Өткен аптада ақпарат құралдары Қостанай облысы Меңдіқара ауданы білім бөлімінің басшысы Қалыбек Жүгінісовтің өзіне қол салғаны туралы жазды. Nege.kz тілшісі Қ.Жүгінісовтің қызымен сөйлесті.
Ақпаратта: «Қ.Жүгінісов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілініп, екі апта үй қамақта жатқан. Әйелі Қостанайға кеткен күні ол өз-өзіне қол жұмсаған», – делінген болатын.
Кеше Фейсбук желісінде марқұмның қызы Айнара Жүгінісова әкесінің қазасына байланысты жазба қалдырды. Ол: «Папамды осы күйге жеткізген, қазасына себеп болған жағдайлар мен адамдар бар… «Біз әділдік үшін, әкемнің құрметті есімін сақтап қалу үшін соңына дейін күресеміз», – деген.
Nege.kz тілшісі Қалыбек Жүгінісовтің қызы Айнара Байжанға хабарласып, әкесінің «жұмбақ» өлімі туралы сұрады.
Тағы оқи отырыңыз: Меңдіғара аудандық білім бөлімінің басшысы асылып қалды
– Айнара, әкеңіз мұндай қадамға неге барды?
– Әкемді өлтірген – намыс! Ол өзінен 20-30 жас кіші адамдардың ашық түрде айыптағанына төзбеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушілері қорқытып, оған: «Мойныңа ал, алмасаң қазір қамаймыз, 7 жыл түрмеге отырасың, қасыңда қанішерлер болады, 60 млн теңге төлейсің», – деп қысым көрсетіп, күшпен мойнына алғызды. Әкем бұл қорлыққа қатты күйзеліп, әділетсіздікке шыдамай, намыстан өзіне қол салған.
– Негізгі тағылған айып қандай?
– Көмірмен айналысушы кәсіпкерге көмір үшін ақша аударылуы керек болған. Бірақ ақша аударым жүйесі 2 күн істемеген. Ақпараттық жүйе орталығынан оның шынымен істемегені туралы ақпарат аламыз. Тергеушілер соны «Сен өзің ақша алу үшін, әдейі қаржыны аудармағансың, жүйе істемеді деп өтірік алдадың» деп кінәлаған.
«Аға, бірге жұмыс істейік» деп келіп, қызмет ұсынған, жеке пайдасы үшін іші-бауырына кірген кәсіпкер тергеу кезінде: «Сен менен ақша сұрадың, талап еттің» деп өтірік сөйлеген. Әкем көрер көзге өтірік сөйлеген сол кәсіпкердің жалған айыбына да шыдамаған.
Бұл – 19 мамырда болған іс. Бірақ телефон ақпан айынан бері тыңдалымда болыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ізіне түскен.
Менің әкем мұндай жолмен өмірден кетпеуі тиіс еді. Дені сау, іскер, көп шаршай қоймайтын, жұмысын ыждаһаттылықпен істейтін. Оның ақша сұрағаны, ақша алып жатқаны, телефон әңгімелерінде «пара алу» жайында айтылғаны туралы ешқандай дәлел жоқ! Антикор оны күштеп мойнына алғызып, түсініктеме бергізіп, видеоға түсіріп алған. Оның өліміне себеп болған жайт – осы айып! 30 жыл басшылық қызметте жүрген адамның қалтасында өз қаражаты болмай ма?! Қаланың қақ ортасында бірнеше тергеуші ұстап алып: «Қалтаңдағыны шығар, бұл – пара» деген.
– Соңғы уақытта әкеңіз үйқамақта отырды ма?
– Әкем үйқамақта болған жоқ. 19 мамырдан бері емін-еркін жүрді. Олар Меңдіқарада тұрды, Қостанайға да барып жүрді. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа жауап бергім келеді. Әкемді елге «өзіне қол салған жемқор» деп көрсетіп жатқаны жанымды жеп барады…
Біріншіден, тергеу әлі біткен жоқ. Іс сотқа кеткен жоқ. Ол тіпті айыпталушы да емес. Өйткені еш дәлел жоқ! Дәлел – тергеушілер «мен кінәлімін» деп айтқанын видеоға түсіргені ғана. Ал ол сөзді тергеушілер күштеп, қорқытып айтқызды. Нақты заттай дәлел (пара сұраған әңгіме, ақша алып жатқан видео, т.б.) болмаған соң шығар, СИЗО-ға әкетпегені немесе үйқамаққа отырғызбағаны. Бір дәлел болса үйқамақта ұстайтын еді ғой. Бұл – қолдан ұйымдастырылған қылмыстық іс.
– Қылмыстық іс процесі барысын сіз қайдан білесіз?
– Біз іс басталғанда Қостанайға бардық. Әкеме ас-су ішкізе алмадық. Өзегі өртеніп, қатты қиналды.
– Ал қайғылы оқиға туралы анаңыз естіртті ме?
– 2 маусым күні анам адвокатпен кездесуге кеткен. Бірақ көршіге тапсырған екен. Әкемнің асылып өлгенін көршінің баласы көрген. Бізден туыстар әкеміздің қалай қайтыс болғанын жасырды. Өйткені, менің аяғым ауыр, әпкем – емізулі ана. Біз БАҚ-тан білдік. Денсаулығымызға зиян келді.
Әкеміз жанашыр жан еді. 30 жыл білім саласына қызмет етті, өмір бойы басшылық қызметте болды. 30 жылда ешбір мүлік, ақша жинамаған. Мамам екеуі қызметтік пәтерде тұрды. Әкемнің үш қызы бар. Мен – ортаншысымын. Біз әпкем екеуміз тұрмыстамыз. Кіші сіңлім Алматыда пәтер жалдап, жұмыс істейді. Әкем жемқор болса, бас-басымызға үй алып беретін еді ғой.
– Әкеңіз Қызылорда облысы, Арал қаласының тумасы екен. Жалпы, Қостанай өңіріне қызмет бабымен ауысты ма?
– 2013 жылы Аралда білім бөлімі басшысы боп жүріп, мектеп директорлығы лауазымына түсіп қалды. Содан өзі басқа облысқа қоныс аударам деп шешті. Бір жағы елордадағы қыздары мен немерелеріне жақын болайын деді. Оның үстіне Қостанайда жақын досы бар еді. Сөйтіп, 2016 жылдан бері Меңдіқара ауданы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Одан бұрын аз уақыт Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары болды.
Негізі ол білім саласының маманы, педагог, филолог. Әкем – ҚР Білім беру ісінің үздігі. Өз білімімен мемлекеттік тест, байқау, әңгімелесідің бәрінен өтіп, кісінің жерінде білім бөлімінің басшысы болды ғой. Аз уақытта сол ауданның орыс-қазағына «Байжаныч» боп сыйлы, құрметті адамға айналды.
– «Біз әділдік үшін, әкемнің құрметті есімін сақтап қалу үшін соңына дейін күресеміз» депсіз. Енді қалай әрекет етесіздер?
– Анам қазір Аралда. Әкемнің бейсенбілігін өткізіп, Қостанайға келеді. Сосын адвокатпен тиісті органдарға барып, арызданады. Бүгін әкемнің адвокатымен сөйлесуіміз керек. Себебі, әкем хат қалдырған. Бірақ ол хатты әзірге тергеу құпияларына байланысты айтуға болмайды екен.
– Хатта не жазылғанының шет жағасын айта аласыз ба?
– «Моей вины нет! Моей смерти виновны …», – деп екі адамның атын жазған…
фото: дереккөз