ҚАРТАЙСАҢ, ҚАРА ЖЕРДЕЙ БОЛ

«Қартайсаң,  қара жердей бол!»   Мағынасы терең, арқалаған жүгі ауыр осы сөздерден  бабалардың үні естіліп,  ұрпағына қалдырған аманаты пен  ғибраты сезіледі. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген де нақыл бар. Қазақтың мақал-мәтелдерін парақтасаңыз, бүкіл ғұмырыңа жетерлік өмір сабақтарын алуға болады екен. Өмір заңдылықтары, ұрпақтар сабақтастығы арқылы қазақ халқы да өркениет көшімен жарқын болашаққа нық қадам басып келеміз. Бұл жерге саясаттағы «қадамдарды» араластырмай-ақ, өмір-ғұмыр, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдениет пен тұрмыс төңірегінде әңгіме өрбітпек ойымыз бар.

Соңғы кезде «алқалы топта көшелі әңгіме қозғайтын ақсақалдар азайып кетті» деген сөздерді жиі еститін болдық. Қарияларымыздың көкірегін көмбеге баласақ, сол қазынамыз ортайып бара ма деген де ойлар туындайды екен. «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» қағидасын қатаң сақтаған халықпыз ғой және өзім де үлкендер ауылының босағасынан сығалап жүргендіктен, бүгінгі қарияларымызды сыйлай отырып, үлкендер қауымы туралы ел аузынан естіген, баспасөз беттерінде жарияланған, жиған-терген әңгімелерді ортаға салғым келеді.

Біріншіден, қариялар тобына қай жас мөлшеріндегі үлкендерді қосамыз? Ауызекі тілде, көркем әдебиеттерде шал, шал-кемпір, шал-шабан, шал-шауқан сөздері де қолданысқа ие. Демек, бәрі жиналып, жасы үлкендер деген ұғым беретін анықтамалық сөздерде ақсақал мен шал-кемпірдің жас мөлшерлері белгіленбеген, олай жіктеудің қажеті де жоқ сияқты. Демек, зейнет жасына таяған және зейнет жасынан асқан қадірменді ата-әжелердің бәрі ҮЛКЕНДЕР қатарына жатады. Соның ішінде: «ақсақал  — ауыл-аймақтың жасы егде тартқан құрметті адамы; өзінің өмірлік тәлім-тәжірибесін, халықтық игі дәстүрлер мен салт-сананы үйретуші, үлгі-өнеге көрсетуші; әрқашан аталы сөз айтып, туыстықты, бірлікті, елдікті сақтау жолындағы уағызшы» деген түсіндірме  табылды қазақша Уикипедия энциклопедиясынан. Бірақ ақсақалдардың бәрі бірдей емес екен.

«Астана ақшамы» газетінде 2012 жылғы 26 наурызда тілші Раушан Төленқызының медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒА-ның академигi, КСРО Медицина ҒА Тағам институты Қазақ филиалының директоры Төрегелді Шармановпен әңгіме-сұхбаты басылған екен.   Мақала «Ақсақал – халықтың ар-ұяты» деп аталады.

— Адам жасы келген сайын тiршiлiкте көрген-бiлгенi мен оқыған-тоқығанын, iлгенi мен бiлгенiн, жылдап жиған абырой-беделiн кезi келген уақытта жақсы бiр қасиетке, жақсы қартаюға бағыттағаны жөн. Яғни, ол әулеттiң, елдiң ақсақалы болуға дайындалуы керек. Жыл өтедi, жас ұлғаяды. Соншама уақыттың iшiнде жүрiп өткен iзiңдi жаңа буын, толқын-толқын болып жеткен жас ұрпақ басады. Күнi кеше өзiң қолынан жетелеген жас бала жiгiт болып, елге, халыққа пайдамды тигiзсем деп талап етедi. Сонда ол кiмнен үлгi алып, кiмнен ақыл сұрайды? Әрине, ағадан, ақсақалдан өнеге алады. Сондайда жастың құрметiне, жастың талабына лайық болған, дайын болған жақсы.

Жасы үлкен адам қоғамның өзгергенiн мойындамай, күнi кеше өзi өмiр сүрген заманның деңгейiмен, өзi қызмет еткен қоғамның, сол кездегi саясаттың талабынан шыға алмай, кешегi жеткен жаманды-жақсылы беделi мен көрген-бiлгенiн көлденең тартып, «Менi бәрi сыйлайтын. Сондықтан, сендер де жасымның үлкендiгiн, сақал-шашымның ағын құрметтеулерiң керек» деген сияқты орынсыз мiндетсуден аулақ, абай болған дұрыс. Үй-iшi мен бала-шаға, немерелерiне азар адам ауыл-аймақ, ел iшiне де қадiрсiз. Ата сақалы аузына бiтсе де, аталы сөз айта бiлмейтiн, отырар орнын таба алмаған, кешегi өткеннiң бүгiнге пайда-зиянын танымаған, жөн-жобаны тұтына алмаған адам абыройына бедел қосудың орнына, жастық шаққа жарасатын, бiрақ, жасы ұлғайғанда сыйымсыз мiнезiне мiнез қосып алады. Ондайды кесiрлiк дейдi. Туған-туыстың мазасын алып, шат-шәлекейi шығып жүрсе, үлкеннiң өзi кiмге тұтқа, сақалы кiмге қадiрлi? Ондайды қазақ «шал» дейдi. Қариялыққа кiсi кем-кемдеп, ал ақсақалдыққа абыроймен жетедi. Беделi мен қадiрi қашқан кiсi қырықтан асқанында-ақ шалға айналып шыға келедi. Өзiң де «өй, мынау өзi жасына жетпей алжып, шал болыпты ғой» дегендi талай естiген шығарсың. Ондай шалдардың көп көргенi мен көп бiлгенi неге керек, ақылын игере алмаса. Сақал-шашы ақылдың толғандығынан емес, мезгiлдiң өткенiнен, уақыттың табынан ағарған, қариялыққа жете алмай қартайған кiсiнi «қолы көтере алмаған шоқпарды белiне байлапты» десе де болар. Өйтiп үлкейгендi адасқандық, ауысқандық деп санаймын.
Сондықтан, қарт деген сөздi жасы үлкейген кiсiлердiң бәрiне бiрдей таңа беруге болмайды. Қырқында бүкшиiп, шал болған жасықтар мен сексенiнде жiгiт күнiндегiдей ат арқасында шынардай тiп-тiк отыратын сүйегi асылдар бiр-бiрiмен қалай теңеседi?! Шал атанбайын десең, кейiнгiге берер нең бар, үлгi етiп айтар нең бар, соны жiкте, соны жұпта. Ал ендi өткен өмiрiңде өндiртiп жасаған ештеңең болмаса, елге кедергi болма, аяққа оратылма. Қарттықтың қадiрiн кетiресiң.
Қазiргi заман – кешегi аз күнгi кеңшiлiктей емес, шамырқанып, ширығып, қусырылып келе жатқан бiр әлем. Жасы озған адамға ғана емес, жастарға да қиын. Жер шарын жұмсам – жұмырығымда, ашсам — алақанымда ұстаймын деген лаңкес, зиянкестердiң пиғылына қарай құбылып тұрған дәуiрде қисынға келмесе, кешегi жиған-тергенiң, ақылың мен айтарың мүлде керексiз болып қалуы ғажап емес. Сондықтан, оған да көне бiлген – көрегендiк, ол да қарияға тән сабырлық. Жастың мазасын алып, «өйтпе, бүйтпе» деп, буынсыз жерден пышақ ұрып, өзiңдiкiн таңа беру – үлкен қате, қауiп. Қайта, ақылыңды сараптап, бiлгенiң мен көргенiңдi ұштап, үлкендiгiн сақтап, кейiнгi буынның қамын орта буынмен бiрге тiзе қосып, түсiнiсе отырып шешуге бейiмдел. Оң-солыңды, алды-артыңды бағамда, абыройыңды қашырып алма. Заманы бiрге ақсақал-көксақалдарға қарап, менiң көрген-бiлгеннен түйгенiм – осы,  — деп бір ой түйген екен Төрегелді ақсақал. Одан әрі:

– Бiздiң iшiмiзде ақсақалдық қасиетiн сақтап, жоғалтпай үлкейген адамдар азайып тұр. Сондықтан, қарияларды қадiрлей бiлу оның өз қадiрiне байланысты. Жасы үлкеннiң кемдiгi – ақсақалдық, үлкендiк көрсете бiлмеуде. Бүгiнгiнiң қарты жасы келгендiктi қалай түсiнiп жүр? Менiңше, көпшiлiгi кеңшiлiк пен көрегендiктi тани алмай, жаспен жағаласып, жас болуға тайталасқанды жөн деп ұғады. Жасына, ретiне қарай, қоғамға лайық болудың орнына, кеңес кезiнде жағылып қалған жағымсыз, жұғымсыз iс-әрекеттi таңумен әуреленiп жүр. Орныңды бiлмесең, ондай әрекетпен жас болмайсың. «Жастың шаршадым дегенiне сенбе, кәрiнiң қарным ашты дегенiне сенбе» деген аталы сөз бар. Бұл не деген сөз? Бас-қасы, басқа, үлкейген кiсiнiң тамақ алысы тамақтану мәдениетiне, жасына лайық болғаны жақсы. «Ауру – астан», ындынын тыя алмай, уысын толтырып, майлы еттi асап, оны көтере алмай, артынан ауырып жатсаң, үйде кiмге жағасың? Тепсе темiр үзетiн жаспен табақ жарыстыру жасамыс адамға әрi-берiден соң жарасымсыз да. Мiне, сол секiлдi үлкен кiсiге лайықсыз тiрлiкпен «әр уақытта осылай болуым керек» деген шолақ ұғымның жетегiнен шыға алмаған кәрiден «Ой, мына кiсi қартайып қалыпты» деп, жұрт бойын аулақ салуға тырысады. Сондайлардың кесiрiнен тәмам үлкенге деген құрметтi үркiтiп жүргендер қаншама! Бұрынғының ақсақалы қандай! Айтса, әңгiмесi жүйелi, жүрiс-тұрысы ұнамды, болмысы бекзат. Бiрауыз сөзiне көптi ұйытып, бiрауыз сөзiмен елдi көшiрiп-қондыратын. Ол – қаймағы бұзылмаған заманның тәлiмi едi. Рас, кеңестiң пайдасы мен көзге көрiнбейтiн зияны қатар жүрдi. Үлкеннен озып сөз сөйлемеудi ынжықтық деп санап, жағаласып, ерегiскендi батырлық деп мадақтап, ақырында, тәрбие таразысының бiр жағы ауып кеттi. Беттен алуды, үлкенi кiшiден ұялуды бiртiндеп доғара бастады. Соның кесiрi бүгiнгiнiң жасы үлкендерiнiң кейбiрiнiң бойында қалып қойған. Елуден асқан соң, жақсы қартаюды болжай бiлген жақсы. Бiрақ, шал болып қалма. Осы күнге дейiн жиған-тергенiңдi, ақылыңды игiлiкке жұмсауды үйрен. Үлкеннiң үлкендiгi жасты баурап, бейiмдей бiлгендiгiнде. «Бiтiм-болмысым – осы, көнсең де сол, көнбесең де сол» деген тоңмойын шалға әдептi жас өзiн сыйламаса да, жасын сыйлап, бетiне келмеуi мүмкiн. Бiрақ, iшiнде оған деген құрметi жойылып кетедi. Кезiнде қанша жерден бетiңе жан қаратпайтын қаһарлы болсаң да, уақыт өте келе, ол қасиеттi байыпты мiнезбен, мейiрiммен, көпке сыйымдылығыңмен байытпасаң, заманың өткенде сыйды ат басы алтын берiп сатып ала алмайсың. Бойыңда күшiң барда, iлгенiң мен бiлгенiңдi қоғамның беталысы мен халықтың пайдасына лайықты ұқсатпасаң, кешегi сiңiрген еңбегiң ескiрiп қалуы мүмкiн… —  деген салихалы тұжырым жасайды ғалым.

Алып-қосар пікір таппай отырмын.

Алқалы топта саясатты судай сапырып, тарихыңды өз өресіне сай бұра талдайтын сөзуар үлкендеріміз жоқ емес, бірақ осы қоғамда қара жердей салмақты, өз ойларын ашық айтып, өзінен кейінгі жас толқынға ақыл-кеңес беріп отыратын дуалы ауыз ақсақалдар неге азайып кетті? Әлде олар замана ағымына ілесе алмай отыр ма, әлде билікке өкпелі ме? Қазақтың құдайы асы мен  қонақасына бара қалсаңыз, шалдардың өткен өмірлерін өксеп отырған әңгімесін — «Кеңес кезінде заман қандай еді? Мен қандай едім? Бүгінгінің жастары бұзылған, шетінен жетесіз. Ел тоналып жатыр. Адам азды» деген құрғақ демагогияны естіп қайтасыз.  Ал ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып жатқанымыз ешкімді алаңдатпайды.  Оның орнына телетақтадан көрген-естіген, түкке тұрғысыз хабарлар талқыланады. Ел тұрмысы, қоғам өмірі туралы әңгімелер жабық. Елбасының да құлағын шулатады.

Біздің елдегі әр ауыл, аудан, облыс орталықтарында, Алматы мен Астана қалаларында ҚР ардагерлерінің ұйымы — соғыс, партия, еңбек және Қарулы Күштер ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі (1987 ж. 21 наурызда құрылған) жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымының міндеттері — ардагерлердің материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жан-жақты қамқорлық жасап, қолдау көрсету. Сол сияқты,  Ардагерлер ұйымы — мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, басқа да заңды және жеке тұлғалармен ынтымақтасуға және өзара әрекет етуге, олармен келісімшарт жасауға, ҚР заңнамасымен тыйым салынбаған белгілі бір жұмыстарды орындауға құқық берілген беделді бірлестік. Байқап отырғаныңыздай, Ардагерлер ұйымының қоғам өміріндегі өзгерістерге араласуына шек қойылмаған. Ендеше, қазіргі таңда халықты алаңдатып отырған тілдер саясаты, жерді шетел инвесторларына жалға беру және сату, Негізгі Заңымызға өзгертулер енгізу мәселесіне, ұлт  тағдыры қатысты өз ойларын ортаға салмай, ардагерлер ұйымы мен ақсақалдарымыз неге үнсіз жатыр? Әлде олар Ақордадан тараған жаңалықтың бәріне басын шұлғып отыра беруді өтелген парыз санай ма?

Егер үлкен буын арасында жиі кездесетін тағы бір жағымсыз «өнеге» туралы айтпай кетсек, бұл жазбалардың құны көк тиын. Ақсақалдарымыз арыз жазумен әуестенбесе екен. Біреудің үстінен негізсіз арыздану, жала жабу, әкім-қараларды сыпыра қаралау дегеніміз, қоғам үшін індеттен жаман кесел екені тарихта талай рет дәлелденді емес пе? Нақты мысалдарды көптеп келтіруге болар еді, бірақ өзіне домалақ арыз жазуды ермек еткен шалдарымыз өре түрегеліп, шабалана түсуі әбден мүмкін. Жуық арада бір елді мекенде Ардагерлер ұйымының төрағасы ауысқалы жатыр екен. Оқиға болмай жатып, жаңағы орынға екі шал таласып жатыр деп естідім. Соның салдарынан ел екіге бөлініп, бүлік жағдайында өмір сүріп жатса, жастарға қандай үлгі?!

Дегенмен, бұрынғының үлкендеріндей дау-дамайға әділ төрелігін айтатын, керек кезінде саясатқа да араласатын, өздері де, сөздері де қара жердей салмақты ақсақалдарымыз арамызда бар және құрмет арқалап аман-сау жүре берсін!

Жомарт НҰРМАНОВ,

зейнеткер

 

 

Мынаны да қараңыз

Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр

Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры бастамашы болды. Әділеттілікті жақтаушылар қоғамның қоғамдық күн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *