Қостанай «сұр қалаға» айналып кетпесін

Шындығын айту керек, Қостанайдың әуежайынан немесе теміржол вокзалынан, әйтпесе қалааралық автобекетінен түсе салып мынау қазақтың елі, жері екен деп дөп басып айта қоятындай ерекшеленіп тұрған жағдайымыз жоқ.

 I

«Уақыт – ұлы емші» деген шығыс даналығы. Еліміз егемендік алғаннан бері салыстырмалы түрдегі шамалы кезеңде ұлттық айшығымызды айғақтау, тіліміз, діліміздің оралуы, ұлттық мәдени мұраларымызды жаңғырту сияқты жұмыстар күнделікті өмірімізге сыналап кіріп, күннен күнге орныға түсуде.

Елбасымыз дер уақытында алдымызға үлкен мақсат етіп қойып отырған сара да, дана жол – елдің рухани жаңғыруы шеңберінде біздің алдымызда әлеуметтік маңызы зор жұмыстар күтіп тұр.  Соның салаларының біріне  қалаларымыз бен елді мекендеріміздің тарихи және ұлттық үрдісімізге лайық болуларын да жатқызуға болады деп ойлаймын. Оның ішінде ірілі-ұсақты елді мекеннің қайсысында болмасын оның көшелері мен қиылыстарында, даңғылдары мен орамдарында мен мұндалап тұрған жансыз бейнелер – ғимараттар мен ескерткіштердің мән-мазмұны, ел тарихындағы орны, тағылым-тәрбиелік  мақсаттылығы болса керек. Мынау тіршілігі  қыз-қыз қайнап аласұрып жатқан заманда өз орнымызды белгілеуге жағдайымыз келген шақта  шаһарларымызға шығыстық, ұлттық сән — сипат беру мәселелері мән беруге тұрарлық іс деп пайымдап, осы төңіректе мазалап жүрген ойымды аймағымыздың бас қаласы — Қостанай  мысалында ортаға салмақпын.

Шындығын айту керек, Қостанайдың әуежайынан немесе теміржол вокзалынан, әйтпесе қалааралық автобекетінен түсе салып мынау қазақтың елі, жері екен деп дөп басып айта қоятындай ерекшеленіп тұрған жағдайымыз жоқ. Вокзал алдындағы алаңда Б. Майлин ескерткіші бар, бірақ ол тұғыры аласа орналасқандығынан жұрттың назарын өзіне тарта қоймайды.

Автобекеттің өзі көп жылдан бері шала жансар күй кешіп, енді-енді ғана тамырына қан жүгіруде. Соған қарамастан, қазірдің өзінде республика іші бойынша облыс орталықтарына, астанаға, Ресейдің іргелес қалалары мен алыс шетелдерге ашылған маршруттар бар халықаралық бекетке айналды. Осы автобекеттің батыс жақ бүйірінен алдында субұрқағы (фонтан) қоса салынған Ш. Уәлихановтың ескерткіші тұрса, келген жолаушыларға «бұл ел Шоқан туған ел екен» деген ой салары сөзсіз.

Қаланың халықаралық ғарыштық экипаждар, шетелдік және басқа да биік мансапты маңғаздар, қалталы марқасқалар мен басқа да қасқалары, игі жақсылары келіп түсетін бір қақпасы — әуежай. Өкінішке орай оның алдындағы ат шаптырым алаң «иесіз», таза бос тұр. Кезінде Қобыланды бабамыздың ескерткішін осы алаңға орнату жөнінде ұсыныс жасаған едім, бұйырғаны қазіргі тұрған жер болды. Әуежай алдындағы жан-жағы кең, ашық алаңда «осы жер мен елдің иесімін» деп астында аспанға шапшыған тұлпары, қолында найзасы,  биік  тұғырға орнатылған ұлт айбыны болатын тұлғалардың бірі сес көрсетіп тұрса әбден жарасары сөзсіз. Әрірек бағамдасақ, түбі әуежайдың атын да басқа өркениетті елдердің мысалындай, сол батырдың атына ауыстыруға болар еді. Сол әуежайдан қалаға кіретін даңғылдың «Дормаш» атты шағын зауытқа дейінгі бөлігі атаусыз, ал зауыттан бері қалаға дейін «Дорожная» көшесі деп аталады. Ендеше осы даңғыл басы әуежайдан бастап қалаға дейін тұтастай сол батырымыздың атымен аталса, ешкімнің де таласы туып,  қалпағы қисаймас еді.

Биылғы жылы 100 жылдығы атап өтілгелі отырған «Алаш қозғалысы», «Алаш қозғалысының ерлері» деп аты көпке мәшһүр болған 4-5 қайраткердің төңірегінен шыға алмай жүрміз. Тарихшы, оқымыстылар  түгел аттарын атап білгенімен, олар жөнінде қара халық арасындағы насихат жоқтың қасы. Сондықтан да Қостанай мемлекеттік университеті алдындағы үлкен алаңға орналасқан Ахаң (А. Байтұрсынов) ескерткішінің екі жағынан, қарсы бетіне ол кісімен үзеңгілес болған Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамбетов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Әліби Жангелдин сияқты тағы басқа да алаш ардақтыларының тұтастай галереясын орналастырып, сол көшедегі Гоголь (негізінде татардың Көкілі деген де деректер бар!) мен әл-Фараби көшелерінің арасын «АЛАШ АЛАҢЫ» атауға болар еді.

Ал облыстық әкімдіктің алдындағы өткен жылдары кеңейтілген орталық алаңға «ДАҢҚ АЛАҢЫ» деп ат беріп, оған Қобыланды бабамыздан бастап Шақшақ Жәнібек, Жабағы, Тұрсынбай, Маңдай, Иман, Жәуке, Шәкір батырларымыздың, ортасында атақты ғалымдарымыз Манаш, Шайсұлтан, Өмірзақ, қоғам қайраткері Ілияс, өнер тарландары Серке, Қапан, Елубай ағаларымызға дейін ескерткіштерін (бюсттерін)  орнатса тағылымдық үлкен шаруа болар еді.

Оның сыртында қостанайлық Кеңестер Одағының Батырлары мен тың көтерілгеннен бергі уақыттағы Ж. Демеев, А. Исақов, М. Яровой, Н. Сәндібеков, Қ. Шәмшиев, Т. Тілеулин, көздері тірі С. Қасқабасов, К. Дөненбаева, В.В.  Сидорова,  А.В. Кузьмина және т.б. аттары аталмай қалған ерлеріміздің, сол сияқты соғыстан кейін елді аяғынан қою кезінде мал шаруашылығын көтерген торғайлық,  амангелділік,  әулиекөлдік шопандар сияқты жаңа заманғы С. Боқанов, В. Двуреченский, Б. Князев пен  А. Тұрсынов сияқты Еңбек Ерлеріміз бар! Олардың өзі бір аллеяны алып тұрар еді.

Қала әкімдігінің қарсысында, екі қонақүйдің ортасындағы скверді Таранның ескерткішіне дейін Қостанай қаласының құрметті азаматтары атағын алған, бүгінде дүниеден өткен жандардың ескерткіш-бюсттерімен көркейтіп қойса қайтер еді (аспаннан түскендей болып бір түнде пайда болған Пушкин ескерткішін тіпті болмаса Полиция департаментінің алдындағы өзінің атындағы көшенің басына ауыстырса да)?

Әрине, бұл айтылып отырғандар бір-екі жылдың ішінде орындала қоятын ауқым емес, сондықтан да қаланың бас сызбасынан орын алып, болашақта саты-саты бойынша жүзеге асыруды міндет қылып қойса нұр үстіне нұр және ол келешек ұрпаққа бізден лайықты да көрнекі мұра болып қалар еді. Себебі, осының бәрі келешек ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор дүние деп есептеймін. Күнделікті көз алдында тұрған тас бейненің өзі кейінгі жастардың «Бұл кім?» деген сұрағына жауап беріп, саналарына сіңіре беретін ұлттық тәрбиенің көрнекі үлгісі болары сөзсіз. (Бәленбайға ас беріліпті деп қыруар ақшаны ішіп-жемге шашқанша, осындай мақсатқа жұмсаған дұрыс шығар!).

Сол сияқты қаламызды абаттандыру бағытындағы бірқатар «әттеген-айларға» тоқтала кетсек — қаланы қақ жарып өтетін кең Абай даңғылының Баймағанбетов көшесімен түйісетін айналма алаңқай (кольцо) Абай атамыздың ескерткішін орнатуға өзі сұранып тұрған жер. Ол алаңды қазір қаланың таңбасы орнатылған ашақай-ұшақай алып тұр, негізінде ол таңба қаланың ішінде емес, қалаға кіре беріске орналасса керек.

Сонымен бірге, Рудныйдан келер кіре берістегі Амангелді ауылы (Краснопартизан) мен құс фабрикасына бұрылатын жерде жол айналма (кольцо) болуы қажет деп ойлаймын. Себебі, қазіргі қалпында бұрылыстары сырттан келгендерге түсініксіз, нағыз апатқа соқтыратын жайда тұр және соқтырып та жүр.

Ал сол жерден сәл әріректе жол жиегінде тұрған Қостанай қаласының белгісін, қаланың қазіргі шекарасы – Қонай ауылының тұсынан гүлмен безендірілген айналма жол жасап, соның ортасына әкеліп қоюға болар еді.

Сол сияқты, қаламызда  бой көтерген қазақ театры мен Халық банкінің тасасында қалған «Тың игерушілер» композициясы облыс тарихының бір парағы ретінде халықаралық Екатеринбург-Алматы трассасының Қостанайға Федоров ауданы жағынан келетін кіре берістегі жол айрығына орналасса, Ресей жақтан келген жолаушыларға бұл тың игерушілер елі екенін ашып тұрар еді.

Адам баласы үшін анадан қымбат, анадан асыл ештеңе жоқ. Егер қаламыздағы алаңдардың біріне XX ғасырдың әлемдік деңгейдегі атақты жазушыларының бірі Ш.Т. Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» туындысы бойынша АНА бейнесін сомдаған үлкен монумент орнаса, оны қоршай бесік тербетіп отырған, сәбиін жетектеп келе жатқан ананың бейнелері мен өзіміздің батыр анамыз  К.Б. Дөненбаева, жасы жүзден асқан аналардың мүсіндері субұрқағымен, гүлзарлары және отыратын сәкілерімен жұрттың демалыс жайы, жас үйленгендердің құрмет көрсетіп тағзым ететін жаңа орнына айналып, бүкіл республикада бұрын-соңды болмаған «Ана алаңы» («Материнское поле») атты архитектуралық мемориал болар еді.

Қазақта «біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Дегенмен, ыңғайсыздығы көзге ұрынып тұрған шаруаны қалай айтпасқа. Өткен жылы ғана шеті көршілес елдерден қандастарымызды жинап, 2 күн ұлан-асыр (!!!) той жасап көтерген Қобыланды бабамызға арналған ескерткіштің одан арғы жағдайын ойласпағанның нәтижесінде, бүгінгі күні жанына адам бара алмас аралда тұрған жайы бар. Жас отау құрып жатқан жастардың гүл шоқтарын қойып тәу ететін, мектеп оқушыларының экскурсия жасап жақыннан танысатын тұлғасы болу үшін ол айналмаға адам жүріп тұратын өткел секілді жол ойластыру қажет сияқты.

II

 Заманауи кезеңде қаланы безендірудің де соны жолдары, үлгілері жасалынуда. Соның бірі – қала көшелеріне қоладан құйған шағын, «сәулеттік шағын пішіндер» деп аталатын тақырыптық мүсіндер орнату.  Қазір көптеген алыс-жақын елде, іргеміздегі Ресейдің қалаларында дүниеден өткені бар, тірісі бар атағы елге жайылған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген танымал қоғам қайраткерлері, актерлар, белгілі бір мекеме, кәсіпорында ұзақ жылдар үзіліссіз жұмыс істеп еңбегін сіңірген жандардың бейнелерін көшеге, ғимараттың алдына орнату белең алуда. Ондағы мақсат, дүниеден өткені болса көзден кеткенмен, көңілден кетпесін, тірісі болса еңбегінің жанғанын көзі тірісінде көріп көңілі тоғайсын, көпшілікке үлгі болсын  деген ұстаныммен кейінгі ұрпақтың тұсынан өткен сайын жадына салып отыру болса керек. Мысалы, Мәскеудің «Цветной бульвар» алаңындағы цирк алдында әйгілі актер В. Никулиннің «үштігі», «Афоня» кинофильміндегі Л. Куравлевке Ярославль қаласының көшесінде қойылған, әлемнің тағы да басқа қалаларында кезінде атағы әлемді жарған ливерпульдік төрттікке, тіпті иесіне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төбетке орнатылған шағын мүсіндер бар.

Мұндай бетбұрыс тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан үлкен шаһарлардың қым-қуытынан шалғай біздің шағын қалашығымызды да айналып өткен жоқ. Сәулетшілеріміз де өз әл-қадарларынша көшелерімізге түрлі мүсіндер орнатып, айшықтандыруда. Бірақ, қаланың тап ортасында, күнделікті көз алдымызда көлбеңдеп тұрған кімнің бейнелері? Солар қандай үлгі-тәрбие беріп, мән-мағынаға ие болып тұр? Қолынан жетектеп ертіп жүрген сәбиіміз «бұл кімнің бейнесі» деп сұраса кім деп таныстырамыз?

Міне, осы жерге келгенде тұйыққа тірелгендей болатынымыз шындық. «Мата даңқымен бөз өтеді» дегендейін, ғимараттың «қазақ-француз орталығы» деген атының жебеуімен, қаланың нақ төріне шығарып отырған мүсініміз – Наполеон Бонапарт! Онымен қатар әйгілі сайқымазақ Ч.Чаплин (мұның екінші бейнесі Тобыл жағалауында тұр). Сол қатарда орта ғасырлық киімдегі бикештің, қару-жарақ асынған бір қыздың, одан бері университет алаңына қарай шықсаңыз не адами келбеті келіспеген, не архитектуралық үйлесімділігі жоқ, аяқ-қолы бір тұтам мыртық қола мүсіндер тізіліп тұр. Ау, соншама ағылып жатқан көпшіліктің көз алдына «мені көріңдер» дегендей көлбеңдетіп, назарларын аударып, санасына сіңіретін бұлар несімен құнды?

Әділін айтсақ, дүние жүзін жаулап аламын деп, мыңдаған адамның қанын мойнына жүктеген корсикандыққа бүкіл әлемнің, тіпті сол француздардың өздерінің де сүйіспеншілігінің тасып тұрғандығы шамалы. Ал, Чарли Чаплиннің жер жарған атағы тап біздің Қостанай халқының табынуына қарап тұрған жоқ, оны қажетсінбейді де! Біз қастерлемегеннен ол елеусіз қалмайды, ендеше біздікі құр, қазақшалап айтқанда, құйысқанға қыстырылған жандайшаптық, көзсіз табынушылық дегеннен басқа айтарың жоқ.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, біздің қалаға, тіпті елімізге ешқандай қатысы жоқ, қисынсыз орнатылған Чаплиннің мүсінінің  орнына сонау XIX ғасырдың соңында  Қостанай қаласының аумағын «Колесный рядтан» қырға қарай кеңейтіп, мұсылмандар мешітін, сауда пассажын, қазіргі почтамп пен тұрмыстық қызмет үйінің орнында тұтастай орамды алып жатқан жерге керуен сарайын, түрлі дүкендер, шеберханалар салып, қалалық кейіп берген татар бауырымыз Латып Яушевтің мүсіні тұрса, ол да кейінгі ұрпақ үшін тарихтың көзіндей болары хақ.

Уақыт тегерішімен бері жылжысақ, 36 жыл бойы облыстың Ішкі істер басқармасына басшылық жасап, генерал-майор шенінде құрметті зейнетке шыққан, Қостанай қаласының құрметті азаматы С.С. Бәкіровтың Ішкі істер департаменті алдындағы ерлікпен қаза тапқан милиция қызметкерлеріне орнатылған стеланың жанына қойылған мүсіні, біздің тарихымыздың бір парағын жаңғыртқандай болар еді.

Келесі кезекте қаламызға, облысымызға еңбегі сіңген, мадақтауға лайық, істері ұлағатты қазіргі замандастар бейнесіне келер болсақ, Қостанай темір жолының негізін салып, оны осы күнгі жоғары технологиялық дәрежеге жеткізген, тың көтеру кезінде мыңдаған теміржол құрамдарының кешеуілсіз жүруі үшін барлық қабілет, біліктілігін арнаған, күні кеше ғана дүниеден озған Б.И. Рубинштейннің тұлғасын айтуға болар еді. Вокзал перронында күн көзінен көлегейлеген алақан астынан қарап, поездарды көзімен шығарып салып тұрған оның бейнесі, тынымсыз еңбегі үшін зор марапат, халық үшін тәрбие болары сөзсіз.

Сол сияқты 50 жылдан астам қаламыздағы орыс театрының сахнасында ондаған рольдерді сомдап, табандылық пен еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көрсетіп келе жатқан, әлі күнге тұғырынан түспеген актер, А.П. Чеховтың «Шағала» пьесасындағы Сорин бейнесіндегі В. Б. Колпаковтың театр алдына орнатылған қола мүсіні де жастарға ұлағат ролін атқарар еді.

Сонымен бірге Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында 30 жылға жуық тарих пәнінен сабақ беріп, облысымыздың және терістік аймаққа білікті маман әзірлеуге еңкейген жасқа жетсе де лайықты үлес қосып жүрген И.К. Терновойдың осындай қола мүсінін орнатса еңбек жолдарын үлгі тұтатын бүгінгі күннің ерлерін дәріптер едік. Өткен ғасырдың 60 жылдарының орта кезінен, заманында Ленин ауруханасы, «қызыл бәлніс» атанған облыстық ауруханың торакальдық хирургия бөлімінде жүздеген адамды ажал құшағынан суырып алып таңғажайыптар жасаған дарынды оташы В.А. Цхай еңбек етті. Өзінің дәрігерлік ерекше дарынымен, кеуде қуысы хирургиясы бағытындағы терең білімімен көптеген талантты жаңалықтар енгізген ол отандық медицина саласының дамуына да сүбелі үлес қосты. Емдеу мекемесінің қазіргі жаңа кешенінің алдында орнатылған оның мүсіні өз ісіне нағыз адалдықтың, табандылық пен іскерліктің үлгісін көрсетіп, кейінгі буын ұрпақтарды еңбектің елеусіз қалмайтынына тәрбиелер еді. Екінші жағынан, бір қалада жарастықпен ғұмыр кешіп, бір мақсатқа жұмылған әр жамағат өкілдерінің бұл бейнелері еліміздегі халықтар достығының да айғағындай болып шығар еді.

Менің ұғымымда қала дегеніміз біртұтас дене (организм), ондағы ғимараттар мен түрлі құрылыстар қолдан келгенінше бірімен-бірі үндесіп, бірінің көркін бірі ашып, өзара үйлесімділікте болып, архитектуралық көрікті, тарихи, этикалық, эстетикалық талғам жағы да қамтылып, шаһарға қайталанбас ерекшелік, сымбат беруі тиіс.

Қалың жұрттың көзіне сүйелдей ілігетін дүние — мекеме ғимараттарын үй ішінен үй тіккендей қылып жуан темір шарбақпен қоршап тастау белең алды. Кеше ғана ел жаңалықтар легінің ішінен Алматы қаласының әкімі осындай қоршауларды сынға алуына қарағанда, жекеленген басшылардың өзгелерден ерекшелену үшін жасап отырған инициативалары  деп ойлаймын. «Ау, қаланың тап ортасында, қыруар адамдар ағылып жатқан көшеде бұларды қай жау алады», — деп таңғаласың. Немесе, бұл да билік басындағылардың қара халықтан іргесін бөле берудің бір көрінісі деп қабылдаймыз ба? Қала басшылығының тап іргесіндегі облыстық сот ғимаратының жау шабатындай сыртқы әлемнен темір қоршаумен тас-түйіндей іргесін бөліп тастағаннан кейінгі тұлғасы, халық үшін, халыққа қызмет ететін мемлекеттік ресми мекемеден көрі темір тордың аржағындағы, рұқсатсыз адам кіргізбейтін, қалаға қатысы жоқ басқа бір жабық мекемені, немесе жануарлар бағын көзге елестетеді. Оның орнына қоршауды алып, алаңның түкпіріне ешкім көрмейтіндей етіп «тығып» тастаған Қазыбек бидің ескерткішін алаңның жұрт көретін ортасына биіктеу көтеріп, жан-жағын гүлмен көмкерсе, соттың жай халықтан тығылмайтын, ашық, қол жетімді (атышулы кеңес заманында халықтық сот деп аталатын!) екендігін паш етіп, ол ғимарат та қала көркіне әр қосатын нысандарының бірі болып шығар еді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Төтенше жағдайлар, Ішкі істер департаментінің қоршауларын қауіпсіздік тұрғысында түсінуге болатын болса, халықтың күнде ағылып келіп жататын, халыққа қызмет істеуге міндетті облыстық, қалалық салық комитеттері, облыстық білім, әділет, прокуратура, сот ғимараттарының  темір шарбақпен өздерін өздері қоршап алуларын қандай регламентке жатқызатындары түсініксіз, тіпті облыстық және «Алау» теледидарлары мен Ы. Алтынсарин мұражайын, қуыршақтар театрын қоршап тастауды қандай логикаға сыйғызып отырғандарын өздері біледі немесе қалталарына сыймай бара жатқан қаражаттары бар шығар!

Соңғы уақытта қала құрылысы мен сәулетінде бел алып, елдің түпкі тарихына, тіпті географиялық орналасуына да көпе-көрнеу қайшы  келеңсіздікті айтпай кетуге болмас деп есептеймін. Назар салған адамның бірден көзіне ұрынатыны, соңғы 7-8 жылдың ішінде салынған қандай да бір құрылыс болмасын оның төбесін үшкір қылып шығару міндет болып кеткендей сыңай байқалады. Мен сәулетші болмасам да білетінім, ол батыстың орта ғасырлық готикалық стилінде салынатын ғимараттарына тән дүние. Біз болсақ, оған жанамалас та емеспіз, нағыз Шығыстың өзіміз. Ендеше біздің қаламызда неге батыс еуропалық штильдер менмұндалап, Шығыстың көгілдір күмбездері мен мұнаралары көрінбеуге тиіс?!

Заман түзеліп, халықтың жай-күйлері де уақыт озған сайын жақсарып келе жатқанының бір белгісі – осыдан он шақты жыл ғана қала көшелерін кез-келген жерден қиып алып жүре беретін жүргіншілерге бүгіндері толассыз ағылған автокөліктер жол бермейтін кез туды. Түріктің адамы да, көлігі де құж-қайнаған Анталья қаласында бір байқағаным, жүргіншілер көп қиып өтетін көшелердің үстінен адамдар өтетін ағаш көпірлер салып тастапты. Жол бастаушымен әңгімелескенімде түсіндіргені: «ағаш аса қымбат материал емес, оны екі-үш жыл сайын ауыстырып тұруға болады» деді. Сол сияқты біздің қалада да орталық базардың Шевченко-Алтынсарин, Жеңіс-Алтынсарин, орталықтағы Тәуелсіздік-Баймағанбетов, әл-Фараби-Баймағанбетов, халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы Тәуелсіздік-Қозыбаев, ОӘД мен «Март» СО алдындағы Абай даңғылы-әл-Фараби, Сити-орталыққа өтетін әл-Фараби-Алтынсарин сияқты көшелер қиылысында  жол үстімен өтетін ағаштан  жасаған көпірлер салып тастаса біріншіден жүргіншілердің жолдан қауіпсіз өтуі, екіншіден автокептеліс проблемасы бірқыдыр шешілер еді деп ойлаймын. Құдайға шүкір, бізде басқа болса да, ағаш тапшылығы жоқ қой әйтеуір.

Біз егемендік алған 25 жылдың үстінде заманауи озық дамыған елдердің үлгісімен көштің алдына экономикалық мәселелерді қойдық. Онымыз бәлкім дұрыс болған да шығар. Ендігі кезекте Елбасымыз өте орынды қозғап отырған мәселеге үндестік есебінде тарихи-мәдени мұра, имандылық қалып, тәрбие мәселесіндегі шаруаларға ірілі-ұсақты, түрі-түсі деп қарамай, кешеуілсіз қолға алып жүзеге асыру міндетіміз. Өйткені, уақыт біздің ырқымызға көне бермейді, біз онсыз да кеңестік кезеңдегі 70 жыл ішінде баға жетпес ұлттық құндылықтарымыз, шығыстық терең пәлсапаларымыз бен ҰЛЫ ДАЛА ұстанымдарының біразынан жұрдай болдық. Ал ендігі ырғаңымызды тарих та, келер ұрпақ та кешірмес. Сондықтан туған қаламыздың осы заманға лайық та, өткен және жаңа тарихымыздан мол мағлұмат алатын, сонымен қатар кейінгі болашақ буынға мол тағылымдық тәрбие беретін жәдігерлермен толыққаны кейінгі ұрпаққа қалдыратын мәңгі ескерткішіміз деп қабылдау қажет. Ендеше қаламыздың «сұр» қала атанбай, жасыл желек астында гүлге оранған  «қала-музей» келпетін алуына немқұрайды қарамайық.  

Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ,

журналист

ҚОСТАНАЙ

Мынаны да қараңыз

«Арқалық әуежайына бөлінген қаржы қайда?»: Берік Бейсенғалиев Үкіметке депутаттық сауал жолдады

Арқалық қаласындағы жекенің қолына сатылып кеткен әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 9,5 млн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *