Қостанай облысы Меңдіғара аудандық білім бөлімінің бастығы Қалыбек Жүгінісов өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, «ТоболИнфо»-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға бір күн бұрын Боровское ауылында болған. Қалыбек Жүгінісов 2 аптаға жуық үй қамауында болған, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілген екен. Ол жемқорлық жасады деген күдікке ілінген. 2 маусымда әйелі Қостанайға кеткенде ол үйде жалғыз қалған, ал кешке туыстары оны асылып қалған күйінде тапқан.
Қалыбек Байжанұлы Қызылорда облысының тумасы, Арал қаласынан шыққан. Ол 2015 жылы Қостанай облысына келіп, Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары қызметіне орналасқан. Үш жыл бұрын ол аудандық білім бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Біздің ұжым оны қатты құрметтейтін. Өте жауапты адам болатын. Біз оның отбасына қайғыра көңіл айтамыз, — деді Меңдіқара аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Азамат Жанайдаров.
Осы райда облыстық Білім басқармасы да оқиғаға орай пікір білдірді:
«Өкінішке қарай, «ТоболИнфо» ақпараттық агенттігінің Меңдіқара ауданы білім бөлімінің басшысы Қалыбек Байжанұлы Жүгінісовтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жариялаған ақпаратын растаймыз. Оқиғаның мән-жайы Білім басқармасына белгісіз. Құқық қорғау органдарынан Қалыбек Байжанұлына қатысты сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу туралы Білім басқармасына ресми ақпарат түскен жоқ. Қалыбек Байжанұлы әріптестері арасында абыройлы кісі болатын. Қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарайтын өз ісінің маманы болған. Білім басқармасының ұжымы туған-туыстарына қайғыра көңіл білдіреді».
Қалыбек Жүгінісовтің зейнетке шығуына үш жыл қалған еді. Оның артында әйелі мен үш ересек баласы қалды.
Ол Қызылорда облысында жерленеді.
фото: дереккөз