Біздің қолымызда ССРО Бас прокуратурасына тиесілі қордан алынған құжат бар. Ол Ресей Федерациясының мемлекеттік архивіне (ГАРФ) тиесілі. Іске байланысты берілген мәліметтен оның 1909 жылы, яғни патшалық билік тұсында полиция департаменті тарапынан ашылғанын аңғаруға болады. 39 беттен тұратын бұл істе 1909 жылдың 26 июлінен келесі 1910 жылдың 6 мартына дейінгі Ахмет Байтұрсынұлының сот ісіне қатысты құжаттық материалдар тіркелген. Тіркелген құжаттардан патшалық әкімшіліктің архив ісін жүргізуде жоғары мәдениет қалыптастырғанын байқауға болады. Осы құжаттық материалдарды бізге дау-дамайсыз берген Ресей Федерациясының Мемлекеттік архив қызметкерлеріне ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ. Өзіміздегі тура осы мазмұндағы материалдарды ала алмай отырған шерменде күйде екенімізді ескертпеске тағы шарамыз жоқ.
Істегі материалдар қамауға алынған А.Байтұрсынұлы туралы толық мәлімет берілетін анкетадан басталады. Советтік кезеңге тиесілі тергеу материалдары да осы тәртіпті еске салады. Тергеу ісі бойынша тіркелген құжаттық материалдар осы анкетадан басталады. Бұл арада екі жүйедегі саяси полиция қызметі арасындағы сабақтастық қатаң түрде сақталғаны байқалады. Сонымен, анкетадағы мәліметтер бойынша қамауға алынған Ахмет Байтұрсынұлы кім?
Айыптаушы ретінде жауапқа тартылған қырғыз (қазақ – авт.) Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов – Қарқаралы қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің бұрынғы меңгерушісі. Қамауға алынған кісі туралы алғашқы мәлімет «Лит.А» деген белгімен 1909 ж. 11 июльде №226 берілген.
«Туған уақыты: 1873 жылдың 5 сентябрі
Туған жері: Тосын болысы Торғай облысы
Діні: Магометандық, яғни мұсылман
Тегі: Қырғыз (қазақ – авт.)
Халқы: Қазақ, Торғай облысының
Азаматтығы: Орыстық
Тұрған мекені: Қарқаралы қаласы Семей облысы
Тіркелген жері: Торғай облысы Торғай уезі
Кәсібі: мұғалім
Табыс көзі: жеке еңбегі
Отбасы жағдайы: зайыбы – Бадри-Сафа Мұхаммед Садыққызы Қарқаралы қаласының тұрғыны. Қызметі жоқ. Балалары жоқ.
Туыстық байланысы: анасы – Күнші, бауырлары: Қали – 41 жас. Хакімжан – 40 ж., Махмұд – 36 ж. Байтұрсыновтар Торғай уезі Торғай облысында тұрады. Мал шаруасымен айналысады. Қарындасы – Зибиш Бисалы Баясыловқа тұрмысқа шыққан. Торғай уезінде мал шаруасында.
Ата-анасының далалықтарға тән шаруасы бар».
Анкетада тергеудегі кісінің білім алған орны туралы сауал бар. Берілген жауапта 1886 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, онда бес жыл болып, 1891 жылы толық курсын аяқтап шыққаны, тура сол жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, оның да толық курсын 1895 жылы аяқтап шыққаны туралы мәлімет берілген.
«Кімнің есебінен білім алды» деген сауалға «Шаңырақ басынан жиналған салық есебінен» деген жауап бар. Ахаң ата-анасы арқылы алған діни сеніміне үлкен ыждағаттықпен қараған. Жеңіл болмаған өмір жолында ислам дінінің негізгі талаптарын орындауға ден қойған. Мәселен, сүйікті жары Александра Ивановна Ахаңды сыйлағандықтан болса керек, мұсылмандыққа өтіп, мешітке барып, Бадрисафа Мұхаммед Садыққызы есімін алған. Отбасында мұсылмандық талаптары сақталған. Ахаң тіптен ауыр жағдайда, лагерьде жүріп те ораза ұстаған. Ол жөнінде өмірлік досы Әлекеңе (Ә.Бөкейханов) жазған.
«Қандай негізде жауапқа тартылды» деген сауалға: «Қарқаралы уездік бастығы жүргізген тергеу ісі бойынша Ахмет Байтұрсынов қазақтар арасында сепараттық мазмұнда үкіметке қарсы үгіт жүргізген, сондай-ақ (жер аударылған қазақ Ақбаевты қайтару туралы) арыз-хат даярлап, оған қол жинаған» деп жазылыпты.
Қарқаралы қаласында 1909 жылы 1 июль күні үйінде тінту жүргізіліп, тұтқынға алынған.
«Тінту кезінде көзге түсерлік не алынды» деген сұрауға: «Қылмысқа лайық ештеңе де көзге түспеді» деген жазу жазылған.
Осы арада мынадай бір детальға көңіл аударуға тура келеді. Ахаңды июльдің 1-інде қамауға алады да, тергеу жұмысын июльдің 16-сында бастайды, яғни жарты ай абақтыда ұстаған. Бұл, әрине, полицейлік режим тарапынан тұтқынға алынған тұлғаны сындыру, оған жасалған қысымның түрі еді. Тұтқынға алынған тұлғаға байланысты тура осы қысым түрін кейін патшалық режимнің орнына келген советтік саяси полиция органдары да іске асырды. Бұл екі режим арасындағы өзара сабақтастықтың нақты көрінісі болатын.
№261 анкетаны Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісі ротмистр Левановский қолын қойып бекіткен. Күні 1909 ж. 26 июль. 3)
Сонымен, анкетадғы мәліметтерден байқағанымыздай, Ахаң орыс-қазақ училищесінде бес жыл оқып, артын ала білімін Орынбордағы мұғалімдер мектебінде жалғастырып, мұғалім деген мамандық алумен аяқтайды. Оқуын аяқтағанда ол 22 жастағы жігіт еді. Ұлы дарын иесіне осы алған білімі елін азаттық және теңдік үшін күрес жолына бастап шығуға негіз болды.
Анкетада берілген мәліметтерден көңіл аударуға лайық келесі мәселе, әрине, Ахаңды полиция департаментінің қандай себеппен қамауға алғаны болса керек. Бұл сауалға байланысты тергеуші анкетада А.Байтұрсынұлы «қазақ арасында сепараттық мазмұнда үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізді» деп көрсеткен, бірақ іс жүргізуші жаққа бұл аргумент жетімсіз көрінген сияқты. Сол 1909 жылы 2 желтоқсанда, яғни бес айдан соң, ротмистр Левановский «А.Байтұрсынов 1905 жылдан бастап қазақ арасында қылмысты үндеу таратып, қазақтарды салық төлемеуге, қоныс аудара келгендерге жер бермеуге және басшыларға бағынбауға шақырды» деген айыптаулар қосады.4)
Сонымен, жандарм тарапынан қамауға алынған А.Байтұрсынұлына таңылған алғашқы кінә, міне, осы мазмұнда болды.
Осы арада Ахмет Байтұрсынұлы және оның серіктері тарапынан саяси билікке қарсы аталған әрекеттер орын алды ма деген сауалдың тууы, әрине, толық негізді.
Қазақ жерінде Ресей билігінің беделі болды ма?
Отандық тарихнамада ұлт басшыларының патшалық, оның орнына келген советтік жүйелер жағдайында ұлттың болмыс-бірегейлігін сақтауға байланысты ел арасында жүргізген үгіт-насихат жұмысына жете көңіл аударылмады. Ұлттық басшылықты биліктің елге жасаған қиянатына қарсылық жасай алмаған әлеуметтік топ ретінде көрсету ұстанымы байқалды. Бұл тарихи шындыққа сәйкес келмейтін баяндау еді. Тарихи фактілердің көрсетуіне қарағанда, ұлт оқығандары ресейлік биліктің көпе-көрінеу зорлыққа көшкенін көре отырып, елді қарсылық көрсетуге үндегені рас болатын. Ал бұл қарсылық халыққа оның ауыр жағдайын түсіндіруден, қиянатқа нақты әрекетпен жауап беруге шақырудан басталған-тын.
Өз ретінде бұл мәселені орыс билігінің қазақ даласында беделі болды ма деген сауалға жауап іздеуден бастаған жөн. Орыс билігінің қазақ даласында беделі еш уақытта болған емес. Бұл арада оны ежіктеп санап жатпай, мынадай екі себебіне ғана тоқталу жеткілікті.
Біріншіден, орыс әкімшілігінің қазақ халқына жасаған ең үлкен қиянаты оның жер саясатынан көрініс тапты. Орыс билігі өзінің тойымсыз және әділетсіз мазмұнын қазақ жеріне байланысты қабылдаған заңдық актілері және соған сүйеніп жүргізген переселен саясаты арқылы танытты. Жерді отарлау үрдісінің басында үкіметтің қолдауына сүйеніп, жаңа қоныс іздеген орыс шаруалары жүрді.
Екіншіден, еуропалық мемлекеттер өз елдерінің экономикалық-әлеуметтік дамуының алғышартын халыққа білім беруден іздестірді. Өзінің ішкі губернияларында көпсатылы білім жүйесін қалыптастыру ісін қолға алған Ресей билігі қазақ сияқты отарлық езгідегі халықты білімсіз, надан күйінде ұстауға мүдделілік танытты. Білімсіз, өз жағдайын жете түсінбеген халықты алдап-арбап басқару оған жеңіл көрінді. Жоғарыда А.Байтұрсынұлының Е.П.Пешковаға жазған хатында көрсетілгендей, «қазақ тілінде жазуға, оқуға, білім алуға рұқсат берілмеді, сондықтан да бұл тілде ағартушылық қызметті жүргізуге мүмкіндік беретін қарапайым даярлық та болған жоқ, яғни оның алфавиті, орфографиясы, грамматикасы, тіл теориясы, оқулықтары, баспа әдебиеті, газеттері болған емес».
Қорыта айтқанда, қазақ жерінде қалыптасқан ресейлік билік жүйесі отаршыл мазмұндағы жүйе болды, ол жергілікті халықты мәжбүрлеу арқылы өз тіліне және заңына бағындыруды көздеді.
Міне, осылай қалыптасқан жағдайда қазақ зиялыларына, оның Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынұлы бастаған отаршыл билікке қарсы күрес жолын ұстанған бөлігіне ел арасында түсіндіру жұмысын жүргізуден басқа амал қалған жоқ еді.
Қарсылықтағы зиялылардың үгіт-насихат қызметі
Алғашқы буын ұлт зиялыларының қазақ қоғамына алып келген жаңалықтарының бірі саяси үгіт-насихат жұмысы болды. Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісі, ротмистр Левановский 1909 жылы желтоқсанда «Совершенно секретно» деген 495-ші рет санымен Ахмет Байтұрсынұлының үкіметке қарсы қызметіне байланысты полиция департаментіне 23 беттен тұратын анықтама түсіреді. Бас прокуратураның архивіндегі А.Байтұрсынұлының ісінде сақтаулы бұл анықтамадан ротмистр Левановскийдің арнайы тапсырмамен жылға жуық (мүмкін, одан да көп – авт.) уақытта Ахаңның және оның мүдделес достарының ел арасындағы қызметіне байланысты үлкен ыждағаттылықпен түрлі фактілер жинап, ол фактілерді билік ұстанымы тұрғысынан қорытып, полиция департаментіне жеткізуге тырысқаны байқалады. Бұл құжаттағы негізгі ой, әрине, А.Байтұрсынұлы мен оның серіктерінің қазақ қоғамы арасында жүргізген үгіт-насихат жұмысының мазмұны, сондай-ақ бұл қызметке ел арасынан тартылған тұлғалардың кімдер екені туралы мәлімет еді.
Қазақ қоғамын отарлаушы билікке қарсылық көрсетуге шақырып, ашық үгіт-насихат жұмысын бастаған тұлға Жақып Ақбаев болды. Ол 1905 жылы қарашаның алғашқы күндерінің бірінде Павлодардағы базар алаңында қала тұрғындары мен қырдан келген қазақтар қатынасқан шеруде сөз сөйлеп, патшалықтың әділетсіз отарлау саясатын ымырасыз сынға алып, қоғамды оған мойынсынбауға шақырады. Ал оның Павлодардан Қарқаралыға бет алуы жол-жөнекей үгіт сапарына айналады. Ж.Ақбаевтың Қарқаралыда өзінің келуіне байланысты ұйымдастырылған шеруде сөйлеген сөзіне байланысты Семей губернаторының полиция департаментіне берген мәліметінде Ж.Ақбаевтың қазақтарды «билікке бағынбауға, даладағы орыс стражниктерін жазалауға шақырып, ұлы мәртебелі императордың атына қорлау сөздер айтқаны» туралы баяндалады.
Билікке қарсы бұл ашық саяси ұстанымы үшін Ж.Ақбаев 1909 жылы Жетісу облысы Қапал қаласына жер аударылды.
Ротмистр Левановский анықтамасында А.Байтұрсынұлына байланысты тергеу ісінің басталуына түрткі салған Ж.Ақбаевты жер аударудан қайтару туралы Қарқаралыда арыз-хаттың ұйымдастырылуы болғандығын, ал бұл құжатты даярлаушы ретінде күдіктің А.Байтұрсынұлына түскенін жеткізген. «Қарқаралы уезі бастығының куәларын тергеу арқылы, сондай-ақ өзімнің құпия тексеру барысында алған мәліметтеріме қарағанда, Байтұрсынов 1905 жылдан бері, – деп жазды ол, – қырғыздар арасында салық төлемеуге, қоныс аудара келгендерге жер бермеуге және басшы қызметкерлерге бағынбауға шақырған үндеулер таратқан».
Анықтамада баяндалған фактілерге қарағанда, Ахаң 1905 жылы жалпы империя көлемінде қоғамның көңіл күйінде қалыптасқан жағдайға сүйене отырып, ел ішіне шығып беделді тұлғалармен, болыс басқарушыларымен әңгіме-кеңестер өткізген. Бұл істе оған Кент болысының басқарушысы Кәрібай Матаев, бұрынғы Қу болысының басқарушысы, кейін іскерлікке көшкен Хасен Ақаев және басқа ел ішіндегі сауатты әрі белсенді адамдар көмекке келген. Мәселен, Қу болысының бұрынғы басқарушысы болған Хасен Ақаевтың ұйымдастыруымен уездегі болыс басқарушыларының жиналысы өтіп, онда елде қалыптасқан жағдайға байланысты сол кезеңдегі Қарқаралыдағы екі кластық орыс-қырғыз училищесінің директоры А.Байтұрсынұлымен кездесу өткізіледі. Сол жиналыста сөйлеген Ахаңның сөзінің мазмұнын Левановский Ақшатау болысының басқарушысы Амантай Адамбаевтың және Ақсары болысының құрметті ақсақалы, 74 жастағы Мыңғырбай Байдәулетовтің баяндауы бойынша береді. Бұл арада, әрине, жиналысқа қатысқандардың айтқанын жеткізіп отырған жандарм мекемесінің офицері екенін есте ұстаған артық емес.
Сонымен, Амантай Адамбаевтың айтқаны: «1905 жылға дейін дала халқы тыныш өмір сүрді, ал осы жылдың соңында Қарқаралыға Жақып Ақбаев келіп, қазақтарға басқа мемлекеттердегі жұрт еркін өмір сүруде, оларды бастықтары ықтырмайды, сендер де бастықтардан қорыққанды қойыңдар, олардың бұйрықтарын орындай бермеңдер, салық төлемеңдер» деді. Байтұрсыновтың да сөйлеген сөздері қамауға алынғанға дейін осы рухта айтылды. Мәселен, ол бір сөзінде мынаны айтты: «Қазіргі уақытта социал- демократиялық партияның ұстанымы үстем түсуде, соған байланысты сіздер сұрағандарыңызды ала аласыздар. Орыс патшасы бұрынғыдай бұйыра алмайды, ол соншалықты әлді емес. Сіздер тура түсініңіздер, – деп жалғастырды сөзін Байтұрсынов, – егер орыс патшасы бұрынғыдай қуатты болса, мемлекеттік думаны шақырмаған болар еді, сол сияқты ол «17 қазан манифесін» де өз қалауымен беріп отырған жоқ, халықтың талабын орындауға мәжбүр. Орыс патшасынан сол бұрынғыдай қорқа берудің қажеті жоқ, оның сүйенгені қазіргі уақытта орыс-казактар ғана. Салық төлеу міндетті емес. Ресейде орыс шаруаларының мойнында төленбеген салық миллиондап саналады, оларға ештеңе де істей алмай отыр, өйткені олар қорқақ емес, ал сендер бастық десе, қорқасыңдар. Отырықшы өмірге өтіп, поселке құрмаңдар. Поселке құрсаңдар, сендерді орыс дініне өткізу жеңілдейді, онда жан басына 10 рубльден салық төлейтін боласыңдар, сендерден солдатқа адам алатын болады. А егер күшпен отырған жерлеріңді тартып ала бастаса, онда Қытайға немесе Ауғанстанға көшіңдер».
Жақып Ақбаевты жер аударудан қайтару туралы арыздың алғашқы нұсқасын жазған Байтұрсынов. Байтұрсынов бір сөзінде: «Қазақ халқы арасындағы еңбегі құрметті жалғыз адам – ол Әлихан Бөкейханов, ал бірақ ол қазіргі уақытта қиын жағдайда (Әлекең бұл кезде Самара қаласына жер аударылған еді – авт.), көмекке мұқтаж. Соған байланысты әрбір болыс басқарушысы жылда, салықты жинап өткізер алдында Әлихан Бөкейхановқа 50 рубльден жіберіп отырған болса, сонда ол үкіметтің саясатын түсіндіруге арналған газет шығара алатын еді, сондай-ақ мемлекеттік дума мүшелерінен адам тауып, қазақ халқының мүддесін қорғау жолдарын қарастырған болар еді», – дейді.
Байтұрсыновтың осы ұсыныстарын іске асыруды қолға алған Кент болысының басқарушысы Кәрібай Матаев осы жылдың шілдесінде болыстарды аралап шыққан, ал бірақ болыс басқарушылары, бұл ұсынысқа келіспеген. «Бөкейхановқа байланысты Байтұрсынов осы жылдың қаңтарында Қарқаралы қаласында өткен болыс басқарушылары қатынасқан жиналыста да айтты. Байтұрсыновтың барлық сөйлеген сөздерін мен өзім де тыңдадым, басқа да қазақтардан естідім. Қу болысының болыс басқарушысы туралы айтарым, ол Ақбаевты айдаудан қайтару туралы арызға қол қоюды ұйымдастырды. Егер Ақбаев қайтып келетін болса, жұртқа көмектесетін болады деді. Байтұрсыновтың пікірлесі Ақшатау болысының қазағы Бодаубек Райымбеков. Ол да Байтұрсынов айтқан пікірді қыр қазағы арасында таратушылардың қатарында, қазақтарға ел аралауға шыққан бастықтарға лау бермеуге шақырады, үкіметке қарсы мазмұндағы кеңестер береді».
А.Байтұрсынов пен оның серіктерінің өкіметтің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт жұмысы отарлаушы жүйенің жүрегіне оқтай қадалған еді. Өйткені орталықтағы биліктің мақсаты қазақтарды тез арада ес жидырмай, отырықшы тұрмысқа өткізу арқылы біраз жерді босатып алып, оларға ішкі Ресейден орыс шаруаларын көшіріп әкеліп қоныстандыру, сөйтіп, болашақта қазақ жерінде сандық тұрғыдан күш алу еді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы
zhasalash.kz