Киіктердің көктемгі миграциясына және төлдеуіне байланысты Торғай өңірінде күзет күшейтілді
Не көрмеген дала!.. Жылда киік келіп, төлдейтін далада енді «Киік обасы» деген тіркес пайда болды. Айтып келмейтін табиғи апаттан жұрттың жүрегі шайлығып қалғандай. 2015 жылы Торғай өңірінде ғана 129 мыңнан аса киік қырылған. Соның салдарынан өткен жылғы санақта Бетпақдала популяциясында 36 мың ғана киік қалғанын көрсетті. Шетелдік және отандық ғалымдар мен мамандар киіктің қырылуына пастереллез ауруы себеп деген шешімге келді. Алайда, оның қоздырғышы туралы нақты түйін жасалған жоқ. Адал жүрек әркімнің көңілінде «даланың ботакөзі аман ауып, құралайын өргізсе екен» деген шынайы тілек бар. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Әрісін айтпағанда, өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін ұшы-қиырсыз далада миллиондап өрген киік табиғи апаттан ғана емес, мылтық кезенген суық қолдардың қорқаулығынан таусылып бітетін секілді.
Бұл ұлы даланың кейінгі ұрпаққа жеткізер мұраларының бірі киікті сақтау ісіне сергек қарау керектігін көрсетті. «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының кеңсесі орналасқан Амангелді ауданының орталығында облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен кеңес киіктің Бетпақдала популяциясының аууына орай оны қорғау мәселесіне арналды. Онда Орман және аңшылық шаруашылығы облыстық аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов киікті және сирек тұяқты жануарларды қорғау үшін облыстағы ведомстволар мен ұйымдардың күш біріктіріп, тізе қоса жұмыс істеуі қолға алынғанынан хабардар етті. Бұл үшін облыстық прокуратура, Ішкі істер департаменті, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі аймақтық филиалы, «Алтын дала» табиғи резерваты, «Наурызым» мемлекеттік қорығы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, аңшылық шаруашылықтар субъектілері меморандумға қол қойды.
Апаттан кейін есеңгіреп қалғандай күй кешкен ақбөкеннің өткен жылы көктемде Торғай даласына келуі өте мардымсыз болды. Ал биыл сәуірдің аяқ кезінен бастап келе бастады. Экологиялық қауіп байқалмайды. Бірақ бейкүнә сұлуға браконьерлерден келер қауіп апаттан кем емес.
– Дегенмен, киіктерге қаскөйлік жасау қазір бұрнағы жылдарға қарағанда азайды. Мысалы, 2013 жылы облыста 8 браконьерлік қылмыс жасалып, 74 киік оққа ұшты. Ал 2014 жылы 103 киік оққа ұшып, мүйізбен ұсталғандардың 3 фактісі тіркелген болатын. 2016 жылы киікке қаскөйлік жасау қылмысына жол берілген жоқ, бірақ 22 мүйіз тәркіленді, олардың ісі сотқа берілген, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов.
Бүгінде киіктің жолына күзет күшейтілді.
Киіктер келіп, төлдеп болғанша Торғай даласында 8 жедел инспекторлық топ жұмыс істейтін болады. Олар қарумен, керекті көлікпен қамтамасыз етілді, деді «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі орталық аймақтық филиалының директоры Саят Дүйсетаев. Мамандар киік ауатын жолдардың, төлдейтін орнының картасын жасаған. Онда киіктің негізінен Аққұм мен Айырқұмда, сонымен қатар шамалысы Ақшығанақтың жоғары жағында төлдейтіні көрсетілген. Су тасқынына байланысты ақбөкеннің біразы Ұлы Жыланшық өзенінен өте алмай кідірген.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Нариман Қасымбеков киіктің аууына орай Торғай өңірінде санитарлық мамандардың ауадан, топырақтан, судан, қар суынан сынамалар алғанын жеткізді. Өткен жылы да, тіпті киік қырылған 2015 жылы да осылай алынған сынамалар құрамында фосфаттың, түрлі ауыр тұздардың, металдардың мөлшері нормаға сай болған.
– Сынамалар биыл да жаман нәтиже көрсетпейтініне сенім бар. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, киік ауатын жолдарға жақын елді мекендердегі ірі қара, ұсақ мал, жылқы түлігінің барлығы вакциналанды, олардың жайылу өрісін де мүмкіндігінше киік жүреді деген маңнан шектеу қарастырылды, – деді Нариман Қасымбеков.
Кеңесте «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі орталық аймақтық филиалының директоры Саят Дүйсетаев киікті қорғауды ел арасында насихаттау үшін қала мен ауылдағы жастарға арналған шараларды табиғат қорғау тақырыбына арнап өткізу керектігін айтты. Сонымен қатар, ол кадр мәселесі күрделі екендігін де жасырған жоқ.
– Жергілікті жерден табиғатқа жаны ашитын, техникаға адалдықпен қарайтын, қаруды пайдалануды меңгерген батыл жігіттерді іріктеп алуға тырысамыз. Апат жылда болмайды, ал мүйіз сатып алу туралы хабарландырулар азаятын түрі жоқ. Хабарландырудың арғы жағында табиғатқа деген қаскөйлік тұр. Осыдан 30-40 жыл бұрын миллион жарымнан асатын киік бүгінде 5-6 есе кеміп кетті, – деген Саят Смағамбетұлының сөзі әркімге ой салса, ақшаға құныққандардың иманын оятса, қанеки.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
egemen.kz