Қарапайым ауыл баласының академик, мемлекет және қоғам қайраткерлігіне дейінгі жолды жүріп өткен ұстаздарымыздың бірегейі – даңқы дүниежүзіне мәлім абзал азамат Кенжеғали Сағадиев ағамыз мерейлі 80 жасқа толып отыр.
Алып адамның бүкіл сексен жылдық ғұмырын қысқаша көктей шолып шықсақ, ол былай шығар еді: орта мектепті бітірген соң, Алматыға жетіп, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Асқар Закаринге кіріп, жағдайды түсіндіреді. Мектепті күміс медальға бітіргенін айтып, Экономика-философия факультетіне емтихансыз қабылданады.
Үшінші курста екінің бірінің қолы жете бермейтін Ленин стипендиясына ілігеді. Университетті бітірген соң, осы оқу орнына сабақ беруге қалдырылады. Бірнеше жылдан соң, Мәскеудегі А.Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтында аспирантурада білімімін шыңдайды. Кейін докторлық диссертациясын да Мәскеуде қорғайды. Алматыдағы «Нархозда», кейінгі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде он жыл бойы бірінші проректор қызметін атқарады. Одан кейін екі рет республикамыздағы институтқа басшылыққа шақырады, алайда өзі ыңғай бере қоймайды. Содан, үшінші рет Қазақстан компартиясы орталық комитетіне тағы да шақырып алып, «Целиноградтағы ауылшаруашылық институтына барасыз» дейді. Сөйтіп, Целиноградқа келген Сағадиевтің бастамасымен сексенінші жылдары Кеңес Одағы бойынша ашылған алты биотехникалық орталықтың бірі 1985 жылы осы Целиноград ауыл шаруашылығы институтында құрылады. Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл Туды кеңестік Қазақстан тарихында жеңіп алған екі институт қана болса, соның бірі – Кенжеғали Әбенұлы басқарған Целиноград ауыл шаруашылығы институты болады. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Алматыдағы Жоғары экономика мектебінің негізінде елімізде жаңа дами бастаған бизнестің мамандарын даярлау үшін Халықаралық бизнес университетін құрады. 2001 жылы осы Халықаралық бизнес университетіне президент болып сайланғанға дейін, бұрынғы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық және Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институттары бірігіп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып қайта құрылғанында, соған ректор болады. Осы іргелі екі жоғары оқу орындарын бірегей білім ордасына айналдырып, оқу үрдісін түбегейлі заманға сай жаңартады. Кембридж өмірбаяндық орталығының «Жыл адамы – 1992» атағын алады. Ұлттық ғылым академиясының президенті болып қызмет атқарады. Парламент Мәжілісінің екі мәрте депутаты болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы халықаралық деңгейдегі университет құру туралы жобасына бастамашылық етіп, соған орай Астана қаласында 2010 жылы Назарбаев университеті ашылады. Назарбаев университетінде жасалған алғашқы қадамдар мен ғылыми ізденістер болашақта бұл оқу орнының да атағы мен абыройының дүниежүзіне жайыларына сендіреді. 2012 жылы Кенжеғали Сағадиев Ұлттық технологиялық даму агенттігінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылды. Бұл агенттіктің негізгі қызметі – ел экономикасының жаңа салаларын инновациялық жолдармен күшейте отырып, оның шикізатқа байланысын азайта түсу және индустриялды мемлекет құру жолындағы осыған байланысты мәселелерді шешу. Кенжеғали Әбенұлы бұл қызметте де аянбай еңбек етіп, отандық ғылыми-техникалық дамуға үлкен үлес қосты.
Кенжеғали Сағадиев – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының және Пәкістан ғылым академиясының академигі, АҚШ-тың Нью-Йорк академиясының мүшесі және Халықаралық жоғары мектеп академиясының толық мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. Қазақстан Республикасы үшінші және төртінші шақырылған Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды, оның Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды.
Кенжеғали Әбенұлы мұндай биік деңгейге өзінің кейінгі талай ұрпаққа өнеге боларлық сирек таланты мен тынымсыз еңбекқорлығының, энциклопедиялық білімінің, ерекше ақыл-парасаты мен іскерлігінің арқасында қол жеткізді. Ол кісінің еңбек жолы мен шығармашылық қызметі талай рет бұқаралық ақпарат құралдарында, энциклопедиялық анықтамалықтарда және биографиялық очерктерде жарияланды. Ғалым-ұстаздың ерен еңбектері дер кезінде ескеріліп, жоғары бағаланды. КСРО Жоғары Кеңесі президиумы жарлығымен 1971 жылы 15 наурызда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1987 жылы 7 маусымда «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Сондықтан біз бүгін ғалымның егемен еліміздің жаңа тұрпатты экономикасының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, экономика саласындағы елеулі еңбектері туралы кеңірек айтуды жөн көрдік.
Кенжеғали Сағадиев еліміздің Жоғары заң шығарушы органы – Парламент Мәжілісінің депутаты болып екі мәрте сайланды. Осы кезеңде ғалым бюджет жүйесін өркендету және оның тұрақтылығын дамыту мақсатында көп еңбек етті.
Экономика ғылымының сардары деген атқа әбден лайық Кенжеғали Әбенұлы елімізде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің тиімділігі мен көлеңкелі жақтарына жүргізген сараптамасымен баспасөз беттерінде сөз алды. Ол өз мақалаларында Дүниежүзілік сауда ұйымы тәртібі бойынша сауда режимін ырықтандыру елімізге, әсіресе ауылдық тауар шығарушылар үшін қауіпті екенін ескертті. Сонымен қатар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты беделді халықаралық ұйымға енуін қолдап, республиканың дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің үкіметтік дайындық шараларын талқылауға, басқа елдермен келіссөздер жүргізуге қатысты.
Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мәселесіне елімізде алғашқылардың бірі болып көңіл аударып, оның өсу факторларын, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, экономикалық, тіпті бәсекеге қабілеттіліктің әлеуметтік және адамгершілік жақтарын дәлелдеп, осы тақырыпқа отыздан астам зерттеу жұмыстарын арнаған ғалым – тағы да біздің ұстазымыз Кенжеғали Сағадиев екенін біз мақтанышпен айтамыз. Қазақстан экономикасын жаңғыртудағы өткір мәселелерді зерттеудегі жүйелі де ұзақ еңбегі оны үздік ғалым-реформаторлар қатарына шығарды. Академиктің билік орындарына жіберген хаттары мен солар бойынша ресми Халықаралық бизнес университеті – еліміздегі дамып келе жатқан бизнеске мамандар даярлау үшін құрылған жекеменшік жоғары оқу орны. Оның классикалық университеттерден ерекшелігі – экономикалық тәжірибемен тығыз байланыс, нарық сұранысына жедел көңіл бөлу, экономика реформаларының құбылысына сай оқу жоспарларының икемділігі. Университет қабырғасынан шетел тәжірибесімен жақсы таныс, өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті, компания, фирма және басқа жеке жобаларды басқара алатын менеджер-мамандар шыға бастады. Университет түлектерін көптеген фирмалар мен компаниялар қуана жұмысқа алып жатыр. Білім ордасында мамандық иелерін шетелдік университеттермен қарым-қатынас жасай отырып оқытады, бакалавриат, магистратура және философия докторларының (PhD) бағдарламаларын табысты іске асыруда.
Кенжеғали Әбенұлы 2009 жылдан бері Елбасының тапсырмасы бойынша индустриялды-инновациялық Қазақстанды қалыптастыру мақсатында құрылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қалыптасып, дамуына да басшылық етіп келеді. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті – еліміздегі дамып келе жатқан ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлау үшін құрылған жоғары оқу орны. Бұл университет – шетелдерде тағлымдамадан, яғни Германияның ASIIN аккредитиялық агенттігінің Институциялық аккредитациясынан өткен Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз білім ордасы. Мұнда өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті және өз саласында жеке жобаларын жүзеге асыра алатын мамандар даярлайды. ХАТУ студенттері әлемдік стандарттарға сай шетелдік әдістемемен оқиды. Олар – компьютерлік технологияларды жетік меңгерген алдыңғы қатарлы, озық ойлы жастардың өкілі, егемен еліміздің таңдаулы зияткерлері. Студенттерге қатаң сынақтан өткен және Carnegie Mellon университетінен сертификат алған, білікті ұстаздар дәріс береді. ХАТУ wiki порталын қазақстандық мазмұнмен толтыруға белсенді қатысты. «КазКонтент» АҚ және WikiBilim қоғамдық қорымен бірге қазақ тілінде 125 мыңға жуық мақала салынды. Мысалы, білім ордасында бакалаврлар, магистранттар және докторанттарды ағылшын тілінде даярлау бағдарламалары, қос дипломдық, бакалаврлар және магистрлар даярлау іске асырылып, АҚШ-тың Carnegie Mellon университетінің білім берудің ең үздік бағдарламалары мен әлемдік тәжірибесі бар IСarnegie-мен тығыз ынтымақтастықта еңбек етіп келеді. Университеттің серіктестері: Малайзияның жетекші IT университеттері – University Kuala Lumpur, Limkokwing university, University Tenaga national, University Technology Mara, MMU және әлемнің тағы басқа да университеттерімен келісілген бағдарламалар іске асырылуда.
Кенжеғали Әбенұлы 2012 жылы Ұлттық технологиялық даму агенттігінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылды. Бұл агенттіктің негізгі қызметі – ел экономикасының жаңа салаларын инновациялық жолдармен күшейте отырып, оның шикізатқа байланысын азайта түсу және индустриялды мемлекет құру жолындағы осыған байланысты мәселелерді шешу. Кенжеғали Әбенұлы бұл қызметте де аянбай еңбек етіп, отандық ғылыми-техникалық дамуға үлкен үлес қосуда. Экономист реформатор ғалымның Тәуелсіз Қазақстан экономикасының дамуына қосқан теориялық-практикалық үлесін Елбасы жоғары бағалап, «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапаттады.
Академик Кенжеғали Сағадиев – экономика ғылымдарының 33 докторы мен 44 кандидатын тәрбиелеген кемел ғалым. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстан мен шет елдерде тбысты еңбек етуде. Сол шәкірттерінің бірі ретінде Кенжеғали Әбенұлын рухани әке тұтсам, ал ол мені туған баласынан кем көрмейді. Ылғи да маған ұстаздық һәм әкелік ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. «Болмасаң да ұқсап бақ бір ғалымды көрсеңіз» деп хакім Абай айтпақшы, өмірде де, ғылымда да сол кісіден көп тәлім-тәрбие алып келемін. Басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілет-қасиеттерді де сол кісіден үйрендім. Нағытай анамыздың қолынан дәм татып, Нұрлан, Ерлан, Ерболдармен тай құлындай тебісіп бірге өстік, білім нәрімен қатар сусындадық. Қазір туған бауырлардай араласып тұрамыз. Нұрлан да, Ерлан да әке жолын қуып, ғылым жолына түсті. Ерлан – Білім және ғылым министрі. Екеуінің де есімдері елге белгілі. Ербол жеке кәсіпкерлікпен айналысады. «Немере балдан тәтті» демекші, Кенжеғали Әбенұлы мен Нағытай анамыз қазір оншақты немере мен шөбере сүйіп отыр. Берекелі шаңырақ, мерейлі отбасы деп осындай әулетті айтса керек.
Тарихы тереңдегі көне Торғай елінің тумасы, оқымысты, ойшыл, кемел тұлғалы азамат Кенжеғали Сағадиев – сол өңірден шыққан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған текті тарландардың заңды жалғасы. Ата тегінен тамыр тартсақ, Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тегімен жалғасып жатыр. Бала кезінде «Ахаң деген ол кім, әке?» деп сұрағанында, «Жарықтық Ахаң, бүкіл қазақтың, бүкіл Алаштың Ахаңы ғой! Балам-ау, мен білетін арғы-бергі қазақта Ахаңнан артық кім дүниеден өтті екен?! Заман түзелер, уақыты да келер әлі! Сен де өсерсің! Ахаңның қандай адам болғанын толық білерсің әлі! Ұлым, сен осы Ахмет атаңдай болсаң, арманым болмас еді» деген екен әкесі Сағади. Кенжеғали Сағадиевтің әлем таныған білікті ғалым әрі қайраткер болып қалыптасуы – сол аңызға айналған абыз тұлға Ахмет Байтұрсынұлындай болсын деген дуалы ауыз әкенің кіршіксіз тілегінің айдай қабыл болғаны емес пе?!
Дамир Шыныбеков,
Халықаралық ақпараттық технологиялар
университетінің ректоры,
экономика ғылымдарының докторы
aikyn.kz
Кенжеғали ағамыз жасай берсін!
Кенжеғали Әбенұлы, мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Ауырмаңыз,еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіз!