Қазақстан географиясы оқытылады

Жуырда еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» 2018 жылғы 17 қаңтардағы санында «Қазақстан географиясы» пәні оқытылмай ма?» атты мақала жарияланған болатын.

ҚР Білім және ғылым министрлігі көтеріліп отырған мәселені Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның сарапшыларымен бірлесіп зерделеді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің географиясын оқу, әрине, білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие жұмысында, болашақ ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда басым бағыттардың бірі. Осыған орай, 1993 жылдан бастап, яғни, 25 жылдан астам уақыт «Қазақстан географиясы» оқу курсы мектептерде «География» пәнінің құрамында оқу бағдарламасының бөлігі ретінде оқытылады:

— 1992 жылы 8-сыныпқа арналған «Қазақстанның физикалық географиясы» (авторлары – К.Қарпеков, Ә.Бейсенова, «Атамұра» баспасы) 2000 жылы шықты, 2004, 2008, 2012, 2016 жылдары қайта басылды;

— 8-сыныпқа арналған «Қазақстанның физикалық географиясы» оқулығы (авторы – Ұ.Есназарова, «Атаулы Мектеп» баспасы) 2004 жылы шықты. 2013 жылы қайтадан басылды.

2002 жылы Мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандартында* (бұдан әрі – МЖМБС) «География» пәнінің базалық білім мазмұны курстар түрінде берілген:

— Жаратылыстану (5-сынып).

— Физикалық география. Бастапқы курс (6-сынып).

— Материктер мен мұхиттар географиясы (7-сынып).

— Қазақстан географиясы (8-9-сыныптар).

— География (жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10, 11-сыныптар).

— Қазіргі заманғы география (қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11-сыныптар).

Бұл ретте «Қазақстан географиясы», «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» жекелеген оқу пәндері ретінде қарастырылмаған.

Қолданыстағы 2012 жылғы МЖМБС** және оқу бағдарламаларына сәйкес «Қазақстан географиясы» 8, 9-сыныптардың «География» оқу пәнінің шеңберінде, 8-сыныпта «Қазақстанның физикалық географиясы» және 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп аталатын оқулықтармен оқытылады.

Қазіргі уақытта «100 нақты қадам: баршаға бірдей қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының 76-қадамына және Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына (бұдан әрі – мемлекеттік бағдарлама) сәйкес отандық және халықаралық үздік тәжірибені біріктіруді көздеген «НЗМ» ДББҰ тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұнына*** көшу жүзеге асырылуда (2016, 2017 жылдары 1, 2, 5, 7-сыныптар, 2018 жылғы 1 қыркүйектен 3, 6, 8-сыныптар, қалғандары 2020 жылға дейін).

Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында «География» пәнін оқыту мақсаттары арқылы көрсетіліп оқытылатын тақырыптар мәнмәтінінде жергілікті өлкетану және елтану компоненттерін оқыту қарастырылған.

Атап айтқанда, 7-сыныптағы 53 мақсаттың 19-ы, 8-сыныптағы 60 мақсаттың 11-і, 9-сыныптағы 75 мақсаттың 53-і қазақстандық компонентті құрайды.

9-сынып бағдарламасының базалық мазмұны Қазақстан географиясы, оның ішінде білім алушыларды азаматтылық пен патриоттыққа тәрбиелеу, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсету мәселелері болып табылады.

Мемлекеттік тілді дамытуды қолдау үшін география бағдарламасына алғаш рет қазақ топонимикасы бойынша оқыту мақсаты енгізілген.

Демек, білім алушы 9-сынып географиясы курсын аяқтағанда физикалық, әлеуметтік, экономикалық және саяси Қазақстан географиясы бойынша жеткілікті көлемде білім мен дағдыны меңгереді. Жоғары сынып (10, 11-сыныптар) оқушылары 11-сынып бағдарламасының базалық мазмұнын құрағандықтан Қазақстан географиясы курсын оқуды жалғастырады.

Сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында, қолданыстағы «География» пәнінің оқу бағдарламасындағы «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курстары жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасының 7, 8, 9-сыныптарында оқытылатын «Географиялық зерттеулер әдістері» бөлімінде сақталған, оқу жүктемесінің көлемі – жылына 68 сағат (немесе аптасына 2 сағат) сақталған.

Сондай-ақ «География» пәні бойынша жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларда Қазақстан географиясы бойынша тақырыптарды оқып, зерделеуге бөлінетін сағат саны 62-ге арттырылған (2012 жылғы Үлгілік оқу жоспарында – 136 сағат, 2016-2017 жылдары – 198 сағат).

Егер 2013 жылғы оқу бағдарламаларымен жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларын салыстыратын болсақ, «Қазақстан географиясы» курсы «География» пәнінде кеңінен қамтылған және 7, 11-сыныптарды қамтиды (оқулықтың атауы – «География»).

Сонымен қатар білім берудің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларында қазақстандық мазмұнды оқыту көлемі геоэкология, геоинформатика, геосаясат, геоэкономика саласындағы, сол секілді, ұлттық мүдделер аясында Қазақстан Республикасының геосаяси белсенділігінің бағыттарына қатысты білім алушылардың құзыреттілігін ұлғайтуды қамтамасыз етеді.

Ендеше, «Қазақстан географиясы» курсы «География» пәнінің шеңберінде жеткілікті деңгейде оқытылатыны анық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді түрде сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа факторлар туралы білімді қалыптастыру, туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімді, қоршаған табиғатқа ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу мақсатында «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» (қазақтілді емес мектептер үшін «Қазақ тілі мен әдебиеті»), «География», «Музыка» пәндерін толықтыратын 5, 7-сыныптарда «Өлкетану» кіріктірілген оқу курсы енгізіледі.

Білім және ғылым минстрлігі бекіткен бағдарлама негізінде әр облыс, Астана, Алматы қалаларында құрылған жұмыс топтары оқулықтарды әзірлеуде.

 

 *2002 жылғы 24 қыркүйектегі Білім және ғылым министрлігінің №693 бұйрығымен бекітілді (күшін жойды)

 **2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілді

 ***2016 жылғы 13 мамырдағы №292 ҚРҮҚ МЖМБС-ға өзгерістер енгізілді

Тобыл-Торғай-ақпарат

 

 

 

 

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

ШЕКАРАЛЫҚ АУЫЛДАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАУЫ ТИІС

Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және өркендеген қоғам құндылықтарын қалыптастыру және ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *