24 қаңтарда Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне боран кезінде Арқалық қаласынан 90 шақырым жердегі «Бекен» су қоймасында балықшылардың қалып қойғаны жөнінде хабар келіп түскен. Арқалық қаласы құтқару бөлімшесінің құтқарушылары ГТ-ТБ арнайы техникасымен көлге бет алды. Құтқарушылар бес адамды және олардың қар басып қалған екі автокөлігін тауып алды деп хабарлайды ТЖК-ның баспасөз қызметі.
Қарға батып, шыға алмай қалғандардың көлден алыстап кетуге мүмкіндіктері болмаған. Құтқарушылар автокөліктерді қардан шығарып, қауіпсіз жерге дейін сүйретіп жеткізді. Зардап шеккендер Арқалық қаласына аман-есен эвакуацияланды, олардың жағдайлары жақсы. Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы жергілікті тұрғындарға қарлы бұрқасын кезінде мекендерінен алысқа сапарға шығуды кейінге қалдыруды және жолда мұқият болуды сұрайды.
tobyl-torgai.kz