Бүгін Қостанайдағы №2 соты Қостанай қалалық әкімдігіндегі пара алу ісіне қатысты сотталушының жазасын өтеу мерзімін айыппұл төлеуге алмастыруға үкім шығарды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне соттың кеңсесі хабарлады.
Алғашқыда пара бергені үшін айыпталған кәсіпкер Гагик Овнанян жазасын өтеуді айыппұлға алмастыруға мүмкіндік алды. Заңға сәйкес, айыппұлдың сомасы төрт күн қамауда отыру 1 АЕК-мен есептеледі. Овнанянның қалған 1 жыл 5 ай 24 күні 305740 теңгені құрайды. Өткен жылы «Сыл» құрылыс фирмасының директоры Гагик Овнанян екі кәсіпкермен және мемлекеттік шенеуніктермен, соның ішінде Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановпен бірге сотталған болатын. Бірінші инстанциядағы соттың үкімімен Г.Овнанянға жеке мүлкін тәркілеумен 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Кейіннен Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасы оның мерзімін мүлкін тәркілеусіз 3,5 жылға қысқартты. Жаңа жыл қарсаңында Жоғарғы сот Г.Овнанянға рақымшылық танытты: жазасы өзгеріссіз қалды, бірақ оны өтеу мерзімі 1,5 жылға азайды. Енді соттың жаңа шешімімен ол жарты айдан соң бостандыққа шығуы ықтимал.
inform.kz