол, тағылымы терең болары сөзсіз! Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын. Ендеше, мектеп — сапалы, ұстаз — шебер болғанда ғана елімізде білімді де білгір, талапты да талантты ұрпақ көбейе түсері анық. Әрине, оған жайлы отбасы мен бейбіт қоғамның да үлес зор.

Нұрсәуле МАМЫТХАН

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *