Торғай медбикелерінің «өкіл әкесі»

немесе Торғай өңірінде алғаш ашылған медучилищенің тұңғыш директоры, білікті дәрігер-ұстаз Жұман Жанділдин туралы сөз
Сынаптай сырғитын уақыттың билігіне бағынбайтын жан жоқ шығар. Ал сол уақыт билігіне бағына жүріп, қай кезеңде де кісілік қалыбынан таймайтын жандар тым сирек. Тамырын тереңге жіберген тектілігі, көргені мен түйгені, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі, ойының орамы мен көңілінің көркемдігі бір төбе Торғай елінің азаматы Жұман Жанділдин үстіміздегі жылдың шілде айының 19 жұлдызында 80 жасқа толады. Өткен ғасырдың 70-90-шы жылдар аралығындағы Торғай тарихының белестеріне шолу жасап, таразылап отырсам, төрелі жастың төріне шыққан Жұман Жанділдиннің Торғай өңіріне орта буын медицина қызметкерлерін дайындауда қосқан үлесі орасан.Сондықтан Торғай медбикелерінің «өкіл әкесі» атанған білікті дәрігер-ұстаз жайлы кейінгі ұр¬паққа жеткізуді мақсат еттім. Жанділдин Жұман 1940 жылы 19 шілдеде Қостанай облысы Жангелдин ауданының Тәуіш ауылында туған. Әкесі Жанұлы Батырбеков Ұлы Отан соғысы басталар алдында, нақтырақ айтсақ 1938 жылдың сентябрь айынан бастап ескі Тәуіште ашылған 4 сыныптық бастауыш мектептің меңгерушісі қызметін атқарды. Тұңғыш ер баласы Жүкең сол мектепте дүниеге келген. Осы жерден кейіпкерімнің әкесінің өмірі жолы қалай өрбігеніне тоқталайын. 1928 жылы Торғай қаласындағы балалар коммунасы жанындағы мектепті бітірген соң, мұғалімдер дайындайтын үш айлық курсті бітіріп, ұстаздық жолын Тосын болысындағы іргетасын Ы.Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі Әбдібек Бірімжанов қалаған (Торғай уезі кезінде бұл мектепті халық «Әбдібек школы» деп атаған) Абай мектебінен бастайды.1936 жылы аудандық оқу бөлімі ағарту майданының жауынгерлерінің бірі ретінде кіндік қаны тамған жері Көлқамыс ауылындағы бастауыш мектебіне ауыстырады. Туған ауылында оқу-ағарту жұмысын жолға қоюда біраз еңбек еткен азаматты сол дәуірге сәйкес сауаттылығы бар, іске мығым, тәжірбиелі ұстаз ретінде 1938 жылы аудандық оқу бөлімі жаңадан ашылған Тәуіш ауылындағы бастауыш мектепке меңгерушілік қызметке тағайындайды. Тәуіш бастауыш мектебінде меңгеруші болып жүргенде 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғысқа аттанады. Ұлы Отан соғысынан 2-ші топтағы мүгедек болып оралған соң шамалы уақыт Көлқамыс бастауыш мектебінде мұғалім болып, көп ұзамай жас коммунист Торғай аудандық партия комитетіне қызметке шақырылады. 1947 жылдан 1953 жылға дейін өзінің туған ауылы Албарбөгет ауылдық кеңесінің төрағасы, VІ Пленум колхозының басқармасы, кейін ірілендірілген Аманкелді колхозының төрағасы қызметтерін атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары ауылдың шаруашылығын жедел дамытуға атсалысып, жас ұрпақтарды ата-бабалар дәстүріне сай тәрбиелеуге өз үлесін қоса білді. Дегенмен «Жау қайда деме, жар астында» демекші бір қауым елге жараған игілікті іс атқарып жүргенде кейбір ағайындардың «сыбырлауымен» 1953 жылы «Колхоздың Устав-Жарғысын» бұрмалады деген әңгімеге ілігіп, сол заманның қиындағына ұшарады. «Аққа қара жақпайды» дегендей көп ұзамай ақталып, елге оралды. «Еңбек» колхозының «Сырлытам» бөлімшесін 1960 жылдары кеңестік шаруашылықтар құрылғанға дейін басқарды. Сол заманның «Дала академиктері» атанған Торғайдың зиялы қауым өкілдері, замандастары Мырзалы, Ерназар, Ибрайым, Міркемел ақсақалдармен дос-жар болған екен. Әкеміз Ғабду-Жәлел де Жанұлы Батырбековпен ертеден ағалы-інідей сыйластықта болыпты.Олардың бірін-бірі жете танып, сыйласып кетуіне Торғайда қызмет істеген кездері жол ашқан шығар. Өмірлерінің соңдарына дейін ардақты арыстар сыйласып өтті. Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Жүкеңнің мұндай ашық-жарқын, алды кең, сыйлы адам болуы өзінің ұшқан ұясынан бастау алған секілді. Әкесі Батырбеков Жанұлының адами қасиеттерін – адалдығын, әділдігін, кеңпейілдігін, ақ ниетін айтпағанда, сол бір қиын-қыстау жылдары Көкалат ауылының шаруашылық саласын көтеруге қосқан үлесінің өзі неге тұрады. Осы кезге дейін көзі көрген ауылдастары оның азаматтығына, кісілігіне, кеңдігіне бас иіп тағзым етеді. Ал туған інісі Кенжеғали Батырбеков болса бүкіл саналы ғұмырын Әулиекөлдегі Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте ұстаздық қызметке арнапты. Ол кісінің алдынан бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған академиктер Кенжеғали Сағадиев пен Сағындық Сатыбалдин білім алса, егемен еліміздің тұңғыш Білім және ғылым министрі болған Шайсұлтан Шаяхметов пен Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданын біраз жыл басқарған, Социалистік Еңбек Ері Сағидолла Тұрғынбаев және елімізге белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова да ұлағатты ұстаздан дәріс алған екен. Екі бауырын – Жүкең мен Жұмабекті де шалғайдағы Торғайдың Көкалат ауылынан Қостанайдың түбіндегі Әуликөлге алдыртып, тәрбиелеп оқытып шығарды. Мен кейде «Екі жақсыны құдай қосады» деген сөздің жаны бар ма деп қалам. Өйткені менің әкемнің жалғыз інісі Досымұлы Халел ағамыз Кенжеғали екеуі қазақтың ежелгі «КазПИ»-нде бірге оқып, өмірлік қимас дос болып кетсе керек. Енді келіп сол екі арыстың бірінің інісі, бірінің қарындасы тұрмыс құрып, шаңырақ көтереді… Бірақ олар бұлай болатынын өздері де білмеген шығар. Тағдыр деген сол. Кейіпкерімнің өткен күндеріне көз салсам, ғұмыр көшіне бірге қадам басқан замандастарымен бірге ел-жұртына адал қызмет атқарғандардың қатарынан табуға болады. Оған ешкім де қарсы уәж айта алмасына сенімдімін.1964 жылы Алматы мемлекеттің мединститутын бітіріп, еңбек жолын ата-бабасының ежелден мекені болған Көкалат ауылының учаскелік ауруханасында меңгеруші қызметінен бастады. Сол жылдары «Еңбек» кеңшарында жоғары оқу орнын бітірген біртоп жастар жұмыс істеді. Атап айтсақ, шаруашылықтың бас инженері болып Рақым Рыскелдин, бас зоотехник болып Болат Бекбосынов, мектепте мұғалім болып Қапеш Әлиев, Сәруар Жүнісов, Есқали Байбосынов, Бағда Нұрғазиндер жастық жалынмен еңбек етті. Кезінде бұл шаруашылықта болашағынан үміт күттіретін жоғары білімді жас мамандар көптеп істегендіктен кадрлар даярлайтын кеңшар (кузница кадров) атанған болатын. Мәселен, жоғарыда аттары аталған азаматтар кейін аудан деңгейінде шаруашылық, мекеме, кәсіпорын және мектептің басшылық тізгінін қолдарына алып, ауданның әлеуметтік-экомикалық дамуына өз үлестерін қоса білді. Көпшілік Жүкең деп қадірлеген ардақты азаматтың адамгершілігі, сыпайы мінезі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуден жалықпайтын қарапайымдылығы кім-кімге де болсын үлгі болды. Сондықтан да оның қызмет жолында тасы бірден өрге домалады. Ол кезде билік екінің біріне сенім арта бермейтін, халықтың көңілінен шыға білген азаматтарға ғана таңдау жасайтын.1972 жылы ҚазССР-ы денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов ашылғанына бір жыл ғана болған Торғай облысының денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын өз көзімен көріп, танысу үшін іссапарға келгенде атбасын бірден шалғайдағы Торғайға бұрып, танысу жұмысын «Еңбек» кеңшарындағы учаскелік ауруханадан бастайды. Жергілікті халықпен кездескенде учаскелік ауруханада істейтін жас дәрігердің халықтың көңілінен шыққанына көзі жетіп, білімді, іскер маманды жазбай тани білетін министр облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тұрлан Пұсырмановқа: «Маған облыста білімді және білікті жас дәрігерлер аз дейсің. Мынадай білімді жас маманның жердің түбіндегі ауылда жүргені обал» деп айтқан екен. Көп ұзамай Жанділдин Жұман ҚазССР-ы денсаулық сақтау министрінің ұсынысымен алғашқыда жаңадан ашылған Торғай облыстық ауруханының терапия бөлімінің меңгерушісі болып істеп, кейін Арқалық қаласында ашылған облыстық медицина училищесіне директор болып тағайындалып, осы оқу орнын ширек ғасырға жуық басқарды. Оқу орнының басшысы ретінде алғашқы жылдарын училищенің материалдық –техникалық базасын нығайтуға, оқыту ісін жолға қойып, мейірбике, фельдшер- акушер, стоматолог-техник мамандықтарымен Торғай өңіріне кадрларды дайындауды қалыптастыруға жұмсады. Жанділдин Жұманның көп жылғы іс-тәжірбиесі ескеріліп, 1978 жылы денсаулық сақтау министрлігі Қостанай қаласында өткізген медучилище басшыларының аймақтық басқосуында,ол еліміздің солтүстік аймағы бойынша орта буын медицина қызметкерлерін дайындайтын оқу орындарының директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланып, бес облыстың оқу орындарына басшылық жасады . Солтүстік аймақтардағы мейірбикелік білім беру ісіне реформа жасау мәселесін тиісті орындар алдында көтеріп, оны оқу орындарында жүзеге асырды, мейірбике ісінің мамандарын дайындаудың көп деңгейлі жүйесін жасап, іргесін көтерді. Қазіргі биіктен қарап отырсам, сол бір жылдары Жүкең Торғай облысының денсаулық сақтау мекемелерінде басшылық қызметте болған Тұрлан Пұсырманов, Владимир Гончаров, Дайыр Асылбеков, Рысқұл Жақановпен жақсы әріптестік қарым-қатынас орнатып, жерлес-замандастары Шайхысылам Абдрахманов, Мырзабек Қапанов,Еркін Алпысов, Салықбек Мусин, Асқар Байжұманов, Мұрат Оспанов және Серік Мұхамеджановпен бірге облыстың денсаулық сактау саласын өркендетуге өз үлесін қоса білді. Олар шағын Торғайдан шыққан үлкен Торғайдың, яғни Торғай облысының танымал және сыйлы азаматтары қатарынан көрініп,облыс орталығы — Арқалық қаласының белді де, беделді, тәжірбиелі дәрігерлердің санатында болды. «Жақсы адам күн сияқты жан-жағын нұрландырып жүреді» демей ме дана халқымыз. Жүкең де ағалық болмысымен кейінгі толқын жастарды тәрбиелеп, ел үмітін ақтауға ұмтылдырып, биіктерге талпындырып отырды. Мәселен, өз тәрбиесінде болған жерлес інісі Амантай Мұқатов еңбек жолын оқытушылықтан бастап, бөлімше меңгерушісі, директордың орынбасары қызметін атқарып, Жүкең іргетасын қалаған медучилищенің (кейін колледжінің) тізгінін қолға алып, басшылық жасаса, осы оқу орнында бөлімше меңгерушісі болып істеген Хамитбек Махмутов медицина ғылымының кандидаты атағын қорғап, кейін Астана қаласының тәжірбиелі дәрігерлерінің бірі болды. Жалпы аса жақын адамдарыңның кім екенін білу үшін сырттың пікірі қажет дейтіндер дұрыс айтады. Мен Жүкеңнің қадір-қасиетіне сол сырттағылардың пікірін ести жүріп қаныға түскен секілдімін. Білікті дәрігер-ұстаз Жұман Жанділдин туралы замандасы, кезінде Торғай облыстық жоспарлау комитетінің бөлім бастығы болған белгілі экономист Өзбек Қазиханұлы бір келелі жиында былай дегені Торғайлықтарды ерекше толқытты: «Торғайға осы отырған бәріміздің де еңбегіміз сіңді, бірақ мойындау керек, бұл аймаққа ерекше еңбек сіңірген ек- ақ адам болды. Оның бірі Арқалық педагогика институтының тұңғыш ректоры Мырзағали Төлегенов, екіншісі Арқалық медучилищесін құрылған алғашқы күнінен басқарған Жұман Жанділдин. Мырзағали Торғайды мұғалімдермен байытса, Жұман халық денсаулығының күзетшілерін жеткілікті деңгейде дайындап шықты. Бірінші байлық – денсаулық десек, торғайлықтардың сол негізгі байлығын жоғалтпауына Жұман сіңірген еңбек ерекше». Бұны торғайлықтардың атынан Жүкеңе берілген баға деп түсінуіміз керек. Жанділдин Жұман өзінің жинақтаған тәжірбиесі мен күш-қуатын, кәсіби шеберлігін Торғай облысы медицинасының дамуына арнап, жергілікті тұрғындар арасынан мыңдаған болашақ орта буын медицина қызметкерлерін даярлауға үлкен үлес қосты. Осыған байланысты сол кездегі саясаттың ұшқыны Жүкеңді де оралып өтпеді. Еліміздің басқару огандарының (Білім министірлігі мен денсаулық сақтау министрлігі ) таққан кінәсі, Арқалық медучилищесінің студенттері арасында қазақ қыздарының пайыздық үлесінің өте көп болуы еді. Осыған байланысты сол кездегі Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібековтың араласуына тура келіп, жоғары инстанцияда тиісті дәлелдермен қорғап шығып, халқының 80 пайызы жергілікті тұрғындар екенін ескеріп Торғай өңірі үшін ерекше жағдайға қол жеткізілді. Сол дәуірде бұрын болмаған мұндай қадамға бару ерлікпен пара-пар еді. Әрине, облыс басшыларының тарапынан бірінші кезекте шалғайдағы аудандарға орта буын медицина қызметкерлерін дайындау керек деген тапсырма болған шығар. Дегенмен, ол кездегі саясаттың ұстанымы студенттер арасында ұлттық үлес 50-50 пайыз болғаны тарихтан белгілі. Осыған қарамастан Торғай мен Аманкелді ауданынан ғана мыңға тарта медбике түлеп ұшты, олардың 99,9 пайызы қазақ қыздары еді. Солардың бірі Жангелдин ауданы ауруханасында отыз жылдан астам уақыт үздіксіз аға медбике болып істеп жүрген Гүлнар Мұхамбетованы атауға болады. Мәселен, 1975 жылға дейін Жангелдин ауданының ауруханасында, ауылдық ФАП пен медпунктерінде медбикелік қызметте сырттан келгендер істеді. Олардың үлесі 90 пайызды құрады, басым көпшілігі қазақша білмейтін қазақ қыздары мен орыс ұлтының өкілдері болғаны белгілі. Осы жағдай, әсіресе, орысша білмейтін егде тартақан адамдарға қиындық туғызды. Науқас адам балтыры сыздап, жаны ауырғанда қай жері ауыратынын орысша түсіндіре алмай, ал орысша шүлдірлеген медбике қазақша түсінбей әлек болатын. Оларды жетектеп тілмаш ертіп жүретін жағдайға жеттік. Міне, 1975 жылдан бастап Арқалық медучилищесін бітірген өзіміздің қара домалақ қазақ қыздары елге келе бастап, бұл шаруа шешімін тауып жолға қойылды. Жоғарыда Өзбек ағамыз айтқандай, Жұман Жанділдин қарт Торғай үшін орта буын халық денсаулығының күзетшілерін жеткілікті деңгейде дайындап шықты. Жұман Жанділдиннің біраз жылғы еңбегі тиісті дәрежеде бағасын алып, бірнеше мәрте Денсаулық сақтау, Білім министрлігінің мақтау және құрмет грамоталарымен марапатталды. 1980 жылы Алматы қаласында өткен ВОЗ-дың (Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы) құрылтайына делегат болып сайланды. «КСРО және ҚазССР-ы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін кеудесіне тақты. Жұбайы, апамыз Нағимамен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінгі таңда немерелерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Жоғары білім алған балалары бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында түрлі салада еңбек етуде. Біздер, кейінгі ұрпақ өкілдері сексеннің сеңгіріне шыққан Жүкеңнің өнегелі ісін өскелең буынға үлгі ретінде көрсетіп, жалғастыра береміз. Ал маған жезде болғанына елу бес жыл екен. Осынау мерейлі мерекелерімен екі ардақтымды шын жүректен құттықтап, оларға мол денсаулық, ұзақ ғұмыр, қуанышты көңіл-күй тілеймін. P.S. Хакім Абайдың «Қаракет қыл, пайдасы көпке тисін» деген пәлсапалық тұжырымы ұғынған жанға ұлы ғибрат қой. Себебі ырыстың бұлағы, мерейдің шырағы саналатын еңбек ерінбесең кім-кімді де ойлаған мақсатына жеткізеді. Сондықтан болар, еселі еңбек еңселі мақтаныш деп жатамыз. Жүкең де – жанның азығы мен берекенің қазығын еңбектен іздеген адам. Оның өмір жолының әр белесі мен асуында өмірге деген керемет інкәрлігінің, адами құндылығының, білімділігі мен біліктілігінің ізі сайрап жатыр десе болады. Жүкеңнің жеке кітапханасы тақырыпқа аса бай.Ол өз мамандығына сай медицина ғылымындағы жаңалықтарды қалт жібермей, қадағалап отырумен қатар, басқа да салаларды сөз ететін еңбектерді де мұқият зерделейтін еді. Айталық, ол кездің интеллегенциясы кітап оқуда бәсекеге түскендей болатын. Жүкең де қай жерге, айталық, Алматы, Мәскеуге және еліміздің басқа қалаларына іссапармен бармасын үйге онша базарлық әкелмеуші еді. Оның есесіне сол ірі қалаларда жаңадан сатылымға түскен кітаптарды көптеп әкелетін.Бос уақытында қолына кітап алып оқуды әдетке айналдырған. Бір қызығы, бұл кісінің зердесі ғажап. Мәселен, реті келген кезде сол оқыған кітаптарынан үзіндіні жатқа айтып отыратын. Бірде менің студент кезімде маған әзілдеп, «сен Шақшақ Жәнібек тарханның» болашақ мықтыларының бірісің ғой. Олай болса Қорғанбек биге Ақмолданың не айтқанын білесің бе?» деп отыр. Тосын сұраққа не дерімді білмедім, әрі Ақмолда деген есімді ол кезде естімеген едім. Кейін жоғары оқу орнын бітірген соң Жүкеңнің тосыннан қойған осы сұрағы маған ой салып, Торғай тархандарының тарихын зерттеуге түрткі болды. Сөз орайы келгенде айта кетейін,Торғай тарихының көлеңкелі тұсы болған осы оқиғаға байланысты «ЖЫНҚЫЛДЫ ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТ немесе осы оқиғаға байланысты Ақмолда ақынның замандасы Корғанбек биге шығарған өлеңі туралы» зерттеу мақалам жергілікті және орталық баспасөз бетінде («Біздің Торғай» мен «Қазақ» газеті және әлеуметтік желіде) жарияланды. Сөйтсем, ерте заманда татар, башқұрт, қазаққа ортақ Ақмолда есімді ойшыл, ағартушы ақын өмір сүріпті. Сол ақын жоғарыда аталған замандасы Қорғанбек биге өкпелеген өлеңін жазыпты. Ол өлеңде патша заманында Торғайдың ең ықпалды азаматы болған Қорғанбек би Ахмет Байтұрсыновтың әкесі сотталғанда бейтарап қалуына байланысты Ақмолда секілді ақынның сынына іліккен екен. Дегенмен зерттеу барысында анықталғаны: Бұл өлеңді Ақмолда Мұхамедиярұлы Қостанай өңірі Қарабалық елінде бала оқытып жүрген кезінде Торғайда болған жағдайды естіп, істің астарына прогматикалық көзқараспен терең үңіліп қарамай, тек ел аузындағы алып-қашпа әңгіме негізінде ақындық қиял жетегіне ергені көрінеді. Ақмолда ақын эмоцияға беріліп, ақындық екпінмен «…Төрдегі төмен түсті алтын басың», — деп жырлағанмен Қорғанбектің басы одан төмен түспегені белгілі. Алайда, Ақмолда ақын оған өзі де толық сенімді болмаған. Сенімді болмағандықтан да кейін ол абақтыда отырып «Қапастан хат» атты топтамасымен шығарған өзінің соңғы бір өлеңінде Қорғанбек туралы былай жазады:
«…Жақсыны көре алмайды надан адам,
Рәсім боп қалған бұрын заманадан.
Дос емес досты сырттан жамандаған,
Кісі емес – бір қатесін мойындамаған.
Пәндені сырттан адам не демейді,
Ынсап қып, бір құдайдан ұялмаса.
Сөйлесе сөйлей берсін қара таған,
Қосылмас ақ маралға қара қабан.
Адамға өсек пен жала жаман,
Шыбында шағатұғын ара жаман.
Асылды сөккенменен аты өшпес,
Көңілден жаман сөздің таты кетпес», — деп кезінде уытты сөздерімен асығыстықпен Қорғанбекті орынсыз әжуалағанына өкінішін білдіреді. Ақын кешірім көңілмен өрілген өлеңін көпшілік білсін деген ниетпен жазған. Жіберілген қателікті мойындау да ерлікпен пара-пар емес пе?! Ондай ерлікке бару тек-қана Ақмолда секілді ағартушы ақынның қолынан ғана келетіні белгілі. Кеш те болса ақын «…Асылды сөккенменен аты өшпес», — деп Қорғанбекті шоқтығы биік тұлға екенін аңғартып, есімін халқы ұмытпауға тиіс деп түйіндейді. Міне, жоғарыда маған Жүкеңнің осыдан қырық жыл бұрын қойған тосын сұрағының жауабы ретінде зерттеу материалымды көрсеткенімде оның берген жауабы төмендегідей болды: -айтқан жоқпын ба, тархандардың болашақ мықтыларының бірісің ғой деп. Иә, мықты болмасақ та, тархандардың ұрпағы ретінде Торғай тарихының көлеңкесінде қалып қойған киелі Тосынның тұлғаларын шама-шарқымша жарыққа шығарып жатқан жайымыз бар. Жүсіп Баласағұнның «Адам- бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы іс қалдыруы керек» деген сөзі бар. Жүкең де ғұламаның сөзін қолынан келгенше орындауға тұрысқан секілді, әйтпесе, халық оны Торғай медбикелерінің «өкіл әкесі» деп атамас еді. Мұндай атаққа ол лайықты да. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз: Бұл жазба – жезде мен балдыз деген жарасты туыстыққа тамсану һәм сондай шынайы сезімді шын қадырлеуден туған мөлтік сыр. Басқа не болсын!…
Ертай ҚАРАБАЛА

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...