ҰЛЫ ЖЫЛАНШЫҚ ГИДРОНИМІ

Торғай даласындағы белгілі ұзын өзендердің бірі – Ұлы Жыланшық. Өзеннің бастауы – Ұлытау сілемдері. Географиялық мәліметтер бойынша, өзеннің аңғары Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетіндегі Ұлытау таулы массивінің теңіз деңгейінен 750 м биіктігінен басталып, Торғайдың Жанкелді ауданындағы Ақкөл көліне (еңістігі 65 м) құяды.

Жыланшық Ұлытаудан аққан екі өзен саласының бірігуінен пайда болады. Оң жақ саласы — Үлкен Жыланшықтың ұзындығы 163 км, сол жақ саласы Кіші Жыланшық немесе Дулығалы Жыланшықтың ұзындығы 140 км. Кіші Жыланшық Ұлы Жыланшылыққа сағасынан бастап есептегенде 263 шақырым жерде қосылады.

Ұлы Жыланшық гидронимінде халықтың өзен-су атауының арнасының көлеміне және оның ұзын-қысқалығы қатысты таным-түсініктері орын алған. Бұл жерде атаудың «ұлы» бөлігі ұзындыққа қатысты болса, кішірейітпелі мағына беретін «шық» қосымшасымен жасалатын «жылан» деген екінші бөлігі өзен арнасының жіңішкелігіне және ирелеңдеп ағатына байланысты қалыптасқан. Басқаша айтқанда, қазақ танымында «Ұлы Жыланшық» «арнасы жіңішке үлкен, ұзын өзен», ал «Кіші Жыланшық» «арнасы жіңішке қысқа өзен» деген мағына береді.

Мұны біз өзенді спутниктен түсірген фотодан айқын аңғардық:

          

Жыланшық өзенінің космостан түсірілген фотосына зер сала отырып ата-бабаларымыз өзен-суларға ат қойғанда ол оның  басты ерекшеліктеріне назар аударғанын байқаймыз.

Ұлы Жыланшық — тарихи мекен. Жыланшық өзенінің бойын қазақтың қыпшақ, найман тайпалары жайлаған. Патша заманы тұсында Торғай облысының тарихын жазған А.Добросмысловтың «Тургайская область» деген тарихи очеркінде Жыланшық болысы аталып, онда 1984 жылдары 8 ауыл, 1701 отбасы тұратынын жазады. 1895 жылы Жыланшық болысындағы  №1 ауылды бөліп, №9, 10 ауыл құрады. Ал 1896 жылы Жыланшық болысының атауын өзгертіп, оны Қайдауыл болысы деп атай бастайды.

Өзен арнасының жіңішкелігіне байланысты қойылған гидронимдердің бірі – Қылшақты. Бастауын Щучинск қаласының оңтүстік-шығысынан алып, Ақмола облысының Бурабай және Зеренді аудандары жерімен ағып, Көкшетау қаласы арқылы Қопа көліне құяды.

Қылшақты өзенінің көктемгі қатты су тасқыны кезінде арнасынан шығып кететін кездері болады. Аталмыш өзен атауының түбірі – «қыл», яғни «жіңішке». Қазақ арасында «қылдай», «қыл бел», «қылшық» деген жіңішкелік мағына беретін сөздер бар. Демек, Қылшақты гидронимі «жіңішке өзен» дегенді білдіреді. Дәл осындай гидроним Қызылорда облысы Арал ауданының территориясында кездеседі. Онда өзен атауы «Жақсы Қылыш» деп аталады. Өзеннің «жақсы» атануы көктемгі тасқынға байланысты қойылса керек. Тасымайтын өзен-көлдерге қазақ «жақсы» деген сын есімді қойып, көктемде бой бермей таситын өзендерге «жаман, тентек, бұзылық» деген атаулар береді.

Көшпелі тірлік құрып, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы өзен-көл атауларының түр-түсіне (Ақсу, Ақкөл, Қарасу, Көксу, Сарысу, Сарыкөл), ащы-тұщылығына (Ащысай, Дәмді), тасу-қайту белгілеріне (Тентексай, Бұзылық, Жамансай,), өзен бойындағы өткел ерекшеліктеріне (Атбасар, Қарғалы), тереңдігіне (Тереңсай, Қайранкөл), арнасының жалпақтығы мен жіңішкелігіне (Жайық, Жалпақсу, Қылшақты, Жақсықылыш), ұзын-қысқалығына (Ұзынкөл, Шолақсай), сан жағына қарай (Үш Қарасу, Жетісай, Жетікөл, Бестамақ) т.б.

Қорыта келгенде, қазақ даласының гидронимдері өзен-су атауларының географиялық ерекшеліктері, түр-түсіне, тұрмыс-тіршілікке қажеттілігі, мезгілдік белгілері, су арнасының ерекшеліктеріне байланысты атауларға ие болған.

Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ,

филология ғылымдарының докторы,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай

мемлекеттік университетінің профессоры

 

 

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *