Бір деректің ізімен: Жақып Дәуренбекұлын кәмпескелеу актісі

Қазақ даласында советтік сталиндік биліктің зардабын тартпаған әулет кемде-кем. Қанды қырғын, әсіресе, байлар мен діни адамдарға, зиялыларға қатты тиген. 1928 жылдан бастап қазақтың бай-бағландарын қуғынға ұшыратып, жер аударып, мүліктерін тәркілеген. Байларды құрту арқылы халықтың тіршілігін тұралатып, шаруашылығына орасан кесірін келтірген. Өйткені, бай бір ауылдың тізгінін ұстап отырған. Совет үкіметінің қисынға келмейтін «солақай саясаты» Тосын құмын мекен еткен Шақшақ Жәнібек әулетін де айналып өтпеген.

Шақшақ Жәнібек әулетінен  патша үкіметі шен-шекпенін аямаған. Алайда ешқайсысы патшаның айтқанын орындап, бағынышты болмаған. Сөзіміздің дәлелі ретінде Шеген биді айтсақ болады. Алайда патша үкіметінің сыйға тартатын ордені мен медалі, күмісі мен алтыны еш толастамаған. Қазақтың белді әрі беделді тұлғаларын алтынмен аптап, күміспен күптеп, өз айтқанын орындатқысы келгені анық. Әсіресе, мұны Кенесары көтерілісінен анық байқауға болады. Патша үкіметін құлатып, билікке келген Совет үкіметінің қазаққа көрсеткен құқайы мен жәбірі екі есе болғаны баршамызға анық.

Бірімжан Шегенұлының ұрпақтары патша мен совет үкіметінің алмасуымен тұспа-тұс келген. Әсіресе, Дәуренбек пен Қорғанбек патша билігінің кезінде өмірлерін өткізсе, ұлдары аумалы-төкпелі заманға дөп келіп, Алаш қайраткерлерінің қатарынан табылды. Біз Қорғанбектің Ғазымбегін зерттеп-зерделеп жүрген кезімізде есімі көп айтыла бермейтін Жақып Дәуренбекұлына қатысты деректі кездестірдік. Дәуренбектің ұлдары да елге сыйлы, абыройлы болған.

1928 жылдан басталған бай-кулактарды тәркілеу Жақыпқа да келген екен. Жақып – Дәуренбектің үшінші ұлы, патша үкіметінің көзқарасы бойынша «ауқатты бай». Жақыптан Аждарбек, Ереке, Әйеке, Есеке, Байеке, Әлібек тарайды. Жақыптың ұлдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, құжаттары бар.

Қостанай облысындағы өлкетану музейінен табылған деректі сөйлетсек, 1928 жылдың 10 қарашасында Торғай ауданының азаматы Жақып Дәуренбекұлының үйін кәмпескелеген. Барлық тәркіленген мүліктің құны – 1358 рубль, 50 тиын. Үйден 10 рубль тұратын 1 алтын монета, 200 рубль тұратын алтын сағат, 1 рубль 50 тиын тұратын алтынмен қапталған күміс жетон және алқа, 5 рубль тұратын күміс ыдыс-аяқ т.б мүліктер тәркіленген. Совет билігі қасық, шанышқы, пышақ, т.б. ұсақ-түйек тұрмыстық заттардың да бірін қалдырмай, жазып алған. Үй ішінен «Еңбегі үшін» деген арнайы жазуы бар үлкен күміс медаль, 2 кіші медаль табылған. Тәркіленген заттардың арасынан 1904-1905 жылғы орыс-жапон соғысына қатысқан адамның күміс медалі де бар. Бұл мүліктерді тәркілеудің басы-қасында Бикбулатов жүрген.

Жақып Дәуренбекұлын бай қатарына қосып, үйін тәркілегеннен кейінгі өмірі белгісіз. Үйіндегі қасығына дейін санаған «шаш ал десе, бас алатын» биліктің тып-тыныш жібере салмағаны бесенеден белгілі. Оның ғұмырнамасы туралы толыққанды дерек те жоқтың қасы.

Жақып Дәуренбекұлына қатысты деректерді іздестіру енді басталғандықтан, барлығы да келер күннің еншісінде деп есептейміз.

Данияр ИХСАН,

А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-дің 2-курс магистранты

фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

ТАРИХҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ БАС САРДАРЫ, ҰЛТ БАТЫРЫ АМАНГЕЛДІ ИМАНОВТЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА. ҚОРҒАН ӘМІРХАМЗИН ТАРИХҚА ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *