Биыл 60 жылдығын тойлап отырған Арқалық қаласы Торғай төсіндегі ерен еңбек қаласы болғаны мәлім. Ал, кешегі күні қайнаған еңбек ордасы Арқалыққа қазақ даласының түпкір-түпкірінен қаншама жастар келіп өз бақытын тапты.
Бұл шаһардың қазақ тарихында ойып тұрып алатын өзіндік орны бар десек, ал Арқалықтың қала болып қалыптасуына өзінің ғұмырын арнаған асыл жандардың бірі Сәндібек Мұқышұлы Есқожин.
Сәндібек ағамыз 1947 жылғы 15 қыркүйек күні Қостанай облысының Меңдіғара ауданындағы Байқожа ауылында дүниеге келеді. Ағаның айтуынша, шоқ тоғай арасындағы Ұзынағаш ауылы маңына қар көп түсетін болғандықтан, кейде үйдің мұржасы ғана көрініп, ал үйдің өзі қалың қар астында қалып қояды екен. Ондай кезде көршілері талай рет сырттан қазып алыпты.
Сәндібек ағаның суға, жерге деген қызығушылығы сол кезде оянған болар.
Сәндібек аға 1954 жылы 7 жылдық ауыл мектебінің табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданады.
Бұл тың игеру уақыты болатын, Үй өзенінің Тобылға құяр сағасында орналасқан ауылдар, яғни 11 колхоз бірігіп, 5 бөлімшеден тұратын «Қаратал» совхозы болып құрылады. Аталған кезең — жер-су атауларымыз бұрмаланып, Меңдіқарамыз Боровскойға айналған заман еді. Бұрынғы елді мекендер ежелгі атауларынан айырылып, ішкі жақтан көшіп келушілердің құрметіне Харьковский, Каменск-Уральский, Краснопресненский, Ломоносов деп аталды. Оны айтасыз, ауылдағы қазақ мектебі мұғалімдерімен қоса Меңдіғараға көшіріліп, аудандағы жалғыз қазақ мектеп-интернатына айналады. Тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты аясында «коммунизмге тезірек жетеміз» деген желеумен қазақ мектептері жаппай жабылып, орыс сыныптарын ашу үшін талай қазақ баласы күшпен екі сынып төмендетіліп аталған сыныптарға көшіріледі.
Бірақ саны аз болса да қазақ мектептерін тәмамдағандар өте білімді болатын, жалпы, Меңдіғараның мұғалімдері өте сауатты еді, сол кездегі Меңдіғара педучилищесін аяқтаған адамның білімі институт-университеттен кем бағаланбайтын. Ал, ауыл мұғалімдердің ішінде Сәндібек ағаның техникалық салаға бет бұруына себеп болған Жағыпар Ғұсманов еді. Сәндібек аға оқу озаты болып, физика үйірмесіне қатысып, халық және үрмелі аспаптарда ойнайды, радиохабарлар жүргізді.
Албырт Сәндібек 1965 жылы мектепті бітірген соң кішкентайынан бірге оқыған үзеңгілес жолдасы Төленді Жөлкеев екеуі гидрогеология мамандығын таңдап, геологиялық барлау факультетіне түседі. Қазақ политехникалық институтын 1970 жылы ойдағыдай аяқтап, Қостанайға жолдама алып, Солтүстік Қазақстан геология басқармасының Темір геология барлау экспедициясына жұмысқа орналасады.
Ағаның айтуынша, Темір кенті Лисаковскіден онша қашық емес, Қоржынкөл магнетит кеніші жанында орналасқан еді, аталған кентте тек кеншілер ғана тұратын. Жергілікті халықтың аз болғаны сондай, тұтас бір кентте бар болғаны 23 қазақ тұрады екен. Осында жүріп аз ғана қазақтың қилы тағдырын көреді, мәселен кенттің коменданты кезінде Түркістан легионында болып, кейін 25 жылға сотталып, жазасын өтеп келген кісі, бір қызығы кенттегі барлық балалардың әрқайсының аты-жөнін жатқа біледі және немісшеге судай екен, ал экспедицияның бас есепшісінің орынбасары томаға-тұйық Асқаров Қайдар деген жігіт болған, сөйтсе, ол Міржақып Дулатовтың Асқар атты ағасының баласы болып шыққан.
Сәндібек аға мұнда келген соң қызу еңбекке араласып кетеді, экспедиция басшысы В.Фомин жас маманға бар жағдайды жасауға тырысады, оның үстіне Қостанай облысы бойынша гидрогеолог мамандары өте сирек болатын. Енді, міне, институтта алған білімді сынайтын кезең келеді.
«Бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген қазақ мақалын берік ұстанған Сәндібек аға 1971 жылы сол кездегі Целиноград қаласының пединститутында оқитын Шәмшібану атты қызбен отау құрады.
Үйленгеннен кейін бұрынғыдай емес, Темірде тұратын 20 шақты қазақ бір-бірімімен жақын араласа бастайды. Той-томалағы болсын, өлім-жітімі болсын, осындай сәттерде қазақтар әрқашан ұйымшылдығын көрсетеді.
Сәндібек аға спорттық шараларға белсене қатысып, аудандық, қалалық жарыстардан жүлделі орындарға ие болады. Өз күштерімен көркем өнерпаздар үйірмесін құрады. Халықты жұмылдыра отырып, Темірде бассейн, спорт залы салынады, бұл ағаның ұйымдастырушылық қабілетін шыңдауға да септігін тигізеді.
Сонымен, 1970-1975 жылдары ағамыз аталған өңірдегі Шиелі жер асты суларына, Ново-Илиновка, Козыревка боксит кеніне, Қоржынкөл магнит кеніне, Құсмұрын қоңыр көмір кеніне барлау жұмыстарын жүргізеді, еңбегі елеусіз қалмай Мәскеудегі Кеңес Одағының Мемлекеттік Қорында бекіту комиссиясына ұсынылады.
1975 жылы Торғай геологиялық барлау экспедициясына жаңадан ашылған облыстың басшылығының аттай қалап алуымен бастық болып ауысып келіп, бұрынғы Торғай облысының гидрология саласындағы ең алғашқы маманы болды.
Облыстың жаңадан ашылып жатқан кезі, өңірдің жер асты суына зәрулігі қатты сезілетін. Торғай облысының сол кездегі хатшысы Қаратай Тұрысов Сәндібек ағаға Мемлекеттік комиссия бекітуі үшін Орлов қоңыр көмір кені орнын зерттеп, ашық әдіспен өндіру керектігін айтады. Сөйтіп, тағы да еселенгең еңбектің ортасына түседі. Аға Орлов қоңыр көмір кен орнының Мемлекеттік қор комиссиясының талаптарына сәйкес келмейтіндігін анықтайды. Алдыңғы жоспар бойынша көмір кен орнының бағасы зерттеулерден кейін артқанымен, жан-жақты сараланған соң Кеңес Одағының Геология министрлігінде бекітіледі. Жас болса да іскер Сәндібек ағаның кандидатурасы облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып, облыстың сол кездегі бірінші басшысы Еркін Әуелбеков оған үлкен сенім артады.
Аға айтқандай тұтас бір экспедицияның бұрынғы жасаған жұмыстарында кемшілікті анықтап, олардың сол кездегі танымал мамандар болғанына қарамастан, тиімсіздігін дәлелдеп береді, ал ол дегеніңіз адамдардың өмірі ғой, өйткені алдыңғы бекітілген жоба бойынша кенді текше экскаваторлармен жүргізу керек болса, Сәндібек аға роторлық экскаваторлорды қолдану арқылы аршу жұмыстарын жүргізудің тиімділігін көрсетіп береді. Яғни, басты талап – апатсыз жұмыс істеу еді.
Сәндібек ағаның жаңа жобасына қарсы болғандар болды, тіптен Қостанайдағы сараптама жүргізу орталығының басшысы В.Тихоновский сияқты сенімсіздікпен қарағандардың болғанына қарамастан, Кеңес Одағының Геология министрлігінде аталған жоба бекітіліп шығады. Бұл, әрине, тынымсыз еңбектің, ұйқысыз күндердің арқасында мүмкін болды.
Әрине, өз ісіне тыңғылықты Сәндібектің ұйымдастырушылық қабілеті бұл кезде де бар қырынан танылады.
Атқарылған еңбектің нәтижесінде Арқалық қаласында үш қабатты химиялық зертхана, сегіз булы қазандықпен орналасқан жылу жүйесі, Геологтар ауылындағы №3 Бейімбет Майлин атындағы орта мектеп, елу орындық жас мамандарға арналған жатақхана, сегіз пәтерлі үй, ағаш тілетін станоктары бар шеберхана, бұрғылау ерітінділерін дайындайтын зауыт, өндіріске қажетті цехтар, сауда орталығы, 75 орындық балабақша, екі пәтерлі 16 үй пайдалануға беріледі.
«ТорғайАлюминстрой» тресі 56 пәтерлі бес қабатты үйдің құрылысын аяқтайды.
Шартараптан жас мамандар шақырылып, экспедицияда жұмыс істейтін жұмысшылар саны 190 адамнан 780 адамға жетеді.
Әрине, мұның бәрі ұйымшыл ұжымның, қажырлы еңбектің, мықты ұйымдастырушының арқасында мүмкін болды.
Айтқандай, Сәндібек аға жоғары басшылық лауазымда жүрсе де қазақ мәдениеті мен өнеріне көмегін аяған емес. Экспедиция құрамында 40 адамнан тұратын ұлт аспаптар оркестрін, 60 адамнан тұратын 3 дауысты хорды, би ансамблін құрады.
Отбасы тәрибесіне бейжай қарамайтын Сәндібек аға өз балаларын қазақ мектебінде оқытып, басқаларға ісімен де, сөзімен де үлгі бола білді.
Халқының жағдайын жасау, олардың әл-ауқатын арттыру үшін тағы да Геолог ауылында көптеп пәтер салдырды, жаңадан 140 орындық балабақша, 32 пәтерлі және екі 4 пәтерлі тұрғын үй мен өндірістік мекемелер, жатақхана пайдалануға берілді, жылу жүйелері мен су және кәріз құбырларын тарттырып, асфальтталған көшелер салынды.
Сондай-ақ, Амангелді ауданынан «Баймұрат» қосалқы шаруашылығы құрылып, 30 шақырымдық 10 Кв электр жүйесі тартылды. 400 бас ірі қара малға арналған екі қор, 2 пәтерлі үш үй, монша, шеберхана салынды. Тынымсыз еңбектің арқасында экспедиция қызметкерлері тұрғын үймен толықтай қамтамасыз етілді.
Торғай өңірінің ғана емес, республиканың мақтанышына айналған Еркін Әуелбековпен, Қаратай Тұрысовпен, Мақтай Сағдиевпен, Оразбек Қуанышевпен, Кенжебек Укинмен, Аманжол Сейітжановпен, Ғалым Байназаровпен, Әнуар Арғынғазинмен тығыз қарым-қатынаста, олармен қызметтес болды.
Сәндібек ағаның қала, облыс ғана емес, сонымен қатар Қазақстан, КСРО деңгейінде еңбегі жоғары бағаланып, «Халықтар Достығы» орденімен, «КСРО геологиялық жұмыстарының үздігі» медалімен марапатталды.
Өз өмірінде оннан астам ғылыми еңбектің авторы болып қана қоймай, сонымен қатар 7 геологиялық есептің де жарық көруіне мұрындық болды.
Одан өзге, «Қатты пайдалы қазбаларды әзірлеудің тәсілі» атты патентті ойлап тауып, бірнеше авторлық куәліктің иесі болды және өндіріске қайта өңдеудің қалдықсыз және экологиялық таза технологиясымен қатты пайдалы қазбалардың ұңғымылы гидроөндіруін әзірлеуді енгізді.
Халқымыздың біртуар ұлы Сәндібек Мұқышұлы Есқожин ағамыз егер тірі болса биыл 69 жасқа келер еді. Оның көре алмай кеткен қызықтарын апамыз Шәмшібануға, кейінгі ұрпағы Айгүл, Мұрат пен Асқар, Жанқайырға көрсетсін дей отырып, бүгінгі ағаға арнауымызды Өріс Яшүкірқызының мынадай өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді:
Етті де еңбек жанығып,
Геолог болдың бағы мық.
Жер қойнауын зерттедің,
Әлкейдей кенді сағынып…
Иә, асыл аға, Сіздің бейнеңіз біздің көз алдымызда…
Абай атам айтпақшы, «артына өлмейтұғын із қалдырған» Сәндібек Мұқышұлы осындай жан еді.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Суреттер Сәндібек Есқожиннің жеке мұрағаты мен интернеттен алынды