Ахаң мен Жахаң жұртына сапар

2-бөлім

(Торғай даласы)

Жалғасы. Басы мына жерде: http://tobyl-torgai.kz/2017/10/23/3072

Алдында жазғанымдай, Саға ауылына көп тоқтамастан Бидайық ауылына аттанып кеттік. Негізі Бидайық ауылы Қызбел ауылдық округіне жатады, ал округтің орталығы Саға ауылы. Бұған дейінгі 49 шақырым жолдан шошып келсек, одан кейінгі Саға мен Бидайық арасындағы 30-35 шақырым жолдың қиындығы одан бетер екен. Көлігіміз жолда қалса біттік қой, жолға шойтас төселген, грейдер деген аты ғана.

(Торғайдың «кіші тыңының» белгісі)

Кезінде Торғайдың «кіші тыңы» кезінде Қостанай облысының (бұрынғы Торғай облысының) Жанкелдин ауданында «Юбилейный» және «Бидайық» сияқты егін кеңшарлары ашылды, Кеңес Үкіметі шаруашылық жағдайын жақсы ойластырды деп айта алмаймын. Жаппай жасанды көзбояушылық, ұрандаушылық кезі, сөйтіп шаруашылыққа ыңғайлы болмаса да, жерінің шалғайлығы ескерілместен, ең бастысы судың жағасында болмаса да жаңадан пайда болған кеңшарлардың бірі — осы Бидайық кеңшары еді. Әрине, жері егінге экстремалды, бітік шықпаса да ол уақытта егін егілетін. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, басқа кеңшарларға қарағанда халқы бақуатты тұрды.
Сонымен кешегі тоқырау заманында ауылдың әуелі тогы үзілді, халқы 7 жыл жарықсыз отырды, жұрты тұтастай босып кетті, ендігі қалғаны 20-30 ғана үй. Әрине, көшіп кетушілерді еш кінәлаудың қажеті жоқ, өйткені әркім өз жағдайына қарайды, балаларының ертеңін ойлайды.

(Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлының кесенесі)

Ауыз суды 5-7 шақырым жердегі бұлақтан тасып ішеді, қазіргі күні халық бәріне көндіккен, тұрмыстары жаман емес. Ең бастысы ертеңгі күндеріне сенімі бар. Бәлкім ол сенім — осындағы Міржақып Дулатұлының кесенесімен, кешенімен байланысты ма екен?!
Жолдың қиындығына қарамастан Бидайық ауылына да жеттік-ау!

(Міржақып Дулатұлының Бидайық ауылындағы бюсті)

Қанша дегенмен бізде толқу бар, себебі бұл өлке — «Оян қазақ» деп жар салған Міржақып Дулатұлының туған жері ғой. Мына жерлерде оның табанының ізі қалды, балалық шағы өтті, халқының қамын жеп, ертеңгі күнін ойлады.
Иә, мына Қоңыраулы мен Текеде, Асқар күзегінде оның ізі қалды емес пе?


(Міржақып Дулатұлының Бидайық ауылындағы музейі)

Сөйтіп, ауылға жеттік, мұнда бізді Нағашыбай Бірманов қарсы алды. 10 жылдан бері осы кешеннің шашауын шығармай жұмысын жүргізіп отыр. Оны айтасыз-ау кешеннің жан-жағын абаттандырып, көгалдандырып қойған, ағаштар отырғызған, кейбіреулері жақсы жетіліп қалыпты. Жалпы, Қостанай облыстық Мәдениет басқармасы музейді тізімге алып, Нәкеңе жалақы төлеп отырса болады ғой.
Демімізді басып, Нәкеңмен біраз сұхбат құрдық. Сол мезетте ауылға сырттан қонаққа келіп жатқан бір топ адам келіп, музейді аралады, біз сияқты дұғаларын оқыды.
Жалпы, Торғай елі жағында бір әдемі дәстүр бар екен, егер ауылында не шаһарында болсын музей болса, сырттан келген кісілердің бәрі сонда барады екен. Бір жағынан тек қарынның қамы ғана емес, рухани жағын да ойлаған жөн деп ойладым.


(Міржақып Дулатұлына арналған музейдің ішкі көрінісі)

Сөйтіп, біраз сәттен соң Нәкең үйіне қонаққа шақырды, астан аттап кете алмадық. Қашан үлгергенін кім білсін, алдымызға бас келді, қазақтың қымызы мен бұқпасы, майы мен құрты, бауырсағы мен қаймағы сияқты ұлттық тағамдарымыз дастарқанды жайнатып жіберді. Шіркін, қазағымның дәстүрі-ай!
Не деген қонақжайлылық, не деген бауырмалдық!


(Мұнда қазақтың біртуар ұлы Міржақып Дулатұлы жатыр, байқасаңыздар,  жоғары жақта құстың ұясы тұр)

Қанша дегенмен, мың шақырымнан жеткен бізді құрметтегендері ғой деп түсіндік. Нәкеңе және оның отбасына рахметімізді айтып, әзір уақыт барда кері жүріп, Саға (Қызбел) ауылына жетіп алуды мақсат тұттық.
Айтқандай, қасымызда Қызбел ауылдық округінің қызметкері Мәлік Балғин мырза бізбен бірге жүріп, ықыласын білдірді. Алла риза болсын демекпіз.
Қайтар жолымызбен бұрынғыдай емес ой-шұңқыры таныс болғаннан кейін тез жеттік, сөйтіп, Саға (Қызбел) ауылына да келіп кірдік.
(Міржақып Дулатұлының Бидайық ауылындағы кешенінде)

Бұған дейін жазғанымдай, Қызбел ауылына да келіп кірдік. Бұл ауыл туралы өткен мақалада баяндаған едім, бірақ тағы да тоқтала кетуді жөн көрдім.
Сонымен, ауылдың әуелі мектебіне соқтық, тарих пәнінің оқытушысы мектеп жанындағы шағын музейді көрсетті. Көбінесе өңірге қатысты материалдар, Міржақып Дулатұлынан бастап қазіргі уақыттағы белгілі тұлғалар туралы материалдар жиналған. Мені қызықтырғаны — Міржақып Дулатұлының тұмары болды. Ағамыздың түсіндіруінше, Алашорда мүшелерінің бәрінде осындай шағын тұмар болған екен. Және бір қызығы, ол Алашорда мүшелерінің айрықша белгісі екен және тергеу уақытында тілдерінің астына салып, жасырады екен.


(Міржақып Дулатұлы елі — Қызбел ауылы)

Одан кейін Мадияр баба мешітіне соқтық. Ауыл имамы дұға оқып, ауыл ортасындағы екі ескерткіш жанына барып суретке түстік. Біріншісі — Міржақып Дулатұлы ескерткіші, екіншісі Мадияр баба мешіті. Айтқандай ар жағында В.Ленин де қол бұлғап шақырып тұр. Оны қайтеміз, өз аталарымызды түгендеп алайық.

Жалпы, Торғай қайшылықты өлке, Кейкі батыр, Амангелді батыр сияқты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларын ұлықтайды да, әр ауылда В.Ленин ескерткішін әктеп, жан-жағын сыпырып, тазартып қояды. Одан да сорақысын айтайын, Арқалық қаласындағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейінің алдында бір алаңда тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы өтсе де Кейкі батыр Көкембайұлының бюсті жанында В.И.Лениннің ескерткіші тұрғаны тіпті қисынсыз еді. Әйтеуір одан құтылыппыз!
Жарайды, тақырып бойынша баяндайын.

(Міржақып Дулатұлы)

Сапар барысында Міржақып Дулатұлын әлі де дұрыс бағаламай жүрміз-ау деген ой келді.
Біріншіден, Түркия, Жапонияға әсер еткен, Ресейдi шошытқан «Оян, қазақ!» Уфадан шыққанда Мiржақып не бары жиырма бес жаста едi. Ұлттық ұранымызға айналған сөз әлі де маңызын жойған жоқ деп ойлаймын.
Қоғабай Сәрсеке: » …»Оян, қазақ!» авторын әуелiнде патшалық Ресей үкiметi қуғындап, шығармасына тыйым салып, өзiн тұтқындап, түрмеге салса, оған ендi Кеңес үкiметi тiптi қатты шүйлiктi. Ақыры «Оян, қазақ!» авторын Кеңес үкiметi тұтқынға алып, сүргiнге айдап, жәбiрлеп өлтiрдi. Бұл оқиға — Кеңес үкiметi кезiнде осы мемлекетте жүргiзiлген империалистiк және отарлау саясатының қалай, қайтiп жалғастырылғанын әйгiледi» — деп жазып еді. Расында, алып-қосарымыз жоқ.
Дегенмен Қазақ Үкіметінің Міржақып Дулатұлын ұмыт қалдыра беретіні түсініксіз…


(Міржақып Дулатұлының балалық шағы осы өзен бойында өтті)

Мәселен, Міржақыптың Торғай қаласы мен аталған ауылда ғана ескерткіші бар екен. Негізі оның Ахаңмен бірге ескерткіші кем дегенде бас қаламыз — Астанамызда, оңтүстік астанамыз — Алматыда, облыс орталығы — Қостанайда, өңірдің басты қаласы — Арқалықта болуы тиіс еді. Және Ахаң мен Жахаң ескерткіші қатар тұруы керек. Қазақстанның қалған аумақтарында тұрса несі айып?! Өмірінде бірге болған, істерімен өзгеге үлгі болған ұлт тұлғаларын ұлықтамауымыз елдігімізге сын-ау түсіне білген жанға!
Сөйтіп қалың ойға батып Қызбел ауылынан да асығыс қозғалып кеттік, таңертеңнен бері қаншама шақырымды басып өттік, енді кешке дейін, күн батқанша Торғай қаласына жетіп алуымыз керек. Бұрындары Қызбелден Тәуіш ауылына шығатын дала жолы болатын, бірақ биыл су мол түсіп ол жол әлі құрғамаған екен, сөйтіп келген ізімізбен Арқалық-Торғай трассасына шықтық. Бірақ бұл тұстан, яғни Тоқанай ауылынан басталатын трассаның аты трасса болғанымен бұл жолмен жету қияметтің өзі!


(Гүлнәр Міржақыпқызы)

Айтқандай, Міржақыптың қызы Гүлнәр апамыз оның дүниелері мен заттарын жинауға көп еңбек сіңірген ғой, Торғай қаласындағы музейде де Міржақып Дулатұлының тұтынған заттарын ол кісі ұсынған екен.
Кейде ойлаймын, өз ісіне берілген жандар — Гүлнәр апайымыздай жандар болмаса, тіпті Жахаңның кейінгі ұрпағына көрсететіндей бір де бір заты қалмайды екен.
Сонымен Міржақып ауылымен қоштасып «Торғай қайдасың?» деп сапарымызды әрі қарай жалғастырдық.

(Шетсіз-шексіз Торғай даласы, Ақкөл жағы)

Қызбел ауылынан аттанғаннан кейін Тоқанай ауылын басып өтіп, Арқалық-Торғай трассасына шығып, Тәуіш, Сужарған және Шұбалаң ауылдарын артқа тастап Торғай шаһарына да келіп кірдік.
Енді Торғай шаһары туралы баяндай кетсем.
Кішкентай кезімде ауылдан 60 шақырым қашықтықтағы Торғай қаласына әкеммен бірге барып едім, сонда елден шықпаған бала — мына мен Торғайда революцияға дейін салынған әсем ғимараттарды көріп таң қалған едім. Өйткені, теледидардан көріп жүрген Ленинградтың (Санкт-Петербургтың) ғимараттарындай ерекше ғимараттар дәл осы Торғайда сақталып қалған болатын. Ол үйлер қазір жоқ, білуімше, қазіргі Музей үйі мен тағы бір ғимарат сол дәуірдің ескерткіштеріндей болып тұр, дегенмен, аталған музей үйінің өзі қайта толық жөндеуден өтіп, бастапқы қалпын сақтамаған сияқты. Естуімше ол «Қызыл бәлнес» деп аталатын бұрынғы ғимарат, оның өзі кезінде қырда салынған бір байдың үйінің қалдығы екен.
Енді, дәл осындай ғимарттардың пайда болуына қатысты Торғай қаласының тарихына шамалы шегініс жасап көрсек.


(Торғай қаласындағы ескі ғимараттардың бірі)

1845 жылы алып Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық соғысының басшысы, қазақтың қасиетті ханы Кенесарыға қарсы Ресей қазақ жеріне осы уақытта көптеп қала-бекіністер сала бастайды. Алғашында Оренбургское деген атпен белгілі болған Торғай қамалы тоғыз жолдың торабы болғандықтан тез қарқын алып, дамып кетеді.
Мәселен, «Обзор Тургайской области за 1912 год» атты шолуда Торғай облысының облыстық төрт қаласы аталады, олар: Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай және Торғай.
Шолуда Торғай қаласында 1244 адам тұратыны жазылады, мұнда ағаш шіркеу, қалалық училище, Яковлев қолөнер училищесі, 2 сыныпты қыздарға арналған қазақ-орыс әйелдер училищесі, пошта бөлімшесі, кіріс-шығыс кассасы және 4 диірмен болғанын сипаттайды. Бір қызығы, медресе мен мектеп жанында 1 орыс сыныбы болған екен.
353 версть құрайтын Шалқар-Торғай тракты жұмыс істеп тұрды. 2 машинадан, 2 бөшкеден және өзге де аспаптардан, сондай-ақ, 3 ат пен 2 қызметкерден тұратын өрт депосы да болған деседі.


(Торғай даласындағы бейіттердің бірі, Шөптікөл маңы)

Қалада 1 дәрігер, 4 фельдшер халыққа қызмет көрсеткен. Штанге деген ветеринардың бас-көз болуымен сол заманда Торғайда озық мал сою пункті де болыпты.
Ал, Торғай уезі 13 болыстан және 97 ауылдан тұрған екен. Қала халқынан басқа уезде 1911 жылы 100 800 көшпенді қазақ тұрғанын білеміз. Сол кезеңде Торғай уезінде ресми 10 мешіт болғаны да хатталып қалыпты (облыс бойынша саны 163).
Сауда бұқар еврейлерінің, сарттардың, татарлардың және орыстардың қолында болған екен.
Торғайда 26 мамыр – 8 маусым және 10-20 желтоқсан аралығында жәрмеңке ұйымдастырылатын болыпты. Негізі, қалада сауда тұрақты түрде жүргізіліп отырған. Мәселен, Торғайда бір жылдың өзінде 1 365 204 сомға сауда жасалғаны жазылып қалдырылған.


(Торғай даласы, Шөптікөл маңы)

Торғайдың басты байлығы — Торғай қойы Ташкентке дейін айдап апарылып, облыспен шекаралас Ресейдің аудандарына, әсіресе, Троицкіге көп мал жеткізіледі екен. Кейін сырттан қоныстанушылардың көптеп келуіне байланысты тек ішкі ұсынысты қанағаттандырған. Айтқандай, Торғайдың тәтті қауыны өте жақсы бағаланған.
Торғайға Троицкіден келіп байып кеткен Башкиров туралы материал сақталып қалған. Башкиров деген Ресейдің атақты көпесімен аты қатар аталатын байлардың бірі, Торғайда бірнеше сауда үйі болған татар көпестері – ағайынды Яушевтер (1-ші гильдия саудагерлері) Торғайда көп ғимараттар салған екен.
Олардың Торғайдан басқа Ташкент, Петропавл, Қостанай, Троицк, Қазан, Құлжа,Челябинск сияқты қалаларда сауда үйлері болған (яғни, сауда ісі өте қарқын алған қалалармен қатар Торғайда сауда үйлерін ашуы бекер болмаса керек). Тек саудамен ғана айналысып қоймай, оқу-білімге көп қаражат бөлген, дін ісі жолында да қаражаттарын аямаған. Мәселен, Троицкідегі атақты «Расулия» және «Мухаммадия» атты медреселерді қаржыландырған.


(Ақкөл жағындағы жер астынан шығып жатқан ыстық су)

Міне, сол ғимараттар пассаж түрінде салынған, тіпті, көнекөз қариялардың айтуынша, Торғайда сол ғимараттарды байланыстыратын жер асты жолдары болыпты.
Өкінішке қарай, төбесі әдемі, қабырғалары қалың тастан қаланған, қақпаларының өзі тұтас бір ансамбльді құрайтын бұл ғимараттардың бәрі келмеске кетті.
Айтқандай, Қостанайдағы Ақмешітті де Яушевтер салдырған еді.
Жалпы, қаланың қазақ халқының өміріндегі рөлі ерекше. Мұнда Ыбырай Алтынсарин ең алғашқы қазақ мектебін салған болса, дәл осы қаладан Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов алыс жолға аттанған еді. Дәл осы өңірде қазақтан шыққан алғашқы фельдмаршал Шақшақ Жәнібек батыр өмір сүрді, нақ осы қалада «Торғайдың Топжарғаны» атанған Нұрхан Ахметбеков шығармаларын танытты. Киелі Торғайдан шыққан Әліби Жангелдин дүние жүзін аралып шықса, Амангелді Иманов өз сарбаздарымен 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісін бастап, рухымызды асқақтатқан еді. Міне, сондықтан аталған тұлғаларға арналған музейлер кешенінің жұмыс істеуі де тегін емес.
Торғайды қанша айтсақ да тарихтан өз орнын алған, талай оқиғаларға куә болған шаһар екені белгілі.
Сонымен, кешке Торғай қаласындағы қонақ үйлердің біріне тоқтап, алыс жолдан шаршап келгеніміз бар, тезірек кешкі асымызды ішіп, ұйқыға жатуды ойладық.
Сөйтіп, таңертең таңғы 7.00 кезінде Арқалық қаласынан шығып 485 шақырымды атқа тастап, бір күннің ішінде көптеген мәдени-тарихи құндылықтар мен табиғат ескерткіштеріне куә болдық.


(Бағытымыз Ахаң жері — Ақкөл мен Қарасу ауылдары)

Алдағы меже — Ахмет Байтұрсынов ауылы — Ақкөл мен Қарасуға жету. Тек Ақкөлдің Торғайдан қашықтығы тағы 110 шақырым.
Ерте жату қайда, «үх» деп дем аламыз ба десем, басыма әртүрлі ойлар келіп көз ілгізе алар емеспін.
Бастысы жолдың бір бөлігі — Жахаң ауылында болып, шаруамызды тындырдық.
Тылсым Торғайдың біз ашпаған құпиялары әлі де жетерлік, міне, оны өз көзімізбен көріп те, сезіп те келеміз.


(Ақкөл)

Біздің сапарымыз одан әрі жалғасты. Келесі бағытымыз Ахаңның туған ауылы — Ақкөл жұрты еді.
Кішкене шегініс жасай кетейік. Торғай қаласына жету үшін Астана қаласынан 650 шақырым қашықтықтағы Арқалық қаласына поезбен жетіп әрі 288 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына автобуспен не таксимен бару керек. Немесе Астана-Атбасар-Қима-Жарқайың-Арқалық-Торғай бағыты бойынша жету қажет.
Біз Торғай қаласынан қонақ үйде таңғы асымызды ішіп алған соң 110 шақырым жердегі Ақкөл ауылына жол тарттық.
Жолда Шұбалаң, Қалам-Қарасу ауылдарын артқа тастап жұрты қалған Шөптікөл ауылына жеттік. Мұнда шамалы тоқтап, ата-баба аруахына тағзым жасадық.
Бұрын Қызбел ауылы жағында да (Жахаң — Міржақып Дулатұлы жері) даланы өрт шалғаны көрініп тұрған еді, дәл сол көрініс осы жерде де байқалды. Айтқандай 6 шілде күні Көкалат ауылының (Албарбөгет ауылдық округы) жерін де өрт шалып, арты 7 баланың әкесінің — шопанның қайтыс болуымен аяқталып еді. Шопан бағып жатқан 1500 тақау қой де күйіп кеткен еді.
Тезірек жетуге асығып келеміз, бірақ бұл жермен бұрын жүрмегендіктен жылдамдықты арттыруға аздап қаймығып та отырмыз. Шамамен 100 шақырым жүрген соң жер астынан ыстық суы шығып жатқан орынға да жеттік. Осы жерге денсаулығын түзеп, одан әрі Ақкөл жағасына барып демалуға Қостанайдан 45 адам келе жатыр екен. Біз тоқтаған орында киіз үй құрып, қонақтарды қарсы алу үшін бар жағдайды жасап қойыпты. Тамақ, ауыз сулары да дайын.
Біз суға түсіп, үстімізге қара балшықты жағып, денемізді қыздырдық та Ақкөлға бет алдық.


(Туған жердің құмы да ыстық, Ақкөл, Кендірлі жағалауы)

Жалпы, елдің айтуынша, жер астынан шығып жатқан ыстық су адам денсаулығына пайдалы екен-мыс. Бірақ, ғылыми зерттеліп, оның қаншалықты зиянды не пайдалы екендігі туралы қорытындыны көрмедім және келушілер өз бетімен жетушілер екен.
Дұрысы, егер пайдалы болатын болса, онда оның қандай ауруларға ем екеніне нұсқаулық жазылып тұрса әрі іргедегі ауылдан (7 шақырым қашықтық) осында қонақтарды күтуге арналған жай салынса жөн болар еді.
Сөйтіп, Ақкөл ауылына — Ахаң жұртына да жеттік. Әуелі ауылдың А.Қоңқабаев атындағы мектебіне бардық, мектеп директоры бастаған, бас кітапханашысы Шамшенова Күлшат Шамшенқызы мен мұғалім Уалина Гүлнар Қасқырбайқызы қостаған ұжым бізді күтіп алып, мектеп музейімен таныстырды. Бұл мектеп жақсы жабдықталған мектеп екен. Риза болдық. Кенжеғали Сағадиевтің жәрдемі болған деседі, несі бар қолдан келгенше көмектескен дұрыс қой.
Одан соң қазақ қонақжайлығымен таныстық, оның ішінде Торғай қазақтарының да қонақжайлығы керемет емес пе?


(Ауыл мектебі, Ақкөл ауылы)

Біз мектепті аралап, музей жәдігерлерімен танысып болғанша, қой да сойылып қойылыпты, алдымызға бас та келді. Дастарханға өзіміздің ұлттық тағамдарымыз қойылған, балық та бар, қаймақ та, қымыз да осында!
Түскі асымызды ішкен соң мақсатымызға сай Кендірліге жол тарттық. Иә, таң қалмаңыз, Торғайда да Кендірлі бар. Кендірлі деген Ақкөл көліндегі жағажай. Бастысы заманында Ахаң балалық жастық шағын өткізген Ақкөл көлін көріп, одан әрі ол туған үйге жету. Бағытымыз — Ақкөлді айналып өтіп, Қарасу ауылы арқылы Ахаң туған үйді өз көзімізбен көру.
Көлге жете бере сары даламыз өзгеріп сала берді, енді көз алдымызда тек дала емес, 60 шақырымды алып жатқан үлкен көл жатыр. Әсіресе оның биік жарлары тіпті каньондарды елестеді екен. Ақкөл жұртының Торғайдың басқа ауылдарынан басты ерекшелігі — осы балық арқылы күндерін көріп отыруы. Ақкөлдің халқы қысы-жазы балықты Арқалық пен Қостанай, Астана базарларына жеткізіп, нәпақаларын айырып отыр.
Сонымен, Кендірліге суға түсіп, аздап сергіп алдық. Жағасы тіпті тамаша екен, адам қолымен істелген сияқты. Құмы ұсақ, жағасында қамыс жоқ. Айтқандай қонақтарды күту үшін мұнда да қос пен киіз үй тігіліп, манағы 45 қонаққа жағдай жасалып қойыпты.
Сол бетімізбен көлді айналып шығуды шештік. Жол бітер емес. Әрірек қырға шығып, алыстан орағытып келеміз. Бір уақытта дала жолына түсіп кеттік, сөйтсек Қарақұм жағына қарай кетіп бара жатыр екенбіз. Қарақұм деген Торғайдың Қызылорда облысымен іргелес жері, бұрын мұнда ірі ферма отыратын, құм арасына 100 000 дейін қой-ешкі қыстатылатын, бұл өңірдің жері жылы, малға ыңғайлы.
Әйтеуір алыс кетпей, көлді жағалай отырып, Қарасу ауылына да шықтық-ау.


(Ауыл мектебімен танысу)

Мұнда Қалжан деген тәтеміздің үйіне соқтық. Ол кісі жоқ екен. Балалары бірінші балық, сосын нан, кейін қымыз әкелді. Қызық әрине, іргелес ауылдардың да арасында айырмашылық бар. Жалпы, байқағаным Ақкөл мен Қарасу ауылдарының дастарханынанда әрдайым балық тұрады.
Тәтеміздің үйінде де көп кідірместен Ахаңның — Ахмет Байтұрсынұлының туған үйіне де жеттік-ау. Шынында бұл қазақтың қоңыр үйі. Өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін сақталған екен. Кейін орнына қайта салынған. Бірақ не қорықшысы не шырақшысы жоқ. Әттеген-ай, басқа халықтар болса усадьба сияқты салып, өз мәдениттері мен өнерлерін, тарихтарын Әлемге паш етер еді. Бір қуаныштысы, кешегі Қазақстанның «Сакральдық картасына» кіргізіліпті, алайда республикалық емес, облыстық қана деңгейде екен.
Ахаң үйінің басында едәуір үнсіздік орнады!


(Сарытүбектегі Ахаңның туған үйі)

Қайран, Ахаң-ау, сүйегіңді де білмейміз-ау қайда қалғанын!
Киелі жерге тәу етіп, кешкі 20.00 шамасында келген ізімізден Торғай шаһарына қарай жол тарттық.

 

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

фотоға түсірген Жәнібек АЯНБАЙ

(Автор Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімдігіне және аудан әкімінің орынбасары  Торыбаев Бақытжан Қуанышбекұлына сапар барысындағы ұйымдастырушылық шараларына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді)

Жалғасы бар

 

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *