Мұндай бастаманы қала әкімі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына ұсынған, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz arkalyk.life Instagram-парақшасына сілтеме жасап.
Әмірхан Біркенұлы айтқандай, осындай бағдарламаның арқасында көршілес Қытай халық республикасы мен Моңғолия секілді мемлекеттер ауылдық жерлерін дамытуға мүмкіндік алған. Ауылдардағы тұрғындар саны азайып, мектептердің де болашағы бұлыңғырлана бастаған біздің өңір үшін де осы тәжірибені пайдалану маңызды болмақ.
Еліміздің халқы сирек орналасқан өзге өңірлеріндегідей, Арқалық қаласына қарасты да бірнеше ауылдардың жағдайы мәз емес. Ол жерлерден тұрғындардың көшіп кетіп жатқанына байланысты, ауылдардағы білім ордаларының алды жабылып, бірнешеуінің статусын төмендету қауіпі тұрғаны жасырын емес. Бүгінде Арқалық қаласы бойынша 26 мектепте 6 552 оқушы бар. Оның 5 224 — қала мектептерінде оқыса, 1 328 — оқушы ауыл мектептерінде білім алып отыр . Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы Есламбек МӘМЕТЕКОВ мәлімдегендей, аталған мектептердің 11- мемлекеттік кепілдендірілген нормативке сай емес. ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен межеге сәйкес, бастауыш шағын жинақты мектеп – білім алушыларының саны 5-тен 40 балаға дейін, негізгі шағын жинақты мектепте 41-ден 80 – дейін және орта шағын жинақты білім ордаларында оқушы саны саны 81-мен 180 оқушы аралығында болуы тиіс. Енді бізің бірнеше ауыл мектептеріндегі осы стандартқа жетпейтін оқушы санына тоқталсақ: Ақбұлақ негізгі орта мектебіне (әрі қарай НОМ) — 10 оқушы, Көктау НОМ -8 , Қызылжұлдыз НОМ – 1, Целинный НОМ – 15, Қараторғай НОМ -8, Майкутов НОМ – 7, Б.Майлин НОМ – 2, Аңғар НОМ – 5, Қайыңды НОМ – 15 және Сарыөзен жалпы білім беретін мектебіне – 30 оқушы қажет екен.
Осы ретте ауылдағы халық санын көбейтіп, мектептерді сақтап қалу кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Қала әкімі Әмірхан АСАНОВ бұл проблеманы шешудің бірнеше жолын ұсынды. «Ауыл әкімі, мектеп басшысы, мұғалімдер, тұрғындар барлығы бірлесіп, ауылға отбасылар көшіріп әкелуге жұмыс жасау қажет. Сіздерге 2.5 пайыздық жеңілдетілген несие беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы көмек болады. Осы арқылы жұмыссыздар өз өздерін жұмыспен қамтып, кәсіппен айналысып жүрген тұрғындар ісін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Фото: inform.kz