Шилі ауылы шөгіп барады…

«Ауыл – біздің анамыз» деуге толық хақымыз бар. Себебі, ауыл – бізді асыраушы, өмір өзегі, өнер көзі, шаруашылық пен тіршілік ошағы.

Кезінде Жанкелдин ауданындағы «миллионер колхоз» атанған, мен өскен Шилі деген кеңшардың қазір орны ғана бар десек, артық айтқандық емес. Кезінде бас Шилі, орта Шилі, аяқ Шилі деген үлкен кеңшар орталығында қазір шөкімдей ғана болып қалған отыз шақты ғана үй бар. Бұрынғы Бәзілбек, Ақжар, Сасықсор, Қызылкемер, Тұз деген елді мекендерді қазір іздесең таба алмайсың, ауылдың орны жермен жексен болып, қалың шөп өсіп кеткен. Бұл жер кезінде Үшқарасу, кейіннен III интернационал колхозы, соңынан Шилі совхозы болған. Сол жердегі үш бөлек қарасудағы бұлақтан аққан су Өлкейік өзеніне жылғалап құйып жатады екен. Өткен ғасырдың басында осы шұрайлы жерге ел қоныстана бастапты. Су – тіршілік көзі емес пе? Елдің игі жақсыларының басын қосқан, сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу Әлмағамбет Оспанұлы деген молда кісі «заман өзгерді, кеңес үкіметі орнады, енді алдағы өміріміз не болады» деп ойласып, осы жерді мекен етейік, бәріміз басымызды қосып, қарттарымыз діни сауатын ашуы үшін өз қаражатымызға бір мешіт және жастарымыз жаңаша білім алуы үшін бір мектеп салайық, мал шаруашылығын дамыту үшін мына үш қарасуды алқымынан бөгеп, елдің күшімен бөгет салайық деп қаулы қабылдапты. Бөгет құрылысын салуға смета жасау үшін Ақтөбеден арнайы маман  алдырған екен. Бұл бөгетті сол кезде «жаратылыс бөгеті» деп атапты. Бөгет 1935 жылы бастап салынған екен.

Халықтың бірігуімен сол бөгет бір ғасырға жуық елді сумен қамтамасыз етті, мыңғырған төрт түлік мал өсті. Жексенбай Қондышев, Едрес Нұрпейісов, Фатқолла Кірмаңдаев деген үш Социалистік Еңбек Ері, үш мәрте «Даңқ» орденінің иегері Қуаныш Қасымов, «Ленин» орденді механизатор Бөкенбай Әлімов, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері механизатор Мұрат пен Болат Ерғасымовтар, малшы Бостан Деріпсалин, абыройлы еңбектері түрлі дәрежедегі ордендермен марапатталған Жұмағали Шандау, Жаңбыр Әбенов, Серік Шоқанов, Төленді Әбдуәлиев, Ихсан Есжанов, Қабимолда Кәрібаев, Хамит Молдабеков, Ибрахим Жамелов, Әлжан Әбдуайтов, Смағұл Жүнісов, Тұрсын Мұқышов, Тілектес Қайралапов  – тағы басқалары осы Шилі жерінің азаматтары.

Ел көз алдымызда азып-тозып барады. Ауыл дегеніміз – Отан. Ауылмен ел іргесі бүтін болуы керек. Елдің көбі қалаға көшуді мұрат етті. Қала қанша көрікті, тоқ, мәдениетті болғанымен, ауылдың қызметін атқара алмайды. Ауыл кетсе, тіл, салт-дәстүр, халықтың асыл қасиеті қоса кетеді. Қазақтың қара шаңырағы да ауылда. Қазіргі ел басқарып отырған азаматтардың дені ауылда оқып-өсіп, өркендеген адамдар. Ендеше, мемлекет басшысы қазақтың қара шаңырағын көтеріп тұрған ауыл-анамызды сақтау, түлету жайын тегін айтып отырған жоқ. Ауылды көркейту үшін «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы бағдарлама жасап, Үкімет мол қаражат бөлуді көздеп отыр. Президентіміздің Жолдауында әр адамның отбасына жағдай туғызу, ауылдық аймақтардың тұрғындарын келешегі жайлы болатындай етіп қоныстандыру, адамдардың экологиялық таза ортада өмір сүруіне, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, әлеуметтік салаға ерекше назар аудару, ауызсумен қамтамасыз ету мен автомобиль жолдарын салу мәселелері көтерілген. Елде шешімін күтіп тұрған мәселелер көп. Шилінің бүгінгі кейпі адам шошырлық. Кезіндегі аудан көлемінде жоқ МТМ, жылу орталығы, автогараждың қазір сұлбасы ғана тұр. 1964 жылдары мектеп, кеңсе, балабақша, интернат, клуб, дүкен, пошта, асхана бір орталықтан жылытылатын. Мен әңгіме етіп отырған Шиліде қазір отыз шақты үй қалды дедік. Қ.Жармағанбетов атындағы мектеп жабылуға жақын, өйткені бала саны аз. Елдің күн көріп отырған жалғыз бөгеті тасқын судан шайылып кетудің алдында тұр. Бөгет бұзылса, ел үдере көшері анық. Өйткені сусыз жерде өмір жоқ екендігін жақсы түсінеміз. Бөгетті жөндеу керек деген әңгіме қырық жылдан бері айтылып келеді. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бөгеттің жыры бір шешімін табады деген сенімдеміз.  Шилі елінде туған, оқыған, еңбек еткен азаматтар бірлесіп, «ватсап» желісінде «Шилі тұрғындары» деген чат ашыпты. Олардың ойы – елге көмектесу, арнайы шот ашып, қаржы жинау, ол қаражатты ауылдың қажетіне жұмсау. Орта мектепті сақтап қалу мақсатында кейбіреулері елге барып қоныстанғысы келеді екен. Олардың басты мақсаты – жалғыз бөгетті аман алып қалу. Соған қаржы жинаймыз деп ұйымдасып жатыр. Ауылға көмектесеміз деген ниеттері дұрыс шығар, бірақ жинаған қаражатпен бөгетті қалпына келтіру болмайтын шаруа екені бесенеден белгілі. Бөгет өткен ғасырдың басында қанша қиындық болса да келешек ұрпақ үшін деп салынған. Сол қажырлы еңбектің, төгілген тердің заман дұрысталғанда зая кететін түрі бар.  Қазір ауылға барсаң, көңілің құлазып қайтады. Ертеде үлкен ақсақалдардың өзі отыз шақты болатын. Елде қазір Құрманбек, Бостан, Әділхан ағалардан басқа үлкен кісілер де қалмапты. Бұрын елдің қуанышы мен қайғысын  бірге бөлісіп, басшылық жасап, елге ие болып жүретін Асанның Қалиы, Мыңбайдың  Ғазизі деген ағаларымыз болатын. Барлық шаруаны ұйымдастырып, басы-қасында жүруші еді. Әр азамат өзінің туған ауылы үшін қолынан келгенін істесе, біздің қазақ елі өзінің дегеніне жететініне мен толық сенімдімін. Ауылымыз азбасын, даламыз тозбасын десек, ауылымызды көркейтуге атсалысып, Елбасы біреу, қалғанымыз оған тіреу болайық, ағайын!

Шилі ауылы халқының өтінішін  

қағаз бетіне түсірген Сұлтанғали Оспанов

«Қостанай таңы»: Шилі ауылының қазіргі жағдайы мен оқырман баяндап отырған мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында  Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспановпен хабарласқан едік.

– Қазіргі уақытта Шилі ауылын 192 жан мекен етеді. Ауылда бас-аяғы 43 үй бар, – деп бастады сөзін аудан әкімі. – Бала санының аздығына байланысты мұндағы Қ.Жармағамбетов атындағы орта мектептің мәселесі соңғы 3-4 жылдан бері көтеріліп келеді. Заң талаптарына сай, орта мектеп оқушыларының саны 81-ден кем болмауы тиіс. Ал мұнда бар болғаны 46 оқушы ғана білім алады. Білім ошағы 9 жылдық мектеп талабына сәйкес, ол үшін мектеп оқушыларының саны  41-ден асса жеткілікті екен. Ауылдағы демографиялық ахуалды және сырттан көшіп келуі тиіс отбасылардың жоқтығын  ескере отырып, бұл мәселені оқу жылының аяғында шешуді жөн көріп отырмыз. Егер, ауылға сырттан жұрт көшіп келмесе, мектеп статусы өзгертіледі. Хатқа арқау болып отырған бөгетке келер болсақ, бұл бөгет ертеректе тұрғызылған. Кеңес үкіметі ыдыраған кездері айтулы нысан қараусыз қалып, бұзылып біткен. Тәуелсіздік алғаннан бері бөгеттің ауыл іргесіндегі мүйісі ауыл азаматтарының күшімен көтеріліп, жиналған қар суы  мал мен жем-шөпке, тұрмыстық қажеттілікке ғана жаратылып келеді. Ал ауызсу ауыл ішіндегі құдықтан алынады. Бөгетті қалпына келтіру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Осы шаруаны шешіп тастамақ болып, былтыр аудандық бюджеттен 6 млн теңге бөліп, бөгеттің  құрылыс сметалық  құжатын әзірлеттік. Сараптамалық ұйым айтулы жұмысқа 202 млн теңге қажет деп шешім шығарыпты. Облыстан көмек берілмесе, аудан қоржынында мұндай қаражат жоқ. Елбасымыз шағын елді мекендерді оңтайландыру мәселесін көтеріп жатқанда,   аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықтағы 43 үйлі ауылға республикалық бюджеттен де көмек берілуі екіталай. Хат авторы ауыл азаматтары мен жан-жақта жүрген шиліліктердің бас біріктіріп, ауылға қол ұшын беру бастамасын көтергенін келтіріпті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  2020 жылды  «Еріктілер жылы» деп жариялап жатқанда бұл бастаманың ерекше серпін аларына шүбә жоқ. Ауылдың болашағына алаңдап, бастама көтерген ақсақалдарымыз бен оны қостаған жігерлі жерлестеріміз барда Шилінің әлі-ақ өркендеріне сенім зор, – дейді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

kostanaytany.kz

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *