Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы өз Жолдауында да білім саласына ерекше баса назар аударды. Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басып, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқанына тоқталып, жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертіп жатқанын атап көрсетті.
Сондай-ақ жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдағанымызды еске салған Президент, алдымызға дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойып отырғанымызды айтты.
Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткеніндей, елімізде білім берудің жаңа сапасына барынша назар аударыла береді.
«Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты» деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады.
Бүгінде еліміздегі мектеп оқушыларының жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін еске салған Елбасы оны төмендету керек екеніне назар аударды. Сондай-ақ барлық өңірдегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек екенін, бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектесетінін атап өтті.
«Қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» екеніне тоқталған Мемлекет басшысы орыстілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажеттігін айтты. Осы орайда соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылғанын да тілге тиек етті.
Тобыл-Торғай-ақпарат
фото — pandaland.kz