Қалдырған ізі мәңгілік…

(Қостанай жұртшылығы Ғазиз қажы Әмірханұлын еске алды)

Жуырда Қостанай облысы Білім басқармасының ұйытқы болуымен ізгілікті шара өтті. Тобыл-Торғай өңірін айтпағанда, есімі бүкіл елге мәлім ұлағатты ұстаз, айтулы дін қайраткері Ғазиз қажы Әмірханұлының 90 жылдығына орай «Абыройы асқан асыл азамат» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.  

Шараға мектептер мен ЖОО басшылары, педагогтар, қажының замандастары, Жанкелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық, Алматы мен Астанадан арнайы қонақтар келді. Сондай-ақ жерлес ғалымдар – Қазақстанның бұрынғы Су шаруашылығы министрі, профессор, Оксфорд академиясының мүшесі Нариман Қыпшақбайұлы мен экономика ғылымының докторы, профессор Сайлау Байзақов конференцияға аттың басын арнайы бұрыпты.

Конференцияда алдымен сөз кезегін алған Білім басқармасының директоры Бәтима Даумова ағартушы ұстаздың қызмет жолына тоқталып, оның атқарған істері болашақ жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола беретінін баса айтты. Бұдан кейін мінбеге көтерілген Нариман Қыпшақбайұлы да сөз сөйлеп, Ғазиз қажының өнегелі істерін тізбектеп шықты.

«Ғазиз Әмірханұлы менің бастауыш мектепте оқытқан алғашқы мұғалімдерімнің бірі болды. Сол кезден бастап өмірінің соңғы күніне дейін менімен байланысын үзбеді. Алматыға келгенде не мен Торғайда болғанда бір-бірімізбен кездесіп, телефонмен хабарласатынбыз. Кезек күттімейтін мәселелерді шешу жолдарын анықтайтынбыз. Мәселен, Торғайда Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің мерекелік кезеңдері, атақты бабамыз Шақшақ Жәнібекке музей ашу, Ахмет пен Міржақыптың ақталуы, олардың еңбектерін елге жеткізу, ескерткіш орнату, Міржақыпты туған Қызбел жеріне әкеліп, қайта жерлеу, Ислам дінінің Торғай өңіріне тарауы, осы өңірден шыққан белгілі азаматтарды ұмытпау және басқа да елеулі оқиғалар болатын» деп еске алған профессор, Ғазиз Әмірханұлының өте зейінді, зиялы, ұйымдастырушылық қабілеті зор, кісілермен ортақ тіл табыса алатын көпшіл азамат болғанын, ұстаздығымен қоса Торғайдағы рухани саланы бар күш-жігерін сала көтеруге күш салғанын, туған жерінің жетістігін, елден шыққан тұлғаларды жұртшылыққа таныстыруға жаны құмар жан болғанын тебірене әңгімеледі.

«Халық жауы» атанған талай азаматтарымыздың есімін әйгілеуге қосқан үлесі мол болды. Жоғарыда атап өткенімдей, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына музей ашып, өзі жинақтаған материалдарды соған өткізіп, халықтың қос арыстың өмір жолдарымен танысуына мол мүмкіндіктер жасады. 1994 жылы Өзбекстанның Ферғана облысының Қазақстандағы мәдени күндері Торғайда өтті. Ғазиз ағамыз өзбек ағайындарға елді өзі таныстырғаны әлі есімде. Біз Ғазекеңмен өмірінің соңына дейін үзбей хабарласып отырдық. Ол кісі үнемі елде өтетін, қолға алынған қоғамдық-рухани шаралар жөнінде айтып отырушы еді» деді Нариман Қыпшақбайұлы.

Сондай-ақ академик Сайлау Байзақов та ұстазы туралы кеңінен әңгімеледі.

«Біздің кезіміздегі мұғалімдер бос уақыттарын есебін тауып бізбен бірге өткізетін, бізбен өздерін тең ұстайтын, көптеген кездесу өткізіп, қызықты-қызықты әңгімелер айтатын. Бірақ сабаққа, оқуға келгенде өте қатал, барынша әділ болатын. Мәселен, менің мектептегі куәлігіме — қазақ әдебиеті пәнінен еркін тақырыпқа жазған шығармама «үштікті» Ғазекеңнің өзі қойған. Оны көңіліме алған да жоқпын. Ол «үштікті» Ғазекең маған қазақ тілін, әдебиетін тереңірек үйренсін деген ниетпен қойған екен деп түсіндім. Алматыға барып, пойыздан түсісімен мен өзімді журналистика факультетіне ойланбай-ақ баруға дайындадым. Бірақ талап қана емес, кездейсоқ жағдайлар да алдағы тағдырыңды анықтайды екен. Мен журналист емес, алдымен математиканың, содан соң есеп математикасының, кейін экономиканың маманы болып шықтым. Тағдыр солай деп бұйырды» деді ол.

Сонымен қатар Ғазекеңнің азаматтық болмысына, еңбексүйгіштігіне тоқталған профессор ұстаздың өзі басқарған Қаратүбек (Тәуіш) орта мектебіне есімін беру туралы мәселе орынды көтерілгенін, өзі де ол ұсынысты қолдайтынын, уақыты келгенде бұл игі істің де куәсі болатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, қажының бел баласы – Шоқан қажы Ғазизұлы шараның ойдағыдай өтуіне күш салып, басы-қасында тыным таппай жүргеніне жұртшылық риза болды.

Хош, сонымен, конференция соңында қостанайлық өнерпаздар концерт қойып, келген жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан соң Қостанайдағы мейрамханалардың бірінде қажыға арнап ас беріліп, құран бағышталды.

 

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

Қостанай

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *