ҚАЙРАН ДОС-5

Шырайлы жырлар

Иә қуантар, иә жылатар, әйтеуір, бейжай қалдырмай жүрегіңнің тура үстінен өтетін жырға не жетсін. Жұмаш Сомжүректің «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Нұрлы нысана» атты тұңғыш жинағын оқып шыққан соң, осындай ойға келдік.
Ұшқыр ой жарысып жел, киікпенен,
Көңіл де таласып шың биікпенен,
Шалқып бір отырғанда келсең, досым,
Жырымның кәусарынан құйып берем.
Ақын әрқашан ағынан жарылады, ешқашан алдамайды. Осы шумақпен ашылатын бірінші бөлімді оқығаннан өлең-шәрбатқа бас қойдық.
Ортаңа еңдім, құшағыңды аш, дарқан ақын ағайын.
Өлең жырдан отау тігіп, маздатып от жағайын,-деп бауырмал сезіммен үн қатқан ақын дауысы іле туған жер төсінен табиғат қойнауынан естіледі.
Үйге бас сұққым келмейді,
Келіп те көктем қалған ба.
Ойлар да маза бермейді,
Ақ қанат байлап арманға.

…Жатыр паң ару даланы
Жігіт боп көктем оятып…

Көктемін күткен дала-қыз
Төзімін қыстай тауысып.
Тұрғанын енді қараңыз.
Аңсаған жарға қауышып.
Табиғаттың осы бір таңғажайып мезгілінде адам жанының түлеп тұрары бар емес пе? Мына өлеңде сол сипатталады. Ақынның көңіл көзі алдында: ару дала, жігіт көктем, сағынып қауышқан ғашықтар.
Шағын макалада жан-жақты талдау жасаудың қиындығын ескеріп, өлеңнің бірер шумағын ғана мысалға алып отырмыз, болмаса ақын талантын бір қыры көрінетін осындай тақырып табиғатына сай тың ой, суреткерлік байқағыштықты бұл бөлімдегі «Алатау», «Торғай тасығанда», «Қара дауыл», «Арал» атты өлеңдерден де мол-мол кездестіреміз.
Ел десе маңдайыңнан тер тамшылап,
Ісіңе дос сүйсінсін дұшпан жылап,
Ер болсаң еліңді ойла, қарынды емес,
Түлкі де күнелтеді тышқаншылап.
Бүкіл бір бөлімге /екінші бөлімге/ беташар ретінде тегіннен-тегін алынбапты бұл шумақ. Өз мүддесінен қоғам, ел мүддесін жоғары қоятын әрбір азамат осылай жырлар болар. Бұл жалаң дидактика емес, тоғышарды соймай ірейтін жыр мірі.
Жинақты оқып отырғанда ұлы сыншы В.Г.Белинскийдің: «Тірлік етуші адамның рухында, жүрегінде, қанында қоғам өмірі көрініс табады: өз қара басының жеке жағдайынан тыс адам қоғамның дертімен ауырады, соның қасыретімен азап шегеді, қоғамның саулығымен гүлденеді, соның бақытымен көгереді» дегені ойға оралды. Ж.Сомжүрек мерзімді баспасөз бетінде жарияланып келген проблемалық сын-мақалаларынан, азаматтық лирикаларынан байқалып жүргеніндей, өз шығармашылығының темірқазығы ақиқат пен әділдік деп біледі. Ұлы заманымыздың ұлы істеріне қалай қуанса, кейбір жекелеген өзімшіл жандардың бақай есепке құрылған тіршілігіне сондай қиналады. Міне, «Ел аманаты» атты өлеңнің бірер шумағы:
Ер болам десең жасқанба,
Жұрт үшін жаға жыртыстан.
Адамды адам деме сен
Лауазым үшін қырқысқан.
Махаббат жайлы жырлармен көмкерілген үшінші бөлім ақын шеберлігінің бір қыры көрінген тұс. Мұндағы жырлар жан сарайын еппен ашып, шырқау биікке көтерілген сырлы ән әуеніндей. Байқап қарасаңыз, осы бөлімде тұтастық бар: бірте-бірте өрбіп, ширығып отыратын көркем әңгіме сияқты. Бозбаланың ең алғаш ғашықтық құдіретін сезіну мен бақыт құсын қолға қондырғанға дейінгі аралықтағы күйзеліс-сүйініші табиғи, шынайы жырланған.

…Өмірім егер сенсіз өтер болса,
Мен одан өз еркімнен бас тартамын!
Бұл айқайшыл сөз емес, бұл жүрек үстемдігі.
Ғажайып түстей бүгінгім
Қалқиды бақыт төбемде.
Сену де қиын бұл гүлдің
Иесі сенсің дегенге.
Ұстатты-ау ақыр жалынан,
Арғымақ бақыт қашаған.
Осының бәрі жалынам,
Баянды болғай, жасаған.
Жинақтағы қай өлеңді оқысаң да, түсініксіз ұғымға ауыр ештеңе жоқ. Ойнақы, жеңіл құбылып отырады. Осы өлеңді тұтас оқып шыққанда көз алдымызға ибалы жас арудың келбеті келді. З.Қабдолав айтқандай:
«Лириканы әркім өзінше ұғып, оңаша тұшынбаса, оны ежіктеп түсіндіріп жату ағат, өлеңге қарасөзбен коментарий беру келіспейді».
Ж.Сомжүректің тәрбиелік мәні бар ғибрат жырларға ден қоятынын жоғарыда айтқанбыз. Жинақтың төртінші бөлімін әңгімелегенде де сол ерекшелігіне соқпай өте алмадық. Бұл бөлім төртағаңдардан /дара шумақтардан/ тұрады.
Ел үшін терлеп кей ер күресіп жүр,
Кейбіреу бастақпын деп сіресіп жүр.
Біреулер көштің білмей барар жайын,
Күшіктей құр салпақтап ілесіп жүр.
Немесе:
Әділдік күреспесең қайдан болсын,
Сенің де қосар үлес, пайдаң болсын.
Тап болсаң мешеу орта, салғырттарға,
Ей жігіт, жүрген жерің майдан болсын!
Айтарын ашық, батыл айту деген осы емес пе? Өзі өмір сүрген ортаға, жан-жағыңда болып жатқан құбылыстарға селсоқ қарап, қалғып жүру тіршілік емес. Замандас сен қандайсың? Мына жырдың айтары осы. Ойланып қаласың. Демек, бұл насихаттық жыр. Бәлкім, осы шумақтардың ұйқастары әлсіз деп ақынға тиісе кетуге болар. Бірақ мынаны ескерген жөн: автор бұл арада оқушымен ауызба-ауыз сөйлесіп отырғандай сырласпақ ниетпен ойды жеткізудің жеңіл, ұғыныңқы түрін әдейі таңдаған. Соңғы төрт буынның алғашқы екеуін ғана ұйқастырып, «жүрлер» мен «болсындарды» ойға екпін түсіру үшін қайталаған.
Бесінші бөлім — айтыс. Халқымыздың біздің заманымызда жаңаша сипат, мазмұнға ие болған, тамаша өнерінің бауыры жарық етті тағы. Ақұштап Бақтыгереева мен Жұмаш Сомжүректің айтысы. Өлең техникасын жақсы меңгерген, айтыс табиғатын жақсы түсінетін екі ақынның да асау жырлары шарпысып-ақ қалады.
Жол шегіп, ұйқы бөліп құла таңмен,
Жігітті аңға шыққан ұнатам мен.
Жүйткіген беткейдегі мен ақмарал,
Қанекей, қайсың атып құлатар ең? — деп құрбыларын айтысқа шақырған Ақұштапқа:
Сұқтанып өзіңе өзің тамсанып тым,
Кім бар деп айтысатын жар салыпсың.
Сұқсыры болсаң егер Ақжайықтың,
Шүйілсін ақиығы Арқалықтың! — деп жауап қатады Жұмаш. Осылай ширығып басталған жыр сайысыңда қазіргі жастар бойындағы кемшіліктер сыналады.
Қорыта айтқанда, «Нұрлы нысананың» авторы бізді қуантты. Несімен дейсіз ғой. Көркем ойымен, шындыққа деген шын махаббатымен.
Жұматай Сабыржанов.
«Торғай таңы» 1975 жыл.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...