Қыпшақ Сейітқұл қазасы кімнен болды?

Кабырга озени

(Қыпшақ Сейітқұл бабамыз дәл осы Қабырға өзенінің бойына егін салған)

Халықты отырықшылыққа, егін салуға  насихаттайтын Ыбырайдың “Қыпшақ Сейітқұлы” әңгіме емес, очерк екені талай айтылып та, жазылып та жүр. Сейітқұл Маманұлы өмірде болған адам. Ол 1770 жылы туып, 1830 жылы кісі қолынан қаза тапқан. Очеркте айтылғандай, руы – қыпшақ, қыпшақтың ішінде Торы, Торының ішінде Қитаба.

Маманның он баласының ақылдысы да, еңбекқоры да Сейітқұл болыпты. Ол елді біріктіріп, отырықшылыққа үндеп, тұқым себу, егін егу кәсібіне үйреткен. Сейітқұлдың қырық үйлі тобырымен Түркістан  жақтан қоныс аударып келгенін, сөзге шебер, батыл, қарулы кісі болғанын көнекөз қарттар жиі айтып отыратын. Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Еңбек ауылының қасында Қорған деген жер бар. Сейітқұл Маманұлы сонда жерленген. Қазақтың алғашқы кәсіпкерлерінің бірі, елді диқандыққа баулыған бабамыздың басына жазушы Қоғабай Сәрсекеев үлкен белгі орнатып, аты-жөнін өшпестей етіп тасқа жаздырып қойды.

Ы.Алтынсарин «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде «Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда өтіпті-міс» дейді.

Жақында сол Тілеудің — Тілеумұхамед Сейдалиннің «Торғай өзені бойында егіншіліктің даму жағдайы» атты еңбегі қолымызға түсті. Автор бұл еңбегінде Сейітқұлдың үлгі-өнеге ісін көрген Теке өзені мен Сарықопа саласындағы, Науырзым-Қарасу өзендері бойындағы, Науырзым-орман көлдері маңайындағы елде егіншілікке бет бұрғанын айта келіп: «Өз кәсібіне тек руластарының ғана емес, басқа да қырғыздардың бұлайша еліктеуі Сейтқұлды ынталандырып, одан әрі жігерлендіріп, Қарақоғада отырықшылдықты біржола орнықтырып, сол жерде қаланың негізін қалау және көшпелі руластары үшін астық базарын ұйымдастыру туралы ой туғызды. 1830 жылы мезгілсіз қаза болу себепті ол бұл ойын жүзеге асыруға үлгермеді», — дейді [«Торғай өзені бойында егіншіліктің даму жағдайы», «Записки Оренбургского отдела императорского Русского Географического Общества». Выпуск первый, Казань, 1870. стр.234.].

Осы Сейітқұл Маманұлын өлтірген  Тоқым тыққан Қыстаубай деп жүрміз, шындығында да солай ма?

«Қыстаубай – Кіші жүздің толымдысы,

Дүниенің төрт түлігін көрген көбін», — деп Шораяқтың Омары жырлағандай, Тоқым тыққан Қыстаубайдың ата-тегі Кіші жүз – Алау – Алшын – Құдуар тентек. Құдуардан – Қаракесек, одан Байсары (Кете), Әлім, Шөмен. Шөменнен Шөмекей туады. Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл, Бозғылдан Қаратамырдың бір баласы Қожас, одан – Қоңыр (Кей жырда Қоңырдың ұлы Қыстаубай делінеді – С.О). Қоңырдан Қоныс, одан – Қыстаубай батыр. Одан Алдамжар, Алдамжардан Наурызбай, одан Рисламбет туады.

Ақын-жыраулар, әсіресе, Сыр бойы сүлейлерінің жырларында Тоқым тыққан Қыстаубай есімі жиі ұшырасады.

Базар жырау:

Жанқожа, Есет, Қыстаубай,

Қасым, Сейіл, Бұқарбай,

Малайсары, Жантайлақ,

Самат батыр, Тоғанас –

Солардан өткен сұм дүние.

 

Тұрмағанбет Ізтілеуұлы:

Тоқым тыққан Қытаубай

Қайрат пен күшке кең еді.

Орасан ойлы, өте әділ,

Мұңлы мен мұқтаж мүскінге

Етек-жеңі кең еді.

Сықақ қылып, сын тағып,

Аңдасып жүрген жауы да

Дей алмайды «Кем еді».

Атынан түспей әрқашан,

Қарына іліп ақ алмас,

Азды көпке теңеді.

 

Оразымбет Есентайлақұлы:

Қоңырдың ұлы Қыстаубай,

Дәуітбай, Қасым, Сәлтеке,

Бұрынғы өткен Тарғындай.

 

Төремұрат жырау:

…Шығырай, Сәдір, Ерғабыл,

Тоқым тыққан Қыстаубай

Іс көрсетер күн бүгін,

Құр атына мәз болмай.

 

Қуаныш Баймағанбетов:

…Қыстаубай батыр өткен Шөмекейде,

Елі үшін қанды көйлек күнде киген.

Қыпшақтан тонау төлеп, өліп ақыр,

«Боқты өлең» деген жерден орын тиген.

Базар жырау жырындағы батырлар есіміне назар аударсаңыз, «Тоқым тыққан Қыстаубайдың» кімдермен тізе қосып соғысқанын аңғару қиын емес.

«Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы» деген мақаласында Ғалым Ахмедов «Созақ қамалын бұзған он екі батырдың бірі Қыстаубай» деп көрсетсе [«Жұлдыз» №11, 1991.],  кезінде Қызылорда облысының Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде (бөлім меңгерушісі, редактор), аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған, ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, этнограф, «Тоғанас батыр», «Дүр Оңғар», «Қаңлы Жүсіп», «Қорқыт ата», «Кете Шөмекей шежіресі», «Тереңөзек тарихы», «Сыр перзенттері», «Жеті тараудағы – жеті анық» т.б. кітаптардың авторы Тынышбек Дайрабай: «Қыстаубай – Жанқожа, Есет, Тоғанастармен замандас, Сыр бойының белгілі батыры», — деп қоқандықтармен болған соғыста көрсеткен ерліктерін суреттейді [Қыстаубай хақында // Қазақ батырлары, №6. -2001. -8 б.].

Еңбек ардагері Несібелді Ералина: «Аруақ қонған арқалы ер» деп аталатын мақаласында Қоқан шапқыншылығы кезінде бас көтерген батырлар жайында  әңгіме қозғағанда: «Тоқым тыққан Қыстаубай, Дабыл, Сатыбалды, Мұхтарам, Көпжасар, Көкі, Абырақ, Жолдыбай, Жарқынбай, Дақай, Пышақ, Боранбай бір тудың астынан табылды» [Сыр ардагері, 2 қыркүйек, 2009 ж.], — деп Қыстаубай атын алдымен аузына алады.

Базар жырау Оңдасынұлының жырында да, ел аузындағы аңыз әңгімелерде де, зерттеушілер еңбегінде де Тоқым тыққан Қыстаубай қоқандықтарға қарсы күресіп, қалың жауға жалғыз шапқан найзагер батыр әрі өнерпаз.

«Сыр топырағынан жаралып, осы жерден нәр алған, ел қорғаған батырлардың бірі – Жиенәліұлы Қыстаубай» [Сырдың сырлы сыры,- Алматы: «Арыс» баспасы, 2005.-96 б. ], — деп Т.Дайрабай ел тәуелсіздігі үшін күрескен тағы бір Қыстаубайдың болғанын айтады.

Нұржан Наушабайұлының «Сегіз сері» дастанында:

«Сегізбен шыққан жекпе-жек,

Қоқаннан шыққан Қыстаубай.

Сол сұмырайдан сескенген

Алшындағы ағайын…

 

Он жеті жаста қол жинап,

Маңына сарбаз құрапты.

Қыстаубайдай залымды

Алысқанда бұрапты» [Наушабайұлы Н. «Алаш», 110 б, Сегіз сері Таңдамалы шығармалары. Солтүстік Қазақстан Заң академиясы, 2003. -194 б.], — десе, Асанбек Нұрғожаұлы: «Сегіз сері» дастанында:

Жекпе-жек шығып дұшпанмен

Бақытыңды ылғи сынадың.

Қыстаубай, Жабы сұмдардың

Қиналмай мойнын бұрадың  [Сегіз Сері Таңдамалы шығармалары. Солтүстік Қазақстан Заң академиясы, 2003. -217 б.], — деп, Сегіз серінің қоқандық Қыстаубаймен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткенін жыр етіп толғайды.

Біз бұдан тағы бір Қоқан ханының қолшоқпары  Қыстаубайдың болғанын байқаймыз. Оны Нұржан Наушабайұлының «Сегіз сері» дастанындағы мына жолдар растай түседі:

«…Ер шошынған жуыздан

Жүрегі ердің таймапты.

Еркіне жықпай қоймапты,

Ер намысын жоймапты.

Алсын деп кегін бұл сұмнан,

Беруді жұртқа ойлапты.

Аяқ-қолын тас қылып

Дүлейді байлап тастаған.

«Кегіңді бұдан алшы!» — деп

Лақтырып алға тастаған»   [10 б.].

Хиуа ханының баскесер шабарманы Қыстаубай Сегіз Серіден жеңіліс тауып, халық қолынан қаза табады.

Тоқым тыққан Қыстаубайдың қазасы мүлде бөлек. Бұл жайында Совет Жаманқараев «Қыстаубай батыр» деген мақаласында: «Батырдың өлімі де даудан болған. Қазалыдағы Хиуа бегі оған қастандық жасайды. Хиуа бегінің ақылымен Сырдағы Орта жүз қыпшақтардан әскер жинады. Бір жыл бойы дайындық көріп, ат-матымен түсіп кететін үлкен-үлкен ор қаздырды.  Сөйтіп, аңғал батыр жауға айғайлай ұмтылғанда атымен орға құлайды. 300 найза жан-жағынан тіреп тұра қалады. Ол сол жерде Қызылорда облысының Сырдария ауданының Көктөбе деген жерінде жерленеді», — дей келіп «Жұлдыз» журналында жарық көрген Т.Сүлейменовтің «Серінің бір ерлігі» материалында аты аталатын Қыстаубай хиуалық Қарақалпақ Қыстаубай сияқты  деген пікір айтады [«Жұлдыз» №12, 1989. -200 б.].

Т.Дайрабай да Тоқым тыққан Қыстаубайдың Орта жүз қыпшақтарының қолынан мерт болғанын, қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданының «Боқтыөлең», «Көктөбе» деген жерге жерленгенін көрсетіп, Қуаныш Баймағанбетовтің жоғарыда мысалға келтірген өлеңін соның дәлелі ретінде алға тартады.

Төлеш Сүлейменовтің «Серінің бір ерлігі» мақаласын тауып, оқып шықтық. Мұнда аты аталатын Қыстаубай хиуалық Қарақалпақ Қыстаубай. Мақалада Сегіз серімен екеуінің жекпе-жекке шығып, Қыстаубайдың жеңіліп, халық қолынан қаза тапқаны баян етіледі.

Оқушылардың батырдың есіміне неге «Тоқым тыққан» деген сөз қосылып айтылатынын белгісі келетіні анық. Бұл жайында рулас әрі жерлес, қарақалпақтың да (Қарақалпақстанда тұрған, балаларға сабақ берген), қазақтың да батырларын жақсы білген Т.Ізтелеуұлының «Көңіл гүжім дарақтай» атты толғауында Қыстаубайға сілтенген жау найзасының ұшы денесінде қалып қояды. Оны батыр шылбырына байлап, тісімен тартып жұлып алады. Қан тоқтамай қойған соң тоқымының шетін кесіп алып, жарақатын бітейді. Халық атаған лақап ат осыған орай қойылған [Ізтелеуұлы Т. Шығ. 1 том. –Алматы «Жазушы», 2007, -74 б.].

Қ.Әмірхамзиннің «Қыпшақ Сейітқұл туралы не білеміз?» мақаласында Хиуа ханының баскесер шабармандарының бірі Қыстаубай мен Сейітқұл арасында қақтығыс болып, ұрыста Қыстаубайдың Сейдахмет деген ұлы Сейітқұлдың садағының оғынан қазақ табады [«Қостанай таңы», 30 қыркүйек, 1997. -5 б.] деп жазылады.

Жоғарыда ата-тегін келтірдік, тоқым тыққан Қыстаубайдың Сейдахмет деген баласы жоқ. Н.Наушабайұлының «Сегіз сері» дастанында да «Тоқым тыққан Қыстаубай» емес, «Қыстаубай» делінеді. Тынышбек Дайрабай «Жұлдыздың» оқырмандары: ойлар, пікірлер, көзқарастар, ұсыныстар» деген айдармен «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Қыстаубай қарақшы емес» [№11, 1991, -2005-2006 б.б.] мақаласында жазушы Н.Әбуталиевтің осы басылымның 1990 жылғы он екінші нөмірінде жарық көрген «Сегіз сері» мақаласында Тоқым тыққан Қыстаубайды Хиуаның қанішер жендеті етіп көрсетуіне қарсы пікір айтады. Н.Әбутәлиевтің бұл мақаласы Т.Сүлейменовтің жоғарыда аталған мақаласымен сарындас. Екеуінің алған оқиғасы да бір – Сегіз серінің Қыстаубаймен жекпе-жекке шығуы.

«Сейітқұлды Қыстаубай өлтірді» дегенді естіген Хиуа ханының шабарманы Қыстаубайды білмейтін ел аты халық арасына кең жайылған атақты батыр Тоқым тыққан Қыстаубай деп ойлап, қауесет содан тараған  болуы керек. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге сүйенген жазушылар мен зерттеушілер де сол ізге түсіп кеткен  тәрізді.

Бәрін зерттеп, зерделеп, салыстыра келе Қыпшақ Сейітқұлды өлтірген Тоқым тыққан Қыстаубай емес, Хиуа ханының баскесері қарақалпақ Қыстаубай деген шешімге келдік.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

жанындағы «Ы.Алтынсарин мұраларын

зерттеу орталығының» маманы

 

 

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *