В.Путин Астанада өткен Сирияға қатысты келіссөздер үшін Н.Назарбаевқа алғыс білдірді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшылары әңгіме барысында күн тәртібіндегі өзекті жаһандық мәселелер, соның ішінде Астанада өткен Сирияға қатысты халықаралық кездесу қорытындылары жөнінде пікір алмасты.

Владимир Путин Астанада сирияаралық келіссөздерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға барлық қажетті жағдайды жасағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.

Қазақстан Президенті Сирия дағдарысын реттеу тек бейбіт жолмен жүргізілуге тиіс екенін атап өтіп, алдағы уақытта да бұл үдеріске жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей Президенттері алдағы кездесулер кестесін қарастырды.

Еске сала кетейік, 23 қаңтарда Астанада Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздер басталған болатын. Келіссөздер елордадағы Rixos President Astana мейманханасында жабық тәртіпте өткен еді. Сондай-ақ, кеше Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездескен болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі бүгінде Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырғанын атап өткен болатын.

 

tengrinews.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *