Бас прокуратура мен «Атамекен» ұлттық палатасы кәсіпкерлерге қатысты ақылға сыймайтын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды азайтуға кірісті деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ондай талаптар көп. Көбісі ескірген, тіпті, ешқандай логикаға сай келмейді. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарына қатысты талаптарға сәйкес, қара нан және ақ нан бөлек сақталуы қажет. Ал астыңғы және үстіңгі сөрелердің арақашықтығы кем дегенде 35 сантиметр болуы шарт. Сол сияқты тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға түнгі уақытта азық-түлікті кіргізуге рұқсат жоқ. Енді ондай талаптар мүлдем ақылға сыймайды. Тұтынушылар үшін қара мен ақ нан бөлек жатты ма, бірге сақталды ма, бәрібір емес пе? Ал ол нанның екі түрін бір-біріне тигізбейміз десек, целлофанға да салып, сақтауға болады ғой. Дүкенде де солай істемей ме? Ал енді нанды бөлек сақтап, оның арақашықтығын сантиметрмен өлшеу деген логикаға сай келмейді» деді Бас прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаев кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің бүгінгі отырысында. Оның айтуынша, бүгінде Бас прокуратура, «Атамекен» ұлттық палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып ақылға сыймайтын ондай талаптарды қысқарту жұмысына кірісті.
Айта кетейік, ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тексерістердің тек 43 пайызы ғана расталды.
inform.kz