Қостанайда қылмыс азайғанмен, ұрлық өршіп тұр

Кеңейтілген мәжіліс жұмысына қатысқан еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев жалпы қылмыс құрылымында Қостанай облысында ғана ұрлық былтыр 63 пайызға көбейгенін айтты. Ол жалпы ұрлықты азайту, онымен күресті күшейту үшін елімізде жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Қымбаттауына байланысты ұялы телефондар ұрлығы көбейіп барады. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі мен еліміздегі ұялы байланыс операторлары арасында ұрланған абоненттік құрылғыларды шектеу, өшіріп қою туралы бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойылды.

Елбасы еліміздегі «Байланыс  туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Онда көрсетілгендей, енді телефондардың абоненттік номерлері IMEI-код және оның иесінің  ИИН-і бойынша тексерілетін болады. Егер номерлер сәйкес келмесе, телефон өшіріледі. Оны  ешкім де пайдалана алмайды. Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, бұл жұртты дүрліктіріп, террорлық жарылыстар туралы телефонмен өтірік ақпарат беретіндерден құтылуға да септігін тигізбек.

Сонымен қатар қазір ломбардтардың да ұрылардың  әкеп өткізген заттарын қарамай сататындығы айтылды. Қалтаға түсетіндерге де зардап шегушімен татуластыру арқылы ісін сотқа жеткізбей жұмсақтық танытылады. Министрдің орынбасары алдағы уақытта ұрлықты қайталағандар үшін заңды қатайту жағы қарастырылатынын да еске салды.

2016 жылғы қызмет қорытындылары туралы кеңейтілген мәжілісте, сондай-ақ, Қостанай облысында 274 видеобақылау жүйесі жұмыс істейтіні айтылды. Оның 181 камерасы Қостанай қаласында  орнатылған. 60 камера аулаларды бақылайды.  Олар арқылы былтыр 28 мың құқық бұзушылық анықталған, 141 қылмыс ашылған. Көшедегі бұзақылықтар 14 пайызға, қоғамдық орында 16 пайызға азайған.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Нығмет Ысмағұлов өткен жылы 132 видеотіркегіш алынғанын, биыл бірінші тоқсанда тағы да 200 осындай құрылғы, ал бюджет қаржысының түсуіне қарай алдағы уақытта 330 видеотіркегіш орнатылатынын айтты.

Өткен жылы құқық бұзушыларға 1 миллиард 69 миллион теңгенің хаттамасы толтырылған. Соның бюджетке 669 миллион теңгесі түсті, ол 62,5 пайызын құрайды.

Кеңейтілген мәжілісте полицейлер тәртібі туралы көп айтылды. Соның ішінде жергілікті полиция қызметіндегі кемшіліктер де сөз болды. Өткен жылы полицейлер үстінен 15 қылмыстық іс қозғалған, соның 11-і жол полицейлеріне қатысты болған. 19 қызметкер жұмыстан босатылған, 4 бастық лауазымынан алынған, 356 қызметкер жазаға тартылған. «Рубеж» бекетінің құрамы түгел жаңартылған.

Дереккөз: egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *