Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді…
Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген
патриоттық сезімге ұласады…
Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан
Қазақ сияқты көшпелі елдің материалдық жәдігерлері көбіне-көп қалалар мен кенттерде, сәулет ескерткіштерінде ғана сақталмай, сондай-ақ әлемнің әр түпкірлеріндегі жер атауларында көрініс тауып отыратынын ғалымдарымыз айтып та, жазып та жүр. Дегендей-ақ, қазақ тарихына қатысты топонимдер Шығыс және Батыс Еуропада да, Азия мен Африкада да жеткілікті. Оларды санамалап отыру бұл шағын мақаладағы міндетімізге жатпайды. Біздің тілге тиек еткелі отырғанымыз – әзірге алыс өлкелерге құлаш ұрмай-ақ, өз туған-өскен өңірлеріміздің бұрынғы-бүгінгі тарихын түгендеу. Өмірі аттан түспеген қазақ сонау көне заманнан құрлықтың талай пұшпағын батырдың білегімен, тұлпардың тұяғымен бағындырған. Ата-бабамыздың қаны төгілген осынау тағдырлы тау-тас, қазыналы қойнау біз үшін сонысымен қадірлі, қастерлі. Қазір бұл ұлағатты ұғым мәдени-географиялық белдеу деген ғылыми түсінікпен түйісіп жатыр. Елбасымыз өзінің жуырда ғана жария етілген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл туралы «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деген болатын.
Осы орайда еліміздің барлық дерлік аймақтарында аталған жобаға қатысты бастамалар бүгінде іс жүзіне асырыла бастады. Мәселен, осы мәдени-географиялық белдеуді қамтитын өңірге жататын Қостанай облысының оңтүстік аудандарының аумағында Сатыбалды ишанның мазары, Екідің, Жәуке батыр мазары, Қыз тамы сияқты көптеген тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған.
Тарихи маңызы зор ескерткіштер қатарына Торғай мұражайлар кешенін жатқызуға болады, оның құрамына Шақшақ Жәнібек панорамалық мұражайы, Әліби Жангелдин мен Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов мұражайлары кіреді. «Тіпті Торғай жерінде ашық аспан астынан мұражай жасап қойса да артық емес.
Мен оған «Тылсым Торғай туры» атты жаңа жобаның ұйымдастырушысы ретінде көз жеткізген едім. Біз жоба аясында бес бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның ішінде, көпшілікті таңғалдыратыны–тарихы. Туристерді таза табиғи өнім қойылатын дастарханымызбен де қызықтыра аламыз. Яғни, қонақтарымызға бұқпа, қазақша ет, қымыз, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдарымызды ұсынамыз. Дәмі тіл үйіретін ауылдың жентінен, қатығынан дәм татқан туристер мұндай сапарларды еш ұмытпасы анық», дейді тілге тиек етіліп отырған «Тылсым Торғай туры» атты жобаның жетекшісі, өлкетанушы Амандық Әмірхамзин.
Ұлтжанды азамат Амандық Қорғанұлының айтуынша, туристер көп баратын тағы бір орын – Қостанай ауданындағы Ыбырай Алтынсарин кесенесі. Биыл бұл тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Сарыкөл ауданында Барақ батырдың кесенесі орналасқан, оған барушылар мазарға тоқтап, сол жердегі үйге тыныстап, құдықтан су ішеді. Егер облыс, жалпы Қазақстан бойынша теңдессіз, бірегей ескерткіштерді еске алу керек болса, онда дүние жүзіне мәлім геоглифтерді айтуға болады. «Торғай геоглифтері» деген атаумен белгілі 296 геоглиф алыс-жақын мемлекеттерден келетін туристердің қызығушылығын тудырары хақ. Мұндай ескерткіштер еліміз бен Оңтүстік Америкадағы Перу мемлекетінде ғана кездеседі екен. Біздегі геоглифтердің ішінде ерекше және барып көруге ыңғайлысы – «Үштоғай төртбұрышы». Бұл – 101 үйіндіден тұратын қорғандар тізбегі. Жалпы, облыс аумағында шамамен 2 000 тарихи және мәдени ескерткіштері бар екенін ескерсек, туристер үшін қаншалықты мәдени-танымдық, өте қызықты турларды жасауға болатынын бағамдай беріңіз.
Облыста туризмді өркендету үшін қандай қиыншылықтар кездесетініне тоқталған Амандық Әмірхамзин оның негізгі себептерін де атай кетеді: туризм орындарындағы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік нысандарға жетудің қиындығы, демалыс орындарындағы қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің сервис сапасының және санының аздығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, оның ішінде білімнің академиялық сипаты, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістердің қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің үдесінен біршама алшақтығы және т.б., орналастыру орындарын айқындаудың, сондай-ақ олардың белгілі бір түріне қолданылатын стандарттардың болмауы, заңнамада жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қатысты қолданылатын әлеуметтік туризмді реттеу қағидаларының – туристік сертификаттар жүйесінің, салықтық ынталандыру шараларының жоқтығы, туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесін нормативтік реттеудің жеткіліксіз деңгейі, туристік бизнесті дамытудағы ықтимал кедергілер, оның ішінде әкімшілік кедергілердің кездесуі, бұдан әрі жетілдіруді талап ететін мемлекеттік қолдау құралдарының болмауы.
«Тылсым Торғайға тур» атты жобамызда біз бес бағыт бойынша жұмыс істейміз» деп, Амандық Әмірхамзин оларды санамалап өтеді. Амандықтың айтуынша, біріншіден «Бабалар ізімен» деген шартты атаумен Торғай өңірінің батыр-бектерін, жырауларын, әулие-әмбиелерін, ақын-жазушыларын өзге жұртқа таныту. Торғай жері Шақшақ Жәнібек батыр, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлы тұлғалардың мекені. Өз кезегінде олардың аталған өңірдегі 10 музейін көруге мүмкіндік бар. Мәселен, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейі, Амангелді кентіндегі Амангелді Иманов музейі, Торғай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, «Торғайдың топжарғаны» Нұрхан Ахметбековтің, Шақшақ Жәнібек батыр музейлері сияқты музейлер. Жалпы, Торғай елі, аты Торғай болғанмен, қырандар мекені ғой, мәселен, бір ғана Қызбел ауылынан исі қазаққа танымал 25 академик пен алаштың ұл-қыздары туған екен, бұны біреу білсе, біреу білмес. Ал Көкалат, Аралбай мен Көлқамыстан жалпы саны 60 ақын-жазушы шыққан екен. Бұл мақтаныш па, мақтаныш, әрине, оларды өскелең ұрпаққа осылай насихаттай аламыз. Одан өзге Құтан әулие, Оспанқожа сияқты әулие-әмбиелеріміз қаншама. Одан басқа менің өз ауылым Ыбырай Алтынсариннің кітабына арқау болған Қыпшақ Сейітқұл атамыздың ауылы, Айса Нұрманов сияқты техника жоқ заманда 20 шақырымдық бөгет тұрғызған атамыз да осы ауылдан шыққан, дейді Амандық.
Қысқаша айтқанда, осындай қаншама аталарымызды, жерімізді танытамыз, жалпы барша қазақ даласы сияқты Торғай даласы да тұнып тұрған тарих. Екіншіден, қазір әлемнің сегізінші кереметі – Торғай геоглифтері нақ осы өлкеде орналасқан, аталған геоглифтер дүние жүзінде тек Қазақстанда және Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде кездеседі екен. Сапар барысында міндетті түрде Торғай геоглифтерінің ішіндегі белгілісі Үштоғай төртбұрышына өтеміз. Геоглифтер Қазақстанның басқа да жерлерінде, әсіресе, солтүстік өңірлерде болуы мүмкін, бірақ тың игеру жылдары олар тегістеліп кетті ме деген ойға қаламын. Бір жағынан жеріміздің шалғай болғаны сондай, мұрамыздың сақталып қалуына да әсер еткен сияқты. Үшіншіден, міне, осы шалғайлығымыз Торғай қазақтары тұрмысының бұзылмай, қазақы қалпына сақталуына да септігін тигізді. Егер ол қонақжайлығымызды, нағыз ауыл тұрмысын неге туристер үшін ұсынбасқа, әрине, оны қызмет көрсетуді жақсарта отырып ұсына аламыз ғой. Туристерге зәулім ғимараттар емес, шынайы қазақ салты, өмірі қызық емес пе? Айтқандай, бұрындары, яғни 1990 жылдары ауылымызда 700-750 үй болатын болса, қазір содан қалғаны 70-75 үй және олар қиыншылыққа әбден төзе білген, елден көшпейтін, ертеңіне сенімді отбасылар. Ауылға, елге әр барған сайын риза болып келемін. Неге десеңіз, әр үйге таза суы кіріп тұр, жарығы бар, Отау ТВ қосулы, мектеп, аурухана, дәмхана, дүкендері жұмыс істеп тұр. Әрбір үйдің ішінде туалет-ваннасы, ауласында бақшасы тағы бар, әрине, әр үйдегі қолдағы малды қоспағанда, деп өз ойын сабақтаған Амандық, сіз елге келген кезде бірден баяғы балғын балалық шағыңызға күмп ете қаласыз, қанша жолдан шаршап келсеңіз де біз қызықты әрі қонақжай қазақ ауылының көрінісін, салт-дәстүрі мен тұрмысын көрсетеміз. Мәселен, туристер киіз үй құрып, қырға шығып, балық аулап, атқа мініп, таң-тамаша болады, өзіміздің дүкеніміз бен дәмханамыздан қосымша қызмет те көрсетеміз. Құмкөшу атты құмымызға аунаймыз. Төртіншіден, Торғай жерінде «Алтын дала» мемлекеттік резерватының мынадай үш учаскесі орналасқан: ол «Тосынқұм» және «Сарықопа», сондай-ақ «Ұлы жыланшық» болып бөлінеді, әзірге біздің базамызға ең жақыны «Ұлы Жыланшық» учаскесі және «Сарықопа» учаскесінің шетінен өтеміз. Мәселен, «Ұлы Жыланшық» учаскесі дала еркесі – киіктердің Батпақдала атты популяциясының төлдейтін және жайылатын жері. Сондай-ақ, аталған жерлерде құстар мен аңдардың және өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері бар. Атқандай Торғай қолаты Сібірден оңтүстікке, яғни құстардың жылы жаққа өтуінің нағыз ортасы, осы жерден құстардың 90 пайызы өтеді. Аталған жерлердің флорасы мен фаунасы ғана емес, жер бедерінің өзі әр 20 шақырым сайын өзгеріп отырады. Мәселен, Көкалат ауылынан «Ұлы Жыланшық» учаскесіне дейінгі 80 шақырым біресе құмды, біресе сазды, енді бірде шөлейтті, тағы бірде ақселеулі болып тұрады. Сонымен бірге, Торғай және Қабырға өзендері бойынан естен кетпес балық аулау сәті де туристердің жадында қалуы тиіс, деп оқырманды қызықтырып әкетеді.
Мәселен, Еуропадағы бірнеше мемлекеттен тұратын Бенилюкс құрамасының аумағында 30 млн. адам тұратын болса, біздің Торғай жерінде бар болғаны 80 мың адам тұрады. Шын мәнінде жеріміздің құпиясын өзіміз де біле бермейміз. Мысалы қазақ даласында кездесетін сағымның түнгі сағым деп аталатын түрі тек Торғай жерінде кездеседі. Бесіншіден, қазақ асханасының тағамдарынан дәм тату, яғни, қонақтарға бұқпа, қазақша ет, қымыз, қымыран, бауырсақ, жент, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдарын жеп, қажет болса олардың дайындалуын көрсету және өздерін де қатыстыру. Әрине, әлі де айтуға болар еді, бірақ ең басты деген бес бағытын қамтуға тырыстым деп ойлаймын, деп түйіндеген Амандық Қорғанұлы Торғай өңірінде 10 музей жұмыс істейтіні белгілі, біз сол музейлердің басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, деп атап өтеді. Мәселен, Амангелді музейінің директоры Кәмшат Әбжановамен, кезінде Өзбекәлі Жәнібеков негізін осыдан 40 жыл бұрын қалап кеткен Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі» музейінің директоры Гүлбану Елтебаевамен, Торғай қаласындағы Музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекемен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Обалы нешік, жету қиын болғандықтан аталған музейлерге кейде кеш баратынымыз бар, сонда әдейі алыстан келгендігімізді ескеріп, кеш болса да музей есігін ашып, қызметтерін көрсетеді. Әрине, материалдық-техникалық жаңғыртылуы облыс мәдениет басқармасының қарауында, бірақ оларды шашау шығармай әрі бірегей жәдігерлермен толықтырып отыру жанқиярлық іс, деп бағалаймын.
Біз әзірге бұл әлеуметтік жобаны өз қалтамыздан қаржыландырып отырмыз, деген Амандық мырза сапарлаушыларға қатысты айтатын болсақ, олар жолға төзе алатын, экстремалды туристер болуы керек, деп байлам жасайды. Өйткені, біз кем дегенде 4-5 күндік тур болғандықтан мәселен бірінші және соңғы күні көлікпен 300-350 шақырым қашықтықты жүреміз. Сәйкесінше ұзақ жолға және нағыз қазақ қонақжайлығына дайын болуы керек. Нағыз қазақ қонақжайлығы деп отырғанымыз, таң атқаннан кешке дейін ет жеу мен қымыз ішуден шаршап қалмаңыз дегім келгені ғой, әзіл әрине! Жоспарымызға қатысты айтатын болсақ, әлі де кеңейіп, киіз үйлер қалашығын құрып, кемпинг салып, аң-балық аулайтын база салып не сатып алып, қызмет сапасын арттыру. Әрине, турист дген өте кірпияз жан ғой, сәйкесінше оның асы, демалатын орны, жол көлігі және тағы басқа да жайттардың бәрі қатаң ескерілетін болады. Себебі қауіпсіздік мәселесі жалпы бірінші жолда тұрады. Әр турист біздің көз алдымызда болады, міне сондықтан да біз қаптаған туристер емес, шағын 8-10 адамнан тұратын топтарды ғана апарамыз. Кейде қызмет көрсетушілеріміз саны олардан да көп болады. Ал ауылда оларға киіз үйде не қонақ үйде тұру еркіндігі беріледі. Қалаларда сәйкесінше қонақ үйлер екені тағы түсінікті ғой, ал жол бойы тоқтайтын жерлеріміздегі дәмханалармен жұмысымыз жолға қойылған. Мәселен, таңғы алты жарымда Арқалық поезынан түсетін туристерімзді таңғы жетіде таңертеңгі асы күтіп тұрады. Жалпы, ішкі турист пе сыртқы турист пе, олардың бәрі ел экономикасына қаржы құяды ғой, сондықтан өз басым оларды бөлмеймін, әрине белгілі бір уақыттан кейін шетелдік туристер де келе бастайды. Айтқандай сайтымыздың ағылшынша нұсқасын да іске қостық. Әрине, қазақша және орысша нұсқалары да жұмыс істеп тұр. Бұл ретте, тағы айта кететін жай, біз әлеуметтік желілерді өте тиімді және жиі пайдаланамыз.
Осы орайда жол және инфрақұрылым деген екі түйткілге тоқталған Амандық баға саясатындағы бір кедергіні көрсетеді, ол – қызмет көрсетуші ұйымдардың тек жазғы мезгілде жұмыс істеп, қысқа уақыттағы шығындарын жазғы демалыс есебінен өтеуге тырысуы. Бұл, әрине, қате бағыт. Оның есесіне қысқы қызмет түрлерін ұсыну қажет, мысалы, Азия елдерінде өмірінде қар көрмеген ондаған-жүздеген миллион адамдар бар, міне соларды алып келіп, чартерлік рейстер ұйымдастырып, қызмет жасау қажет. Бұл да бір қызығы мен шыжығы көп сала, егер өзіңіздің ісіңізді ұнататын болсаңыз, одан ләззат алатын болсаңыз, мұнымен айналысу керек. Елімізде қаншама құпиясын ашпаған жерлер бар. Міне, оларға баруымыз және оларды көруіміз қажет, деп түйіндейді Амандық Әмірхамзин.
Оймақтай ой ретінде айтарымыз, біз қасиетті жерлеріміздің мәдени-географиялық белдеуін қалыптастыру жөнінде қолға алынып жатқан осындай баянды бастамаларға дер кезінде үн қосып, қолдауымыз қажет, өйткені тарихи жады – ұлттық жаңғырудың түйінді тетіктерінің бірі.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ кафедра меңгерушісі