Қолдан жасалған қиянатты бастан өткергендер туралы
Бала күнiмiзде ауылдың iргесiнде көптеген мола болушы едi, мола болғанда былай: өзеннiң арғы бетiнде Шәкiртам деп аталатын ауыл адамдарын жерлейтiн арнайы қорым орналасқан, ал ауылдың маңында Шәкiртамнан бөлек әр жерде кейде қоршалған кейде қоршалмаған белгiсiз солдат бейiтiндей бейiттер бар едi. Шынын айтқанда, ешкiм оларға мән бермейтiндей көрiнетiн (олай еместiгiн мен есейе келе түсiндiм), әркiм өзiнiң күйбең тiрлiгiмен айналысып жатушы едi, оның сыртында «коммунизмге жетемiз деп» бозалатаңнан жұмыс соңындағы халықтың мұршасы да бола бермейтiн.
«Бұл не қылған қаптап кеткен молалар? Шәкiртам қорымы болса тиiп тұр, ал мыналар неге шашырап әр жерде орналасқан?» деп таң қалушы едiм. Бiреулерден сұрағанмен ешкiм де тұщымды жауап бермедi. Кейiн орнатылған қызыл жұлдыздарды меңзейдi ме, Кеңес Үкiметiн орнатқан кездегi «комсомолдардың моласы» деушi едi, одан өзге ештеңе де айтылмайтын. Менiң сол молалардың тарихын бiлмекке деген ынтам сонда оянған.
Шынында, бұл – аштық кезiнде сүйегi көмусiз қалған қазақтардың өлген жерлерi екен. Кейiн әйтеуiр орны белгiлi болса да, аштық құрбандарын бiлмесiн деген жоғарының нұсқауынан қорыққан болуы керек, «комсомолдардың моласына» айналдырылған.
Ал менiң аштық туралы бiлетiнiм әкемнен естiгенiм ғана болғандықтан, соны баяндап бергiм келедi.
Әкемнiң аты – Қорған, оның әкесiнiң аты – Әмiрхамза.
Ендi осы жерден сәл шегiнiс жасауға тура келедi.
Ұлы қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсаринның «Қыпшақ Сейiтқұл» деген әңгiмесiн мектеп қабырғасында оқымағанымыз кемде-кем шығар. Сол әңгiменiң басты кейiпкерi Сейiтқұл туралы қайталап жатудың да қажетi жоқ.
Сол Сейiтқұл атамыз Сыр елiнен Торғайдың Қабырға деген өзенiнiң бойында егiн салып, 400 үй тақыр кедейдi еңбектiң арқасында адам қатарына қосады, әрине оның елiне көз алартушылар да болған. Кезiнде жауларынан қорғану үшiн Сейiтқұл атамыз үлкен бекiнiс – қорған салдырған екен.
Менiң әкем сол Қорған тамында, Аянбай көңiнде, Жуалы түбек деген жерде туғандықтан оған Қорған есiмi берiлген екен. Кейде мен әзiлдеп әкеме: «Қазақстанда Талдықорған қаласы, Ресейде Қорған облысы мен қаласы, ал Тәжiкстанда Қорғантөбе қаласының аты саған берiлген» деп қоямын.
Әкем 1927 жылы бұрынғы Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Өзiнiң айтуынша, аштықта көрмегенi жоқ екен. Әкем көзi қарақты адам, кезiнде заманның қиыншылығында, аштықта әкесiнен айырылып, 10 жылдықты бiтiрiп, кейiн Меңдiғараға оқуға түскенiне қарамастан жалғыз шешесiне қарайласып оқи алмаған едi. Бiрақ өмiр бойы ауылда әртүрлi қызметтер атқарды, Ең соңғы қызмет iстеген жерi – совхоз директорының шаруашылық жөнiндегi орынбасары едi. Бiрақ Кеңес Үкiметiнiң кезiнде Коммунистiк партияның қатарына өту жазылмаған заң сияқты болатын, ал әкем болса, партия қатарында жоқ едi, оның себебiн өзiнен сұрамадым. Бiрақ оның жауабын кейiн бiлдiм.
1928 жылы Қазақстанда «кәмпеске» басталады. Шамалы қолында малы мен қуаты бар қазақтың бәрi конфискацияға ұшырауы тиiс едi. Бiраз рулас ағайындарымыз Қостанай асып, Сiбiрдiң қара орманына қашып кеттi. Сонда бар жазығы тақыр кедей емес екен.
Ахмет Байтұрсынов «Қу жақ» деп атаған, кезiнде Ресей империясының соңғы патшасын түп-тұқиянымен бiрге бәрiн өлтiрген белгiлi қаныпезер Голошекин Қазақстанға келген соң «Қазақ даласында ешқандай да Октябрь революциясы жүрмеген, сондықтан «кiшi Октябрь» жасау қажет» дейдi.
Сiбiр мен iшкi жаққа кеткен ағайындар мол кеттi, ал елде қалған қазақтарға әртүрлi жоқ салықтар ойлап табылып, оны төлеу талап етiлген. Егiн екпейтiн (бiздiң ел шөлейттi болғандықтан тары ғана егiлетiн едi) бiздiң елден бидай салығын төлеудi сұрайды, өмiрi бидай екпеген ел қолындағы малын бидайға ауыстырып, Үкiметтiң салығын төлейтiн болған. Жаңа салықтың түрлерi ойлап табылып отырған (мысалы, мүйiз салығы), ал төлемесең, Итжеккенге айдайды.
Бүкiл бiр аудан халқы босып басы ауған жаққа кетедi, атам мен оның бауырлары жазда Қабырға өзенiнен балық аулайды, кейде дала кезiп, тышқан-зорман (зорман деген аң) аулайды. Атамның iнiсi ағасына, бауырларына келiп, бiрге тiршiлiктiң қамын жасауға Торғайдан 90 шақырымдағы ауылына жаяу келедi. Сол аралықта жол бойы аштықтан бұратылып қырылып жатқан халық, атамыз қолтығына бiр темiр iстiктi қысып алып, арып-ашып бауырларына жеткен екен.
Аштықтың зұлматы Торғай елiн ерекше қырғынға ұшыратты. 1931-1932 жылдардың алапат аштығы Торғай елiне ерекше ауыр тидi. Қостанай облысының басқа аудандарына қарағанда Амангелдi, Торғай аудандарының 75-80 пайыз халқы сол зұлмат қырғынынан опат болды. Қазақстандағы сталиндiк-голощекиндiк геноцидтiң салдарынан Торғай халқының аштыққа ұшырауының мынадай да себептерi болды:
1. Торғай елi тек мал шаруашылығымен айналысып, егiн екпедi, «асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен, аудан басшыларынан бастап ауыл белсендiлерi халықтың қолындағы күнелтiп отырған барлық малын сыпырып алып, бiр орталыққа жинады. Оның сыртында күнделiктi талғажау етiп отырған, тары-талқанына дейiн ерiксiз тартып алды.
2. Қазақ халқы атам заманнан берi көшiп-қонып мал бағумен күнелткендiктен, тек мал өнiмдерiмен тамақтанатын. Қызылдардың шенеунiктерi әуелi қазақтың малын алып, ендi өздерiн зорлық-зомбылықпен отырықшылыққа айналдырамын деп әрбiр ауылда поселкелер салды. Малынан айрылған халық, ешқандай күнкөрiсi жоқ, тек зорлап салынған үйдiң төрт қабырғасына қарып қалды.
3. Торғай елi бiрыңғай қазақы ел болғандықтан көкөнiс егудi бiлмедi, картоп-капуста салмады, тек малдың сүтiмен-етiмен күн көрдi.
4. Торғай елi темiржолға алты жүз-жетi жүз қашықтықта болғандықтан қала маңына бара алмады. Жаяу-жалпы, аш-жалаңаш Қостанайға жете алмай көбi жолда қалды. Мiне, Торғай халқына ересен көп шығындар әкелген аудан-ауыл басшыларының адам айтқысыз қаталдығы мен озбырлығы себеп болды.
Ендi осы зұлматты көзiмен көрген, көптеген 1931-1932 жылдар аштық трагедиясын басынан өткiзген әке-шешесiнен, ондаған, тiптi жүздеген туыстарынан айрылған, қазiр жасы 90-ға келген Қорған Әмiрхамзаұлы сол бiр аштық жылдары жайлы көзiне жас ала отырып, тартқан азабын, көрген қорлығын былай деп әңгiмелейдi:
«Мен аштық жылдары бес-алты жасар баламын. Бiздiң әкелерiмiз бес ағайынды болыпты. Олардың үлкенi Қожайт, Смағұл, Әмiрхамза, Әмiрәлi, Сәду. Одан басқа екi қыз болды. Осылардан 31-32 жылдардың аштығынан тiрi қалғаны Смағұлдан Сейдағалиы, ал Әмiрхамзадан мен едiм. Қожайт атамыз ертерек үйленiп қонысы да өрiсi де бөлектеу болыпты. 1932 жылдың аштығында бiздiң ата-қонысымыз Аққұм деген жерде ер жетiп үйленген Әубәкiр-Ахмет деген екi баласымен аштықтың құрбаны болды. Ал менiң әкем Әмiрхамза болса, өзiнен кiшi Әмiрәлi, Сәду деген iнiлерiмен бiрге қазiргi Көкалат ауылынан 10-15 шақырым жерде, Қарабидайық деген поселкеде әкемнiң қайындары Молдағали, Батырғали дегендермен, олардың екi баласы әйелдерiмен, бiз бiр үйде, менен үлкен апам Зағила мен өзiм және екi шешемiз, тетелес iнiсi Әмiрәлi әйелiмен және екi баласымен, үйленбеген Сәду деген ағам – барлығы 16 адам бiр жерде әкемнiң қарамағында болыпты. 1931-1932 жылдың аштығы бiздiң елге 1930 жылдың күзiнен бастап кiре бастады. Олай дейтiн себебiм, қолдағы барлық малды ауыл белсендiлерi жинап алып, тек бiр жерге ғана бақтырды. Ешбiр халықтың қолында тышқақ лақ та қалмады. Ал әкемнiң ағасы Смағұл деген кiсi Қожайт атамызбен бiрге Аққұмда қалды. Кейiннен көп қиыншылықтарды көрiп, жалғыз баласы Сейдеғалиды 1932 жылдың күзiнде, қазiргi бiз отырған Көкалат деген жерге аман-сау жеткiздi.
1931-1932 жылдың алапат аштығы бiзге және бiздiң туыстарымызға қырғидай тидi. Аштықтан көрмеген азабымыз, тартпаған мехнатымыз қалмады. Әкем заманында етi пысық, ағайынға қадiрлi, қоғамшыл адам болатын. Жоғарыда айтқан өзiнiң туыстары мен қайын жұрттарын асырайын деп талай рет абақтыға жабылған кездерi де болды. Ол кезде аштықтан аман қалу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн. Жаңа өзiм айтып өткендей, Қарабидайық поселкесiнен қашықтау бiр шақырым жерге өте биiк етiп саманнан мал қора салынды. Қораның жанына мылтықпен қаруланған күзетшiлер тұрды. Әкем пысықтау, өжет деген 4-5 жiгiттi жанына ертiп, колхоздың күндiз далаға бағып, түнде қораға қамап аузын құлыппенен бекiтетiн биiк қорасының құлпын бұзып, мал алып шығып, оны сол жерде бауыздап, жiлiктеп бөлiп үйге әкелетiн. Бiз – балалар аузын ашқан балапандай, “әкемiз қашан келедi?” деп түнiмен ұйықтамай қарап отыратынбыз. Күн көрiсiмiз қолға тиген ұрлықтың етi ғана болатын. Бидай-тары дегендi бiлмейтiнбiз. Шешелерiмiз әкемiздiң әкелген етiн таң атқанша пiсiрiп, күн шыққанша еттiң сүйегiн Қабырға өзенiне ағызып жiберетiнбiз. Келесi күнi ауылсовет орталығы Көкалат деген жерден ауданның уәкiлi мен ауыл белсендiлерi келiп, әрбiр үйдi тiнтiп, қалған-құтқан сүйектердi тауып алып осы сезiктi-ау деген әкемнiң серiктерiн жаяу айдап 15 шақырым жердегi ауылсоветтiң кеңсесiне алып келiп қамайтын. Бiз балалар, айдап бара жатқан әкемiздiң соңынан жүгiрiп, «әке-әке» деп әкемiзге жүгiретiнбiз. Айдап бара жатқан белсендiлер бiздердi қамшымен бiр-бiр тартып жiбергенде ғана кейiн қашатынбыз.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, бiрыңғай аштықтың қасiретi емес, бiздiң отбасымызға тағы бiр жағдай төтеннен кездестi. Әкемнiң iнiсi Әмiрәлi ағамның әйелi Айкүмiс деген кiсi екi баласын тастап, ауылдас дәулетбике руының Мырзахмет деген кiсiсiне тұрмысқа шығып, қашып кеттi. Әмiрәлi ағамның шиеттей екi баласы, Қозған – екi жаста, Рабиға – бiр жаста, анасыз бiздiң қолымызда қалды. Күнбе-күн қырғидай қырып жатқан ашаршылық балаларды аясын ба, бiр-екi айдан кейiн екеуi де аштан өлдi. 1932 жылдың аштығынан кейiн де көптеген замандар өттi. Сол жеңгемiз тиген күйеуiнен бiр ғана қыз туып, ол да кейiннен қайтып, сол ағамызды тастап кеткен кiсi берi келе бала болмай, ағасының қолында қайтты. Өзiнен бала болмағаннан кейiн, бiр жақын қайнысының баласын бауырына салып, келiнi күн көрсетпей «отырса опақ, тұрса сопақ» деп, сол марқұм жеңгемiздiң өмiрi өксумен өттi. Мен ойлаймын, егер дүниеде обал-сауап деген бар болса, баяғы шырылдатып тастап кеткен екi баланың обалы жiбермедi-ау деп.
1932 жылдың зұлмат аштығын тегiс айта беруге адам баласының жүрегi шыдамайды екен. Бала күнiңде көргенiң күнi бүгiнге дейiн мәңгiлiк есiңде қалады екен. Бiздiң елде Қабырға дейтiн үлкен өзен болады. «Жұт жетi ағайынды» деген, ауға не қармаққа сол Қабырғаның балығы да түспейдi. Аштан өлмеу үшiн адам баласы не iстемейдi? Зорман-саршұнақтардың етiн жеген күндерiмiз де болды.
Сонымен, 1932 жылдың күзiне де жеттiк. Ұмытпасам, қыркүйек айының аяқ кезi болуы керек, бұл кезде менiң әкем цинга деген аурумен ауырып үйде жатқан болатын. Қыстауға ертерек көшiп, Сартымақ деген жерде отырғанбыз. Әкемдi ауру деп естiген соң сонау 80-90 шақырым жердегi Аққұмнан Смағұл деген әкемнiң ағасы жаяу келiптi. Смағұл әкем келген бетте, қойнындағы нанын алып, әкемнiң бас жағына қойды. Әкемнiң тiстерiнiң барлығы да қызыл иек болып iсiп кетiп, тамақ iше алмай жатқан, жаңағы нанды бiзге бiрдей қылып бөлiп бердi. Бiр кезде әкем төсектен басын көтерiп, көзiне жас алып: «Ау, Смағұл-ау, сонау Аққұмнан қалай келдiң, жолда зорман аулап жүрген аштарды көрмедiң бе, олар саған тимедi ме?» – деп сұрап жатыр. Смағұл әкем зор, екi иығына екi кiсi мiнгендей, балуан денелi, бiр қараған адам сұсынан да қорқатындай қарулы кiсi едi. Бiр күлiп алып, әңгiмесiн бастады: «Ауылдан кеше таңертең ерте шықтым, Қоймұратқа (жер аты) дейiн ешбiр жан кездеспедi. Қоймұраттың қырынан түсе бергенде зорман аулап жүрген үш-төрт аш менi көре сала, қақпандарын тастай сала маған қарай жүгiрдi. Түрлерiн де аттарын да бiлемiн. Осы елдiң адамдары. Менi аяйтын түрi жоқ. Қойнымдағы нанымды тартып алса бiр сәрi, өзiмдi де өлтiретiн түрi бар. Анадайдан айқайлап келе жатыр. «Не тамағың бар? Не тамағың бар?!» – деп келе сала маған жармаса бастады. Қойныма тығып жүрген қатқан қара сойылым бар, бастан ұрсам өлтiрiп аламын-ау деп, әуелi келген бетте, бiреуiн сирақтан перiп жiбердiм. Қалған екеуi жақындап келгенде құлаштап ұрып, жерге құлаттым. Ендi олардың маған қарсы тұрарлық шамасын бiлгендiктен, жүрiсiмдi жылдамдатып әрмен қарай кетiп, Қоймұраттың қырынан түстiм. Мiне, менiң көргенiм осы болды, Әмiрхамза», – деп Смағұл әкем әңгiмесiн бiтiрдi. Мiне ол кездердiң адамы, туысқандық мейiрiмдерi, адами қасиеттерi сондай болатын.
Мұндай қиыншылықтарды, құдай ендi, адам баласының басына бермесiн. Елiмiз аман, халқымыз тыныш болсын. Құдай сендерге ғұмыр берсiн, өсiңдер, өркендеңдер», – деп әкем әңгiмесiн аяқтады.
1916 жылы қазақтар Түркi әлемiнде түрiктерден кейiн екiншi орын алған едi. Егер сол уақытта, яғни 1916 жылы Ресей империясының құрамындағы қазақтардың саны 5 млн. 650 мың адамды құраған болса, 1945 жылы бар болғаны 3 млн. 150 мың адамды құрады, яғни 29 жылдың iшiнде қазақ халқы 45 пайызынан айрылды. Табиғи өсiмнiң шығынын ескере отырып, бiз халқымыздың 65 пайызын жоғалттық. Мiне, осыдан келiп, қазақтар өз Отанында азшылыққа айналды. Оған 1931-32 жылдардағы аштықтың тигiзген зардабы жетерлiк…
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Сурет интернеттен алынды
http://autoversicherung.tech/huk-autoversicherung-angebote.html
http://autoversicherung.tech/huk-autoversicherung-telefon.html