Қазақтың Қойшығарасы

Қазекем өмірге ұл келсе, «қой­­шы» келді деп сүйінші сұрап жа­татын. Сол ырымды ұстанған Қой­шекеңнің ата-анасы Алланың ұл бергеніне шүкіршілік жасап, аман-есен қарайып жүрсе екен деп баласының есімін Қойшығара қойған секілді. Олардың үміті ақталып, Қой­шекең алдымен жас та болса ауыл азаматы қатарына қосылды. Одан соң университет бітіріп, та­нымал журналист болды әрі жазушылықты қатар игере жү­ріп, біраз кітаптың авторы да атанды.

Жазу-сызуға төселген қалам­гердің қазақ тарихы жайлы жа­зылған алғашқы «Алтын тамыр» деген туындысының өзі зор резонанс тудырды. Тіпті, Елбасына дейін сұратып алдырып оқыған кітап екенін ұмытқан жоқпыз. Содан бастап соңғы шыққан «Қып­шақтарға» дейінгі 30-ға жуық еңбегінде, ел есінде жоқ ескі замандардан қалған аңыз әңгімелер мен мифтер жайлы, көне түркі тарихынан қа­зақ жұр­тына дейін қопара зерттеп, талай тұманың көзін ашты.

Қойшығара Салғараұлының: «Ендігі жерде тарихты жаңа көз­қарас тұрғысынан қарастыру керек. «Адамзат тарихын тара­зылағанда міндетті түрде түрік тарихымен байланыстырмай қарау – мүлде қате» деген концептуал­ды тұжырымы отандық, тіпті әлемдік тарихшылардың өзін ғылыми пікір­таласқа шақырып тұр­ған жоқ па?! Мұндай батыл тұжырымды дүниелік тарихты терең білетін, оның ішінде түркі тарихын түгел зерттеген ғалым ғана осылай айта алса керек.

Әрине бұл мәселе бұрын мүлде зерттелмеген деуден­ аулақ­пыз. Алаш арыста­ры кезінде жазды. Басқа тарихшылар да айт­қан болар. Бірақ олардың көбісі бү­гінгі оқырманға түгелдей жет­кен жоқ. Ал тәуел­сіздіктен соң­ осыны біреу қозғау керек еді,­ оны қазақтың қабырғалы қалам­гері – Қой­шығарасы айтты. Ұлт үшін әр қазақ зиялысы осы­лай адал іс атқарса, шіркін, біздің ел өзге жұрт алдына баяғыда түсер ме еді.

Көпшілік Қойшекеңді жүзі жылы, мінезі жұмсақ жан деп таниды. Менменсіген тұ­сын көр­ген емеспіз. Елестете де алмай­сың. Ен­ді тындырған ісі ірі екен. Көшкінші халық­тардың ежелгі тұрмысынан бастап, көне тарихымызды тұтастай алып қарауды мақ­сат етіп қою – батырлық емей немене?! Ең негізгісі сол – автор мақсатына жеткен. Сон­дықтан ол қандай мадақ пен марапатқа бол­сын лайық. Оған автордың жазушылық-жур­налистік қабіле­ті мен зерттеушілік ыждағаты көп­ көмегін тигізген тәрізді.

Алдына айнымас мақсат қой­ған автор атынан ат үркетін бұ­рын­ғы зерттеушілердің сая­си­ланған сүрлеуіне түспей, көш­­­кін­ші­лердің атам заман­нан қалыптасқан өзін­дік та­би­ға­ты, болмысы, тыныс-тір­ші­лігі тұр­ғысынан келіп, мифо­ло­гиялық, хро­но­логиялық, ге­­­­­но­­логиялық (ДНК), линг­вис­­­ти­калық дереккөздерге сүйене отырып пайымдайды. Зерт­теу жұмысының осындай мето­дологиялық әдіс-тәсілі өз же­­місін берген. Оның үстіне тарихи жазбаларға тән қасаң тіл­ден гөрі көркем шығарма се­кілді жеңіл оқылады. Тек қытай мұрағаттарында сақталған де­рек­көздерге көбірек сүйеніп жа­зылғандықтан, адам есімдері мен жер-су аттарын есте сақтау қиын. Әрине бұл «жоқ­қа жүйрік жет­пейдінің» кесірі. Сол сияқ­ты еуроцентристік көзқарас тұр­­­ғысынан жазыл­ған бұрынғы зерт­теулердің сол тұстағы саясат ығынан аса алмағанына көзі анық жеткен автор бұған дейін қа­лыптасқан таптаурын жолдан саналы түрде бас тартады.

Ол «Ежелгі түріктер» деген еңбегінде түркілердің түп-төр­кіні, шыққан тегі – кезінде гректер «скиф», парсылар «сақ», қы­тайлар «сәй-жін» атандырып, осы аттармен тарихқа енген ха­лық­тардың түп-төркінімен та­мыр­лас, ортақтас деген тұжы­рым жасайды (Астана: Фолиант, 2012, — 188-б.). Соған орай адамзат баласының нәсілін кескін-кей­піне қарай бөлгенде ежелгі түркілерді монголоид типіндегі тайпаларға жатқызу да қате тұ­жырым деп ескертеді.

«Ежелгі түркілер еуро­поид­тық нәсілге жатады. … Ал қазіргі ғы­лымда қазақ халқы­ның кескін-кейпін жатқызып жүрген «Тұ­ран», болмаса «оңтүстік сібір» деп ата­ла­тын антропологиялық тип кейінгі мың­жылдықтардың же­місі» деп ойын анық айтады. (Сонда, 189-б.).

Бұл пікірдің дұрыстығын қазір өзге ға­лымдар да дәлел­деп жатыр. Мысалы, осы орай­да «Айқын» газетінде «Бабалары­мыздың бет әлпетін білеміз бе?» деген танымдық мақала жа­рия­ланды (Қ. Төрежан, 2014, 1 сәуір). Онда: «Жақында ресей­лік антрополог ғалымдар Батыс Қазақстан облысындағы Қос­құдық қорымында біздің дәуірі­мізге дейінгі төртінші мыңжыл­­дықта жерленген адамның бас­ сүйегі арқылы оның бет әл­пе­тін қалпына келтірді. Бұл жұ­­мыстармен айналысқан ға­лым­дар «қазіргі қазақ жерін мекенде­ген ежелгі көшпенділердің бет пішіндері еуро­палықтарға ке­леді» деген тұжырым жасап отыр» делінген. Біздің зерттеу­шіміз ондай шешімге бұдан әлде­қайда бұрын келгеніне – жо­ға­рыдағы сілтеме бұлтартпас дәлел.

Бұрын жарық көрген әртүрлі еңбектерде әрқилы баяндалатын тарихымыз жайлы үзік-үзік болжамдардың басын қоса алмай, оған деген қызығушылығымыз су сепкендей басылатын. Әрі қарай зерделеп оқуға бет­тей алмай, тосырқаған аттай болдырып орта жолда қалатын едік деп кейіген автор: «… қазақ хандығы бө­лініп шығып, өз алдына отау тіккенше,  бұл өлкені тұрақты мекендеген еш­қандай тұрғылықты жұрт болмағандай, кілең тағдыр толқынында бір-бірін ығыстыра сапырылысқан түрлі халықтар сәтіне қарай сәл тұрақтап, ерулеп өтіп кете берген-ау деп ойлауға мәжбүрсің», дейді.

Алайда, осы жерден табылған архео­­логиялық қазба мұралар да, халықтың ауызша тарихы – шежіре-аңыздар да, сондай-ақ сонау ескі замандардан үзілмей жалғасын тауып, сабақтасып келе жатқан олардың салт-дәс­түрлері мен әдет-ғұрыптары да бұл далада, кімнің қалай айт­қанына қарамастан, түркі халқы ұрпақтарының сонау ескі замандардан бері ғұмыр кешіп келе жатқанын дәлелдейді («Ежелгі түріктер», 22-б.).

Бұдан әрі: «VІ ғасырда ша­ңырақ көтерген атақты Түрік қа­ғанатының тарихына барынша байыппен зерделей үңілген жөн. Өз заманының заңғар ой­лы билеушісі болған Бумын (Момын) қағанның төңірегінде тең­десі жоқ қуатты мемлекет құруға бағыт алғанда оны басқа емес, неге «Түрік» деп атау­ды қалағанын пайымдауға мүм­кіндік туады. Өйткені Бумын қаған өздерінен бұ­рын бір кезде төңірегіне түгел билік жүр­гіз­ген әйгілі түрік деген атақты мемлекет бол­ғанын жақсы біле­ді. …Бумын өзін сол ежелгі түрік­тер­дің ұрпағымын деп санауы да бек мүмкін ғой. …Осыған орай жыужандар бодандығында жүдеп-жадап жүрген тү­ркітектес тайпалардың (халықтардың) ба­сын бір шаңырақ астына бі­ріктіріп, азаттық әпе­руді көзде­генде Бумын жұрттың сол бір даңқт­ы елдікті, қаһармандық ер­лікті аңса­ған арман-аңсарын ескеріп, соған сай осы ежелгі түріктердің атақ-даңқын қайта жаң­ғыртып, біз де осындай ел боламыз деп, оны халық рухын көтеріп, азаттыққа құл­шынуға пай­да­ланған», деп тұжырым жасайды.

Сол сияқты қытай жазба­ларындағы аңыз­дар дерегіне сүйе­ніп, Ашынаны «түрік­тер­­дің түп атасы» деп жүрген тұ­­жы­рымның қа­те екенін, «ашы­наның» бар-жоғы ежелгі түркі­лер­дің «бұрынғы», «әуелгі», «ал­ғашқы» деген ұғымды білдіретін қара­пайым «ашнұ» («ашынұ») деген сөз екенін, соған орай рес­­ми тарихта қалыптасқан «аши­на түрік» тір­кесінің ма­ғы­насының да «бұрынғы тү­рік» немесе «Әуелгі түрік», бас­қаша айтқанда, «Бірінші Шы­ғыс Түрік қағанаты» деген ұғым­­ды білдіреді деген тосын тұ­жырым жасайды. Осылай Түркі атауының VІ ғасырдан да бұрын бар, ежелгі атау екеніне көптеген дәлел келтіреді.

Ғалымның өзіндік пікірлері мен батыл бол­жамдарына қо­са, оның қазіргі қазақ тарихын зерттеушілерге қарата айт­қан орынды уәждері мен өткір сындары – негізінен тарихты ендігі жерде жаңа көзқарас тұрғы­сынан қарастыру керек деген ұс­­танымынан туын­дайды. Осы бір өзекті мәселені жеріне жет­кізе жазып, көпшіліктің көкейіне құйып бе­руі – жазушылық қарым-қабілетіне байланысты, әрине. Оқырман көкейінде титтей де болса күмән қалмас үшін негізгі ой­ды аталған еңбектердің әр тұс­тарында қай­талап пысықтап отыру әдісін автор әдейі пай­да­ланғанға ұқсайды.

Тарихты терең зерттеу бар да, оны көп­шілік тұшынып оқи­тындай етіп жазу бар. Осы екі­ қасиет бір кісінің бойына­ тоғысса, нұр үстіне нұр еке­ніне тағы бір мысал: Исай Калаш­ни­ковтің «Жестокий век» шығармасының қолдан түс­пейтіндігі, оқыр­манды баурап ала­тын құдіреті осында. Сол сияқты Қойшекеңнің де қалам тербесі еш­кімнен кем емес. Та­рихи оқиғаны көз алдыңа елес­тетіп, сол кезеңнің көрінісін дәл бере ала­ды: «Биік алаң – Шытқа ор­наласқан хан ор­дасы» деп бас­талатын сөйлемдегі «шыт» сөзін зерттеуші түгіл жазушылардың өзі сирек қолданады немесе «Кең жозының үсті ұлт­тық та­мақ­қа толы» дегендегі «жозы» сө­зі­­нің өзі оқырманды кәдімгідей ой­лантады.

Ебе-абыз (халыққа қарап): – Уа, халайық! Ханзадамыз хан бол­ды, ел тілегіне сай жан болды. Енді ата-баба дәстүрімен ұлы ханға лайық жаңа есім беруіміз керек. Мен Тәңірі бер­ген аян бо­йынша оның жаңа есімін «Шың­ғыс» деп атадым. Бұл «Тәңірдің күші», «Тәңір­дің жердегі әмір­шісі» деген мағынаны біл­ді­реді. Мүде ханзаданың ендігі аты – Шың­­ғыс. Шыңғысхан».

Әрі қарай автор түркітектес халықтар арасында «Шыңғыс» деген қаһарлы лауазымға ең ал­ғаш Мүде ханзада ие болғанын, бұ­дан кейін бұл лауазымды бес ғасыр өткенде осы халықтың екін­ші бір перзенті Атилла, одан кейін тағы да бес ғасыр өткенде Темужин иеленген еді деген де­ректі алға тартады «Мүде хан» деген еңбегінде (Астана: Сары­арқа, 2011, 173-б.).

Шыңғысхан демекші, Қой­ше­кең өзінің «Мұңғұл мен моң­­ғол және үш Шыңғыс» деп­­ ата­латын кітабында та­лай­ пікір- таласты тудырған қазір­гі моң­­ғолдар мен атақты Шың­ғыс­ханның аражігін ашып тас­тайды. Қа­зіргі моңғолдардың Шың­ғыс­хан за­манының моңғол­да­рына ұқсамайтынын бір­не­ше ғалымдардың жасаған тұжы­рымдары негі­зінде тәптіштеп тү­сіндіреді. Оның айтуы бойынша «Шыңғысхан аталары Ергене-Көң­­нен шыққаннан кейін де олардың елі бірнеше ғасыр бойы қазіргі «моңғол» деген атаумен аталмаған көрінеді. Олар басқа атау­мен басқа халықтардың құ­ра­мында жүрген. Олар тек ХІІ ғасырда Борте-чиноның жиырмасыншы ұрпағы Байшынқор көкжалдың баласы Тумбинай шешеннің жеті ұлының бірі – Кабул қағанның тұсында ғана «Хамаг моңғол ұлысы» («Жалпы моңғол ұлысы») аталған екен.

Ендеше «…ежелгі мыңғұл­дардың тарихы х.э. дейінгі VІІ ға­сырдың аяғынан бас­талып, х.э. кейінгі бірінші ғасырдың со­ңы­мен аяқталады. Ежелгі мұң­ғылдар эт­но­құрамы жөнінен тү­гел­дей түркі текті, тү­ркітілдес халықтарға жатады. Ал кейінгі моң­ғолдардың тарихы біздің жыл санауымыздан кейінгі VІІІ ғасырдан басталып, ХІІІ ғасыр­дың басында шаңырақ көтерген моңғол империясының тарихына жалғасады» (131-б.) деп даулы мәселеге өзіндік нүкте қояды.

Халқымыздың тарихы жайлы жазба деректер – оларды бітіспес жауы, қас дұш­паны санаған отырықшы халықтардың өкіл­дері қалдырған жазбалар екені анық бола бастады. Мұндай деректермен жазылған та­рихтың авторы айтқандай «сыңаржақ» болары, әрине даусыз. Мұнда «көшкіншілер тек тонаушы, қи­­ратушы, кісі өлтірушілер бол­са, отырықшылар пендеге қиянаты жоқ «періштелер» сияқты көрі­­неді» (9-б.) деп кітаптың басын­да оқырманға ой тас­тай­тын ға­лым соңында осы таза қиянат тұ­­жы­рымды теріске шығарып, «адамзат тарихын таразылағанда міндетті түрде түркі та­рихымен байланыс­тырмай қарау мүлде қате» деген пікірін, яғни өзіндік ғылыми концепциясын дәлелдеп шығады.

Зерттеушінің тағы бір артық­шылығы – ха­лық­тық аңыз-әңгі­мелердегі тари­хи деректерді, кө­не шығармалардың шынайы­лы­ғын ғылыми айналымға сәт­ті қосады. Ол «авторы көр­сетіл­меген тарихты «ауызша тарих» дейміз. Оның авторы – халық. Демек, ауызша тарих – халық тарихы. Оған неге се­німсіздікпен қарауымыз керек? Мысалы, ха­лық әнінің ішінде жасандысы бар ма? Әрине жоқ. Сол секілді халық тарихы да міне, осындай. Ендеше, оған деген көзқарас неге керісінше болу керек?» (38-б.) дейді. Өте орынды салыстыруға бірдеңе алып-қосу артық.

Олай болса кешегі қарапайым қазақтың үміт еткен қара баласы талмай талаптанып, табанды ізденудің арқасында бүгін бүкіл қазақ жұртының сүйінетін ұлына, сүйікті Қой­шығарасына айналса, оған неге біз қосылмауымыз керек.

Намазалы ОМАШҰЛЫ,

 Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Материал «Egemen Qazaqstan» газетінен алынды

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *