Осы аралықта менің жадымда бір бас қосуда тарихшы Манаш (Қозыбаев) ағамыздың айтқан бір әңгімесі тірілді.
– Бірінші, – депті Адам ата ұлына, – ойлан балам, мал-дүниенің соңына қатты беріліп түспе, өйткені ол ұйқыңнан қалдырады. Ауру қылады. Мейірімсіз етеді. Көз ештеңеге тоймайтыны белгілі. Ол бір уыс топырақпен ғана толады. Екінші, өз жұмысыңның түпкі нәтижесін ойла. Сабырлылық сақта. Пайда-зиянын екшей біл. Үшінші, әрбір жұмысыңды бала-шағаңмен ақылдасып, қабырғаңмен кеңесіп істеуге дағдылан. Төртінші, жақсы көретін ең жақсы адамыңмен, өмірлік жарың – жұбайыңмен әркез сыйлас. Қысқа өмірде бір-біріңді құрметтеп өткеннен қымбат нәрсе жоқ. Бесінші, көңілің қаламаған жұмысты ешқашан қолыңа алма. Содан кейін – өтірік айтпа, өйткені өтірік несібеңді жеп қояды. Абыройың төгіліп, тиесілі сыбағаң өзіңе бұйырмай кетеді. Енді бір есіңе ұстар жайт – ішімдік жүрген жерде ақыл болмайды. Әрі шарап сауапты жеп қояды. Ал адамның сауаппен көгеретінін ұмытпа. Және айтам – садақа беріп жүр. Адамда 444 сүйек, 362 тамыр бар көрінеді. Осы сүйек пен тамырдың әрбіріне садақа жасау қажет. Ең соңғысы – қанағат деп жүр. Барға да, жоққа да тәуба жасап қанағат етсең күнәң кешіріледі, – деп. Сөз саптау ұсталығы мен тұрақты ой-тұжырымына қарап отырып Кенжекең маған Адам атаның осы насихатын білетін адамға ұқсап кетті. Өйткені Кенжеғали Әбенұлы өзін үнемі бір қалыпта ұстайтын кісі ғой, адам жолда танылады. Сан сапарда, сан отырыс-тұрыстарда бірге болып жүреміз, сонда әдептен де озбайды, мінезі де орнықты, өзіне баурай тартып, маңайын үйіріп алады.
Сөз сабақталсын деп мен Абай тақырыбына ойысып:
– Кенжеке, сона заманда Ахмет атамыз Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп қазақпен тәу таныстырып еді, сіз бүгінгі заманда жаңа ұрпаққа Абай әлемін аштыңыз. Осы сабақтастық текте жатпасын, әрі Ахаң мен Сіз аталассыз, бір жерде, бір елде, бір топырақта дүниеге келгенсіздер, – дедім.
– Бәрі рас, Ахаңмен аталаспыз, бәріміз де Шақшақ Жәнібек ұрпақтарымыз. Бұл жөнінде айттық та, жаздық та. Ал, Абай тақырыбына келсек, бүгінде абайтанушылар көп болғанымен, Абайды алғаш қазақ даласында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов танытқан. Және бір алыбымыз Мұхтар Әуезов Абай төңірегінде өлмейтін-өшпейтін мұра жаздырып қалдырды. Осылайша абайтану ілімі басталғаны тарихи шындық. Енді әлемдік Абайтанудың негізі қаланғанының куәсі боп жүрміз. Осыдан біраз жыл бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойын тойлау туралы ЮНЕСКО-ның арнаулы шешімі шыққанын да білеміз. Мен сол тұста Ұлттық Академияның президенті едім ғой, міне, сонда әрі жұмыс бабының ретімен, екінші өзімнің жүрек қалауыммен Абай жайлы сөйлеуге, айтуға тура келді. Сен сондағы сөзді қозғап тұрсың ғой, иә, орынды. Осы тұста және бір пікір қосайын: есіңде болса Елбасы Түркістанға барғанында қазақтың адастырмас темірқазығы болатын үш ірі мәселені айтпады ма, біріншісі – тарихыңды толық білу, екіншісі – жан-жаққа тартқан діни ағымдардан арашалайтын Ясауи ілімі мен философиясын оқып үйрену, үшіншісі – ұлан-ғайыр Абай өркениеті! – деп. Міне, бұл, ұлттық идеологияның негізгі қағидасы!
Абай – әлемдік тұлға. Ол өз халқының мұң-мұқтажын, мәдениетін, қоғамдық ой-санасын, көркемдік ізденістерін мүлдем жаңа сапаға көтерді. Сонымен бірге оның арман-аңсары (идеялы) бүкіл адамзаттың ең биік асыл мұрағаттарымен де үндесіп жатыр. ХХ ғасырда кез-келген қоғамның парқын, түптеп келгенде, адам сапасымен өлшеу үрдісі бірінші кезекке шықты. Бұл тұрғыдан Абай көксеген «бүтін адам», Абай армандаған «толық адам» проблемасы ең озық ой-идея ретінде бүгінгі зерделі қауымды да бейтарап қалдырмайды. Абайды тану арқылы біз өз болмысымызды терең тани түсеміз. Өткен мен бүгінгінің парқын білеміз, болашағымызға сеніммен қараймыз. Сондықтанда ма екен даналықтың өлшемі болып есептелетін Абайды былайғы жұрт оның ақындық және рухани мұрасын халқымыздың ұлттық энциклопедиясы деп те орынды атайды. Осы реттен де ұлттық идеяны игеру мен іске асыру қазіргідей өтпелі кезеңді басынан кешіріп отырған қазақ ұлтының, бүкіл қазақстандық отандастарымыздың басты идеялық бағдары болмақ.
Осылайша ойын түйген Кенжекең енді сөз бағытын өзгертіп, әңгіме арнасын Торғай-дуан тақырыбына бұрды да:
– Торғайдың баяғы біздің бала күніміздегі келбеті есіңде ме? – деді.
– Әрине, есте, әйтсе де көкіректе көмескіленіп бара жатқандай…
– Ол рас, дүниенің бәрі көмескіленеді, ескіреді… Бірақ тарих көмескіленіп ескірмеуі тиіс. Біздің бұл “Торғай-дуанның” іргетасы 1845 жылы қаланды деп жазылып жүргенмен, негізін сонау Шақшақ Жәнібек заманынан бастаған жөн бе деймін. Себебі, тым алысқа шегінсек, Торғайға қатысты оқиғалар тізбесі бастауын сонау ХҮІ ғасырдан алатын сияқты. Бұл туралы дерек қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Жәнібек ханның немересі Абдолланың 1532 жылы мамырдың 19-22 жұлдызында Торғайдан Ұлытауға өткенін жазады. Кейінгі сызбаларда да Торғайдың жағырафиялық сәулесі алыстан түседі. Бұған 1627 жылы А.Мезенцев жасаған тарихшы А.Краусстың “Азиядағы Ресей” (1889 ж.) дейтін еңбегі және басқа да туындылар айғақ…
– Осыны Ғафу ақын дөп басып айтқан ғой. Ол:
Көшелер құрғақ өзен арнасындай,
Қала едің кәрі шуда нар басындай.
Ішіне оқиғаны тиеп-сықтап,
Тарихтың қойып кеткен арбасындай, – десе айтқан-ақ емес пе!
– Ғафу ағамыз дөп басып-ақ айтқан, бейнелі айтқан! Тіпті патшалық Ресей тұсында да Торғайдың қала аты, өзіндік таңбасы болған – 1878 жылы бекітілген заңды белгісі бар, деректер жетеді. Соны жаңғырту жөн…
– Әттең, бір кем дүние! Торғайдың бүгінгі келбеті… “Шет аймақ”, “Түкпірдегі ел” күйінде қала берсе болашағы нешік болар…
– Гәп осында, ойласатын-ақ тақырып! Бұл өңірдің тағдыры бәрімізді де толғантуға тиісті…
– Осындайда ел адамдары еске оралады. Мен әлі күнге баяғы көне көз қарттарды еске аламын, бейнелері көз алдымда…
– Менің де Торғайға келіп оқыған жылдарым есімде қалыпты, Торғай жұртының қариялары бір қазына еді ғой, шетінен шешен, шежіреші, әңгіме отауын қалай құрушы еді… Соның ортасында менің Мұрат әкем отырушы еді…
– Отырғаны несі, сіздің Мұрат әкеңіз сол ортаның ұйытқысы-тын, Көзіміз көрді. Біздің үйіміз дуандағы Торғай өзенінің жағасында, нақ көпірдің түбінде болатын, сіздің сол әкеңіз біздің Темірғали атамызбен албарлас еді-ау, көрші тұрдық. Күндегі дағды, екінді әлетінде, көлеңке ұзара сол Темірғали атамыздың ауласы кісілерге толып кететін. Пионер көшесінің байырғы тұрғындары менің Бірмағамбет, Мұхаметқали, Есқали аталарым, Самат, Бәйгерей, Тұрмат, Төлеген, Әмірғали, Борсан, Жетімек, тағы кім ұмыт қалды… Бұларға атақты Айса, Нұрхан ақын, боса да Мұрат ақсақал қосылады. Әңгіме-дүкен базары қызатын… Біздер, балалар үлкен кісілердің әңгімелерін ұйып тыңдаушы ек…
– Біздің Мұрат әкеміз:
Ертеде естімеген елде көпті,
Ермек қып кім айтады елде жоқты.
Бірі әділ, бірі залым, бірі момын,
Жаралған бәрі бірдей пенде жоқты.
Қарт Мұрат бүгіп алып бір тізесін,
Жосылтып сөйлеуші еді сөз жүйесін.
Бір топта тамсандырып айтып өтті,
Баяғы Қарға ұрының әңгімесін, – деп басталатын жырды білуші ме едің, сондағы “қарт Мұрат” менің әкемнің сүйек жағынан ең жақын інісі еді ғой…
– Мұрат ақсақал халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың айтулы “Қарға” дастанының бас кейіпкері!
– Атағы ер жігіттің өнерінде,
Өмірге кім арашы сөнерінде.
Айтыпты бір әңгіме Қарға дейді,
Халыққа сырын ашып өлерінде, – деп жосылтушы еді-ау ән-жырды!
– Иә, ол да бір өткен заман…
– Заман болғандай қандай, біздің Мұрат әкеміз әсіресе Ахаң жайлы мол әңгіме айтатын, көп білуші еді… Ахметтің шапшаң дамып, жылдам өсуіне және бір әсер еткен жайт, сол тұстағы Торғай өңіріндегі жалпақ жұртқа белгілі ақындық мектеп екенін бүгіндері біреу біліп, біреу білмейді. Атақты уақ Жұмабай, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаш Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы сияқты ақындар дүниеге келген Торғай өңірі Ахаңды дүр көтерген ғой. Мұрат әкем солай деп отырушы еді.
Кенжекең осы тұста тіптен шешіліп, ауылда бала күнінде құлағында қалған ескі әңгімелерге көшті.
– Орынбордағы оқуын бітіргесін Ахаң “Жалғыздың жары құдай” деп елге оралмай Батпақтыға – Ақтөбе уезіне мұғалім болып барыпты… Батпақтыдағы ауыл мектебінде бірер жыл жұмыс істеген ол Қостанай уезінің Әулиекөлдегі болыстық мектебінде, кейін Қостанай қаласының уездік екі сыныптық орыс-қазақ школында сабақ береді. Осында ол үйлі-баранды болған. Жұбайы Александра Ивановна – Бәдрисафамен некелеседі. «Бәдрисафа» дейтін есімді Ахаңның өзі таңдап қойған екен деген сөз бар…
– Ахаңның бұдан соңғы өмірі Омбы, Қарқаралыда жалғаспай ма…
– Омбы, Семей, Орынбор, Қызылорда – бұл Ахаң шарлаған шаһарлар. Бәрінен де қызық әңгіме, Ахмет атамыздың Торғайға келуі ғой. Ол Торғайға келген бір сапарында атақты «Аққұм» әнін шығарыпты.
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,
Сөзі бар алуан шекер, балдан тәтті.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын өлең қылып перизатты, – деп басталатын бұл жыр кейін халық сүйіп айтатын ән боп кеткен десетін әкелеріміз.
– «Аққұм» әнінің кейіпкері Іңкәрді білесіз бе?
– Естуімше, Іңкәрды Торы Қыпшақтың Бессарысына жататын айтулы әнші-күйші Бөгембай салдың қызы десетін. Бұл деректі де сен жаздың ғой…
– Иә, сол Бөгембайдан Дүйсембай мен Іңкәр туыпты. Іңкәрдің нағыз ару боп өскен бойжеткен кезінде Ахаңның көзіне түскені шындық, тәу махаббаты болғаны және рас дейді білетіндер. Ахаң «Аққұмнан» соң «Қараторғайды» жазған. «Қараторғай», «Аққұм» әнінің заңды жалғасы, бұл екі ән – егіз әндер. Екі ән де Іңкәрға арналған.
– Бұдан соң Ахаң «Қарғаш», «Екі жирен» әндерін жазыпты ғой…
– Ахаңның «Қарғашы» да Іңкәрға арналған. «Қарғаш», «Қараторғай», «Аққұм» – триптих әндер! Бұл төңіректе өзің де жақсы жазып жүрсің, сенің Ахаң туралы эссеңде біз әңгімемізге арқау етіп отырған тақырыбымыз терең қарастырылған ғой, іздене-түртінгенге айтар сөз жеткілікті.
Осы кезде біздің алдымыздан Торғай қылтиған. Әңгіме тежелді.
Елтіген көңіл киелі жұрт шетіне жеткесін толқиын деді. Бәрі тағдыр. Жолда топшылап келемін ғой, «елде кім бар?» деп. «Ет жақындар аз қалыпты-ау, өзі… Анам көз жұмған, ағайындар да таусыла бастапты, достарымның біразы шетінеген,.. қатар сирепті…» Кенжекең де ойлы… «Жақсылардың біразы жер астында…» деп келе жатқан жол бойы. «Тірлік-ай, – деймін іштей, – елге, туған жерге келіп, мауқыңды басып, аунап-қунап кету ерсі болмағанмен, біздің осы жүрісімізді кім қалай қабылдар? Салтанат көре ме, әлде естілік дер ме?..» Еске Міржақып атамыздың «Туған жер» дейтін жырын түсірді:
Айт шыныңды, көңілім, қайда барасың,
Қаңғырудан қандай пайда табасың?
Тоқталатын келген жоқ па мезгілің,
Дамыл таппай күні-түні шабасың.
Ойнақтайсың, от басасың, тұрмайсың,
Бір басыңның текке аласың мазасын.
Білмеймісің, табалайды дұшпаның,
Алаңғасар алып жүр деп жазасын.
Басыл енді, күлкі болма, көңілім,
Жүрегімнің шанши берме жарасын.
Дейді көңілі сонда әсте мұңайып:
«Сарыарқаның сағынамын даласын»!
Осы «сағыныш» деген бір сөз бәр күдікті ысырғандай. Қуатқа қуат қосылды.
О, туған жер! Армысың – Сарыарқа! Сағына жеттік, саған!
Атажұрт ыстық та, керемет қой. Кенжеғали Әбенұлы да сілкінгендей, ажары нұрлана, төңіректі шалады. Ол бір сәт сол қапталда қалып бара жатқан жолды нұсқап:
– Әне, Ақкөлге тартатын біздің ауылдың қара жолы! – деп дауыстап жіберді.
– Алла бұйыртса бүгін Торғайда ат шалдырып алып, ертең осы қара жолға түсеміз! – дедім мен де оның сөзін қостап.
– Иншалла! – деді Кенжекең сүйсіне. – Сан жүрген жол ғой бұл, бұл жол үстімен кімдер жүрмеген, іздер, іздер…
Әрине, Торғай-дуан, жалпы ел қарсы алды-ақ қой. Несін айтасың… Бірақ бұл жерде ішкен-жегенді айту да жөн емес, алдыңнан шыққан басшы-қосшыны тізу, сәлем-сауқат сұрасқан ағайынның атын атап, түсін түстеп хатқа түсіру де артық. Ең бастысы – ықылас, ниет түзу. Пейілде шек жоқ. Бәріне – тәуба, қанағат.
Ас-су, дәмнен соң аудан орталығын аралап, музейлерді көрдік. Музей демекші, мұнда музей көп-ақ. Ахаң мен Жақаң музейі, Шақшақ Жәнібектің, Әліби Жангелдиннің, Нұрхан Ахметбековтің…
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ
Жалғасы бар
adebiportal.kz