Қазекем өмірге ұл келсе, «қойшы» келді деп сүйінші сұрап жататын. Сол ырымды ұстанған Қойшекеңнің ата-анасы Алланың ұл бергеніне шүкіршілік жасап, аман-есен қарайып жүрсе екен деп баласының есімін Қойшығара қойған секілді. Олардың үміті ақталып, Қойшекең алдымен жас та болса ауыл азаматы қатарына қосылды. Одан соң университет бітіріп, танымал журналист болды әрі жазушылықты қатар игере жүріп, біраз кітаптың авторы да атанды.
Жазу-сызуға төселген қаламгердің қазақ тарихы жайлы жазылған алғашқы «Алтын тамыр» деген туындысының өзі зор резонанс тудырды. Тіпті, Елбасына дейін сұратып алдырып оқыған кітап екенін ұмытқан жоқпыз. Содан бастап соңғы шыққан «Қыпшақтарға» дейінгі 30-ға жуық еңбегінде, ел есінде жоқ ескі замандардан қалған аңыз әңгімелер мен мифтер жайлы, көне түркі тарихынан қазақ жұртына дейін қопара зерттеп, талай тұманың көзін ашты.
Қойшығара Салғараұлының: «Ендігі жерде тарихты жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыру керек. «Адамзат тарихын таразылағанда міндетті түрде түрік тарихымен байланыстырмай қарау – мүлде қате» деген концептуалды тұжырымы отандық, тіпті әлемдік тарихшылардың өзін ғылыми пікірталасқа шақырып тұрған жоқ па?! Мұндай батыл тұжырымды дүниелік тарихты терең білетін, оның ішінде түркі тарихын түгел зерттеген ғалым ғана осылай айта алса керек.
Әрине бұл мәселе бұрын мүлде зерттелмеген деуден аулақпыз. Алаш арыстары кезінде жазды. Басқа тарихшылар да айтқан болар. Бірақ олардың көбісі бүгінгі оқырманға түгелдей жеткен жоқ. Ал тәуелсіздіктен соң осыны біреу қозғау керек еді, оны қазақтың қабырғалы қаламгері – Қойшығарасы айтты. Ұлт үшін әр қазақ зиялысы осылай адал іс атқарса, шіркін, біздің ел өзге жұрт алдына баяғыда түсер ме еді.
Көпшілік Қойшекеңді жүзі жылы, мінезі жұмсақ жан деп таниды. Менменсіген тұсын көрген емеспіз. Елестете де алмайсың. Енді тындырған ісі ірі екен. Көшкінші халықтардың ежелгі тұрмысынан бастап, көне тарихымызды тұтастай алып қарауды мақсат етіп қою – батырлық емей немене?! Ең негізгісі сол – автор мақсатына жеткен. Сондықтан ол қандай мадақ пен марапатқа болсын лайық. Оған автордың жазушылық-журналистік қабілеті мен зерттеушілік ыждағаты көп көмегін тигізген тәрізді.
Алдына айнымас мақсат қойған автор атынан ат үркетін бұрынғы зерттеушілердің саясиланған сүрлеуіне түспей, көшкіншілердің атам заманнан қалыптасқан өзіндік табиғаты, болмысы, тыныс-тіршілігі тұрғысынан келіп, мифологиялық, хронологиялық, генологиялық (ДНК), лингвистикалық дереккөздерге сүйене отырып пайымдайды. Зерттеу жұмысының осындай методологиялық әдіс-тәсілі өз жемісін берген. Оның үстіне тарихи жазбаларға тән қасаң тілден гөрі көркем шығарма секілді жеңіл оқылады. Тек қытай мұрағаттарында сақталған дереккөздерге көбірек сүйеніп жазылғандықтан, адам есімдері мен жер-су аттарын есте сақтау қиын. Әрине бұл «жоққа жүйрік жетпейдінің» кесірі. Сол сияқты еуроцентристік көзқарас тұрғысынан жазылған бұрынғы зерттеулердің сол тұстағы саясат ығынан аса алмағанына көзі анық жеткен автор бұған дейін қалыптасқан таптаурын жолдан саналы түрде бас тартады.
Ол «Ежелгі түріктер» деген еңбегінде түркілердің түп-төркіні, шыққан тегі – кезінде гректер «скиф», парсылар «сақ», қытайлар «сәй-жін» атандырып, осы аттармен тарихқа енген халықтардың түп-төркінімен тамырлас, ортақтас деген тұжырым жасайды (Астана: Фолиант, 2012, — 188-б.). Соған орай адамзат баласының нәсілін кескін-кейпіне қарай бөлгенде ежелгі түркілерді монголоид типіндегі тайпаларға жатқызу да қате тұжырым деп ескертеді.
«Ежелгі түркілер еуропоидтық нәсілге жатады. … Ал қазіргі ғылымда қазақ халқының кескін-кейпін жатқызып жүрген «Тұран», болмаса «оңтүстік сібір» деп аталатын антропологиялық тип кейінгі мыңжылдықтардың жемісі» деп ойын анық айтады. (Сонда, 189-б.).
Бұл пікірдің дұрыстығын қазір өзге ғалымдар да дәлелдеп жатыр. Мысалы, осы орайда «Айқын» газетінде «Бабаларымыздың бет әлпетін білеміз бе?» деген танымдық мақала жарияланды (Қ. Төрежан, 2014, 1 сәуір). Онда: «Жақында ресейлік антрополог ғалымдар Батыс Қазақстан облысындағы Қосқұдық қорымында біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықта жерленген адамның бас сүйегі арқылы оның бет әлпетін қалпына келтірді. Бұл жұмыстармен айналысқан ғалымдар «қазіргі қазақ жерін мекендеген ежелгі көшпенділердің бет пішіндері еуропалықтарға келеді» деген тұжырым жасап отыр» делінген. Біздің зерттеушіміз ондай шешімге бұдан әлдеқайда бұрын келгеніне – жоғарыдағы сілтеме бұлтартпас дәлел.
Бұрын жарық көрген әртүрлі еңбектерде әрқилы баяндалатын тарихымыз жайлы үзік-үзік болжамдардың басын қоса алмай, оған деген қызығушылығымыз су сепкендей басылатын. Әрі қарай зерделеп оқуға беттей алмай, тосырқаған аттай болдырып орта жолда қалатын едік деп кейіген автор: «… қазақ хандығы бөлініп шығып, өз алдына отау тіккенше, бұл өлкені тұрақты мекендеген ешқандай тұрғылықты жұрт болмағандай, кілең тағдыр толқынында бір-бірін ығыстыра сапырылысқан түрлі халықтар сәтіне қарай сәл тұрақтап, ерулеп өтіп кете берген-ау деп ойлауға мәжбүрсің», дейді.
Алайда, осы жерден табылған археологиялық қазба мұралар да, халықтың ауызша тарихы – шежіре-аңыздар да, сондай-ақ сонау ескі замандардан үзілмей жалғасын тауып, сабақтасып келе жатқан олардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары да бұл далада, кімнің қалай айтқанына қарамастан, түркі халқы ұрпақтарының сонау ескі замандардан бері ғұмыр кешіп келе жатқанын дәлелдейді («Ежелгі түріктер», 22-б.).
Бұдан әрі: «VІ ғасырда шаңырақ көтерген атақты Түрік қағанатының тарихына барынша байыппен зерделей үңілген жөн. Өз заманының заңғар ойлы билеушісі болған Бумын (Момын) қағанның төңірегінде теңдесі жоқ қуатты мемлекет құруға бағыт алғанда оны басқа емес, неге «Түрік» деп атауды қалағанын пайымдауға мүмкіндік туады. Өйткені Бумын қаған өздерінен бұрын бір кезде төңірегіне түгел билік жүргізген әйгілі түрік деген атақты мемлекет болғанын жақсы біледі. …Бумын өзін сол ежелгі түріктердің ұрпағымын деп санауы да бек мүмкін ғой. …Осыған орай жыужандар бодандығында жүдеп-жадап жүрген түркітектес тайпалардың (халықтардың) басын бір шаңырақ астына біріктіріп, азаттық әперуді көздегенде Бумын жұрттың сол бір даңқты елдікті, қаһармандық ерлікті аңсаған арман-аңсарын ескеріп, соған сай осы ежелгі түріктердің атақ-даңқын қайта жаңғыртып, біз де осындай ел боламыз деп, оны халық рухын көтеріп, азаттыққа құлшынуға пайдаланған», деп тұжырым жасайды.
Сол сияқты қытай жазбаларындағы аңыздар дерегіне сүйеніп, Ашынаны «түріктердің түп атасы» деп жүрген тұжырымның қате екенін, «ашынаның» бар-жоғы ежелгі түркілердің «бұрынғы», «әуелгі», «алғашқы» деген ұғымды білдіретін қарапайым «ашнұ» («ашынұ») деген сөз екенін, соған орай ресми тарихта қалыптасқан «ашина түрік» тіркесінің мағынасының да «бұрынғы түрік» немесе «Әуелгі түрік», басқаша айтқанда, «Бірінші Шығыс Түрік қағанаты» деген ұғымды білдіреді деген тосын тұжырым жасайды. Осылай Түркі атауының VІ ғасырдан да бұрын бар, ежелгі атау екеніне көптеген дәлел келтіреді.
Ғалымның өзіндік пікірлері мен батыл болжамдарына қоса, оның қазіргі қазақ тарихын зерттеушілерге қарата айтқан орынды уәждері мен өткір сындары – негізінен тарихты ендігі жерде жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыру керек деген ұстанымынан туындайды. Осы бір өзекті мәселені жеріне жеткізе жазып, көпшіліктің көкейіне құйып беруі – жазушылық қарым-қабілетіне байланысты, әрине. Оқырман көкейінде титтей де болса күмән қалмас үшін негізгі ойды аталған еңбектердің әр тұстарында қайталап пысықтап отыру әдісін автор әдейі пайдаланғанға ұқсайды.
Тарихты терең зерттеу бар да, оны көпшілік тұшынып оқитындай етіп жазу бар. Осы екі қасиет бір кісінің бойына тоғысса, нұр үстіне нұр екеніне тағы бір мысал: Исай Калашниковтің «Жестокий век» шығармасының қолдан түспейтіндігі, оқырманды баурап алатын құдіреті осында. Сол сияқты Қойшекеңнің де қалам тербесі ешкімнен кем емес. Тарихи оқиғаны көз алдыңа елестетіп, сол кезеңнің көрінісін дәл бере алады: «Биік алаң – Шытқа орналасқан хан ордасы» деп басталатын сөйлемдегі «шыт» сөзін зерттеуші түгіл жазушылардың өзі сирек қолданады немесе «Кең жозының үсті ұлттық тамаққа толы» дегендегі «жозы» сөзінің өзі оқырманды кәдімгідей ойлантады.
Ебе-абыз (халыққа қарап): – Уа, халайық! Ханзадамыз хан болды, ел тілегіне сай жан болды. Енді ата-баба дәстүрімен ұлы ханға лайық жаңа есім беруіміз керек. Мен Тәңірі берген аян бойынша оның жаңа есімін «Шыңғыс» деп атадым. Бұл «Тәңірдің күші», «Тәңірдің жердегі әміршісі» деген мағынаны білдіреді. Мүде ханзаданың ендігі аты – Шыңғыс. Шыңғысхан».
Әрі қарай автор түркітектес халықтар арасында «Шыңғыс» деген қаһарлы лауазымға ең алғаш Мүде ханзада ие болғанын, бұдан кейін бұл лауазымды бес ғасыр өткенде осы халықтың екінші бір перзенті Атилла, одан кейін тағы да бес ғасыр өткенде Темужин иеленген еді деген деректі алға тартады «Мүде хан» деген еңбегінде (Астана: Сарыарқа, 2011, 173-б.).
Шыңғысхан демекші, Қойшекең өзінің «Мұңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс» деп аталатын кітабында талай пікір- таласты тудырған қазіргі моңғолдар мен атақты Шыңғысханның аражігін ашып тастайды. Қазіргі моңғолдардың Шыңғысхан заманының моңғолдарына ұқсамайтынын бірнеше ғалымдардың жасаған тұжырымдары негізінде тәптіштеп түсіндіреді. Оның айтуы бойынша «Шыңғысхан аталары Ергене-Көңнен шыққаннан кейін де олардың елі бірнеше ғасыр бойы қазіргі «моңғол» деген атаумен аталмаған көрінеді. Олар басқа атаумен басқа халықтардың құрамында жүрген. Олар тек ХІІ ғасырда Борте-чиноның жиырмасыншы ұрпағы Байшынқор көкжалдың баласы Тумбинай шешеннің жеті ұлының бірі – Кабул қағанның тұсында ғана «Хамаг моңғол ұлысы» («Жалпы моңғол ұлысы») аталған екен.
Ендеше «…ежелгі мыңғұлдардың тарихы х.э. дейінгі VІІ ғасырдың аяғынан басталып, х.э. кейінгі бірінші ғасырдың соңымен аяқталады. Ежелгі мұңғылдар этноқұрамы жөнінен түгелдей түркі текті, түркітілдес халықтарға жатады. Ал кейінгі моңғолдардың тарихы біздің жыл санауымыздан кейінгі VІІІ ғасырдан басталып, ХІІІ ғасырдың басында шаңырақ көтерген моңғол империясының тарихына жалғасады» (131-б.) деп даулы мәселеге өзіндік нүкте қояды.
Халқымыздың тарихы жайлы жазба деректер – оларды бітіспес жауы, қас дұшпаны санаған отырықшы халықтардың өкілдері қалдырған жазбалар екені анық бола бастады. Мұндай деректермен жазылған тарихтың авторы айтқандай «сыңаржақ» болары, әрине даусыз. Мұнда «көшкіншілер тек тонаушы, қиратушы, кісі өлтірушілер болса, отырықшылар пендеге қиянаты жоқ «періштелер» сияқты көрінеді» (9-б.) деп кітаптың басында оқырманға ой тастайтын ғалым соңында осы таза қиянат тұжырымды теріске шығарып, «адамзат тарихын таразылағанда міндетті түрде түркі тарихымен байланыстырмай қарау мүлде қате» деген пікірін, яғни өзіндік ғылыми концепциясын дәлелдеп шығады.
Зерттеушінің тағы бір артықшылығы – халықтық аңыз-әңгімелердегі тарихи деректерді, көне шығармалардың шынайылығын ғылыми айналымға сәтті қосады. Ол «авторы көрсетілмеген тарихты «ауызша тарих» дейміз. Оның авторы – халық. Демек, ауызша тарих – халық тарихы. Оған неге сенімсіздікпен қарауымыз керек? Мысалы, халық әнінің ішінде жасандысы бар ма? Әрине жоқ. Сол секілді халық тарихы да міне, осындай. Ендеше, оған деген көзқарас неге керісінше болу керек?» (38-б.) дейді. Өте орынды салыстыруға бірдеңе алып-қосу артық.
Олай болса кешегі қарапайым қазақтың үміт еткен қара баласы талмай талаптанып, табанды ізденудің арқасында бүгін бүкіл қазақ жұртының сүйінетін ұлына, сүйікті Қойшығарасына айналса, оған неге біз қосылмауымыз керек.
Намазалы ОМАШҰЛЫ,
Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
Материал «Egemen Qazaqstan» газетінен алынды