Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Астанадағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Брифинг барысында облыс басшысы Қостанайда Тобыл өзені арқылы өтетін көпір жыл соңына дейін жөнделіп бітетінін мәлімдеді.
«Тобыл өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмысы – күн тәртібіндегі күрделі мәселе. Көпір Қостанай қаласының Таран көшесімен Тобыл өзені арқылы өтетіндей жөнделіп жатыр. Бұл – қаламызды басқа өңірлермен жалғайтын көпір. Оны жөндеу жұмыстары 3,2 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін көпірді пайдалануға береміз. Бұл – стратегиялық нысан», – деді А.Мұхамбетов.
Сондай-ақ облыс басшысы брифингте «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен IVECO Russia компаниялары арасында қол қойылатын экспорт туралы келісім аясында Қостанай облысы Ресейге «Daily» көлігінің ілкі партиясын жеткізетінін де хабарлады.
«2015 жылдың тамыз айында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен Қытайдың СhinaMachinerycompany және JAC Motors компаниялары арасында стратегиялық серіктестік және ұлттық қазақстандық автокөлік брендін дамыту бойынша келісім жасалды. Осы келісім аясында «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны JAC Motors компаниясымен JAC автомобильдерін шығару бойынша жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бүгінде 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, бірінші партия шығарылды. Жалпы, 40 млн АҚШ долларына дейін инвестиция салу көзделген. Технологиялық қондырғылар 2016 жылдың маусым-шілде айларында жеткізіліп, монтаждалады. Ал биыл 2 мыңнан астам автокөлік шығарылады», – деді А.Мұхамбетов.
Облыс әкімінің айтуынша, ақпан айының соңында СhinaMachinerycompany компаниясы делегациясының Қостанайға сапары жоспарланып отыр. Сапар аясында индустриялық аймақ құрылысының мерзімі бойынша шешім шығарылып, облыс әкімдігі, СhinaMachinerycompany мен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС арасында үш жақты құжатқа қол қойылатын болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, осы келісім аясында Қостанай облысы Ресейге «Daily» маркалы көліктер жеткізбек.
Арқалықта көмір орталығы салынады
Бір қуантарлығы, өңірге қарасты Арқалық қаласында көмір орталығы салынуы мүмкін. Облыс басшылығы мұның себебін қыс мезгілінде алыстан көмір тасып, жолда қалатын тұрғындардың мәселесімен байланыстырады.
«Биыл қыс қиын өтіп жатыр. Қардың көлемі былтырғымен салыстырғанда екі жарым есе, кейбір облыстарда тіпті үш есе көп жауды. Қыс бойы облыста республикалық және жергілікті маңыздағы жолдар 15 рет жабылды. Құтқару жұмыстарына екі жүзден астам техниканы жұмылдырдық. Қыс бойы үш жүзден астам жеңіл автокөлікті, 650 адамды құтқарып алдық», – деді әкім өз сөзінде. Ендігі кезекте өңір жұртшылығы көктемге қызу дайындалып жатқанға ұқсайды.
Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары В.Божко «қыста ескертуге қарамай жолға шыққан адамдарға айыппұл салу керек» деп ұсыныс айтқан болатын. Осыны басшылыққа алған әріптесіміздің сауалына А.Мұхамбетов: «қыста рұқсатсыз жолға шыққан адамдарға айыппұл салу туралы Ішкі істер министрлігінің шарасы дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Торғай өңірінде тұрғындар мен жеке кәсіпкерлер күн райының қолайсыздығына, Төтенше жағдайлар департаментінің ескертуіне қарамай өздері көмір тасуға шығады. Көмірді күз кезінде тасу керек еді. Бірақ қыста көмір тасуға шығып, жолда қалған адамдар туралы біраз оқиға тіркелді. Сол кезде тіпті әуе техникаларын жұмылдырып, адамдарды құтқарып қалдық. Мұның барлығы бюджетке келіп жатқан шығын. Бірақ осындай жағдайларға жол бермеу үшін өзіміз тиісті шараларды қолға аламыз. Мысалы, Арқалық қаласында көмір қабылдайтын орталық салуды жоспарлап отырмыз. Яғни, сол орталыққа көмір тасып берсек, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар бейберекет жолға шыға бермей, сол орталықтан тасып алар еді», – деп жауап берді.
500 жұмыс орны ашылады
Архимед Бегежанұлы брифингте Қостанай облысы 2015 жылы бюджетті оңтайландыру шараларының аясында 4,5 млрд теңгені қысқартқанын атап өтті. Ал 2016 жылы осы оңтайландыру аясында облыс мәдени және ресми шараларды қысқартпақ.
«2015 жылды Қостанай облысы жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Соның ішінде, республикалық және жергілікті бюджет бойынша барлық межені орындадық. Жалпы, жылдың соңында облыс 4,5 млрд. теңге қаржыны қысқартты. Яғни, облысымызда оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Бірақ облысымыздың кейбір қалаларында, мысалы, Рудный, Қостанай қалаларында қиындықтар болды. Дегенмен, ең басты мәселе – әлеуметтік төлемдер төленіп отырды», – деген әкім облыс басшылығының басты мақсаты халықты әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету екенін алға тартты.
«Биыл облыстық бюджетте қиындықтар болады, соның ішінде, салық саласын нығайтуымыз керек. Көптеген резервті анықтап отырмыз. Мысалы, өткен жылы жарнама орналастыру бойынша біз шағын және орта бизнесте біраз заң бұзушылықты анықтадық. Жер мәселесі бойынша да проблемалар бар, жерлерді өзінің тиісті мақсатына пайдаланбай жатқан кәсіпкерлерді де анықтадық. Бұл бағытта да айыппұлдар саламыз», – деді әкімі.
Сондай-ақ әкім облыс құрылымында – жол полициясы мен Әділет басқармасының арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл салалардың басшыларына тиісті тапсырмалар берген. «2016 жылдың қорытындысы бойынша берілген тапсырмаларды орындап, әлеуметтік төлемдерді уақытында төлейміз деген мақсат бар», – деді облыс басшысы.
Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына 16 инвестициялық жоба енген. Инвестициялардың жалпы көлемі 322 млрд теңге, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы 3,2 мың жұмыс орны ашылады. 2015 жылы өңірде 4 кәсіпорын пайдалануға берілді, осылайша, 126 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Биыл жалпы сомасы 23 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ, сол арқылы 500 жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Үй құрылыс комбинатына жалғасатын теміржолдың құрылысы басталды. Бұл теміржол еліміздің басқа өңірлеріне материал мен дайын заттарды жеткізуге кететін шығынды азайтады», – деді әкім.
Аймаққа дәрігерлер ауадай қажет
Баспасөз мәслихаты барысында белгілі болғандай, Үдемелі индустриялы- инновациялық даму бағдарламасының бірінші бес жылдығынан екі проблемалы жобаға да инвесторлар табылған. Яғни, биыл «Комсомол құс фабрикасы» АҚ мен «Лисаков картон-қағаз кешені» ЖШС-ның жұмысын қайта жандандыру көзделіп отыр.
«Комсомол құс фабрикасына» «Қазагрофинанс» АҚ-мен уағдаластыққа қол жеткіздік. Ал картон-қағаз кешеніне келген жаңа инвестор құрылғыларды жөндеп жатыр. Жылу жүйесі де жөндеуден өтеді», – деді облыс басшысы.
Айта кетейік, Архимед Мұхамбетов аймаққа дәрігер мамандар жетпей жатқанын ерекше атап өтті. Мысалы, қазір облысқа 450 кадр жетпей тұрса, оның жартысына жуығы дәрігерлер екен.
«Бүгінде облысымызда орташа есеппен 450 маман тапшылығы бар. Негізгі бағыттар: білім беру мен денсаулық сақтау саласы. 450 маманның 45 пайызы медицина саласына тиесілі. Денсаулық сақтау саласына 450 маманның 44 пайызы тиесілі. Өйткені, облысымызда медицина мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны жоқ. Колледж бар. Бірақ, соған қарамастан, тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылы басталған болатын. Осы бағдарлама аясында 4 мыңға жуық кадр ауылдарға барған. Бұл 4 мың жастың 70 пайызы білім беру саласында жұмысқа орналасса, небары 17 пайызы денсаулық сақтау саласына келген», – деді әкім.
Оның айтуынша, жастарға үй алу үшін несие, кейбіреуіне бір реттік көтермеақы берілген. Сол секілді келген мамандарға қолдау көрсету бойынша барлық деңгейдегі әкімдерге тапсырма жүктеліпті.
Нарықта шикізаттың арзандауы экономикаға әсерін тигізіп отырғанын баяндаған Архимед Мұхамбетов, дегенмен, металлургия өнеркәсібінің өндіріс қуаты 10 пайызға артқанын, нәтижесінде 41 млрд теңгенің өнімі шығарылғанын жеткізді. Сол секілді ауыл шаруашылығы саласына тоқталған ол 2016 жылы экспорт көлемінің 3 мың тоннаға дейін ұлғаятынын айтты.
Амангелді батыр ескерткіші жөнделеді
«Негізгі серіктестеріміз – Ресей мен Қытайдың экономикалық байлауы бізге де әсерін тигізіп отыр. Мысалға, тау-кен саласында темір кенін өндіру – 27, темір концентраты 20, асбест 16 пайызға және мыс кені төмендегенін көріп отырсыздар. Өңдеуші өнеркәсіп саласының кәсіпорындары көрсеткіштерін 9 пайызға төмендетіп алды. Бұл, ең алдымен, автокөлік жасау, тағам өнеркәсібі салаларында өнімді сату кезіндегі қиындықтарға байланысты болды», – деді Қостанай облысының әкімі.
31-арнаның тілшісі, әріптесіміз Бақытнұр Әлібайдың сауалына орай жауап берген аймақ басшысы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай Амангелді ауданында орналасқан Амангелді Иманов атындағы музей мен батырдың ескерткіші жөнделетінін атап көрсетті. Музейді қайта жөндеу үшін облыс бюджетінен 12 млн теңге қаражат бөлінген.
«Биыл ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Бұл – маңызды оқиға. Осыған орай арнайы іс-шараларымызды бекіттік. Ең басты мақсат – жүз-жүзден киіз үй тігіп, тойлау емес, оқиғаға мән беру, жастарға рухани тәрбие беру. Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Осы бағыттағы жұмыстарды көп қаржы шығармай атқарамыз», – деді әкім.
Ал Амангелді Иманов атындағы орта мектеп келесі жылы «Жол картасы –2020» бағдарламасына еніп, жөнделеді. Ал Амангелді Иманов атындағы мемориалдық музей 12 млн теңге қаржыға жаңғыртылады. Амангелді Имановтың ескерткіші де көркейеді», – деп атап өтті А.Мұхамбетов.
Баспасөз мәслихаты соңында Қостанай облысының билігі мектептерді жөндеу үшін қыруар қаражат бөлмейтіні мәлім болды.
«Облыс бойынша күрделі жөндеуден өткен мектептердің үлесі 47 пайызды құрайды. Қазір біз мектептерді жөндеу амалын өзгерттік. Егер қандай да бір мектептің жөндеуіне кететін шығын 200 млн теңгеден асып кетсе, ол мектепті жөндемейміз. Оның есесіне, екі-үш мектепті жөндеуден өткіземіз», – деп ашығын айтты әкім.
Архимед Бегежанұлы, сондай-ақ, облыстық бюджеттің 33 пайызы білім саласына бөлінгенін, жалпы өңірде 536 орта мектеп бар екенін, үш ауысымда оқитын немесе апатты жағдайда тұрған білім ошағы мүлде жоқ екенін атап өтті.
«Балабақша мәселесіне келсек, аймақта 167 балабақша бар, облыстағы бүлдіршіндердің 90 пайызы балабақшамен қамтылған. Қазір 1-6 жас аралығында 22 мың бала балабақша кезегінде тұр», – деді әкім.
«Тобыл-Торғай»-ақпарат
Суреттер kostanaytany.kz, kstnews.kz, kapital.kz сайттарынан алынды