Еліміздің ЖОО-ларында қайта тестілеу өткізілді

2017 жылғы қаңтардың 19-24-і аралығында ел өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында былтыр оқуға шартты түрде қабылданған студенттер кешенді тестілеуден өтті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2016 жылы талапкерлерге қиыншылықтар тудырып келген моральдық-психологиялық проблемалар қатарын жойып, жоғары білім алу мүмкіндігін айтарлықтай жеңілдететін шаралардың енгізілгені көпшілікке белгілі. Былтырғы жазда өткізілген ҰБТ немесе кешенді тестілеу нәтижелері бойынша ең төменгі шекті деңгейді бағындыра алмаған талапкерлер алғаш рет тесттерді қайта тапсыру мүмкіндігін алды. Нәтижесінде 12 мыңға жуық талапкер жоғары оқу орындарына түскен болатын.

Сонымен қатар қайта өткізілген тестілеу қорытындылары бойынша да төменгі шекті балл жинай алмаған талапкерлер ЖОО-ға бірінші семестр аяқталғанша шартты түрде қабылданған. 19-24 қаңтар аралығында өткен кешенді тестілеуді аталған санатқа жатқызылатын студенттер тапсырып, олардың 5 мыңнан астамы ЖОО-да білім алуды жалғастыру мүмкіндігін алды.

Сондай-ақ шет елдерде оқып, қазақстандық жоғары оқу орындарына ауысуға ықылас білдірген 12,5 мыңнан астам студент кешенді тестілеуді сәтті тапсырған.

Осылайша, ағымдағы оқу жылында қосымша 30 мыңға жуық адам еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Бұл нәтиже еліміздегі жоғары білімі бар азаматтар үлесін арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттермен жанасады. Мысалы, білім алуға бірдей мүмкіндік туғызу Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін мемлекеттердің басымдықтары қатарында. Білім алу мүмкіндіктері жоғары елдердің алғашқы бестігіне Швеция, Финляндия, Нидерланды, Бельгия (Фламанд аймағы) және Ирландия сынды мемлекеттер кіреді.

Осылайша, Қазақстанда кең бейінді мамандар үлесінің артуы арқылы жоғары білімді ұлт қалыптастыруға бағытталған шаралар әлемдік үрдістерге сай келеді.  Жоғары білімі бар адамдар жаңа жұмыс орындарын ашуға бастамашылық жасап, қажеттілік туындаған  жағдайда қысқа мерзімде қайта оқытыла алады. Ал ЖОО-лар үшін бұл — нарықтың қажеттіліктеріне барынша сәйкес мамандарды дайындау міндеттерін іске асыру мүмкіндігі. Басқаша айтқанда, халықтың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтудің экономикалық және әлеуметтік нәтижелері қоғамның дамуы мен жеке азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етпек.

tobyl-torgai.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *