Айғаным ханша

айғаным

1-сурет. Айғаным ханша

(Сейіт Кенжеахметұлының жеке мұрағаты:«Қазақтың зиялылары» айдарымен шығуға тиіс еңбегінен)

«Айғаным – Шоқан Уәлихановтың әжесi (Уәлиханның кiшi әйелi, Шыңғыстың шешесi). Айғаным шығыс халықтарының бiрнеше тiлiн бiлген, ақылды, көреген кiсi болған. 1821 жылы Уәлихан өлгенде, оның мұрагер үлкен ұлы Ғұбайдолла саяси қуғында болатын. Сондықтан елдi Айғаным басқарды (1821-1834 жж.). «Сiбiр қазақтары туралы уставы қабылданғаннан кейiн патша үкiметiнiң әкiмшiлiк орындары Орта жүз қазақтарына байланысты мәселелердi көбiнесе Айғаным арқылы шештi. Айғаным Россия Сыртқы iстер министрлiгiнiң азиялық департаментiмен және Петербургтiң Сiбiр комитетiмен тiкелей хат арқылы байланыс жасап отырды. Қазақ және орыс халықтары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту жағында болды…

«Қазақ Совет Энциклопедиясы I том, 162 бет, А.,1972 ж.

Хан, ханша, би дегенде қаны қарайып тұратын кешегi Кеңес заманында Айғаным ханша туралы осылай жазылған. ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында қазақ әйелдерi iшiнде бағы асып, тұтас ХХ-ғасыр бойы атаусыз қалып, ХХI ғасыр алдында жұлдызы қайта жанған Айғаным ханшаның өмiрi мен қызметi елге үлгi боларлық айқын да жарқын iстер едi. Мұның сыртында ел жайсаңы баласы Шыңғысты, қазақтың тұңғыш ғұламасы, немересi Шоқанды тәрбиелеп, өсiрiп, және оларды бiлiм жолына салуы әже, ана атын тiптi көтере түстi. Әйгiлi ғалым Ә. Марғұланның «Айғаным – Шоқан үшiн халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деген сөзiнде тарихи шындық жатыр. Ретi келгенде айта кеткен жөн, Айғаным ханша және оның өмiрi туралы алғаш зерттеп, архивтердi тауып, әдеби бағасын берген бiрден-бiр адам осы Ә. Марғұлан.  Ғалым ханша есiмiне қатысты көптеген құжаттар тауып, оны Шоқан шығармаларының 5 томдық жинағына енгiздi. (Ч.Ч. Валиханов. Собр. Соч. В пяти томах. Алма-Ата, 1961-1972 гг. И 1984-1985 гг.).

Болашақ ханша Айғаным тегi Арғын, Атығай Сарғалдақ есiмдi белгiлi адамның отбасында 1783 жылы туған. Әкесi Бұқарада оқыған сол кездердегi бiлiмнiң жоғары белгiсi «он екi пәндi игерген – бiлiмдi молда әрi ел iшiнде беделдi дiн иелерiнiң бiрi болған. Өз балаларын да, ел жастарын да оқытқан Сарғалдақ сүйiктi қызы Айғанымды бiлiм жолында тәрбиелеп, ол араб, парсы және орыс тiлiн де бiлiп шыққан. Қазақ дастарқаны кең, берекелi үйлердi «кiсi түсетiн үй» деп мадақтайды. Осындай үйдiң бiрi Сарғалдаққа ел шаруасымен жүрген Уәли хан келiп, сұлу да сымбатты жас қызды көрiп, көңiлi кетедi, оны кiшiлiкке сұрайды. Ата жолымен «сүйек жаңғыртайық» дейдi. Мұның да себеп, шындығы бар. Уәлидiң әкесi Абылай ханның өзi Атығайдан қыз алған. Арыстанбай ақынның Кенесары ханға «Атаңа алты қатын алып берген Атығай, Қарауылдың баласымын» деп шiренуi де осыдан. Сарғалдақ қарсы болмайды. Ханның қайын атасы болу зор бақыт емес пе. Бұл 1800 жыл едi. Уәли 58 жаста, Айғаным 17 жаста едi. Бұған дейiн ханның 3 әйелi бар едi.

Бұрын берекелi, беделдi отбасында өскен Айғаным Уәли ханға тұрмысқа шыққаннан кейiн жұлдызы оңынан туды. Жаратылысынан атына заты, бойына ойы сай жас ханша халық алдында да, бұрыңғы-соңғы хан тұқымдары алдында да, абыройлы болды. Үлкен-кiшiнiң де, әйел-еркектiң де, Уәли ханның және онымен аралас-құралас патша әкiмдерiнiң де тiлiн таба бiлдi. Беделi күн сайын арта түстi. Өзiнiң де, хан әулетiнiң де ар-намысын, абыройын жоғары ұстады. «Младшая жена хана Вали, умная и властная Айганым, неусыпно следила за авантюрами Губайдуллы. Она была женщиной образованной, знала несколько восточных языков, обладала незаурядным поэтическим талантом и прозорливостью опытного политика. После смерти Вали Айганым и ее сыновья получили ставку в Сырымбете» деп баға бердi оған жазушы И. Стрелкова (И. Стрелкова. «Валиханов. Москва, 1983 г. Стр. 15). Мұндағы «Ғұбайдолланың арандатуы» туралы сөз жай айтылып отырған жоқ. 1821 жылы Уәли қайтыс болғаннан кейiн хан тағы үлкен ұлы (әрi бәйбiшеден туған) Ғұбайдоллаға тиiс едi. Бiрақ көзқарасы мен iсi патша өкiметiне жақпаған ол Сiбiрге жер аударылып, билiк Айғаным қолына тидi. Ханшаның мемлекеттiк әрi саяси қызметi мен қайраткерлiк жолдары осы жылдардан бастап танылды.

Айғаным ханшаның қазақ халқына сiңiрген зор еңбектерi және оның тарихтағы орны академик Ә. Марғұлан ыждағатымен Шоқан шығармаларында, ғалымдар Р. Сыздықова («Заман-Қазақстан 29.10.1993.), С.Өтениязов («Жұлдыз» журналы), жазушы С. Ақтаев («Қазақ ханымдары», А., 2001 ж.), С. Мұқанов (Жарқын жұлдыздар, А., 1964 ж.) еңбектерi мен зерттеу мақалаларында аталып көрсетiлген. (Дегенмен қазақтың аса құрметтi жазушысы С. Мұқанов «Аққан жұлдыз романындағы Айғаным мен Ұлпан туралы «коммунистiк көзқараспен шындықтан аулақ кеткен тұстарын қалың оқырман қауымның ескеруiн сұраймыз).  Сондықтан олардың бәрiн қайталап жатпай, Айғаным ханшаның ең негiзгi қызметтерiне тоқталуды жөн көрдiк.

????????????????????????????????????

2-сурет. Сырымбеттегі Айғаным ханшаның қонысы

Айғаным ханша шын мәнiнде қайраткер әрi көреген ел билеушiсi әрi халық анасы болды. Оның орыс, қазақ арасындағы тығыз достық қатынасты орнатудағы зор рөлiн орыстың атақты ғалым-саяхатшысы П.П. Семенов-Тянь-Шанский өз естелiгiнде ерекше құрмет сезiмiмен жазған. Қоғамдық және саяси, әлеуметтiк және шаруашылық сияқты күрделi проблемаларды күн тәртiбiне қойып, бұл жөнiнде Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң Азиялық департаментiне, Петербургтiң Сiбiр комитетiне, Батыс Сiбiр генерал-губернаторына бiрнеше рет хат жазған. Патша өкiметi оның талап-тiлектерiн орындап қана қоймай, орынды ұсыныстарын қолдап, бағалап отырды. Патша үкiметi алдында өз бағасын бiлген Айғаным ханша Петербургке барып, орыс патшасымен жүздесiп сөйлесуге тiлек бiлдiрiп хат жазды. Алайда Батыс Сiбiрдiң генерал-губернаторынан бастап Айғанымның патша алдына баруынан қатты қорқып, әртүрлi сылтаулар айтып жiбермедi және оның айтқан өтiнiштерiнiң бәрiн орындауға тырысты.

Сондай үлкен жұмыстың бiрi ханша өтiнiшi бойынша 1824 жылы 30 сәуiрде берiлген I Александр патшаның Сырымбетте Айғанымға арнап салтанатты мекен-жай салдыруы едi. Бұған патша өкiметi мол қаражат, құрылысшылар бөлдi және оны мүлтiксiз орындауды Батыс Сiбiр губернаторына тапсырған. Құрылыс мерзiмдi уақытынан кешiккенiмен Айғанымның Петербург Сенатына жазған хаты бойынша ойдағыдай орындалып шықты. Мұнда бұрын-соңды қазақ даласында болмаған сәулет орындары мектеп, медресе, монша, ханша сарайы тағы басқа тұрғын үй, шаруашылық орындары бой көтердi. Жас Шоқан көп уақытын осы жерде өткiздi.

Тарихқа белгiлi осы Сырымбеттегi мекен-жай салынғаннан кейiн бұл жер ғылыми, мәдени орталыққа айналды. Оған Г.Н. Потанин, әскери қайраткер әрi жазушы А.К. Гейнс осы салтанатты сарайды ондағы Айғаным бастаған үлгiлi өмiрдi тамсана жазған. Осында келген Шыңғыспен, Шоқанмен пiкiрлес, сыйлас ғалымдарға қасиеттi анамыз зор мүмкiндiк туғызып, оларды астан да, аттан да тарықтырмай қамқорлық жасады. Олардың iшiнде А. Сотников, К. Гутковский, Я. Капустин, И. Ладыженко, Ф.Усов, Н. Ядринцев, А. Гейнс, С. Броневский сияқты ғалымдар да бар едi. Ал әйгiлi қазақ өнерпаздары Бiржан сал, Ақан серi, Шәрке сал, Шөже, Жанақ, Арыстанбай, Досқожа, Орынбай тағы басқа атақты ақындар, Байдалы, Мұса сынды билер Айғаным кезiнде және одан кейiн де осы үйдiң төрiнде отырған.

Атақты Абылай хан көз жұмар алдында «елiме екi емшек емiзе алмай кеттiм» деп өкiнген екен. Екiншi емшек дегенi егiншiлiк екен. Ұлы атасының осы өсиетiн де қолға алған Айғаным болды. Батыс Сiбiр бас басқармасының генерал-губернаторы Веляминовке жазған хатында (1831 жылы) қазақ даласында егiн егудi мақсат етiп оған қажеттi тұқым, құрал-сайман, диiрмен орнату және оны iске асыра бiлетiн мамандар жiберудi жазады. Генерал-губернатор Вельяминов Омбы чиновниктерiне дереу бұйрық берiп, орындатқан. Бұл хаттар мен өтiнiштердi Айғаным тек Сырымбетте отырып жазбаған. Омбы, Тобыл, Петропавловск қалаларына әдейi барып, патшаның жоғары әкiмдерiне барып жолығып, ауызба ауыз сөйлесiп қайтқан. Сол сияқты казактардың жергiлiктi адамдарға қысым жасап, жердi орынсыз алып отырғанын да патша әкiмдерiнiң есiне салып, есесiн қайтаруды бiрнеше рет айтып жазған хаттары да бар.

Жас кезiнен халық салт-дәстүрiнен, мәдениетiнен және оның рухани байлықтарынан нәр алып, тәрбие көрiп өскен Айғанымның тағы бiр айтарлық еңбегi халыққа бiлiм беру жолындағы пайдалы iстерi екенiн ұмытуға болмайды. Ол Сырымбетте мектеп ашты. Онда балаларға бай, кедей деп бөлмей оқуына назар аударды. Басқа ауыл балаларымен бiрге өз ұлдарын да оқытып шығарды. Бiлiмдi мұғалiмдер алдырып, оларға жан-жақты қамқорлық жасап отырды. Жастарды адамгершiлiкке, дiн қағидаларына, еуропалық, шығыстық бiлiмге, өнерге, шаруашылық қол өнерiне баулуда Айғаным ханшаның iстеген жұмыстары ұшан-теңiз десе де болады. Омбы облысының бастығы, генерал-майор Де Сент Лоранға кiрiп өз ұлы Шыңғысты, Төрежан және Мұқаметқали атты балаларды Омбы училищесiне оқуға түсiрдi. Айғанымның әр саладағы қайраткерлiк және саяси-ағартушылық еңбектерi патша өкiметi де бағалап оған 1832 жылдан бастап арнайы пенсия тағайындады. Жалпы Айғаным өте күрделi өмiр кештi. Уәлидiң үлкен ұлы оған өмiр бойы қарсы болып өттi. Қайнысы Кенесары хан, қайынсiңiлiсi Бопай ханша оның ауылын шапты. Елдегi және алыс қалалардағы патша әкiмдерiмен тайталас, талас-тартыс, жеңiс пен жеңiлулер де аз болған жоқ. Мұның бәрiне де ол төзе бiлдi, көтере бiлдi. Өйткенi ол өз iсiне сенiп едi.

Қазақ халқының болашағы жолында ел мүддесiн бәрiнен жоғары қойған Айғаным ханша ана ретiнде ардақты және бақытты адам болды. Ол 38 жасында 9 баламен жесiр қалды. Жоғарыда айтылған көптеген мемлекеттiк, қоғамдық жұмыстарда жүрсе де ол аналық асыл парызын ешуақытта ұмытқан емес. Өзi үмiт күткен Шыңғысы зор бiлiмдар, аға сұлтан, полковник дәрежесiне қол жеткiздi. Қанғожа аты белгiлi өнерпаз, қобызшы болды. Немересi Шоқан қазақ халқын Еуропаға танытқан ғалым, елiнiң жарық жұлдызы әрi мәңгiлiк мақтанышына айналды. 1853 жылдың 19 қарашасында 70 жасында фәниден бақиға аттанған күнi Омбыдан келiп жеткен сүйiктi немересi Шоқан асыл әжесiне бiр уыс топырақ салды.

????????????????????????????????????

3-сурет. Айғаным ханшаға қойылған құлпытас

Сайтқа ұсынған Зәмзәгүл СЕЙІТҚЫЗЫ

Суреттер e-history.kz сайтынан алынды

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...