Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғындары мал төлінің белгісіз себептен қырылып жатқанына алаңдап, Alau.kz порталына хабарласқан деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі аталған порталға сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғын Сүндет Есентаевтың сөзінше, жылқы төлі туыла сала қырылып жатыр.
«23 бас кетті. Барлық құлын сау туған. Бірақ туа сала өліп қалады. Неден екенін түсінбей жатырмыз. Былтыр Торғайда киіктер қырылып еді, құлындарға да сондай нәубет тиген болар. Біле алмадым. Бүкіл аудан бойынша осылай. Амангелдіден 6 шақырым жердегі ауылда да осындай. Ана жерде 7 бас, мында 8 бас қырылды деп естіп жатамыз» дейді Сүндет Есентаев.
Өз сөзін дәлелдеу үшін адамдар болып жағдайды видеоға түсіріп, жолдап жатыр. Шарасы қалмаған тұрғындар көмек сұрап отыр.
Қостанай облысы мал дәрігерлік басқармасының өкілдері бұл жағдай туралы білетінін айтып, мал жаппай қырылып жатқан жоқ деп сендірді. Сонымен бірге, мал дәрігерлері жағдайдың бақылауға алынғанын айтады.
«Биелер құлындарын тастап жатыр. Неден екені белгісіз. Бізге адамдар хабарласты. Біз бірден мамандарымызды жібердік. Олар екі биенің құлындағанын, бірақ артынша төлдердің өліп қалғандарын айтқан. Қазір сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Егер мал жаппай қырылып жатса, мамандарды қайтадан жібереміз» дейді Қостанай облысы әкімдігінің мал дәрігерлік басқармасы басшысының орынбасары Мараз Күзенбаев.
alau.kz
Обал-ай…