Елімізде жұмысшы мамандығын қалай тегін меңгеруге болады?

Биыл 21 мың қазақстандық азамат жұмысшы мамандықтарын алу құқығын іске асыра алады. Бұл туралы tobyl-torgai.kz тілшісі ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, 2017 жылдың ерекшеліктерінің бірі — биыл ниет білдірген әрбір Қазақстан азаматына жұмыс мамандығын тегін оқу мүмкіндігін беретін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің жаңа бағдарламасының іске асырыла бастауында. Бұл бағдарламаны ҚР Үкіметі 2016 жылдың 26 желтоқсанында бекітіп, оны қаржыландыруға 118,8 миллиард теңге бөліп отыр.

«Бағдарлама әлеуметтік мәселелерді шешіге бағытталатындықтан, оған бірінші кезекте 9-11 сыныптарды бітірушілер, оқуларын жалғастыра алмағандар, жұмыссыздар, қиын өмірлік жағдайға түскендер, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар мүшелері,   көп балалы отбасылардан шыққандар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында тұратын жасөспірімдер тартылмақ. Талапкерлерді іздеу және бағдарлама туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әрбір елді мекендегі ауылдық немесе қалалық әкімшіліктерінде наурыз айынан бастап жергілікті жұмыспен қамту, білім беру, полиция органдары мен жастар ұйымдары өкілдерінен құралған жедел топтар жұмыс істей бастайды» деді ҚР БҒМ өкілдері.

«Бес жыл ішінде, яғни 2017 — 2021 жылдар аралығында кадрларды дайындауға 106,5 мың адам тартылады. Әр жылға шаққанда — 21 мың адамнан дейді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы Рауза Шырғатова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қысқа мерзімді оқуға 214 мың адам тартылады. Демек, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 320,5 мың адамды құрамақ. Маман болуға ниетті азамат бірден үш жұмысшы біліктілігін меңгере алады. Мысал үшін, ол «тас қалаушы», «таспен өңдеуші» біліктіліктеріне ие болып, қалауы болса, орта буын санатына жатқызылатын «техник-құрылысшы» біліктілігін алу үшін оқуын жалғастыра алады.

Алдын ала болжам бойынша, 2021 жылға қарай Қазақстанда оқып жатқандардың 40 пайызына дейін жұмысшы мамандықтарын таңдап, нарықтағы біліктілігі жоқ жұмыс күшінің үлесі 20 пайыз5а дейін кемімек. Халықтың жұмыспен қамылуы өсіп, жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 пайызға дейін төмендейді.

Сонжай-ақ, ведомстводағылардың мәліметінше, кәсіби жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді оқыту 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімде жүргізіліп, колледждер, оқыту орталықтары және әскери-техникалық мектептерде өткізілмек.

Олардың айтуынша, өңірлік комиссиялар колледждер, профессиялар және мамандықтар тізімдерін әзірлейді. Облыстық білім басқармалары өңірлік комиссиялар шешімдерін негізге алып, колледждермен кадрлар дайындау жөніндегі келісімшарттар бекітеді. Бағдарламаға қатысушыларға қажетті құжаттар жиынтығы жеке күәлігінің көшірмесі, білімі жөніндегі құжат (аттестат, күәлік), денсаулығы жөніндегі анықтама және әлеуметтік статусын растайтын анықтамадан (бар болса) тұрады.

Бағдарламаға қатысатын колледждерді іріктеу екі критерий бойынша жүргізіліп жатыр: білім беру қызметін жүргізу құқығын беретін лицензияның болуы және ТжКБ саласында 3 жылдық тәжірибенің болуы шарт. Техникалық, ауыл шаруашылығы, технологиялық, сондай-ақ, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша жұмысшы кадрларын дайындау екі деңгейлі білім беру моделінің модульды бағдарламалары бойынша жүргізіліп, үш жұмысшы мамандығына дейін алуға мүмкіндік береді. Оқу ұзақтығы таңдалған мамандыққа байланысты. Бағдарламаға қатысушылар стипендиялармен, бір реттік тамақтанумен және жол ақысымен қамтамасыз етіледі.

Қысқа мерзімді кәсіптік білімді жұмыссыздар (жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмесе де), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 29 жасқа дейінгі жастар  ала алады. Әркім өз сұрақтарын жергілікті білім мекемелеріне, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өңірлік өкілдігіне, ауылдар мен қалалардың әкімшіліктеріне жолдай алады.

Қысқа мерзімді оқуға қатысушылар стипендиялармен, жол ақысымен (бүкіл мерзімге 4 АЕК), тұрғын орнымен (айына 5 АЕК) қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамту орталықтары оқуларын бітіргендердің жұмысқа алынуларына қолдау көрсетеді.  Сонымен қатар, алыста орналасқан елді мекендер тұрғындары үшін арнайы ұйымдастырылатын орталықтарда оқып, мамандық алуға жағдай жасалады. Ондай орталықтар 5 өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ашылмақ.  Қолға алынып жатқан шаралар нәтижесінде 2021 жылға қарай Қазақстанда оқып жатқандардың 40 пайызға дейін жұмысшы мамандықтарын таңдап, нарықтағы біліктілігі жоқ жұмыс күшінің үлесі 20 пайызға дейін кемімек.

Инфографика авторы: Максим Твилинев

tobyl-torgai.kz

 

 

Мынаны да қараңыз

Қор өкілдері қандастармен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің белсенділері Рудный қаласына арнайы барып, қандас, ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *