Бүгінде басыңда баспанаңның болу-болмауы әлеуметтік жағдайыңның, қоғамдағы орныңның, материалдық-қаржылық ахуалыңның белгісі іспетті. Жеке пәтері бар адам өзін ауқатты демей-ақ қояйық, әйтеуір қаржысы жеткілікті адам ретінде сезінетіндей жағдайға жетті. Тіпті 10-15 жылдай уақытша баспанада тұрып, кейін әупірімдеп жүріп пәтер алғандар кәдімгідей мақтанып, бұл әрекетін үлкен ерлікке балап жүр. Демек, бүгінгі қоғамда баспана әлеуметтік жағдайдың индикаторы болып тұр.
Уақытша баспана демекші, жуырда Қазақстанда пәтерлерді жалға алу құны орташа есеппен 7,3 пайызға өсті деген ақпарат тарады. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті қазіргі уақытта жаңа пәтердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 277 368 теңге болғанын хабарлады. Яғни, бір жылда 3,2 пайызға қымбаттаған. Қайталама нарықтағы жабдықталған пәтерлер бағасы орташа 189 127 теңге болса, жөндеуден өтпеген пәтерлер 118 834 теңге тұрады. Бір жылдың ішінде баға өсімі 2 және 3,1 пайыз болды. Ал пәтерлерді жалға алу құны шарықтап кеткен. Орташа бағасы бір шаршы метріне − 1 421 теңге. Бір жылда баға 7,3 пайызға өскен.
Елбасының өзі бастамашы болған «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерлі болу да оңайға соғып тұрған жоқ. Осы және өзге де бағдарламалардың шапағаты солғын екенін жастардың өздері де айтып жүр. Олар үстеме пайызы көп дегенді алға тартады.
Мәселен, пәтер құны 20 млн теңге тұратын болса, оның 20%-ы – 4 млн теңге. Сонда қалған 16 млн теңгені 25 жылға бөліп төлеу керек. Оған 7 пайыздық үстемені қосқанда ай сайын 113 000 теңгеден шығады. Сонда ең төменгі айлық жалақы осы ай сайынғы төлейтін соманың 2 есесіне тең болуы керек, яғни 226 000 (113 000 х 2) теңге. Осы үйді алу үшін жоғарыда мысал келтірген кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласы бар отбасының ең төменгі орташа табысын есептесек: отбасының айлық ең төменгі ықтимал шығыны – 129 500 теңге; айлық қосымша ықтимал шығын – 100 000 теңге; үйдің бағасына байланысты белгіленген ең төменгі жалақы – 226 000 теңге. Жалпы: 129 500 + 100 000 + 226 000 = 455 500 теңге. «455 500 теңге – осы отбасы үшін 20 миллион теңгенің үйін алуға мүмкіндік беретін ең төменгі айлық кірістің мөлшері» деп түсіндіреді банк қызметкерлері.
Алайда, ақиқатын айтсақ, ел жастарының көпшілігі мұндай сомадағы жалақыны алмайды. Сол себепті де баспана бүгінгі жастардың жан жарасы болып тұрғаны анық. Мемлекет басшысының жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматыда және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет деп мәлімдеуі көптеген жас отбасына үміт сәулесін сепкені ақиқат.
«Мұндай баспанаға жұмыс істейтін және табысы барлар ғана үміт арта алатынын есте ұстаған жөн. Жұмыс, бұл – адам әл-ауқатының негізгі көзі. Сонымен қатар барлық меншік формасындағы кәсіпорындар жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға белсене қатысуы тиіс» деп атап өтті Президент. Мемлекет басшысының дәл осы сөзі ел жастарына зор үміт сыйлап, болашағына алаңдап жүргендердің көңілін бір көтеріп тастағаны өтірік емес. Алайда, біздіңше, «7-20-25» бағдарламасын қайта пысықтап, әсіресе жас, сондай-ақ көп балалы отбасыларға бірінші кезекте көңіл бөлініп, несиені аз пайызбен берген дұрыс болар еді. Әйтпесе, он жылдан артық баспана кезегінде тұрса да, пәтеріне қол жеткізе алмай жүрген көп балалы отбасы аз емес. Керісінше, бір басында бірнеше пәтері барлар да көп…
Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев еліміздің ірі үш қаласында салынатын пәтерлер айына 10-12 мың теңгеге жалға берілетін тұрғын үй болатынын, бұл баспананы тұрақты табысы бар 29 жасқа дейінгі жастар ала алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар жалдамалы пәтерге аталған қалаларда кемінде 3 жыл тұрған және 29 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады. Бұған қоса, жастар міндетті түрде заңды жұмыс істеуі керек. Пәтер берген кезде азаматтың отбасылық жағдайы, балаларының бар-жоғы да ескеріледі. Әр көрсеткішке балл беріледі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің мәліметінше, Астана мен Алматыда 350, ал Шымкентте 300 пәтер салынады. Оның бір шаршы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр болмақ. Қазіргі таңда үш қаланың әкімдіктерімен жоба пысықталып жатқан көрінеді. Демек, алдағы уақытта ел жастарының тұрмысын түзеп алуларына жағдай жасалады деген сөз.
Десек те, жоғарыда көп жылдан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қатары аз емес дедік. Ал коммуналды тұрғын үй қорынан жылда берілетін пәтерлер саны елорданың өзінде көп емес. Ендеше мұндай қарқынмен баспанаға мұқтаж, әлеуметтік сүйеніші аз тұрғындардың қатары алдағы жүз жылда да сирей қоймас, сірә. Сондықтан жеке шаршы метрге иелік етуді көздеген кейбір жастар баспаналы болу үшін өз бетінше қам жасауға мәжбүр.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ
egemen.kz