Сырбай Мәуленов: …Деген екен

1952 жылдың қысында ақын Сырбай Мәуленов, белгілі журналистер Шәкәрім Өржанов пен Мұса Дінішев үшеуі баспа жұмысымен Москваға бара жатады. Жолай поезд Қызылорданы басып өтетін болған соң  Сырбай Асқар Тоқмағамбетовке телеграмма береді. Күн қатты боран болса керек. Түннің бір уағында поезд Қызылордаға келіп тоқтайды. Мынандай боранда Асекең үйден шыға алмас деп Сырбай екі ойлы болып отырғанда, еденді сарт-сұрт басқан дыбыс естіледі. Айтқанша болмайды жанында драматург Қалтай Мұхамеджанов бар Асқар ақын көрінеді. Қаламдас, тағдырлас бауырлар шұрқыраса амандасады. «Кеше кешкілік болған бір тойдың дәмі еді» деп Асекең қоржын ашып, дастархан жайып тастайды.

Сонда аға көңіліне жаны жадыраған Сырбай ақын әрі-бері ырғала түсіп, бет-аузын уқалап қойып:

          «Азынаған ақ боран,

           Айқайлайды жатқызбай.

            Қызылордаға тоқтаған

            Пойызымыз ақ мұздай.

             Жер астасқан аспанмен

             Алай-дүлей өкіріп,

             Мінді Қалтай Асқармен

             Тепкішектен секіріп.

             Жолдан теріп нәсіпті

             Келе жатқан бір ішіп,

             Келгенше олар асықты

             Өржанов пен Дінішев.

              Ақ шишада жанды от,

              Ақ табақта қой басы,

              Бұйырғанға дауа жоқ

              Бұл кешегі той асы.

              Жетті төгіп шайқауға

              Бітелді жоқ-жұқана.

              Дедік кері қайтарда:

               «Тағы осылай күт аға!»» – деген екен.

***

1944 жылы елден артынып-тартынып Алматы вокзалына Садықбек Адамбеков келіп түседі. Садықбектің вокзал басында бірінші ұшыратқан танысы Сырбай Мәуленов болады.

Ол кезде Қалижан Бекхожин Садықбек, Сырбай  сияқты жаңа талап қаламгерлердің пір тұтатын ақыны. Оның үстіне Садықбек Қалекеңді жақсы таниды екен. Сонсоң да ат басын Қалекеңнің үйіне тірермін деген оймен елден бір қой сойып, бір қарын май алып, құрт-ірімшігін арқалап жеткен түрі болса керек қой.

– Қалекең бізді жаман қабылдамас, серік бол, әрі танысасың, – дейді Садықбек.

Сырбай қарсылық білдірмейді, еріп жөнеледі.

Қалекең үйде екен. Садықбектің тоқ қоржынын көзі шалысымен-ақ көңілі жадырап, «Сартентегім!» деп қарсы алады. Соғыстан жараланып қайтқан жүдеубастау Сырбайды көзіне де ілмейді, кімсің деп сұрамайды да. Бар ықыласын Садықбекке аударып, төрдің төбесіне отырғызады. Сырбай есік жақтағы орындыққа тізе бүгеді.

Әлден уақытта  амандық-саулық сұралып болып, солық басылған кезде Садықбек Сырбайды таныстырады.

– Майдан шебінен келген менің ақын досым Сырбай Мәуленов, – дейді Садықбек.

Қалекең «ақын» деген сөзге елең етіп, Сырбайды бастан аяқ бір шолып өтеді де:

– Кәне, бала, ақын болсаң өлең оқы! – дейді.

Сырбай іркілмейді, жуырда ғана жазған «Қош бол, Тобыл аруы» атты өлеңін оқи жөнеледі.

          «Менмін адал ар ұлы ,

           Қазғаным жоқ саған ор.

           Қош бол, Тобыл аруы,

            Қош бол енді, аман бол.

            Сөніп қалған жалыны

            Саған деген күз ішім.

            Қош бол, Тобыл аруы,

            Ай да тумас біз үшін.

            Кірлеп босқа жанымды

           Таға алмассың маған мін.

            Таптағам жоқ арыңды

            Алдағам жоқ, адалмын.

            Қалдым аман жалыннан

            Жауынсыз жаз өртенбей.

             Қалдым аман ағыннан

             Құшағында ерте өлмей.

             Сен кездестің болып у,

             Қайдан табам дәріні

             Қиын енді жолығу

             Қош бол, Тобыл аруы.»

Өлең оқылып бітеді. Қалекең бір сәт түйіліп тұрып:

– Садықбек, сен былай төмен отыр. Сырбай сен былай жоғары шық. Ақынның орны төрде болар. Ақын екенсің деген екен.

***

Ұлы Абайдың Әзімбайдан тарайтын ұрпағы Фатих Дінисламов ақындық, аудармашылық еңбегімен танымал болған. Көп жылдар «Жазушы» баспасында еңбек еткен.

Бірде Фатих жұмысқа шетен қалпақ /қамыс, ши қалпақ/ киіп келіпті. Мұны көрген Сырбай Мәуленов:

           «Қалпағыңыз шетеннен,

            Келдіңіз бе шетелден,

            Басыңыз да мықты екен,

            Мұнша жүкті көтерген,

            Ұрпағы деп Абайдың,

            Айтпапты ел бекерден!» –деген екен.

***

Ақындар секциясының бір мәжілісінде Сырбай Мәуленов сөйлеп, кейбір жас ақындардың кемшілігіне тоқталыпты. Солардың ішінде Ғаббас Жұмабаев та бар екен. Ол:

– Жаныңызда жүрген жалғыз мені несіне сынадыңыз, – депті. Сонда Сырбай:

– Жанында жүрген жақынын сынамайды демесін деп сені арнайы айтқанымды түсінбеген екенсің, – деген екен.

***

Бір күні сатирик Садықбек Адамбеков Жазушылар одағының секция мәжілісінде өзінің жаңа комедиясын оқыпты. Комедия тым ұзақ екен. Мәжіліске қатысып отырған ақын Сырбай жалығып, жиі-жиі күле берсе керек.

– Ей, сен неге күлесің? – депті Садықбек Сырбайдың күлгенін жақтырмай. Сонда Сырбай күлкісін тыймай:

– Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – депті.

 ***

Ақын Төленді  Нұрмағамбетов біраз жылдар бойы Алматы облысының Нарынқол ауданында идеология бойынша секретарь болып қызмет атқарып жүреді. Содан бір күні өз қолымен арыз беріп, жұмыстан шығып, Москвадағы екі жылдық әдеби курсқа түседі. Ондағы ойы бірыңғай, алаңсыз беріліп, әдебиеттің қыр-сырын меңгеру болса керек.

Арада екі жыл өтеді. Төленді қалаған оқуын бітіріп, елге оралады. Бірақ, біразға дейін жұмыс таба алмай жүріңкіреп қалыпты.

Сонда ақын Сырбай Мәуленов:

           «Секретарь Төленді,

            Жазамын деп өлеңді,

             Қызметтен босанып,

             Москваға жөнелді,

             Келіп еді жұмыс жоқ,

             Кездесті көп кедергі,

             Сонда оқу не берді?!» – деген екен.

***

Түнімен бірге бас қосып, көңіл көтеріліп тарасқан Жақан  Сыздықов досы Ғабдол Слановты іздеуге шығады. Таба алмай қалжырайды.

             Сонда Сырбай Мәуленов:

              «Жақан іздеп Ғабдолды,

              Таба алмады дал болды,

              Сүзіп жүріп сүрінді

               Ғабдол барар бар жолды», – деген екен.

***

Бірде белгілі актер Қанабек Байсейітов Талдықорғанға самолетпен ұшқалы тұрса ақын Қабыл Боранбаев  кездесе кетеді. Әрі-бері сөйлескен соң, әңгімелері жарасып, Қанекеңмен бірге Қабыл да Талдықорғанға тартып отырады.

Содан Қабылды үй-іші шарқ ұра іздеп, әлекке түседі. Қабыл ақын  Қалижан Бекхожинмен араласады екен, үй-іші сол кісіге тауып беруге көмектесіңіз деп жылынады. Қалижан да мазасы кетіп, сұрастырмаған адамы қалмайды ғой. Ақыры күндердің бір күнінде ақын-жазушылар арасы әбден құлақтанып, дүрлігісіп жүргенде Талдықорғаннан Қабылдың өзі де келеді.

Сонда ақын әріптесін ойлап, алаңдап жүрген Сырбай Мәуленов:

         «Қалижан іздеп Қабылды,

          Қанша тәулік сабылды,

          Қанабекке ерген сол Қабыл,

          Талдықорғаннан табылды,

          Боранбаев іздері,

         Боранменен жабылды», – деген екен.

***

Бір күні Сырбаймен көрші тұратын Айтжан Байқожаев деген артист әлде бір себеппен жұмысқа бармай қалады. Келесі күні барса театр директоры Райхан Жумин оның алдына қызметтен шығарылғандығы туралы бұйрықты тастай салады. Айтжан мұңын шаққалы Сырбайға келеді. Сонда Сырбай Жуминге арнап табан астында өлең шығарды. Жұртқа тарап кеткен ол өлең мынау еді:

              «Көшесінде Масаншы,

               Тұрушы еді жас әнші.

               Шырылдатпай байғұсты,

               Қайта орнына алсаңшы».

***

Жазушылар одағының кезекті бір тапсырмасы бойынша бұрынғы Ақмола, қазіргі Целиноград қаласына Аллажар Теміржанов, Аманжол Шамкенов, Ғаббас Жұмабаев, Сырбай Мәуленов бастаған бір топ ақын-жазушы келеді. Алдын-ала дайындалған қонақ үйге түсіп, түстік ішуге асхана-ресторанға келеді ғой.

Сол жерде Аллажар әріптес достарын сыйламақшы болып, даяшыға қажет тамақтарды айтып шығады да, соңын ала бір коньяк болса дейді. Алайда ресторанда коньяк болмай қалса керек.

Сонда осы қалада ақын Қабыкен Мұқышевтың тұратынын, оның әлі сәлем беруге келмей жатқанын көңіліне алып отырған Сырбай Мәуленов:

                   «Қабыкен тұрған Ақмолада,

                   Коньяк тұрсын ақ бола ма,

                   Неғыласың іздеп соны,

                   Басыңа одан бақ қона ма,» – деген  екен.

***

Сырбай Мәуленовтың бір өтініш-тапсырмасын карикатурист-суретші Еркін Нұразханов кешіктірсе керек.

Сонда Сырағаң:

– Енді тез орындамасаң сенің карикатураңды өзім саламын, – деген екен.

***

Бірде Кисловодскіде дем алып жатқан ақын Мұзафар Әлімбаев әдеттегідей сергектігімен ақын Сырбай Мәуленовке ұзақ хат жазады. Хат соңында жауап жазуын қатты өтініпті.

Сонда Сырбай амандық хабарын білдіре келіп, хатының соңына «Пушкинге, Лермонтовқа һәм Әлімбаевқа тағзым етуші – Мәуленов!» – деп қол қойған екен.

***

Бірде Амантай Байтанаев үлкен бір роман аударып, жарық көреді. Әріптес достары «Еңбегің құтты болсын!» деген соң, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов бастаған бір топ ақын-жазушыны асханаға ертіп келеді.

  Қас қылғандай асханада дұнған лапшасынан басқа тамақ болмай шығады ғой.

Сонда Сырбай Мәуленов:

«Салған бұрыш, сарымсақ,

Қуандықтың лапшасы,

Амантайдың жанын сап,

Жарататын жақсы асы.

Самса, манты, бауырсақ…

Болар ма еді басқасы…

Аман болса баспасы,

Амантайда таусылмас,

Аударманың ақшасы», – деген екен.

***

Бір жиналыста Сырбай Мәуленовтың баяндамасына Мұхамеджан Қаратаев мін таға сөйлей келіп:

– Мен Сырбай балдыз болған соң әдейі батыра айтып тұрмын, – депті.     Сонда Сырбай:

– Мұқа, бұл балдыздар мен жезделердің жиналысы емес қой, – деген екен.

***

Қарағандылық ақын Мақсұт Байсейтов арақты қойып, денсаулығына байланысты бірыңғай жеміс шырынына көшеді. Бұрынғыдай кеуде қағып өлең оқымай, қызу мінез көрсетпей, біртоға сабырлы күйге түседі. Өлеңі де тентектеу мінезін қойып, ойлы-ұстамды сарынға ауысқандай болады.

Бірде жазушылар одағында поэзия кеші болып, Мақсұт та өлең оқиды. Өлеңі тыңдаушыларға онша әсер ете қоймайды.

Сонда өлең сөз десе арқасы қозып отыратын, өлеңді де, ақынды да жан-тәнімен шырылдап қорғап жүретін Сырбай Мәуленов:

««Самтреспен» сантірескен ер еді,

Енді міне шырын-шалап қорегі,

Шырын-шалап секілді тым жылымшы,

«Самтрестей» ақырмайды өлеңі!» – деген екен.

***

Сырбай Мәуленов бір күні «Білім және еңбек» журналының редакциясына келсе барлық бөлме жабық тұрса керек. Тек машинисткалар ғана сартылдатып материал басып отыр екен дейді. Журналдың бас редакторы Ақселеу Сейдімбековтың «Желтоқсан оқиғасына байланысты» жұмыстан босағанына бір айдай болыпты. Бұған Сырбай іштей ренішті екен. Енді мына жағдайға кез болып, әр есікті бір тартып жүріп машинисткаларға келгенде: «Бұл редакцияның білімі кетіп, еңбегі ғана қалған ба!» – деген екен.

***

1946 жылы июль айының аяқ кезінде Есентукидегі «Центрсоюз» санаториінде дем алып жатқан қырғыздың халық ақыны Қуанышбек Мәліков көрші «Коммунист» санаториінде дем алып жатқан досы, қазақтьың белгілі ақыны Сырбай Мәуленовке келіп: «Бүгін Кисловодскіге серуендеп барып қайтайық» – деп ұсыныс жасайды. Дем алып жатқан адамға сейіл-серуен керек. Екі ақын пәтуаласып, кешікпей жолға шығады.

Киловодскіге жету үшін автобусқа мініп темір жол вокзалына дейін бару керек екен де, одан әрі электричкаға отыру қажет.

Жолшыбай автобусқа мінерде Сырбай Мәуленов ілкімдірек қимылдап: «Қуанеке, саспай отыра беріңіз, мен барамын ғой!» дейді де 15 тиыннан 30 тиынға билет алады. Дәл солай электричкаға мінгенде де: «Қуанеке, саспай отыра беріңіз, мен барамын ғой!» деп қойып, 20 тиыннан 40 тиынға билет алады.

Бір мезгілде Кисловодскіге де келіп жетеді. Сонда Қуанышбек тұрып:

– Енді қайда барамыз? – дейді.

– Осында «Ордженикидзе» санаториінде академик Қажым Жұмалиев дем алып жатыр. Сол кісіге барып сәлем бере шыққанымыз теріс болмас, – дейді Сырбай.

Қисыны келіп тұрған іске Қуанышбек қарсы болмайды.

Содан екі ақын «Ордженикидзе» санаториіне келсе, Қажым өз бөлмесінде екен. Шұрқыраса амандасып, есендік-саулық сұраса бастағанда-ақ Сырбай өлеңдете жөнеледі:

                   «Ерте шықты қырғыздың шоң ақыны,

                   Жалғыз төлеп келемін жол ақыны,

                   Төлей-төлей қалтада түк қалмады.

                   Қажекеңе артпасам қонақыны».

Жарастықты әзіл-өлеңге мәз болған Қажым: «Кеттік ендеше!» дейді де, «Храм  воздуха» деп аталатын ресторанға қонақтарын ертіп келеді.

                   Дәм үстінде Қуанышбек:

                   – Маған тост көтеруге бола ма? – дейді.

                   – Болады! – деп Қажым жымияды. Сонда Қуанышбек:

– Мен талай адаммен жолдас болып едім. Небір жаны жомарт, қолы ашық жайсаңдарды көргенім бар. Бірақ, осы жасымда мына отырған Сырбайдай жомарт адамды көрген емеспін. Біріншіден, құйындай ұшып жүріп, 15 тиынға автобус билетін алды. Екіншіден, ботадай елпілдеп жүріп, 20 тиынға электричкаға билетін алды. Үшіншіден, ақысыз-пұлсыз бізге өлең шығарды. Бұл не деген мәрттік! – деп қайран қалып отырған жайым бар. Кәне, достар, Сырағаң үшін, мәрттігі үшін көтерейік! – деген екен.

***

Бір жиналыста белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаевтың артқы жағындағы орындыққа Сырбай Мәуленов отырып қалыпты.

                   Сонда Сырбай ақын Ысекеңнің бітімін меңзеп:

                   «Желке жағы жеті адыр,

                   Жылқы жайсаң жеткендей.

                   Төбе жағы тап-тақыр,

                   Тайлақ тайып кеткендей», – деп әзілдеген екен.

***

Сырбай мен Қапан Сатыбалдин Жазушылар одағында бір жылдары консультант болып бірге істепті. Қапан қасында отырған Сырбайға:

– Бір пьеса жазып едім. Сондағы екі кейіпкерді өлтірсем деп ойлаймын, – депті. Сонда Сырбай:

– Бәрін қырып тастасаңыз да өз қолыңызда тұрған жоқ па, Қапеке, оны менен несін сұрайсыз, – деген екен.

***

Бір топ ақын-жазушы кассадан гонорар алып тұрса керек. Ішінде Баламер Сахариев пен Сырбай Мәуленов те бар. Кезек Баламерге келіп, ақшасын алып, шығып бара жатқанда Сырағаң әдеттегідей өлеңдете тіл қатады:

                   «Сахариев Баламер,

                   Ақшаң болса ала бер.

                   Артыңнан ағаң жетеді

                   Ресторанға бара бер».

                   Сонда күтпеген жерден Баламер де былай деп жауап қайырды дейді:

                   «Ассалаумағаләйкүм, Сырбай аға,

                   Ақшадан болып жүрмін жұрдай, аға,

                   Сылқитып сары сыраға бір тойдырсаң,

                   Алдыңда жорғалар ем құрдай, аға!»

Тұрғандар ду күледі. Сырағаң «Жеңдің, жеңдің!» деп қарқылдай күліп, Баламердің қолын алады.

 ***

Әбулақап Райымбеков бір кезде 40 мың жолдық поэма жазыпты. Әркім әр түрлі айтса, Әбулақап тоқтамапты. Ақыры қолжазба Сырбайдың қолына тиеді. Сонда Жезқазған шахтасында істеп жүрген Әбулақапқа бір ауыз өлең жазып, поэмасын өзіне қайтарады:

«Жезқазған шахтасының шыңырауында,

Қайрат қыл, қажыма дос, шыда, шыда!

Біз емес өлеңіңді халық сынар,

40 мың жол бір қырға алып шығар».

 ***

 Асқар Тоқмағамбетов пен Сырбай Мәуленов кездесіп қалса екеуі сөйлер сөзді өлеңмен айтып ойнайды екен.

Бірде Қызылордаға жолы түскен Сырбайды Асекең жанына ертіп, Сыр бойынан қырғауыл атуға шығады. Асекең сексеуіл арасында бір-екі рет оқ шығарған екен, бірақ қырғауылға дарымайды.

Кешке үйге келген соң Асекеңнің бәйбішесі Құралай жеңгей:

– Асеке, атып алған құсың көрінбейді ғой, – дейді.

– Бір шал кездесіп, соған байлап кеттім, – деп Асекең Сырбайға көзін қысады.

                   Сонда Сырбай отырып:

                   «Сырдарияны құрсаулап,

                   Қаңтар мұзы торлаған,

                   Асқармен шықтық құс аулап,

                   Аязда Қызылордадан.

                   Қара бұлт көкте қабарып,

                   Шақырғандай күн дауыл.

                   Найзадай шеңгел қадалып,

                   Жаздырмайды құм бауыр.

                   Еңбегі еш боп далада,

                   Қара кешке еңбектеп.

                   Қайтты Асекең қалаға

                   Табаны тозып терлеп тек.

                   Құрекең ап құрсауға,

                   Сөйлеп жатыр екпіндеп.

                   Айтты Асекең: «Бір шалға

                   Құсты байлап кеттім»,  деп», − деген екен.

Сонда Асекең өтірігінің аяқ астынан жария болғанына балаша қысылып:

− Сенде өлең болмайтын нәрсені өлең етеді екенсің! − депті дейді.

 ***

 Зейін Шашкиннің үйінде Сәбит Мұқанов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов бастаған бір топ ақын-жазушы қонақта болады. Сәбеңнің үлкен дәм үстінде ет асататын әдеті болады екен. Сол әдетпен табақтағы еттен бір қылаң, бір бараннан теріп алып, Жұбанға ұсынады ғой.

– Ойбай, Сәбе, кешіріңіз, менің гастритім бар еді! – деп Жұбан шыр-пыр болады.

                   Сонда Сырбай орнынан атып тұрып:

– Сәбе, маған асатыңыз, Жұбанның ішінде гастрит болса, менің ішімде қасқыр ит бар, – деген екен.

 ***

 Жазушылар Одағында ақындар Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов үшеуі кездесіп қалыпты. Сол күндері Қалижанның туғанына 60 жыл толатын мерейлі жиналыстың жақындап қалған кезі болса керек. Баяндамашы Хамит екен. Хамаң әдеттегідей ақ жүрегін жайып салып: «Әй, Қалижан, бағыңды аспандататын баяндама дайын болды! Соны жумаймысың!» – дейді ғой. Бұған Қалижан да мәз болып: «Хамит-ау, мен туралы оң сөзді сенен артық кім айта алушы еді, е-е, жуамын-жуамын! Әлгі бізден қор жинап, осындайда демеп жіберетін Қайрат қайда?» – деп, ақын Қайрат Жұмағалиевті іздей бастайды. Одақтың әр бөлмесін «Қайрат қайдалап» бір-бір тартып шығады. Қайрат жоқ. Ақша сонда. Енді не істеу керек?!

Осы кезде Сырбай бір шумақ өлең айтып жібереді ғой. Алдында ғана Хамиттің қалтасында 10 сом жүргенін байқап қалса керек. Сырбай сол 10 сомды емеуріндеп:

                   «Дейсіңдер, «Қайрат қайда? Қайрат қайда?»

                   Қайратсыз күн шықпай ма, ай батпай ма?

                   Хамаңның қалтасында он сом жатыр,

                   Сол он сом Қайратсыз да сайратпай ма?!» – деген екен.

 ***

Бірде ақын Қуандық Шаңғытбаев пен драматург Игорь Саввин екеуі қонақта болып, біраз шаршаңқырап қалса керек. Ертеңінде құрыс-тұрыстарын жазу үшін моншаға келеді. Сөйтіп, моншада іші-сырттарын бірдей жылытып, жадырап отырғанда Сырбай Мәуленов келіпті.

Сол жерде екі достың  мән-жайын байқаған Сырбай:

                   – Қуандық тауып Игірді,

                   Моншаға әкеп күйдірді.

                   Қайта-қайта уқалап,

                   Жон терісін ій қылды.

                   Сылап салқын сырамен,

                   Тас тамырын идірді.

                   Арақ беріп артынан,

                   Ақыл-есін жидырды! – деген екен.

 ***

 Жаһандық соғыста Рейхстагқа алғаш ту тіккен әйгілі батыр Рахымжан Қошқарбаевтің «Алматы» қонақ үйі мен оның мейрамханасына директор болып жүрген кезі болса керек. Бірде Рахымжан өзінің кабинетінде Сырбай бастаған достарымен бірге отырғанда:

– Осы, мүйіз шығатын болса  соғыс туралы жазылып бақты ғой, жазғыш болсаңдар, меніің қазіргі қызметімді жазбайсыңдар ма?! – деп базына айтыпты.

                   Сонда Сырбай табан астында:

                   – Мейірің – нұры мол сарай,

                   Мінезің – бейғам баладай.

                   Жүрегің – ыстық моншадай,

                   Көңілің – мейрамханадай! – деген екен.

***

Сырбай Мәуленов Жамбыл облысын аралап жүріп, бір ақын жігіттің үйінде қонақта болады. Ақын жігіт желпініңкіреп сөйлеп, айтар сөзін өлең жолдарымен айтуды машық етеді екен. Бір сөздің орайында:

                   – Сыраға, отырайық өлеңдетіп,

                   Әр жолын өлең сөздіің көлемді етіп, – деп сөз бастайды.

                   Сонда, Сырағаң:

                   – Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,

                   Бағасын не қыламыз төмендетіп! – деген екен.

***

Кеңес заманындағы жалаң ұранға, жылтырақ мақтауға толы газеттерді ақтарыстырып отырып, Сырағаң басын шайқапты. Мұны байқаған жанындағылардың бірі:

                   – Сыраға, жайшылық па? – деп сұрайды.

                   Сонда, Сырағаң:

                   – Алдында бөгет жоғын көрді-дағы,

                   Бұл күнде білгіш болды елдің бәрі.

                   Осынша шешендер мен көсемдерді,

                   Қалайша көтеріп тұр жердіің шары! – деген екен.

Ел аузынан жинаған — Ақселеу СЕЙДІМБЕК

Мынаны да қараңыз

«Арқалық әуежайына бөлінген қаржы қайда?»: Берік Бейсенғалиев Үкіметке депутаттық сауал жолдады

Арқалық қаласындағы жекенің қолына сатылып кеткен әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 9,5 млн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *