Жазушы-этнограф Сейіт Кенжеахметов туралы эссе-толғау
Қос ғасырдың тоғысы 2000 жылдың қоңыр күзі. Жұмыстан ертерек шығып, көше бойлап келе жатырмын. Қарсы алдымдағы қалың нөпірдің арасынан – басында жиегін қара мақпалмен ызған қарқарадай қырғыздың ақ қалпағы, тәлпіш-танау, жүзі сүрлене тотыққан қара сұр адам жолықты. Бір көрген сияқтымын… Мен де ежірейіп қарадам, ол да ежірейіп өте шықты. Тоқта! Мынау әлгі сатирик-сықақшы, этнограф-зерттеуші Сейіт Кенжеахметов емес пе?! Дәл өзі! Айналып артыма қарасам, Секең әудем жерге барып та қалған екен: «Ау, Секе! Сейіт аға!» деп айғай салдым. Жарықтық жалт қарады. Бардым. «Сіз Сейіт аға екенсіз ғой…». «Енді кім деп едің, маймыл деп қалған жоқсың ба?». Күліп жібердім де, құшақтай алдым… Сейіт Кенжеахметовпен осылай танысқан едік. Кейін ағадан бірнеше мәрте сұхбат алдым. Қойған сұраққа ешқашан үстірт жауап бермейді. Тереңнен толғайды. Білмейтіні жоқ. Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) осы інісі жайлы: Күнде ұшатын күмбез көкке қанатың, Құдай берген сенің нұрлы талантың, Сенің сөзің қалың сөздің ішінен, Ел оқыса, жаңылмай-ақ табатын. Ақынсың жасың кіші, жолың кіші, Әрқашан бірге ұшушы ед көңіл құсы, Жас күнін сағынғанда жолыққайсың, Торғайдың күрең торы тобылғысы — десе, шоң ақын Сырбай Мәуленов көкесі «Қыр елінің Крыловы», этнограф ғалым Нұрсан Әлімбай «көшпелі энциклопедия» депті. Сейіт ағаның тектілігі туған топырақтан, ата-ана тәрбиесінен дарыған. Сонау бір колхоздастыру жылдары әкесі Кенжеахмет ұжымдық шаруашылық бастықтарының бірі бопты. Міндеті – шөп-жем таратады. Алған үлесіне риза болмаған туған ағасы Кенжеахметті қамшының астына алып, боқтап сабайды. Кенжекең ләм демейді. Ағасы кеткен соң, «е, сабаса өз інісін сабады, боқтаса өз інісін боқтады менің нем кетті» деп қасқайып тұра беріпті. Сейіт ағаның әкесі соғыстан оралмаған. Ақселеу ағамыз айтпақшы, Секең жесір анасының етегіне оралып жүріп ержеткен бейбақ. Ал, анасы керемет адам бопты. Тіпті, жасы жетісті жиектеген тұста Сейіт аға өзінің анасы туралы айтқанда егіліп отыратын.. Анасының аты – Сәлима Смайлқызы. 1904 жылы туған. 1881 жылы Торғайда Ыбырай Алтынсарин ашқан қыздар мектебінде орысша білім алған. Кейін Қазан қаласында медіресе бітірген. Кеңес үкіметі орнағанда ауылда мұғалім болған. 1936 жылы әмеңгерлік жолмен қайнысы Кенжеахметке қосылған… Күйеуі соғысқа аттанған соң бір жасар жалғыз ұлы Сейітті құндақтап алып, үкіметтің тапсырмасы бойынша елден май жинайтын агент болыпты. Құндақтағы кішкентай Сейітті мүсіркеген ел «әкесі жақсы адам еді» деп бір қасық май артық береді. – Мен сол маймен жан бағыппын, — деуші еді Секең. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, соғыстың соңын ала ел ішін қызылша ауруы жайлайды. Жас балалар қынадай қырылады. Секең айтады: – Көршінің өзім қатарлас ер баласы, «әй, Сейіт, мына қара жер мені тартқалы жатыр» деп қолындағы шыбықпен топырақты сабалап отырып жүріп кетті. Мен де төсек тартып жатып қалдым. Анам жарықтық, қатты қайғырды. «Құдай-ау, жалғыз ұлым өлсе, Кенжеахметттің шаңырағы иесіз қалады-ау» деп еңірейді. Содан әлі есімде, анамның бұрынғы күйеуінін бір қызы және менің жалғыз қарындасым бар-тын. Екеуін менің екі жағыма жатқызды. Содан менің аман қалуымды тілеп жаратқанға жалбарынды. О, құдірет, таңертең оянсам екі жағымда жатқан апам пен қарындасым қайтыс боп кетіпті. Кешікпей аурудың беті қайтып құлантаза жазылдым… 1948 жылы «әйелдерді басшы қызметке тарту» жайлы жоғары жақтан нұсқау келіп, соның нәтижесінде, Сәлима апамыз Тамқамыс колхозында басқарманың орынбасары болады. 1949 жылы «ақ қоян» жұт болыпты. Колхоздың ұзын ала биесін мініп, малшы-қосшыларды аралап ауылға түнделетіп келе жатқан Сәлима апамызды үйірлі қасқыр қоршайды. Иен дала, боран ұлып тұр. Аш қасқырлар да ұмыталды, апамызда аттың басын жіберді. Ұзын ала бие жолға жел әкеп үйген қасат қарды бұрқыратып тартып келеді. Қасқырларда қалар емес. Артына бұрылып қараса, көк сұр арлан тақап-ақ қалған екен. Жалма-жан бөктергідегі елтірі ішікті шешіп алып лақтырады. Аш бөрілер ұмыр-жұмыр тері ішікті жұлмалап сәл тыныстайды да, ала биеде өші қалғандай тіпті өршеленіп ұмытылады. Қасқырлар өкшелеп келіп қалғанда астындағы көпшікті лақырады. Қолында не бар соның бәрін бір-бірлеп лақтырып отырады. Жарықтық ала бие кісінеп қойып тартады. Сөйтіп, ауылдың шетіне ілінеді. Қасқырлар қала береді. Артынан анасы айтады екен: – Аш қасқырдан аман қалам деп ойлағам жоқ. Жаным қысылғанда шырылдаған жалғыз ұлым, Сейітім есіме түсті, — деп. Ара да апта өткен де, Сейіттің анасын аудандық партия бюросына шақыртып мәселесін қарайды: «Сәлима Смайлқызы колхоздың малын зорықтырып мініп, ала биеге құлын тастатқан». Мусин деген бюро мүшесі қолында пистолет «соттау» керек деп дікеңдейді. Сәлима апамыз: – Мен заңға бағыным, соттаңдар, бірақ жалғаз шартым бар, түрмеге мына жалғыз ұлымды ала кетемін, — депті етегіне оралып тұрған он жасар Сейітті көрсетіп. Жиынды басқарып отырған адамның: – Жаныңнан бір елі тастамайтындай ұлыңда не қасиет бер, — деген сұрағына апамыз: – Бұл бала тек мені емес ертең елді асырайды, қазақтың дәстүрін құрметтейтін, салт-санасын ардақтайтын азамат қып өсірем бұл баланы. Сондықтан ешқашан жанымнан тастамауым керек!!! Апамыздың сөзін естіген бюро мүшесі Зейнолла Данияров деген кісі: «Ау, ағайын, егер де ала биені осы адаммен қосып қасқыр жеп кетсе кімді соттаймыз» дегенде барып басқасы тынышталыпты. Осы әңгімелерді айтып болып Сейіт ағамыз көзінің жасын сүртетін. Содан кейін әйелім мен анамның бір-біріне қабақ шытқанын көрмедім, дейтін. Анасы 1981 жылы ақпан айында таңғы намазын оқып болып, қасына жалғыз ұлы Сейітті шақырып алып: «Балам бұл заманда елге дерт болып жабысқан екі пәле бар. Бірі – арақ, бірі – шылым. Арақ – ақылыңды аздырады, шылым – тәніңді тоздырады. Осы екеуіне жола ма!!!» дегенде иманын үйіріп бақиға аттанған.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
egemen.kz
Секең тамаша адам еді-ау…