«СКАТ» әуе компаниясының әлегі!

Бүгінгі күнге дейін қай жаққа ұшсам да Астана әуежайынан тікелей ұшатын едім. Осы жолы әртүрлі себептерге байланысты Грузия астанасы Тбилисиге билетті 20 ақпан күні онлайн тәртібімен «СКАТ» әуе компаниясының сайтынан сатып алдым. Бәрі дұрыс, сайт мақұлдап, кәртішкемнен қаражатты сыпырып алды. Яғни, Астана — Ақтау — Тбилиси — Ақтау — Астана бағытына ақшамды төлеп, билетті қалтаға салып қойдым.
Сонымен, жоспарлаған уақыт та келіп, наурыздың 23 күні Астанадан 19 сағат 15 минутта ұшып шығып, Ақтауға 20 сағат 45 минутта келіп қондық. Қолда Астана әуежайы берген Ақтауға дейін және Тбилисиге дейін отырғызу талондары бар. Ақтаудан Тбилисиге ұшатын ұшақ түнгі 3.00 кететіндіктен, қаланы аралап, уақытымды жақсы өткіздім. Сондай жақсы көңіл-күймен түнгі 02.00-де кезінде әуежайға қайтып келіп, тіркеуден өтуге бет алдым.
Міне, осы сәттен бастап «қызық» басталып кетті. Ақтау әуежайындағы Шекара қызметінің аға лейтенанты Жанат Талғатұлы Омаров деген мырза «өтпейсің де кетпейсіңге» бассын. Айтқандай кіре берісте аталған қызметтің бір қызметкері: «10 мың доллардан артық ақшаңыз болса, жауапкершілікке тартыласыз» деп қорқытып қояды. Заң-зәкүнмен жүретін мен «әрине, ондай қаражатты өзіммен бірге алып жүрмеймін ғой» дедім. Сонымен, Жанат Омаров мырза: «Сіздің ИИН-іңіз жоқ», — дейді, мен: «қалайша, куәлікте бар, ал паспорттың қолданыс мерзімі 2018 жылғы 19 қаңтарға дейін», — десем, ол: «жоқ, ішкі тәртіп ережесі бойынша 2013 жылдан бері паспортта ИИН болуы керек!» — дейді. «Айналайын-ау, осы паспортпен 2013 және 2015 жылдары Астана әуежайынан шетелге ұшып-барып келдім ғой» десем, болмайды. Енді онымен сақалды басыммен төбелесемін бе, маған ол жат нәрсе ғой!
Сонымен, түнгі сағат 03.30 кезінде танып-білмейтін, бөтен қалада қалдым. «Қайда барамын, кімге барамын, қайда қонамын, немен жетемін» деген сан сұрақтар басымды қатырып, жүйкемді қоздыруда. Шынында не істемек керек? Бұлар енді кері де жібермейді, төлқұжатымды акт жасап алып алған, «СКАТ» компаниясының өкіліне хабарлассам, «бәленше де түгенше» деп аузын қу шөппен сүртіп тұр. Тіптен, бастарын ала қашты. Ойбай-ау, мұндай да болады екен, онлайн сатып алу бойынша ақшаны алады да, жауапкершіліктен қашады. Не істемек керек?
Амалсыз 2 күн Ақтауда аялдауға тура келді, қайтарылмаған билетті қоспағанда бөтен қаладағы қонақ үй, тамақ, такси сияқты жұмсалған шығындар шаш-етектен. Өйткені, Астанадан жеке куәлігімді алдырттым, Наурыз кезі, билет жоқ, қымбат!
Сөйтіп, «СКАТ» компаниясы мен сияқты өзінің біл клиентін бөтен қалада айдың-күннің аманында тастап кетті.
Қаның қайнамағанда қайтеді?!
«Скат» компаниясымен хабарлассам, маңына шаң жуытар емес…
Міне, осындай бір жағдайды басымнан кешіргенім бар, боса болмаса Грузия жайына қалды, оның сыртында ол жақтағы қонақ үй мен трансферге тапсырыс беріп қойып едім ғой, ол да кетті күйіп…
Мұндай жауапсыз компанияның кесірінен осындай жағдай сіздің де басыңыздан өтуі мүмкін. Сондықтан «СКАТ» әуе компаниясының қызметін пайдаланғанда абайлау керек-ақ.
Қысқасы, «СКАТ» емес, «мускат» екен бұлар!

сурет Интернеттен алынды

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында мектеп оқушыларының 27,3%-ы қазақша оқиды

Қостанай облысы — түрлі салаларды дамытуда әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Сондықтан ел экономикасына елеулі әсер ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *